Ісбек Б.
Ердембеков
Б.А.
Восточно-Казахстанский государственный
университет им.С. Аманжолова Магистрант 2 курса по специальности «Казахский язык и литература»
Восточно-Казахстанский государственный
университет им.С. Аманжолова д.ф.н., кафедры «Казахский язык и литература»
ҚАЗАҚ
ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҚОЛЖАЗБА МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ
ЗЕРТТЕЛУІ
Қазақ әдебиетіндегі
қолжазба мәселесі жан-жақты зерттеуді қажет ететін
күрделі тақырып. Оның жиналу тарихы, сақтауы,
қалпына келтіруі, ғылыми-техникалық өңделуі,
қауіпсіздікпен қамтамасыз етілуі, оқырмандармен жұмыс жағдайы, зерттелуі мен жариялануы бүгінгі әдебиеттану
ғылымының көкейкесті мәселелері.
Еліміздің рухани мұрасы болып табылатын қолжазбалар –
халқымыздың заттық (материалдық)
мәдениетінің де айғағы. Демек, халқымыздың
мәдени болмыс-бітімін зерделеудің арқауы болып табылады.
Яғни, қазақ мәдениетін зерттеп, зерделеуге негіз
боларлық айрықша құнды деректік категориялардың
бірегейі десек артық айтқандық емес. Оның бір
бөлігін фольклор мен авторлық ауыз әдебиет үлгілеріне
қатысты көне кітаптар мен қолжазбалар, микрофильмдер, аудио,
ведиотаспалар мен фотомәтіндер құрайды. Олар еліміздің
Ұлттық, Орталық кітапханалардың сирек қорларында,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен
Орталық мемлекеттік мұрағат және Кітап мұражайларының
сирек қорларында сақталған.
Қазақ фольклорлық, этнографиялық қолжазба
үлгілерін ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында отарлау
саясатының мақсат-мүдделері басшылыққа ала отырып
там-тұмдап хатқа түсірілді. Астарында миссионерлік
пиғыл, қазақ жұртын отарландырудың қатпарлы
жоба-жоспары қатар жүрді. Осы мақсатты желеу етіп
Қазақстанның батысы мен солтүстігіне келуді жиілеткен
Ресейдің барлаушы әскери экспедицияларын бастаған П.С.Паллас,
Н.П.Рычков, И.И.Георгий, И.Н.Березин, М.Назар, Г.Мейендроф, Александр фон
Гумбольт, А.Голубев т.б. саяхат-жиһангердің аты-жөні
аталған орынды. Олар халық қазынасын арнайы жинауды
мұрат тұтпаған. Фольклорлық-этнографиялық
материалдардың өздерін жіберіп отырған
қожайындарының тапсырмасына қатыстысын ғана жиыстырып,
әскери мүддеге айғақ ретінде хатқа
түсірген.
Алайда, бұл пікір қазақ руханиятына шынайы
жанашырлықпен қарап, халық мұраларын арнайы жинап,
жүйеге түсіріп, жарыққа шығаруды, солардың
негізінде ғылыми-зерттеу нысанасына айналдыруды мақсат еткен таза
пыйғылдағы В.В.Родлов, Г.Н.Потанин, А.Е.Александров, Н.Н.Пантусов,
А.Н.Харузин, П.М.Мелиоранский, В.В.Бартольд, Ә.Диваев сынды біраз
оқымысты-жиһангерлердің орасан еңбегін
жоққа шығар алмайды. Олардың жинаған, жазып
алған қолжазбалары бүгінгі қолда бар рухани
мұраларымыздың елеулі бөлігін құрайды.
Сондықтан олардың еңбектерін қазіргі ғылыми
көзқарастар аясында зерделеп, қазақ қолжазба
қорын тарихындағы орындарын айқындау – осы саланың
алдағы іргелі зерттеулерінің басты нысаны болып қала бермек.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында ел ішінде белсенді жинаушылар
шыға бастады. Олардың қатарында Ш.Уәлиханов,
Ы.Алтынсарин, С.Бабажанов, Б.Дауылбаев, С.Шорманов, Х.Ғали, М.-Ж.Көпейұлы,
Ж.Шайхысламұлы, Ү.Толыбеков, А.Сабалұлы,
М.Тыңшылықұлы, Ораз молда, Ш.Білтебайұлы,
Қ.Байғұлұлы, Е.Есенжанов секілді ел азаматтарының
есімімен жалғаса береді. Бұлардың алдыңғы
жинаушылардан өзгешелігі – халық шығармаларын
тарихи-танымдық, идеялық-көркемдік қасиеттеріне, жанрлық
ерекшеліктеріне, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге
байланыстыра ұғынуында. Сондықтанда бұл кезеңде
жиналған қолжазба материалдардың маңызы айрықша
зор. Аталған топтың жинаушылық қызметі
қазақ даласының төрт құбыласын түгел
қамти алмағанның өзінде, оларға жеткізген
фольклор мен ауыз әдебиеті үлгілері сапасы тұрғысынан
да, жанрлық ауқымы жағынан да зор маңызға ие.
Қолжазба мұралардың шын мәнінде мол жиналуы
Кеңес дәуірінде айрықша жолға
қойылғандығын мойындауға тиіспіз. Осы кезеңде
ғана жинау, жүйелеу, сақтау, жариялау, зерттеу шаралары бір
ғылыми орталыққа шоғырланып, ұлттық
қолжазба қорын ашуға мүмкіндік туды. Ә.Диваевтың
1920 жылғы кешенді экспедициясы мен кейінгі Ұлттық
ғылыми академиясы тарапынан ұйымдастырылған тұтас жинау
экспедиция Қазақстанның түкпір-түпкіріне, Орта
Азия елдеріне, Мәскеу, Лининград, Қазан, Уфа, Омбы т.б. қалаларға
ондаған арнайы жинаушы топтар аттандырып отырған.
Бұландың ішінен А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамбетов,
І.Жансүгіров, С.Сейфоллин, М.Ахметов, Б.Жақыпбаев,
Ә.Қайнарбаев, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайлов,
Ә.Қоңыратбаев, С.Қасқабасов, М.Мағауин,
М.Ғұмарова, Т.Бекхожина, Ү.Сұбханбердина, Б.Адамбаев,
М.Байділдин, Қ.Сыдиықұлы, М.Жармұхамедұлы,
М.Шафиғи т.б. сияқты көптеген маманданған, кәсіби
мамандарды атауға болады. Олар өздеріне дейінгі осы салада
жинақталған тәжірибелерден тәлім алды және
соңғы кезеңнің ең озық
әдіс-тәсілдеріне қоғамдық тұрғыда
жинаушылар белгіленіп, олар Ұлттық ғылым академиясы тарапынан
қаржыландырып отырды. Кеңес өкіметінің осындай
іс-шаралары өз жемісін беріп, хатқа түскен мұралар
сирек қорлардың 90 пайызын құрады.
Аталмыш жәдігерлердің сақталу барысы
жөнінде мына жайттарды айтуға болады. ҚР Мұрағаттарының
Түгендеу бас кітабында әрбір қолжазба мен кітаптардың
келіп түскен деректері мен қабылдау актілеріндегі мәліметтер
тым сараң, баз біреулерінде тіптен жоқ. Ал кейбіреулерінде,
«арабграфикалы қолжазба, арабша кітап» деп ғана берілген [1; 2].
Жалпы, қабылдау актілерін толтыруда атқарушылар тарапынан
өрескел қателіктер жіберілген. Бұл Совет Одағы
кезеңіндегі мұражайлардың ғылыми
жұмыстарының басым көпшілігі жеке тұлғалардан
сатып алыну жолымен жинақталған, ал мұражайға
жәдігерлерді сыйға тапсырғандар өте сирек кездеседі.
Сақталу саласындағы осы кемшіліктер Мүрсейіт
қолжазбаларына тән екені ащы да болса шынды. Бұллар абайтану
ғылымында шартты түрде Абай шығармаларының «қолжазбасы»
деп аталады [3]. Абай шығармалары жинақталған Мүрсейіт
қолжазбасының қазірге дейін үш нұсқасы бар.
Атап айтқанда, ҚР ҰҒА-ның Орталық
ғылыми кітапханасында сақтаулы 1905 [4], 1910 жылғы
нұсқалары [5] мен
М.Әуезов мұражай үйінде сақтаулы 1907 жылғы
нұсқасы [6]. ҚР Мемлекеттік орталық мұражай
қорында сақтаулы Абай шығармалары жинақталған Абай
қолжазбасының 4-ші нұсқасы жаңалықтар
айтылды [7]. Өкінішке орай, 1905, 1907 және 1910 жылғы
қолжазбалардың ғылыми зерттеу қорларына қалай
түскендігі туралы тарихи мәлметтер жоқтың қасы.
Соңғы қолжазба туралы мұражайдың түсім
кітабында «1500 рубльге сатып алынған» дегеннен басқа
ешқандай мәлімет, тіптен, қабылдау актісі де жоқ [3, 9].
Бір өкініштісі, бұл сирек жәдігерлер толық
зерттеліп, түгел жарияланып, халық игілігіне айнала алмады.
Оның өзіңдік себептері бар.
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік орталық музейі қорында
Тұрағұл Абайұлының 1925-1927 жылдары жазған
«Қазақтың атақты ақыны Абай
Құнанбайұлы» атты қолжазбасы бар [8]. Абай
энциклопедиясындағы мәлмет бойынша Тұрағұл
бұл қолжазбаны 1927 жылы Қазақ АССР білім
комиссариатына тапсырған [9, 555]. Кейбір деректер бойынша, аталмыш
қолжазбаны ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары ҚР
МОМ директоры болған Ә.Жиреншин қабылдаған. Алайда,
оның қабылдау актісінде қолжазбаны тапсырушының
аты-жөні келтірілмеген. Онда тек «1946 ж. 250 сомға сатып
алынған» деген мәлімет қана бар [3, 8]. Өкінішке
орай, аталмыш қолжазба ғана емес, Абайдың басқа да
шығармалары мен Тұрағұлдың және
Мүрсейіттің қолжазбаларының ғылыми
қорларға қалай түскендігі туралы тарихи
мәліметтер жоқтың қасы. Оның үстіне,
аталған құндылықтар бұрын текстологиялық
тұрғыдан толық зерттелмеген.
Отандық қорларда
сақталған қолжазбаларды ғылыми-техникалық
рәсімдеу және өңдеу жұмысы –
болашаққа аманат етудің кепілі. Оны болашаққа
жүйелі ғылыми мұра етіп табыстау жолында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының ғылыми
қызметкерлері 1962-1968 жылдары қолжазбалардың тақырыбы
мен жанрын анықтап, жинаушылар мен мәтін авторларын белгілейді.
Әсіресе ХҮІІІ, ХІХ ғасырлардағы және ХХ
ғасыр басындағы ақын-жыраулардың өмірбаяны мен
олардың шығармаларын жинаушыларға қатысты
көптеген жазба материалдар топтастырылып, катотека жасалып, ғылыми
өңдеуден өткізеді. Сондай-ақ кейбір ескі жазумен
жазылған қолжазбалардың толық тізбесі жасап, шифры
түзіліп, қиын оқылатын ескі араб қарпіндегі
мәтіндердің қысқаша мазмұны түзеді. Және де
500 000-нан астам атаудан тұратын 1500-дей бумада
жинақталған қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб,
парсы, шағатай, татар т.б.) ескі қолжазбаларға қалпына
келтіру мен ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстары
жүргізеді.
Оларды қауыпсіздікпен
қамтамасыз ету және оқырманмен жұмыс мынадай
бағыттарда жүргізілді:
1. Қазақ
қолжазбаларын заман талабына, қазіргі заманғы
белгіленген мәртебесі мен маңызына сәйкес
реставрациялау, консервациялау және олардың қолжазба
мұра күйінде сақталуына, болашақ
ұрпақтың пайдалануына жағдай жасау;
2. Қолжазба мұраларды
ғылыми айналымға түсіру және оларды жүйелі
жариялау арқылы жас ұрпақтың игілігіне жарату.
Осы бағыттарды іске асыру мақсатында әр жылдары
төмендегідей жұмыстар атқарылды:
– бұрын зерттелмеген, жарық
көрмеген және белгісіз болып келген, сондай-ақ тыйым
салынған халық әдебиеті үлгілерінің ғылыми
және ғылыми-көпшілік басылымдарын дайындау (мысал, «Қазақ қолжазбалары»
атты он томдық жинақ және т.б.);
– қолжазба мұраларды жанр
бойынша жүйелеп, ғылыми сипаттамасын жазу, сол арқылы
ғылыми айналымға енгізу (мысалы,
Мәскеу, Ленинград, Душанбе, Ташкент және Рига
қалаларындағы қолжазбалардың ғылыми сипаттама
жасау жөніндегі беделді ғалымдармен байланыс орнатылып,
бөлім қызметкерлері олардың озық тәжірибесін
үйрендің нәтижесінде жарық көрген «Қазақ
қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты көп
томдық жинақ);
– қолжазбалардағы
фольклорлық және авторлық ауыз әдебиеті
үлгілеріне мәтінтанулық зерттеулер жүргізу (мысалы, «Тәуелсіздік идеясын
жырлайтын қазақ эпостарының қолжазба
нұсқалары: сақтау, жүйелеу, жариялау мәселелері»
атты ұжымдық монография, «Біржан
– Сара» айтысының текстологиясы және т.б.);
– қолжазбаларды
консервациялау, мұрағаттау, қайта қалпына келтіру,
қайта көшіру, мағынасын ашу және транскрипциялау,
көне қолжазбаларды СД-ROOM-ға көшіру. (мысалы, Орталық ғылыми
кітапханада сақталған Абайдың 1905, 1910 жылғы
қолжазбалар және т.б.).
1976 жылы КСРО Жоғары
Кеңесі қабылдаған «Тарихи және мәдениет
ескерткіштерін қорғау және оларды пайдалану» туралы
заңына сүйене отырып, Қазақ КСР Ғылым
академиясына қарасты ғылыми-зерттеу институттарында тарих,
этнография, фольклор, әдебиет тарихы және өнер салаларына
қатысты қолжазбалардың мол қоры
жинақталғаны алға тартылып, бұл мұралардың
ғылыми маңызы жылдан жылға арта түскеніне,
олардың Қазақстан мен Орта Азияның тарихы мен
мәдениетін, өзге де ғылым салаларын зерттеуде,
сондай-ақ ел экономикасы мен шаруашылығын дамытуда зор тарихи
рөлі бар екендігіне, бірақ соңғы кезге дейін оларды
сақтау, ел игілігене жаратып пайдалану, ғылым тұрғыдан
зерттеу жұмыстарының істелмегендігіне назар аударды.
Қазақстан
халқының сол кезеңдегі рухани-экономикалық
өркендеу жағдайына байланысты жаңа іс-шараларды жедел
қабылдаудың қажеттілігі дәлелденді. Әсіресе М.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институтының
Қолжазба бөліміндегі және Қазақ КСР
ҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасының Сирек
кітаптар мен қолжазбалар қорларындағы әдеби
мұралар заман талаптарына сай сақтау және ғылыми
өңдеу қажет ететіндігі баса айтылды. Қазақ
КСР-нің А.С.Пушкин атындағы көпшілік кітапханасы
қорында (қазіргі Ұлттық кітапхана), сондай-ақ
Москва, Ленинград, Ташкент, Фрунзе, Қазан, Уфа, Астрахань, Омбы т.б.
қалалардың орталық кітапханалары мен
мұрағаттарында сақталған қазақ
қолжазбаларын анықтап, оларды елге қайтару
мәселелері де сөз болды.
Қолжазба мұраларға
байланысты қордаланған мәселелер қорытыла келіп,
жоғарғы билік орындарына төмендегідей ұсыныстар жасалады:
а) қазақ және
өзге тілдердегі (қазақ халқының тарихы мен
мәдениетіне қатысты еместер де бар) қолжазбалар мен
литографиялық басылымдарды бір жерге жинақтау;
ә) олардың заман
талаптарына сай дұрыс сақталуына жағдай жасау;
б) қолжазба
мұралардың ғылыми құндылығын анықтау
мақсатында ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізу.
Заман талабына орай көтерілген
бұл жақсы бастамалар мен бағалы ұсыныстардың белгісіз
себептермен іске аспай қалдығын мына пікірмен түсінген
жөн: «..еліміз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылғаа
дейін фольклор мен ауыз әдебиеті үлгілері ел арасынан
мақсатты түрде, алаланып жиналғандығы, баспаға
дайындау барысында билеуші қоғамның (патшалы Ресей
цензурасының, комунистік идеологияның) саяси талаптарына сай
іріктелгендігі – ащы да болса шындық» [1,
14].
Жинақталған қолжазба
мұраны түгелімен жарыққа шығарып, ғылыми
тұрғыдан жаңадан зерттеп, жаңашапайымдау
мақсатында 2004 жылы Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың арнайы
қаулысымен орасан зор Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы
қабылданды. Бағдарлама аясында халқымыздың бүкіл
рухани қажеттілігін атқарған фольклорлық
мұрамызды ешқандай цензурасыз, өзгертпей, толық
күйінде «Бабалар сөзі» атты сериямен 100 том етіп,
жарыққа шығаруды көздеген. Осы игілікті
бастаманың бүгінде тоқсан үш томы шығып отыр.
Басылымның басты мақсаты –
халықтың рухани мұрасын сол күйінде өзіне
қайтару, яғни қолда бар фольклорлық материалдарды
түгел жарыққа шығару. Жүзеге асыру үшін
алға мынадай мақсттар қойды: «1) Қолжазба қорында
сақталған барлық фольклорлық мәтіндерді жариялау.
Оның құрамында: а) Қазан төңкерісіне дейін
кітап болып басылған шығармалар; ә) қолжазба
күйінде жеткен материалдар; б) кеңес дәуірінде саяси-идеологиялық
бақылауға алынып, «цензура сүзгісімен» жарияланған
мәтіндер; в) әр түрлі себептермен жариялануға тыйым
салынып, осы күнге дейін ғылыми айналымға түспеген
шығармалар бар;
2) Фольклорлық
шығармалардың мәтіні бүгінге дейін қандай
күйде жетсе, оларды сол бастапқы қалпында жариялау. Демек,
ешқандай редакторлық өңдеуге жол берілмейді» [10, 6].
Аталған бағдарлама аясында, цензура тұсында
жарияланбаған ХҮІІІ ғасырдағы жоңғар
шапқыншылығы тұсындағы уақиғалар, ХІХ
ғасырдағы жатжерлік – орыс, қоқан, хиуа, қытай
отаршылдарына қарсы күрес қаһармандарының
жорықтары, ХХ ғасыр басындағы нәубет жылдары, Екінші
дүниежүзілік соғыстағы қазақ
батырларының ерлігі мен 1986 жылғы Желтоқсан
көтерлісіне байланысты жарихи жырлар мен өлеңдер
топтастырған «Қазақ қолжазбалары» атты он томды сериясы
жарық көруде.
Аталған қолжазба
мұралардың жарық көруі, ғылыми айналымға
енуі – қазақ халқының өткен өмірі мен
рухани мәдениетінің тарихын әділетті де жан-жақты
бағалауға мүмкіндік туғызды.
Қолжазбарды зерттеп, зерделегенде
мына мәселелерге назар аударған жөн:
Кеңес дәуіріне дейін
қолжазбалардың мәтіні, негізінен, араб әріпінде
жазылғаны белгілі. Ал, араб жазуында дауысты дыбыстарды жасырын
тұратыны, бас әріптің болмайтындығы, тыныс
белгілерінің қойылмайтындығы мәтіндерді дұрыс
оқуға едәуір қолбайлау болды. Соымен қатар
қазақ және араб тілдері әр түрлі тілдік
жүйеге жататындықтан, араб әліпбиі тіліміздегі төл
дыбыстарды таңбалауға да, оның өзіңдік
ерекшеліктерін байқатуға да дәрменсіз. Сондай-ақ, ХІХ
ғасырда араб жазуын пайдаланудың жалпыға ортақ
ережелерінің болмауы да өз әсерін тигізбей қалмады.
Сондықтан зерттеу, зерделеу барысында қолжазбаларды дұрыс
оқу үшін мәтіндерге мұқият талдаулар мен
сараптаулар жүргізу керек.
«Бабалар сөзі» сериясының басты
мақсатындағы Абай, Шәкәрім т.б. ұлы
тұлғаларымыздың қолжазбаларын ешқандай рекдакторлық
өңдеусіз жариялау – қазіргі әдебиеттанудың
тың жаңалығы болар еді. Сонымен қызыл
қырғын текстология мәселесіне нүкте қойылар еді.
ПАЙДАЛАНҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1
Қазақ қолжазбаларының
ғылыми сипаттамсы. 1-9 кітап. – Алматы, 1975-2012.
2
Қазақстан
Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы бірегей
қолжазбалар мен басылымдар. Ғылыми каталог. – Алматы: «Өнер»,
2011. – 328 бет.
3
Абай мұражай қорының сипаттамасы
(жолкөрсеткіш). – Семей. – Абайдың мемлекеттік
қорық-мұражайы, 2011, - 301 б.
4
ҚР ҰҒА Орталық ғылыми
кітапхана қолжазбалар қоры. КП 2705
5
ҚР ҰҒА Орталық ғылыми
кітапхана қолжазбалар қоры. КП 5020
6
ҚР
ҰҒА Әуезов үйі ғылыми-зерттеу орталығы
қолжазба қоры
7
Базылхан Н. Абай
қолжазбасы // Дала мен Қала. – 2010, 06 қараша.
8
ҚР МОМ Түсім кітабы. КП 3119
9
Абай.
Энциклопедия. / Бас ред.: Р.Н.Нұрғалиев. – Алматы: «Атамұра»
баспасы, 1995. – 720 бет.
10
Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана:
«Фолиант», 2004. Т. 1: Хикаялық дастандар. – 2004. – 360 бет, суретт.