ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУЫНДА КӨРКЕМДІК ӘДІСТІҢ   ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕЛУІ  (1920-30ж.ж.)

 

Жандос Смағұлов, ф.ғ.д, профессор,

Жібек Кенжебекова, гуманитарлық ғылымдарының магистрі

Қазақстан Республикасы, Академик Е.А.Бөкетов  атындағы

Қарағанды  мемлекеттік  университеті

 

 In article scientifically-methodological questions of formation in the Kazakh literary criticism of a method of the socialist realism, stated, in particular, in S.Mukanova, M.Karatayev's works and other scientific literary critics are considered. Also the mark of achievements and method defects socialistic realism in the Kazakh literary criticism in 1930 of the XX-th century is given. Principles socialistic  realism in marksistko-Lenin methodology analized with modern points of view.

В статье рассматриваются научно-методологические вопросы становления в казахском литературоведении метода социалистического реализма, изложенные, в частности, в трудах С. Муканова, М. Каратаева и других ученых литературоведов. Также даётся оценка достижений и недочетов метода соцаилистического реализма в казахском литературоведении в 1930 годах ХХ века. Принципы социалистичесгого реализма в марксистко-ленинской методологии анализированы совремменной точки  зрения.

 

СОКП-ның 1925 жылғы «Партияның көркем өнер саласындағы саясаты туралы» қаулысы алға қойған «пролетариат әдебиетінің үстемдігін орнату, ұлтшылдық-буржуазияшылдық элементтерді әшкерелеу» секілді кезектегі міндеттері орындалып шыққан соң, 1930 жылдардың бас кезінде маркстік-лениндік идеологияны басшылыққа  ала отырып, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік әдебиет» жасауға қадам жасалды. Әдебиет осы жаңа идеологиялық талап-тілектеріне сай жанрлық тұрғыдан дами бастады. Осыған орай ғылыми-сыни және әдеби-теориялық ой-пікір азды-көпті жинаған тәжірибесін пайдалана отырып өркендеуге тиіс еді. Бірақ, 1920 жылдардың екінші жартысында  сыншылдық ой-пікір ҚазАПП басшылығы тарапынан болған әдебиеттегі жікшілдік мәселесімен айналысып кетті де, «тұрпайы социологизмнің» солақай көзқарасының ықпалынан шыға алмады. Бұл әдеби-теориялық ой-пікірге де әсер етіп, ҚазАПП ұсынған «Д.Бедныйша жазу керек»  деген ұранға, «байлар әдебиетін басып озу керек» деген шақыруға сай, сол кездегі РАПП-тың позициясынан туындаған «жанды адамды көрсету», «Плеханов ортодокциясы үшін», «төтен әсер» сияқты теориялық теріс қағидаларды сөз ете  бастады. С.Мұқановтың «Блокшылдықтан демьяншылдыққа» («Жаңа әдебиет», 1931,2), «Әдебиеттегі семеновехшылдыққа қарсы» («Қазақстан большевигі», 1931, №5),  М.Қайыпназаровтың «Көркем әдебиеттің кезектегі міндеттері» («Жаңа әдебиет», 1931,1) және тағы басқа мақалаларда орыс әдебиеттануындағы проф. В.Ф.Переверзевтің бұл идеяны жоққа шығарып, көркем образды ғана алған концепциясын талқандауға үн қосу байқалады. Д.Бедныйша жазуға үндеу арқылы көркемдік дамудың заңды жолдарына тежеу салып, әдебиетті бір ғана таптың мүддесіне сай тар шеңберде ғана болуын талап ету, ақын-жазушы таптық ортаның жемісі екенін дәлелдеу басым болды.

Профессор В.Переверзевтің концепциясына қарсы дискуссияда нәтижесі де қабылданды: «Только тот критик и историк близок к марксизму, который не отходит от точки зрения Плеханова» деген тұжырымынан кейін әдеби-теориялық ой-пікір «Плеханов ортодоксиясы үшін» деген қағиданы түсіндіру мен теориялық тұрғыда негіздеуге көшті. С.Мұқановтың «Пролетариат көркем шығарманың әдістері туралы» («Жаңа әдебиет», 1931,4-5) аталатын мақаласы, Ғ.Тоғжановтың «Әдебиет және сын мәселелері» (1922) атты еңбегіне қарсы жазылған. Ғ.Тоғжановтың «бізде пролетариат табы жоқ, ол жоқ болған соң пролетариат әдебиеті де жоқ. Кедей-шаруа мен оқығандардан шыққандар пролетариат әдебиетін жасай алмақ емес» деген секілді пікірлеріне карсы тойтарыс беру басты мақсат ұсталғандықтан, атақты Г.В.Плехановтың сыншылық-эстетикалық ой-көзқарасын басшылыққа алады. Ол әсіресе, сыншы Воронскийдің «ақын-жазушылар көркем шығарманы жазарда ішкі түйсікке сүйенетіні» туралы теориясына негізделген Ғ.Тоғжановтың «ақын сезгенін сезген күйінде жазады, сезіммен жазады, ақылға жорытпайды» деген тезисінің қате екенін дәлелдеуі барысында анық байқалады. «Сезгенін ақылға төрелете, өзінің табының тілегіне үйлестіріп жазбайтын ақын жоқ» екенін дәлелдеу үшін Плехановтың идеологияға, оның ішінде көркем әдебиетке қойлатын бес түрлі заңдылығын ұсынады. Соның негізінде «Таптан тысқары ақын жоқ. Тап ақыны осы Плеханов айтқан бес заңмен байланысты. Ақынның ақындығы сыртқа шыққанда, бастапқы сезген күйінде емес, осы бес жағдайға сәйкестендіріліп қорытылып шығады» деген түйін жасайды [1, 80].

Маркстік эстетиканы дамыту жолында біршама үлес қосқанмен Г.Плехановтың методологиялық теорияларының бір жақтылығы, әсіресе, Толстойдың суретшілдігі мен ойшылдығын бір-біріне метафизикалық тұрғыда қарама-қайсы қоюын, Е.Онегин туралы «жұмысшы адам бұл романның ішкі мазмұнын мүлде түсінбейді» деген секілді пікірлерін, В.Г.Белинскийдің ғылыми мұрасы туралы біржақты көзқарасын маркстік-лениндік әдіснама көп ұзамай қатты сынап, «Плеханов ортодокциясы үшін» ұраны заман талабынан шығып қалды. Алайда осы ұранға сай жазылған мақалалардағы әдеби-теориялық ой-пікірдің ізденісін түбегейлі қате деп табу дұрыс емес. Заман талабына сай үстемдік құруға қолдан келгеннің бәрін жасап жатқан маркстік-лениндік әдіснаманың қағида-қисындарына икемделу жолындағы ұмтылыстары болатын. Өйткені, бұқарашыл ақын-жазушылар, яғни Алаш арыстары «ұлтшыл және тап жауы» ретінде жойылғаннан кейін, ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірді дамытушы төңкерісшілер ғана болды да, алға ұстар жалғыз-ақ бағыт қалды. Ол - маркстік-лениндік әдіснама еді.

Бұл белгілі бағытта ізденістер сипатын танытқанымен, 1930 жылдардың бас кезіндегі сыншылдық және әдеби-теориялық ой-пікірдің тұрпайы социологизм ықпалында қалуына басты себеп болды да, қазақ әдебиетін теориялық тұрғыда зерттеудің негізгі мәселелері назардан тыс қалды. Тұрпайы социологизм ықпалындағы солақай сыншылдыққа сол кездегі өлкелік партия комитетінің саяси басшылығының да әсері аз болмады. Негізінен тұрпайы социологизм - маркстік-лениндік ілімнің туын көтеріп шыққан теория еді. Бірақ кемшілігі тапшылдықты тым дөрекілендіріп жіберді. Мысалы, тұрпайы социологизмнің 1930 жылдардың басында қатты өріс алуына Сталиннің «Большевизм тарихының кейбір мәселелері туралы» атты хаты қатерлі мән атқарды.  Бұл хат бойынша өлкелік партия комитеті мен марксизм-ленинизм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстандағы күрес міндеттері туралы» қаулысы жарияланды. Онда «алашордашылардың ықпалынан шыға алмай келе жатқан қазақ әдебиеті мен сынының мәселелеріне ерекше назар аударылуы қажеттігі» атап көрсетілді [2, 89]. Профессор Т.Кәкішев: «Осы қаулыда C.Сейфуллиннің шығармашылығында ескі феодалдық рушыл қоғам дәріптеледі, Ғ.Тоғжановтың әдебиет жайлы еңбектерінде маркстік емес, Плехановтың ықпалына түсіп, сорақы қателіктер жіберілді деп атап көрсетті» деп жазады. [3, 30]. «Әдебиет майданы» журналының 1932 жылғы 4 санында шыққан 14 тармақтан тұратын  іс-жоспарда «ұлтшыл-алашордашылардан» қалған әдебиеттің зиянды бетін ашу, пролетариат ақын-жазушылардың шығармаларын тексеру ғана емес, сол жылы қай қаламгердің не жазатындығын көрсеткен міндеттемелер қабылдауын талап етті.

Міне, әдеби сында әсіре тапшылдықты насихаттаған «тұрпайы социологизм» дәуірлеп тұрған, ғылыми зерттеу ісінде орыс әдебиеттану ғылымындағы В.Фриченің, П.Н.Сакулиннің еңбектерінен туындаған социологиялық және формальды-социологиялық әдіс белгілері орын алып тұрған кезде [4], Сталиндік түзетулерге ұшыраған маркстік-лениндік әдіснама оларға қарсы күресе отырып өз позициясын нығайтуға ұмтылды. Ол бүкіл Кеңестер Одағына кіретін ұлт республикаларының әдебиеті ендігі жерде «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» болатынын анықтап берді де, оның әдеби дамудағы негізгі әдісі социалистік реализм болып табылатынын шұғыл  күн тәртібіне қойды, кеңестік идеология батыл насихаттай бастады

Негізінен бұл әдісті проф. Х.Әдібаев айтқандай, «социалистік реализмнің теориясы мен практикасын біздің еліміздегі қоғамдық  сана мен қоғамдық өмірдің өзі туғызды» [5]. Жаңа дәуірдегі әдебиеттің көркемдік әдісі қандай болуы керек деген ой жазушылар мен әдебиетшілерді 1920 жылдардың бас кезінде-ақ толғандырған болатын. 1923 жылы В.Маяковский ендігі жерде негізгі әдіс «тенденциозный реализм» болуы керек дегенді ұсынған болса, 1924 жылы А.Толстой «монументальды реализмнің» буржуазиялық эстетикаға қарсы тұратындығын дәлелдеуге ұмтылды. 1929 жылы РАПП-шылдар «пролетарлық реализм» деген терминді қолданды. 1931 жылы И.В.Сталин жоғарғы партия мектебін бітірушілер алдында сөйлеген сөзінде «социалистік реализм» деген атауды алғаш рет қолданды да, кеңестік идеология ғылыми тұрғыда негіздеуге көшті. «Халықтар көсемі» өзі басқаратын қоғамға қандай әдебиет қажет болатынын білді. Оған тек азусыз, құс таңдай, қызыл иек әдебиет керек еді. Жазушылар қаламында қандай ұлы құдірет жатқанын сезді де, оларды әрдайым ауыздықтап ұстауға, қажет бола қалса, өз жыршысына айналдыруға күш салды» [5].

Өйткені, 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басында Л.Троцкийдің еңбектері оқылудан, пайдаланудан шығарылып тасталғанымен, «Литература и революция» еңбегіндегі жаңа замандағы әдебиет туралы идеялары жойылып та кете қоймаған еді. Оның «творчество Демьяна Бедного есть пролетарская и народная литература, т.е. литература, жизненно нужная пробужденному народу. Если это не «истинная» поэзия, то нечто большее ее» деген пікірі 1930 жылдардың басында «демьянша жазу» ұранының тууына негіз болды [6, 167]. Ал Блокқа берген: «И все же «Двенадцать» - не поэма революции. Это лебединая песня индивидуалистического искусства, которое приобщилось к революции. Конечно, Блок не наш. Но он рванулся к нам. Рванувшись, надорвался», - деген бағасы блокшылдықтан бас тартуды туғызса, орыс әдебиетіндегі футуризмді сынаған ойлары «жанды адамды көрсету» қағидасының өріс алуына себепкер болды. Л.Троцкийдің «методы марксизма не методы искусства» деген тезисін әдеби-теориялық ой-пікірден біржола жою үшін И.Сталин, коммунистік партия көркемөнер мен әдебиет саласындағы саясатын нақтылап алу жолында шешуші бетбұрыс жасауды ұйғарды. Соның негізінде 1932 жылы 29 сәуірде «Әдебиет, көркемөнер ұйымдарын қайта құру туралы» Орталық партия комитетінің қаулысы дүниеге келді. Іле-шала (20 мамырда) И.М.Гронский партия өкілі ретінде «социалистік реализм әдісі» деген терминдік анықтаманы жария етті [7, 210]. Қаулы шыққаннан бастап социалистік реализмді кеңес әдебиетінің негізгі әдісі ретінде теориялық негіздеу мен насихаттау, оның принциптерін анықтау, әдебиеттің партиялық, таптық болуы керектігі мен идеология құралы екендігін дәлелдеу науқаны басталды.

Қазақ әдебиеттану ғылымы да социалистік реализм аталған осы «өлшемді эстетиканы» меңгеру жолындағы іс-шараларға жұмыла кірісті. Соңғы кезге дейін социалистік реализмді қазақ әдебиеттану ғылымында «Қызыл ат» және социалистік реализм» мақаласына байланысты алғаш рет сөз еткен М.Қаратаев деп санап келген едік. Мезгіл жағынан қарағанда, соцреализмді теориялық тұрғыда негіздеуге кіріскен бүкілодақтық науқанға алғаш үн қосқан С.Мұқанов болды. 1933 жылдың 12-қаңтарында педогогикалық институтта «Социалды реализм және төңкерісшілдік романтизм» деген тақырыпта лекция оқыса, 11 сәуірде осы лекцияның негізіндегі «Социалды реализм туралы» мақаласы жарияланды («Социалды Қазақстан», 1933, №84). Бұл баяндама мен мақалада социалистік реализм туралы автор көзқарасы орталық басылымдардағы теориялық барлаулар ықпалында туындап жатса да, оның советтік әдебиеттің басты әдісі болатындығы мен партиялығы, таптығы принциптері ұлттық әдеби-теориялық таным-тілікте алғаш рет түсіндіріліп берілді. «Мазмұны социалистік, түрі ұлттық» әдебиет жасау жолындағы азды-көпті табыстарды саралай келе, социалистік реализмнің өмір шындығын революциялық дамуда бейнелеудегі бұзылмас заң екенін дәлелдеді. Әсіресе, сол кездегі идеология майданындағы таптық күрестің шиеленісуінің әсері мен таптық қоғамда әдебиеттің тек қана таптық болатынын айрықша көрсетіп, кейбір ақын-жазушылардағы осы принциптен ауытқуды сынады. Ал М.Қаратаев мақаласының жазылуына 1930 жылдардың басындағы әдеби сында ерекше «талқыланған» С.Сейфуллин шығармаларына орай ұйымдастырылған дискуссия себеп болды. Оның ішінде: «Мен де дискуссияға араласып кеттім. «Қызыл ат және социалистік реализм» деген ұзақ мақала жаздым. Ол «Лениншіл жас» газетінің 1933 жылғы февраль-март айларының 4-5 нөмірінде жарияланды», - деп автор атап жазғандай [8, 268], «Қызыл ат» поэмасына арналған пікірталасқа байланысты жазылған болатын.

ҚазАПП сыншыларынан,  М.Қайыпназарұлының баяндамалары мен мақалаларындағы солақай сыншылдықтан көз ашпай келе жатқан Сәкен шығармашылығы «Қызыл ат» поэмасы жазылғанда да ерекше талқыға түсті. Арнайы ұйымдастырылған пікірталаста поэманың колхоз құрылысына жабылған жала екені, онда ауыл мен қаланы бір-біріне қарсы қоюшылық басым көрінетіні, қызыл ат деп отырғаны астармен айтылған кедей-шаруа екені, оның өткен күнін артық көріп, сол уақытын аңсайтыны баса айтылып, саяси айып тағуға дейін барған пікірлер оңды-солды айтылып жатты. Осындай шақта жазылған М.Қаратаевтың мақаласы И.В.Сталиннің «Табыстан бас айналғанда» атты еңбегінің жазылуымен және социалистік реализм әдісін бүкілодақтық деңгейде теориялық негізделуімен тұспа-тұс келді. Сол себептен де автор бұл әдістің негізгі нысанасы социалистік өмір шындығын жырлау екенін ашып беру арқылы «Қызыл ат» поэмасын солақай сыншылдықтан сақтап қалды. Міне, С.Мұқановтың, М.Қаратаевтың осы мақалаларынан бастап социалистік реализмнің қазақ әдебиеттану ғылымындағы «алтын дәуірі» басталды. Әдеби сын мен әдеби-теориялық ой-пікір социалистік реализмді насихаттау, үлгі-өнеге ету науқанына белсене кірісті. Қ.Өтепұлының «Социалды реализм» (Әдебиет майданы, 1933, №2), З.Шашкиннің «Әдебиет және социалды реализм» (Социалды Қазақстан, 1933, 18 ақпан). Ғ.Тоғжанұлының «Қазақ әдебиетіндегі сын туралы кейбір өзгешеліктер» (Социалды Қазақстан, 1933, №195), Ә.Қоңыратбаевтың «Әдебиетіміздегі реализм туралы» (Әдебиет майданы,1934, №5) т.б. мақалалардың жазылуын - соның айғағы  деген дұрыс. Оларда маркстік-лениндік әдіснаманың әдебиеттің таптығы, халықтығы, партиялығы принциптеріне тереңдеп бара қоймағанымен, осы ұғымдардың берік орын тебуіне жолбасшылық сипат танылды. М.Қаратаевтың жоғарыдағы мақаласының ізімен қазақ әдебиетіндегі социалистік реализмді анықтау мен көркем шығарманың осы әдісте жазылуын қадағалау басты назарда ұсталды. «Біздің творчестволық тәжірибеде қолданатын көркем әдісіміз де, оны зерттейтін ғылыми еңбектерде қолданатын принципіміз де айдан анық. Ол - маркстік-лениндік дүниетанымға сәйкес социалистік революция дәуірінде туып қалыптасқан, көркем әдіс ретінде әдебиет процесінде әдеби жүзеге асқан социалистік реализм принципі» екені қағидаға айнала бастады [9, 85]. Нәтижесінде көркем әдебиет партиялық істің бір бөлшегіне, саясат пен идеологияның сойыл соғар белсенді құралы болу  қасиетіне ие бола бастады да, сын мен әдебиеттану жаңа эстетика мен теорияның қасаң қағидасының құрсауына түсті. 1930 жылдардағы ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің өсу, кемелдену жолындағы ізденістерінде сәтті қадамдар жасауға деген талпынысын әдеби даму процесіндегі күрделі мәселелерге араласуы да танытады. Кеңестік әдебиеттану ғылымында бүкілодақтық деңгейде сөз болған натурализм, формализм туралы айтысқа тартынбай баруы оны тағы да дәлелдей түседі. М.Горький «Правда» газетіндегі мақаласында шығарманың формалық және идеялық тұтастығы туралы ой-толғамын ортаға сала келіп, кеңінен пікір алысуға шақырған үндеуіне қазақ әдебиетші-сыншылары да қызу үн қосты [10]. Қазақ әдебиетіндегі натурализм, формализм туралы Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған пікірталас 1936 жылдың 2 сәуірінде басталып үш күнге созылды. Әдеби айтыс дәрежесінде еткен бұл пікірталастағы негізгі ойлар баспасөз бетінде жарық көрді. «Социалды Қазақстан» газетінде «Көркемөнердегі формализмге қарсы» (64), «Жазушылардың әдебиет жөніндегі айтысы» (86,87) деген  мақалаларға, «Қазақ әдебиеті» М.Әуезов, С.Мұқанов, Р.Жаманқұловсың сөздері мен, Ә.Тәжібаевтың «Адал сырым» мақаласына орын берді (1936,16).

Негізінен алғанда орыс әдебиеттану ғылымындағы формализм мен натурализм туралы дискуссияның тууы социалистік реализмнің ендігі дамудағы негізгі көркемдік әдіс болып танылуы жолындағы ұмтылысы мен өз позициясын анықтау үшін жүргізген күресінен туындады. Орыс әдебиетіндегі формалистер және тағы басқа да әдеби ағымдар өкілдері социалистік реализм алдағы көркемдік даму процесінде символизм, футуризм, имажинизм, конструктивизм, формализм, натурализмдердің осы кезеңге дейін қол жеткізген табысын негізге ала отырып, кеңінен пайдалануы керек деген көзқарас  туғызған болатын. Мысалы, К.Зеленский: «Я думаю, что последнее должно соединить стилевые черты трех основных школ: реализма, символизма, конструктивизма»,  - деп жазды [11, 223]. Формализм, натурализмге  қарсы шабуылдың күшті болғаны соншалық, орыс формалистерінің ірі өкілдерінің бірі В.Шкловский: «Формалисты вместо того чтобы поднимать целину, пашут там, где было распахано»  деген мойындауға дейін барды [12]. Көркем шығармада адам тұлғасын сомдауға селқос қараушылық, антигуманизмге ұрыну, шындыққа менсінбей қарап, таптық күресті толық аша алмау т.б. кемшіліктері ашылған формализм мен натурализм «были осуждены с позиций жизни и искусства, и во имя жизни и искусства как явления антихудожественные и антинародные» [13, 185]. Дискуссия қорытындысы жаңа ізденістерге шектеу салып, әдебиетті социалистік реализм қағидаларының қалыбынан шығармауды жоспарлаған партиялық басшылық пен кеңестік идеология саясаты жемісі болып шықты.

Әдебиеттер:

  1. Мұқанов С. 16 том. шығ. жин. 14-том. А. Жазушы, 1978, 368 - б.
  2. Большевик Казахстана, 1932, №1, с. 88.
  3. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. А. Санат,1994, 448-б.
  4. Сакулин П.Н. Социологический метод в литературоведении. М. Мир, 1925; Фриче В. Социология искусства. М-Л. ГИЗ, 1926.
  5. Социалистік реализм керек пе? Қазақ әдебиеті, 1991, 25 қаңтар.
  6. Троцкий Л. Литература и революция. М. Политиздат, 1991,339-б.
  7. Советское литературоведение за 50 лет. Л. Наука, 1968, с. 429.
  8. Қаратаев М. Әдебиет және эстетика. А. Жазушы, 1970, 352-бет.

9.  Қаратаев М. Революция рухымен. А. Жазушы, 1978, 416-б.

10. Горький М. О формализме. Правда, 1936, 9 апрель.

11. Зелинский К. Поэзия как смысл. М. Федерация, 1929, с. 223.

12. Литературная газета, 1936, 15 март.

13. Советское литературоведение за 50 лет. М. МГУ, 1967, с. 555