ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СӨЗТҰЛҒА СИНТАКСИСІ
Есенғазина Б.Б.
Қазақстан, Қостанай мемлекеттік
педагогикалық институты
М. Серғалиев: «Сөз
тұлғасының синтетикалық және аналитикалық
түрлері болады. Синтетикалық түрі жеке сөзге ғана
байланысты болып келсе, аналитикалық түрі негізгі және
көмекші сөздерден тұрады (жиналыс туралы, оқығым
келеді, алсам ба екен, т.б.)» – деп көрсетеді [1,363]. Сөз лексикалық
тұрғыда, нақты нәрсенің түрлі
жағдайын білдіруде жеке қолданыла алатын болса, енді бірде
тізбектеліп келіп, сондай ұғымда тұрады. Мәселен, адамның
құлағы деуде құлақ сөзі
тура мағынада қолданылады да, домбыраның
құлағы деуде жеке қолданысқа түсе
алмайды. Ал грамматикалық тұрғыда оның осы екінші
тіркесте жеке қолданыла алмайтыны ескерілмейді. Қайта, синтаксисте
сөздің қосымша белгілері ашыла түседі. Сондықтан
да домбыраның құлағы тіркесімін сөз тіркесі деп
танытамыз.
Аз да болса айызым тыным
тапты,
Ажалдың
күйін шертіп бұдан былай – деген жолды
алға тартыпты И. Байзақов. Осындағы ажалдың
күйін тіркесіміндегі әрбір сөзді жеке сөздік
тұлға деп көрсетеміз. Сонымен қатар жеке сөздік
тұлғаға басқалары сияқты аз да болса тіркесі
бір бөлек, тыным тапты тіркесі бір бөлек ие болады.
Бұған бақсақ, сөзтұлға
ұғымы әрі тар, әрі кең мағынада
көрініс береді. Оның тар мағынада көрінуіне жеке
сөзге жауап беретіндігі, ал кең мағынада көрінуіне кемі
екі сөздің (бір сыңары мағынасыз да болуы мүмкін)
түрлі тіркесімде жұмсалуы жауап береді. Ендігі талданым осы
сөзтұлға ұғымына қатысты өрбитін
болады. Қазақ тілінің ерекшеліктері жан-жақты
зерттелуге түсе бастағаннан соң, оның негізгі нысанасы
туралы түсінік те дамып отырады. Қоғамға қажетсіз
заттардың ысырылып қалатыны сияқты, тілдік
заңдылыққа жауап бермейтін құбылыстар «ысырылып»,
жаңа танымдық деңгейден табылатын құбылыстар
өз орнын иеленеді. «Синтаксис күрделі, сан қырлы
деңгейлі болып келеді. Өз ішінде күрделілігі
әртүрлі объектілерді білдіреді. Өзара бағынышты
қатынаста болып келетін объектілер мыналар: толық мағыналы
сөз бен оның формасы, сөз тіркесі, жай сөйлем,
құрмалас сөйлем, күрделі синтаксистік
тұтастық, – дей келіп, ғалым Б. Шалабай синтаксис
ғылымын, – сөз және оның формасы синтаксисі, сөз
тіркесі синтаксисі, сөйлем синтаксисі және текст синтаксисі» – деп
бөледі [2,154]. Бұл нақты тілдік материалдарға
сүйеніліп, өзіндік қарастырар объектісі
айқындалған, белгіленген жаңа танымдар деп санаймыз.
Атауға түскен аталымдардың ішінде сөз тіркесі
және сөйлем синтаксисінің тексерер мәселелері
анық, әрі бірсыпыра шешімін тапқан деуге болады. Ал
мәтін синтаксисі мен сөз және оның формалары
синтаксисінің тілдік ұғым ретінде ене бастауы енді ғана
болып отыр. Сөз тіркесі, сөйлем, мәтін синтаксисі атаулары
әрі қысқа, әрі нақты, ал сөз және
оның формалары синтаксисі осы талаптан шыға алмайды. Ғалым Х.
Досмұхамедұлының «Ғылым атауларына лайықты ат
қою алғашқы уақытта тым мұқтаж, бүтін
ілгері болашаққа жол салатын нәрсе» дегенін ескерсек,
терминнің ұзақ-сонар болмай, қысқа да
нұсқа, ұғынықты болу жағын қарастыру
керек [3,9]. Бұл орайда сөзтұлға синтаксисі деп
атауға тоқталуды жөн деп білеміз. Жалпы, тілдің
жүйелік құбылыс болып табылатындығы дау тудырмайды.
«Тілдік құрылымның әрбір деңгейі немесе
сатысының, мысалы, фонетикалық, морфологиялық,
лексикалық, синтаксистік деңгейлерінің
әрқайсысының өз жүйесі болады да, әрбір
жүйенің барлық элементтері сол жүйенің
мүшелері ретінде қызмет етеді», – дейді ғалым К. Аханов
[4,62].
Мұны өз
тақырыбымызға жақындата айтсақ, тіл білімінің
әр бөлімінде болатын сатылық құбылыс синтаксис
саласынан да орын алады. Синтаксис төрт түрлі деңгейден
тұрады, әр деңгейдің ішкі сатылары болады.
Мәселен, сөйлемдік деңгей жай сөйлем, оның
күрделенген түрі; құрмалас сөйлем, оның
көп құрамды түрлері болып қанатын жаятын болса,
сөз тіркесі деңгейі бағыныңқы-басыңқы
сипаттағы толық мағыналы сөздердің,
біздіңше сөз тұлғаларының, тіркесімінен,
құрамдық ерекшелігінен,
мағыналық-тұлғалық түрлерінен көрініс
береді. Ал мұның ішіндегі сөздер тіркесімінің де бірден
бола қоймайтындығы айқын. Алғашқы тілтанымпаз
А.Байтұрсынұлына иек артсақ, «Сөйлем ішіндегі
сөздердің басын түсінікті етіп құрастыру,
сөйлемдерді түсінікті етіп жасау туралы сөз табиғатынан
шыққан түрлі заңдар, тәртіптер бар,
қысқасын айтқанда, өз алдына білерлік толып
жатқан білімдер бар» [5,264].
Ғалым Қ.
Жұбановтың бұл ойды дамытуы тіпті қызық,
әрі өте қажет: «Сөз белгілі тәртіппен тізіліп
барып хабар болады. Сөздер жеке-жеке жүреді, бірақ олар
жекелік үшін жасалған емес, басқаға жанасым тауып,
үйлесерлік болып жасалған» – дейді [6,62]. Шынайы тілдік
түсінігі бар ғалымға бұл ғылыми пікір әлі
де сөз тіркесінің құралып болмағандығын
танытады. Демек, сөз тіркесі болу үшін алғы шарттар керек. Ал
ондай алғы шарт, сөзтұлға синтаксисі үшін
болған алғы шарт, профессор С.Аманжолұлы тарапынан
жасалған болатын. Ғалым: «Сөйлемге енген сөздер
қоғамдық қажетті өтеуге байланысты
жұмсалатын болғандықтан, айтушының я жазушының
ойына сәйкес алынады да, белгілі дағды, белгілі норманың
ұйғаруымен келіп, сөйлемнен орын алады. Осылай орын алуына,
бірінші айтушының логикасы, яғни мағыналық жағын
қамтып сөз тізуі тәртіптеуші болса, екінші, оны
сөздің тұрған ортасы, айналасы тәртіптеуші
болады. Бұл тәртіптеу синтаксиске жеті түрлі жолмен жасалды»,
– дей келіп, мыналарды атайды: 1) сөздер өзара бірімен-бірі ритма
жағынан тізбектеліп, айырылмастай топтанып
айтылады; 2)
сөздер бірімен-бірі мағына жағынан бірігіп, бір сөз
есебінде айтыла келе тізбектеледі; 3) сөздер біріне-бірі жалғау
арқылы бағыну жағынан қарым-қатынасқа
енеді; 4) сөздер шылау я жалғаулар арқылы бірімен-бірі
жанасады; 5) сөздер біріне-бірі қиысу жағынан
қарым-қатынасқа енеді; 6) сөздер біріне-бірі
қабысып, жабысып тұру жағынан
қарым-қатынасқа енеді; 7) сөздер бірімен-бірі
алған орнына қарай қарым-қатынасқа енеді [7].
Ғалым С.Аманжолұлының
жоғарыдағы бірінші, үшінші және жетінші сандық
саралаулары сөздердің бір-бірімен байланысу тәсілдерін,
оның негізгі амалдарын байқатса, екінші сандық саралауы жеке
сөздерді күрделене келіп көрінуіне жол сілтейді. Ал
төртінші сандық саралау түйдекті тіркестердің жасалуын
қозғаса, бесінші сандық саралау синтаксистік қатынас
түрін айғақтайды. Алтыншы және үшінші
сандық саралаудың бір жағы сөздердің байланысу
формаларынан мәлімет береді. Ғалым пайымдауынша, бұлар синтаксисте
сөздердің қатарлары делінеді. Кейіннен
бұған қосымша ретінде ұсынғаны
сөздердің тізбектелуі лексикалық және синтаксистік
болып келеді. Оның алғашқысы қазіргі атаулық
тіркеске сай да, екіншісі тұрақты тіркес пен түйдекті
тіркестің белгілерін қамтыған. Синтаксистегі
сөздің тұлғалық дәрежесін жеке сөз,
оның күрделенуінен болған бірліктер және түрлі
тілдік тіркестер құрайды. Мәселен, «Ойласа өткен
күнді айтады жыр, Тыңдасаң естіледі бір терең
сыр» – деп басталатын поэма жолдарында әрбір сөзді жеке
сөздік тұлға ретінде тануға мүмкіндік бар.
Яғни, поэманың алғашқы жолында-ақ, өткен
күн, күнді ойласаң, сыр естіледі тіркесімдеріндегі
сөздерді өзара синтаксистік құралдың
аналитикалық және синтетикалық тәсілдеріне
бағындырып, алғашқысынан қабысу формасын, екіншісінен
меңгеру формасын, үшіншісінен қиысу формасын шығара
аламыз. Әрі осы сөздер байланысуының соңғысы
предикаттық қатынасты құрайды да, синтаксистік
байланыстың орайлас түріне жауап береді. Ал алдыңғы
екеуі анықтауыштық және толықтауыштық қатынасқа
түсіп, синтаксистік байланыстың сабақтас түрін
көрсетеді. Демек, бұл сөз байланысу келесі сатыда
тұрған тілдік бірлікке аяқ басады. Ол тілдік бірлік –
сөз тіркесі. Синтаксистік байланыстың аумағы кең: ол
тең дәрежедегі сөздік тұлғаларды да байланыстыра
алады. Қараңыз:
Естісем сондайлардың мұң мен
зарын,
Менің де қозғалады
қапаларым.
Ортақпын қайғылының
қайғысына,
Үн қосып күңірену
болған барым.
Шумақтағы асты сызылған
сөздік тұлғалардың жоғарыда атауға түскен
сөздік тұлғалардан еш айырмашылығы жоқ.
Бірақ олардан ерекшелігі
сол, синтаксистік байланыстың салалас түріне бағынғандықтан,
келесі саты – сөз тіркесі бірлігіне көтеріле алмайды. Сөздердің күрделеніп келуі де тіл білімінде өзекті
орын алып, жан-жақты талдануға түсті. Ол біресе тіркескен,
біресе біріккен, біресе қосарланған түбірлерден тұрады,
жеке сөздік тұлғаға ие болады. Мысалдағы асты
сызылған сөзтұлғаларына көңіл
бөліңіз:
Ол
кезде Тарбағатай қалмақ жері,
Асқан жоқ көпке шейін онан
бері.
Арқалық, Тянь-Шань тауын тағы
жайлап,
Кей жылдар Маңыраққа да
көшеді елі.
Батыс пен солтүстіктің арасынан,
Келеді салт жолаушы бір-екі адам…
«Қазақ тіліндегі сөз
тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі» еңбегінің
авторлары «Қазақ тіліндегі жалпы тіркес атаулыны үш
топқа бөлуге
болады: еркін (синтаксистік) тіркес, түйдекті тіркес, тұрақты тіркес.
Тұрақты тіркестер, біздіңше, үлкен екі топқа
бөлінеді: 1) фразеологиялық
тіркестер; 2) атаулық тіркестер» – деп жинақтайды [8,15].
С. Аманжоловтың пікіріне
сүйенсек, «Бұндай тізбектелуге анықтауыш пен
анықталғыш сөз қатарына, толықтауыш пен
толықтанушы сөз табы, пысықтауыш
пен
пысықтанушы сөз тобы, бастауыш пен баяндауыштың екеуінен
ғана құралған сөздер қатары саналуы керек.
Бұларға қос сөздер де, күрделі есімдер де
қосылып кетеді. Синтаксистің бұл бөлімі әлі де
тексере түсуді керек қылатын жаңа нәрсе» [7,66].
Әдебиет
1. Қазақ тілі. Энциклопедия. –
Алматы: Қазақстан даму институты, 1998.
2. Хасанова С., Әбдіғалиева Т.,
Қасабекова Қ., Шалабаев Б. Кестелі
грамматика. – Алматы: Ана тілі, 1996.
3. Досмұхамедұлы Х. Аламан. –
Алматы: Ана тілі, 1991.
4. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. –
Алматы: Мектеп, 1978.
5. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. –
Алматы: Ана тілі, 1992.
6. Жұбанов Қ. Қазақ
тілінің жоғары курсы. – Алматы: Қазақ
университеті,1999.
7. Аманжолов С. Қазақ әдеби
тілі синтаксисінің қысқаша курсы. – Алматы: Санат, 1994.
8. Аблақов Ә., Исаев С.,
Ағманов Е. Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі.
– Алматы: Санат, 1997.
9. Мысалдық деректер
И.Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасынан
алынды. Шығармалары. –Алматы:
Қазмемкөркем әдебиет баспасы, 1956.
10. Есенов Қ. Қазіргі
қазақ тіліндегі синтаксистік қатынастар. – Алматы, 1985.