Сөйлеу мәдениетіндегі шешендіктің диалогтік, монологтік
сипаты
Қанабекова М.Қ.
Қазақстан
Республикасы
ҚазМемҚызПУ
А. Байтұрсынов,
Қ.Жұбанов
еңбектерінен бастау алған
сөз мәдениеті мәселелері қазіргі таңда қазақ тілінің көрнекті ғалымдары М. Балақаев,
Р.Сыздық, М.Серғалиев, Н. Уәли, С. Мырзабеков, С.
Бизақов, Қ. Нетәлиева т.б. зерттеулерінде тілдік норма, оның түрлері, сөйлеу
мәдениеті және шешендік сөз, оған
қойылатын талаптар,
сөздің коммуникативтік
сапалары жөнінде ғылыми еңбектер, анықтағыш сөздіктер, әртүрлі жинақтар мен ғылыми мақалалар жарияланып,
жарыққа шықты.
Ауызша сөйлеу мәдениетінің
бір тармағы – шешендік сөздер. Шешендік
сөздерді прагматикалық тұрғыдан сөз еткен ғалым Д. Әлкебаева былайша тұжырым жасайды:
«Қазіргі шешен сөздің прагматикасы иландыру мен
дәлелдеу мақсатын көздейді, олардың басты мәні
әр түрлі сұрақ төңірегінде
стилистикалық әсер тудырады. Шешеннің ақыл-ойы мен
эрудициясы, білгірлігі сұрақтарға дәлелді жауап
қайтарады, кәсіптік шеберлік әдіс-тәсілі шешеннің
прагматикасын жүзеге асырады» [1; 238 б.].
Шешендік
сөздердің құдіреті күшті, тағылымы мол,
мағыналы сөздер екендігін
айта келіп, ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы шешен
сөздің бес түрін атап көрсетеді: шешендердің жиынды аузына қаратып, нандырып,
сендіріп, мемлекет ісіне қарар
шығару мақсатымен сөйлегендері саясат шешен сөзі деп аталады; шешендер сотта айыпкер адамдарды ақтау, иә
қаралау мақсатымен
сөйлегенде сот билігіне әсер
ету үшін айтқан сөздері билік
шешен сөздері деп аталады; біреудің халық алдында еткен
еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошеметтеп
сөйлеген шешеннің сөзі қошемет
шешен сөзі деп аталады; білімділердің, ғалымдардың
мазмұнды сөйлеген сөздері білмір
шешен сөз деп аталады; дін жайынан сөйлеген
ғұламалар сөзі, молдалар сөзі уағыз деп аталады [2; 405 б.].
Ғалымдар
танығандай, сөз мәдениетінің биік шыңы,
ең жетілген түрі – шешендік өнер болып табылады.
Қазіргі шешендік сөз үлгілерінің ерекшеліктерін ескере
отырып, ғалым М.Серғалиев бес түрлі шартын атап
көрсетеді: шешендік – тілге, сөзге тікелей қатысты
құбылыс; ешбір сөз мақсатсыз қолданылмайды; хабар
жеткізу тәрізді мақсат қарабайыр ғана орындалмай, ол
міндетті түрде сезімге әсер етуі
арқылы эмоциялық қызмет атқарады; белгілі бір
ойдың ақиқаттығын дәлелдейді;тыңдармандарды
немесе оқырманды әлдебір әрекетке ең болмағанда
жауап беруге, тіпті талас айтуға жетелейді [3; 4 б.].
Ғылымда
шешен сөйлеудің типтерінің
негізгі төрт түрі
жіктеліп көрсетіледі: ауызша диалог, ауызша монолог, жазбаша
диалог, жазбаша монолог.
Ауызша қарым-қатынас
жағдайында сөйлеудің диалогтық түрі ең
негізгі, алғашқысы болып табылады. Диалог екіжақты
қарым-қатынас түріне жатады. Мұнда
қарым-қатынасқа түсуші екі адам бірін-бірі
түсінуге тырысады. Ол екі одан да
көп адамдардың өзара әңгімелесуі,
сөйлесуі деген сөзінен алынған. Тақырыбы
алдын-ала көрсетілмейді, еркін болады. Ол әртүрлі болуы
мүмкін, себебі диалог үстінде әңгіменің
тақырыбы өзгеріп отыруы да мүмкін. Демек, диалог
өмірдің барлық саласынан орын алады да, қарым-қатынасқа
түсушілердің бірдей уақыт аралығында кезек-кезек
алмасып сөйлесуі нәтижесінде жүзеге асырылады.Диалог
қандай да болмасын бір жағдайға қатысты туып, дамып
отырады. Оның репликалары бірі арқылы бірі дамып,өзара байланыста
болады. Диалогқа қатысушылардың ойлары әр түрлі
болады: келісу, талқылау, сұрақ-жауап, ойдың бірдей
шығуы, әңгіме бір тақырыптың
төңірегінде өтеді. Мағынасы жағынан да
тиянақты бола отырып шешеннің мінез-құлық
басқа да қырларын таныта біледі. Диалог арқылы
адамдардың ішкі эмоциясы, психологиясы анық байқалады. Диалогта
қарым-қатынасқа түсушілердің сезімі мен
көңіл-күйлері, сол сәтте тоқталмай кетуге
болмайтын үзілістер, интонациялық бедерлер, бет жүзіндегі
өзгерістер мен ым-ишара қалтарыстары түгел қамтылады.
Шешендік
сөздердің ажырамас бір бөлшегі танылатын диалогта шешен (сөйлеуші
тұлға) өзін қайталанбастай күйде танытады. Нені
түгел айтып, нені бүгіп отырғаны, оның
ұғымынша қандай нәрсені атамаса да түсінікті
екенін сөйлеу кезінде қандай мүмкіндіктер
байқалатындығын біледі. Диалог – табиғи құбылыс,
ал осы диалогке қарағанда монологті қабылдау, түсіну
тыңдаушыға ауырлау, күрделілеу болады. Шешеннің
коммуникативтік ниет-пиғылын (интенциясын ) тыңдаушының
аңғара білуі диалогтің ойдағыдай өтуіне септігін
тигізеді.
Шешен адамның сөйлеу мәдениеті қоғам мүшелерінің өзге
өкілдеріне қарағанда неғұрлым биік деңгейде көрінеді. Төменде
берілген мына диалогке назар
аударалық:
Бірде ханның жалғыз
баласы қаза болыпты. Бөлтірік
хан баласына бата қылуды
ұйымдастырады. Байлар: «барған соң не деп көңіл айтамыз?»
деп сұрағанда Бөлтірік:
– Біреуің:
« Түйе мен төре шіркіннің
басы бір қисайса оңбайды» де.
– Екіншің:
«Төре өлмегенмен көбеймейді, ешқашан көбейіп
теңелмейді» ,– деп үйретіпті. Байлар үйреткен сөзді
айтысымен-ақ хан реніш білдіріп қисая кетіпті. Сонда
Бөлтірік:
|
– Аққу құсқа
оқ тисе,
Қанатын суға тигізбес, Ақсүйекке
оқ тисе, Көршісіне сездірмес, Ноқталы басқа бір өлім, Ақыр
бір күн келмей ме? Ажалдың
соқса дауылы, Өмірдің
шамы сөнбей ме? |
Дос көтерер өлімді, Бекем бу, төрем, беліңді! Мұңайтпа баққан
еліңді, Жүйрік мін де, сұлу
құш, Алғын осы тілімді. Осылай деген соң, хан басын
көтеріп: – Мыналарды сөйлетіп отырған
өзің екенсің ғой, – депті ( 47, 14 б.). |
Келтірілген
диалогта шешеннің ұлттық таным-білігі,
қазақы әдет-ғұрыптарын, көңіл айтып
жұбату әдебін ұтымды
әрі орынды жеткізуі, ділмәр шешендікті таныта білуі, ойды
жеткізудегі көркемдеуіш құралдарды ұтымды пайдалануы («ажалдың дауылы»,«өмірдің
шамы»), т.б. шарттары айқынырақ байқалады.
Шешендік өнердің
небір өрнекті үлгілерін М.Әуезовтің, М.Дулатовтың, Ж.Аймауытовтың, т.б. әдеби көркем
туындыларынан жиі кездестіреміз.
Қазақ қоғамындағы хандардың, баһадүрлердің, билердің
ұстазы, ақылшысы болған Төле бидің Шақшақұлы
Жәнібекке айтқан баршаға
белгілі мына бір сөзінен диалогтық сипаттағы шешендіктің үлгісін көреміз: «Өгізді
өрге салма, қанатың талар, наданға көзіңді
салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің
кетер, дұшпанға сырыңды айтпа, түбіңе жетер». Ойлау қабілетінің аса жоғарылығымен,
сөйлеу мәдениетінің кемелдігімен,
көтеріңкі дауыс ырғағымен, эмоциялық
мәнділігімен ә дегеннен-ақ
тыңдарманды баурап алатын осынау шешен сөйлеу үлгісі
қазақ халқының
ежелден-ақ сөз зергері болғанын танытады.
Поэтикалық
күш-қуаты жоғары, адам көңіліне
жағымды-жағымсыз әсер туғызатын шешен сөйлеудің
үлгілері ауызша және жазбаша монологтарда да жиі ұшырасады. Мәселен, көркем сөз шеберлері Ә.Кекілбайұлының,
Т.Молдағалиевтың монологтық сипаттағы сөйлеу мәнерінен шешендіктің үлгілерін анық аңғаруға болады:
Өткен
ғасырдың басында Абайынан айырылып, ақылынан жаңылып, абдырап
қалған қазақ халқына осындағы
баяғыдан айдынды шалқар көлдерді жағалап,
қарағайы мен қайыңы көп қалың
тоғайларды саялап, айқаста бағын асырып,
айтыста ойын асырып, ән мен жырда бәсеке мен бәйгенің
алдын бермей үйренген арынды да дарынды қауым үш бірдей
сөз дүлдүлін, үш бірдей рух сардарын сыйлапты (Ә.Кекілбаев).
Жүйрік аттар
бәйге жолына шыққанда, алдында ор жата ма, сор жата ма, онда жұмысы
болмайды. Екі көзін тер басып, жарысқандардың бәрін артына тастап, кең даланың
ауасын еркін жұтуға ұмтылған жүйріктің алдын жел де, сен де, мен де
кесе алмаймын. Топылдап жерге тиген
тұяқтан ұшқын шашыратып, шалқақ дүние
төсінде шауып, ойнап келе
жатқан қуанышқа қарайсың да
сүйінесің. (Т.Молдағалиев).
Қос қаламгер адамдар мен
олардың тіршілік әрекеттері, кескін-кейпі туралы тебіренген, соның нәтижесінде қоғам жайлы
көзқарас-танымдары, өмірдің шынайы келбеті
жеткізілген. Арындаған шешендіктің экспрессиялық қуаты
аса күшті. Келтірілген үзінділер эпитет, теңеу, метафоралар
тәрізді көркемдегіш құралдардың
көмегінсіз, ата-бабаларымыздың ұлттық
дүниетанымындағы қазақы
сөздерімен-ақ шынайы өрнектелген.
Қысқасы,
сөйлеу мәдениетінің биік тұғыры – шешендік сөз.
Шешеннің шынайы көзқарасы мен интеллектуалдық
дәрежесі, білім деңгейі, тілінің өткірлігі, қатысымдық
әдебі оның мәдени-рухани биік болмысын бейнелейді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Әлкебаева Д. Қазақ тілінің
прагмастилистикасы. –Алматы, 2007.
2.
Байтұрсынов А. Ақ жол. –Алматы: Жалын, 1991.
3.
Серғалиев
М. Шешендік өнердің шарттары // Астана ақшамы, 2001.-9
ақпан.