ИНТОНАЦИЯНЫҢ
АМАЛ-ТӘСІЛДІК
ҚЫЗМЕТІ
Есенғазина Б.Б.
Қазақстан, Қостанай мемлекеттік педагогикалық
институты
Интонация
– тіл білімінің фонетика мен синтаксис саласында аса зор қызметі
бар өлшем. Тілдің дыбыс жүйесінде интонацияның
ырғағына, күшіне, әуеніне және т.б. белгілеріне
көңіл бөлінеді. Ғалым Қ. Жұбанов «Дыбыс
үшін қозғалу керек, қозғаушы күш керек.
Қозғалыстың әлді-әлсіздігіне қарай,
яғни қандай күшпен қозғалуына қарай дыбыс
түрленіп шығады. Әртүрлі затты бір леппен
қозғауға болады, бірақ бұлардың бітісіне
қарай дыбысы түрлі-түрлі естіледі» –дейді. Осы дыбыс
күшінің әртүрлі болуының өзі тілдік
дыбыстарды дауысты және дауыссыз деп жіктеуге әкеледі. Оның
үстіне «Дауыстылар гармонды дыбыс, бірақ шуылдан таза емес;
дауыссыздар шуыл дыбыс, бірақ гармоннан таза емес» екендігі тағы
бар [1,22-32]. Жалпы интонация жалаң дыбыс күшін ғана
білдіріп қоймайды. Оның жеке сөзге түсуі де бар,
бірақ ол фонетика объектісінен шығып кеткендік емес. Мәселен,
логикалық екпінге орай қолданылатын интонация сөйлем ішіндегі
бір сөздің көтеріңкі, ерекше леппен
айтылатындығын көрсетеді. «Оны саған кезіктірген мен болатынмын».
«Ол қайтарында бәрін айтты» (Ғ. Мұстафин). Екінші
сөйлемді Ол бәрін қайтарында айтты немесе қайтарында
бәрін ол айтты сияқты құрылымда түзіп,
баяндауыш алдынан келген сөзге көңіл аудара айтуға
болады. Ал алғашқы сөйлем сөздері осы үлгіге
жауап бермейді. Мұны Оны саған мен кезіктірген болатынмын, мен
саған оны кезіктірген болатынмын деп құрамыз. Бірақ
алғашқы және екінші құрылымды интонациялық
мән «мен» сөзіне аударылған да, соңғы
түзілімде «оны» сөзін иемденген. Әрине, бұл
түсіндірмені дыбыс жүйесінен әсте бөлек қарауға
болмайды. Бұл орайда тағы да Қ. Жұбановқа сілтеме
жасағымыз келеді. Ғалым: «Оның әлі келмеді деген
бір сөйлемді екі түрлі түсінуге болады: 1) Ол адамың
осы уақытқа дейін келмеді; 2) Ол адамның қолынан
келмеді. Осы екі мағынаны үн
арқылы ғана айырамыз» – дейді [1]. Біздің ойымызша, осындай
аспектілерді меңгерген жағдайда ғана интонацияның
синтаксистегі қызметін шынайы түсінуге болады. М.Серғалиев Арай
баласының бұл құпиясын біле алмай, ішінен шалына ұрсып
жатты (С. Мұқанов) сөйлемін алға тарта отырып: Арай
мен баласының сөзінің арасында интонация болса, Арай
біле алмай сөз тіркесінің құралатынына көз жеткіземіз
де, алдыңғы екі сөз бірдей
әуенмен айтылса, Арай баласының деген
сөз тіркесін жасап, қатеге ұрынамыз», – дейді [2,104].
Шынында да, сөйлемдегі алғашқы сөзден кейін
«интонацияны дұрыс қоя білу керек», бірақ ол интонация –
сөз бен сөзді байланыстыратын тәсіл емес. Бұл екі
сөзді байланыстыру қызметін жіктік жалғаулары атқарады.
Әдетте, зат
есімнен болған бастауыш-баяндауыш сөздердің арасын
байланыстыруға тағы да интонацияны құрал етеміз. «Асан
– мұғалім. Серік – студент» тіркесінде
алғашқы сөзден кейін кідіріс жасалмаса, ол сөз
өзінің бастауыштық қызметінен айырылып, анықтауыш
болар еді. Бұл
қырынан келгенде, интонацияның синтаксиске тікелей қатысты
екені рас. Бірақ бұл жерде де интонацияның
байланыстырушылық қызметі байқалмайды, ал жіктік
жалғаудың рөлі арта түседі. Қараңыз: Мен
мұғаліммін, студентпін; Сен мұғалімсің,
студентсің; Сіз мұғалімсіз, студентсіз;Ол –
мұғалім, студент. Бұған сүйенсек,
жоғарыда айтылған сөздер жіктік жалғаудың III
жақ нөлдік тұлғасы арқылы байланысуына
бағынған. Мұны С. Исаев былайша түсіндіреді:
«Нөлдік форма сөз байланыстырушы тұлғалар
(жалғаулар) жүйесінде ғана болып өмір сүре алады.
Өйткені нөлдік форманың шын мәнінде грамматикалық
форма ретінде тілде өмір
сүруі тек бір грамматикалық
мағынаны білдірумен ғана емес, сонымен бірге ол
тұлғаның синтаксистік қызметімен, сөздерді
байланыстыруынан айқын көрінеді. Яғни, нөлдік форманы
сақтайтын бірден-бір тілдік фактілер оның сөз
байланыстырушылық қасиеті» [3,46]. Нөлдік
тұлғаның байланыстырушылық қызметін таныта
отырып, интонацияға тән осындай қызметті жоққа
шығаруға
болмайды. Демек, «жоғарыдай бастауышты
көтеріңкі дауыспен айтып, сол арқылы оны баяндауышқа
қарсы қойып, ол екеуін байланыстыру, – дейді М. Балақаев, –
әсіресе, сын есім, сан есім, есімшелерден субстантивтеніп болған
бастауышы бар сөйлемдерде айқын көрінеді. Сонда, ондай
сөйлемдердің баяндауыштары бастауыштарымен жалғаулар
арқылы байланысып айтылмайтындықтан, олардың байланысы тек
мағыналық байланыс емес, сол мағыналық байланысына
синтаксистік тәсіл болатын – олардың сөйлемдегі орын
тәртібі мен дауыс ырғағы» [4,15]. Егер осындай
жағдайларды ескерсек, интонацияның сөздерді
байланыстырудағы қызметін де аша аламыз. Мысалдарға
сүйенейік: Оның жыры – жаңа дүние көксеуші,
жаңа өрісті іздеуші жыр (М.Әуезов). Партизандардың
бүгінгі олжасы – екеу (Қ. Қайсенов). Бұл
атыраптың үлкені – осы (М.Әуезов). Мысалдық
деректемедегі жеке сөйлем баяндауыштары (жыр, екеу, осы)
бастауыштарға (жыры, олжасы, үлкені), М. Балақаев
ескерткендей, «жалғаулар
арқылы байланысып айтыла алмайды».
Сөйлем ішіндегі жеке сөздерді бір-бірімен тығыз
байланыстыруға итермелейтін, синтаксистік тіркеске шығаратын
түрлі грамматикалық амал-тәсілдер болады. Мысалы: Мынау
хабар үйдегілердің бәріне Жұманнан күтпеген
оқыс, оқшау жаңалық болды (М.Әуезов).
Сөйлем ішіндегі мынау хабар тіркесімі орын тәртібі амалы
нәтижесінде байланысқа түседі. Енді осыны сөйлем
құрылысынан тысқары мынау – хабар тіркесімділігіне
сайып, оны жай сөйлемдік үлгі құрады десек те, осы
сөйлем ішінде тұрып, интонация амалына бағынады деуге еш болмайды.
Профессор Ә. Аблақов: «Шындығында, интонация сөз
тіркесінің емес, сөйлемнің табиғатын айқындауда
пәрменді қызмет атқарады. Сөйлемнің хабарлы,
сұраулы, лепті, бұйрықты болып саралануы, сабақтас
құрмаластың салалас құрмаластан
айырмашылығы т.б. түгелімен интонацияға байланысты» – деп,
дұрыс аңғарған [5,47]. Ғалым атауға
түсірген сөйлем түрлерін бірінен-бірін ажыратуға
себепші болатын көрсеткіш – интонация. Мәселен, Қотанды
сендер күзетесіңдер ғой сияқты хабарлау
интонациясымен айтылған сөйлемді түрлі мақамға
салып, сұраулы сөйлем құруға да,
бұйрықты сөйлем түзуге де болады. Интонацияның
тиянақтылық қызметі – аяқталған ойды білдіретін,
өз алдына дербес бір бүтін болып тұратын
сөйлемнің біріне тән. Қараңыз: Көз
алдына асау, тентек өмірде өзінің істеген қылықтары
елестеді (М. Әуезов). Қазақ даласында мен білетін
екі-ақ өнеге бар: Шоқан мен Абай (Ғ.
Мүсірепов). Бірін де шығармаңдар есіктен,
қазір ауданнан милиция шақыртамын (Б.Нұржекеев). Берілген
сөйлемдердің алғашқысында интонация баяндау,
екіншісінде түсіндіру, соңғысында бұйыру мәнін
атқарған. Бұл – оның екінші бір қосалқы
қызметі. Интонация қосалқы қызметті осы
мысалдардың екінші және үшінші сөйлемдерінің
ішінде де атқарған. «Интонацияның бұл түрі
тиянақсыздығы арқылы сөйлемнің
аяқталмағандығын, ой
жалғасы барлығын байқатады да, сөйлемдерді бір-бірімен
құрмаластырады» [6,106]. Ол бірде осындай тең дәрежелі
жеке сөйлемдерді байланыстырып, салаластырғыш қызметте
тұрса, енді бірде біріне-бірі иек артқан жеке сөйлемдік
үлгілерді байланыстырып, сабақтастырғыш қызмет
атқарады. Мысалы: Абай Ызғұттыға осы
қағазын беріп жатқанда, Құнанбай жолдағы
үлкен шаһарлардың атын тағы бір қайта
сұрады (М.Әуезов). Бұл екі амалдың орын
тәртібін өзгертіп келуі де жеке сөйлем түрлерінен
шығып жатады: – Мен айтсам, өкілдің сөзінің
бәрі дұрыс, мен соған қосыламын. Қазынадан
ұн келген екен, өзім барып алмасам, көрінген жеп
қояр (Б.Майлин). Келтірілген сөйлемдердің
аралығындағы салаластырғыш интонацияның кідірісі
айқын сезіледі де, сабақтастырғыш интонацияда кідіріс
әлсіздеу болады. Қорыта айтқанда, интонация тіл
білімінің фонетика саласында да, синтаксис саласында да жан-жақты
қызмет атқарады. Алайда оның байланыстырушылық кызметін
айқындау үшін фонемалар шегінде қаралатын күйін
меңгеріп алуымыз қажет. Бүгінгі күні интонацияның
жеке сөйлемдер арасын байланыстыруы түбегейлі шешілгенімен (2-
кесте), жеке сөздерді
байланыстырудағы қызметі әлі де болса жете тексеруді кажет
ететін мәселелер қатарынан саналады.
Әдебиет
1. Жұбанов Қ. Қазақ
тілінің жоғарғы курсы. – Алматы: Қазақ
университеті, 1992.
2. Серғалиев М. және т.б.
Қазіргі қазақ әдеби тілі. – Алматы: Ана тілі, 1991.
3. Исаев С. Қазіргі қазақ
тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы: Рауан, 1998.
4. Қазақ тілінің грамматикасы.
ІІ том. – Алматы: Ғылым, 1967.
5. Аблақов Ә. және т.б.
Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі.
–Алматы: Санат, 1997.
6. Қазақ тілі. Энциклопедия. –
Алматы: Қазақстан даму институты, 1998.