Рскелдиева Д.Б., Утемгалиева Н.А.
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары,
Қазақстан
Тілдегі
универсалия және уникалия құбылыстары
(фразеологиялық
бірліктер негізінде)
Қазіргі тіл білімінің даму үдерісінде
құрылымы әртүрлі тілдердің ортақ
заңдылықтары мен ерекшеліктерін зерттеуге
қызығушылық арта түсуде. Сол себепті де салғастырмалы
фразеология тіл білімінің кеңінен зерттеуді қажет ететін ғылым
саласына жатады.
Фразеологизмдердің
ішкі формасында ұлттық-мәдени ақпарат көздері
жатады. Мұндай фразеологизмдердің семантикасын ұлттық
ерекшеліктер мен халық дүниетанымынан іздеген жөн. Бұл
жөнінде атақты ғалым М.М. Копыленко: «Әр түрлі
тілдердің фразеологиялық тіркестерін салғастыру арқылы
аударма теориясы мен практикасы үшін маңызды мағлұматтар
алуға болады және фразеологиялық тіркестердің
жалпыадамзаттық пайда болу кезеңдері мен қолданыстары ашылады»
[1, 28], – дейді.
Әртиптес тілдерге салғастырмалы талдау
жүргізуде зерттеліп отырған әрбір тіл
құрылымдық және мазмұндық сипаты
тұрғысынан екі түрлі жағдайды ескеруді қажет
етеді: 1) оның бірі тілдің универсалды (барлық немесе
көптеген тілдерге ортақ) қасиеттерге ие екені болса; 2) екіншісі
– оның өзіндік болмысын бейнелейтін уникалды және
ұлттық-мәдени ерекшеліктер жүйесі.
Құрылымы
әртүрлі қазақ және ағылшын тілдерінің
ішкі ағзалардан туындаған соматикалық фразеологизмдерін
төмендегідей екі түрлі құбылыс арқылы
түсіндіріп, екі тілдің соматикалық фразеологиялық
қорынан халықтың өмірін, болмысын, ұлттық
менталитетін сипаттайтын тілдік бірліктерді көруге талпынып,
тіларалық ұқсастықтар мен ерекшеліктер себебін
халық танымынан, түсінігінен қарастыруды жөн деп
білдік.
– әлемнің барлық
немесе көпшілік тілдеріне ортақ белгілер – тілдік
әмбебірліктер (тілдегі универсалия құбылысы);
– тек қана бір тілге тән белгілер –
уникалия құбылысы.
Тілдік типология ғылыми әдебиеттерде
универсалия құбылысын айқындауға
бағытталған ізденістер арқылы сипатталады. Тіл-тілдегі
ұқсастықтар мен айырмашылықтарды типология деректері
аясында талдау көбінде практикалық мақсаттарда
жүргізіледі. Ғалымдардың пікірінше, бұл барлық
тілдерге тән құбылыстарды, салыстыра-салғастыра
зерттеліп отырған тілдерге қатысты ортақ
құбылыстарды және бір тілге тән ерекше
құбылыстардың ара-жігін нақты айыруға септігін
тигізеді.
Фразеологизмдер
бір-біріне тәуелсіз әртүрлі тілдерде кенеттен пайда болады,
себебі оларға тілдердің ортақ психологиялық белгілері,
табиғат құбылыстары, өмірлік байқаулар негіз
болады. Сол себепті де фразеологизмдер генетикалық тұрғыда
туыс емес тілдер үшін ортақ болып келеді. Мұндай
бірліктердің пайда болуына төмендегідей жайттар негіз болады: 1)
қоршаған шындық (адам тарапынан байқалатын
табиғат құбылыстары, жануарлар және өсімдіктер
әлемінің даму ерекшеліктері); 2) әлемнің
заманалық дамуының жалпы заңдылықтары
(жалпыәлемдік маңызға ие жаһандық тарихи
оқиғалар); 3) адамның жеке белгілері (физикалық,
психологиялық, мінез-құлықтық ерекшеліктер).
Сонымен тілдердің негізгі сипатын ашып бере алатын,
барлық (немесе көптеген) тілдерге ортақ қасиеттер мен
белгілерді универсалия құбылысы арқылы түсіндіре
аламыз. Тілдік универсалияның анықтамасы
жалпылық, ерекшелік және жалқылық, абстрактілік
және нақтылық ұғымынан туындайтыны белгілі.
Мұны ішкі ағзалардан туындаған соматикалық
фразеологизмдер арқылы нақты мысалдармен жеткізуді мақсат еттік.
«Бетпе-бет» – «face to face»; «тас жүрек» –
«stony heart», «тіл табу» – «to find a common language with
somebody», «шын жүрекпен» – «with
all one’s heart», «тілін жұту» – «keep one’s tongue» фразеологизмдері
екі тілдегі ортақ құбылысты сипаттайтын универсалия
құбылысына мысал бола алады. Сонымен
қатар, «вe (have smth.) on the
tip of one’s tongue» = «тілдің
ұшында тұру» – айтатын сөзін есіне түсіре
алмаған жағдайда «тілімнің
ұшында тұр» соматикалық фразеологизмі қолданылады. «Find one’s tongue» = «тілін табу» – ортақ келісімге
келу, түсінісу мағынасында қолданылады. Қазақ халқымен қатар ағылшын
халқындағы «тас жүрек» =
«a heart of stone / stony heart» соматикалық фразеологизмінде тас
сөзі өзінің негізгі қатты деген тура мағынасында
қолданылып, жүрек соматизмімен тіркесе келе, жүректің
тас секілді қатты күйге, жауыздық символына айналуы
халықтар арасында дүниені, ақиқат болмысты бірдей
түсінушілік пен қоршаған ортаны қабылдаудағы
пікірлерінің ортақтығымен, яғни тілдегі универсалия
құбылысымен түсіндіріледі.
Тілдің
фразеологиялық құрамы қоғамның дамуына,
әрбір кезеңнің тарихи өзгерістеріне тәуелді
болғандықтан, әрбір тілде ұлттық реалияларды,
халық тұрмыс-салтының атрибуттарын т.б. тікелей және
жанама түрде білдіретін тұрақты тіркестерді молынан
кездестіреміз. Демек, фразеологизмдердің ұлттық
ерекшелігінің «кілтін» анықтау – ұлттық мәдени,
рухани құндылықтарынан хабардар болуды талап етеді және
фразеологиялық бірліктердің табиғаты,
заңдылықтары, ерекшеліктері тілдік, тарихи-этнографиялық,
психолингвистикалық т.б. деректермен ұштастыра
қарастырғанда ғана толыққанды айқындалады. Мысалы, «құйрық-бауыр» жегізу фразеологизмі
салт-дәстүр, «тілін
кәлимаға келтіру» соматикалық фразеологизмі
қазақ халқының діни түсінігі негізінде пайда болған.
«ақ
түйенің қарны жарылу» тұрақты тіркесінің
қалыптасу мотиві халықтың шұғылданатын мал
шаруашылығына, ал «боз өкпе» құсбегілердің
құсты баптаудағы әдісіне
байланысты пайда болғаны мәлім.
Ағылшын тіліндегі «the heart of Mid-Lothian» (сөзбе-сөз
«Мидлотиан жүрегі»)
фразеологиялық тіркесі Эдинбург қаласының тарихи
орындарының бірі саналатын «Мидлотиан жүрегі» атымен танымал
жүрек формасындағы табиғи қырлы кестелерден (тастардан)
қаланған бұрынғы «Ескі түрмені» сипаттай отырып, Англияның
ХІХ ғасыр басындағы дәуіріне сәйкес келетін тарихи-этимологиялық
мағынаға ие. Келесі «аrmed to
the teeth» фразеологизмі бақайшағына дейін
қаруланған, мұздай қару құрсанған
деген мағынаны береді. Аталған соматикалық фразеологизм ХІV
ғасырда басынан-аяғына дейін сауытпен жабдықталған рыцарьларды
(сері жігіт) сипаттау үшін пайда болған. Бастапқыда
қарумен қамтамасыз етілген, қару құрсанған
деген мағынада құрал немесе әскери техникаға
қатысты жұмсалса, кейіннен образды түрде барлық
қажетті керек-жарақпен қамтамасыз етілді деген мағынада
қолданыла бастады. Лондонның қақ
ортасындағы 300 гектардан астам үлкен аймақты қамтитын
жап-жасыл саябақтар жиынтығы “The
Lungs of London” фразеологизмінің туындауына негіз болған.
Бұл ағылшын
халқының бау-бақшалық, саябақтық
өнері ұлттық дәстүрмен тікелей байланысты екенін
көрсетеді.
Қай
халықтың болмасын фразеологизмдерінің ұлттық
ерекшеліктері әр түрлі факторлардан: халықтың
тұрмыс-тіршілігінен, оның тарихынан, географиялық
жағдайынан, мәдениеті мен әдет-ғұрпынан
байқалады. Қоршаған орта, табиғат
құбылыстары адамзат баласына ортақ болғанымен, оны
түсінуі, ұғынуы, сезінуі әр халықта түрліше
болып келеді. Екі халықтың соматикалық фразеологизмдерін
салғастырғанда, кейбір тұрақты тіркестер екі
халықтың өзіндік ұлттық қасиеттері, болмыс
бітімі өздеріне тән, мағыналары бірдей, бірақ жасалуы
әртүрлі болады. Бұл тілдегі уникалия құбылысымен
түсіндіріледі. Сонымен ұлттық
ерекшеліктерді қамтитын фразеологизмдерді талдау үшін оның
ұлттық мәдени негізіне сүйену қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.
Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. Алматы. Евразия, 1995.
2.
Кунин А.В. «Английская фразеология». Москва: Высшая школа, 1970.
3.
Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. – Алматы: Арыс, 2007.
– 800 б.
4.
Байрамова Л.К., Садыкова Г.З. Универсалии и уникалии во фразеологии //
Материалы итоговой конференции. КГУ, 1989. – с. 29