Қазақ лирикасындағы намыс толғауы үлгісіндегі

өлеңдердің ұлттық сипаты

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекттік университеті

Айтбаева А.Е ф.ғ.к., доц

Мұқашева Г.М К-11-1 оқу тобы студенті

 

XX ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік лириканың бір саласын ұлт-азаттық, тәуелсіздік жолындағы қозғалыстардағы халықтардың, жалпы адамзаттың азаттық жолындағы күресін бейнелеуге арналған өлеңдер құрайды. Еуропалық әдебиттегі саяси күрестер барысында туған лирикалық өлеңдердің жзанрлық табиғатымен үндес туындылар жазу қазақ поэзиясында да қалыптасты. Мысалы, Ж.Аймауытовтың «Әскер марсельезасы», «Ғаскер өлең», «Жас көсемдер маршы», С.Торайғыровтың «Алаш ұраны», С.Сейфулиннің «Жас қазақ марсельезасы», «Интернационал» өлеңдері – саяси - әлеуметтік лирикадағы әнұран (гимн) түріндегі шығармалар.

Гимн – (грек. Humnos - мадақтау) салтанатты жағдайда айтылатын мадақ өлең, әнұран. Көтеріңкі ,лепті, кейде тіпті одаға ұқсас. Бір кезде аты әйгілі, баршаға мәлім адамдардың іс-әрекетіне орай шығарылған.Рәсім бойынша патшалардың таққа отру құрметіне, ұлы жеңістерге, әскери қолбасшыларға арнайы гимн жазылған.Көне грецияда гимдерді кифара дейтін музыка аспабының суйемелдеуімен хор орындаған.Сол сияқты ежелгі дәуір нұсқаларында қасиетті жазбалар жинағы «Авестада» жекелеген құдайлар мен мифтік хаһармандарға (Митра, Имма, Хаома, т.б) арнап айтылатын әнұрандар бар.Мұндай әнұранды «Авеста» кітабында «Яшт» деп атаған. «Яшт» сөзінің мағынасы – «сөзге тағзым», яғни «құдай сөзіне тақзым ету» дегенді білдіреді. «Яшт» зароастризм дінінің құдайлары мен пайғамбарларына  арналған 22 әнұран мен өлеңдерден тұрады.Мұнда «Яшт» өлеңдері көбінесе 8 буынды, ал кейде 10-12 буынды өлең түрінде кездеседі. Мәселен, Күнге арналған әнұранды төмендегідей жыр жолдары бар.

Мәңгілік күн сөнбейтін,

Еш нәрсе тең келмейтін,

Шұғыла шашып жылжыған,

Ұлы күнге бар дұғам.

Күн қызуын төккенде,

Жер ынтығып өпкенде,

Жүз мың құдірет секілді,

Ғажабы бар не түрлі,-  деп әнұрандардың ежелгі дәуірге тән нұсқалары болған.

Ұлттық келбеттің даралана танылуы- мемлекеттік дәрежедегі қалыптасудың нәтижесі. Барлық мемлекеттердің тарихында дербестік, тәуелсіздік тұғырында әлемдік дәрежеде танылған халықтардың ұлт ақындары халқының тағдырындағы аса елеулі саяси оқиғалардың нәтижелерінен кейін, әнұран сипатындағы лирикалық өлеңдер жазған.

          Әнұран сипатындағы лирикалық өлеңдердің композициясындағы идеялық желі- ұлттық сезім, отаншылдық көңіл-күй. Ақындар мұндай әнұранды лирикалық хаһармандық тұлғаның жалпылық-жинақтаушылық үлгісін қолданады. Ақындық «біз» болып тұтаса жырланады. Әнұрандық саяси мәндегі лирикалық өлеңде шығармаға арқау болған халықтың ежелгі замандардан бастап, бүгінгі күндерге дейінгі жеткен тарихы шындық деректерге негізделген тағдыры лирикалық тілмен өрнектеледі. Әрине, әнұран халықтың атынан айтылатын қаһармандық өлең. Сондықтан, лирикалық өлеңнің мазмұны мен пішінінде өмірдің ақиқат шындықтарынан шыныға қалыптасқан, асу белестерден, өмір қиындықтарынан қайсарлықпен өткен ел перзентінің, халық һахармандарының, азаттық күрескерлерінен жинақталған әдеби тұлғалары айқындалады. Біз бұны жоғарыда ежелгі дәуір әдебиетінің нұсқаларынанда кездестірдік. Дәстүр жалғастығы жалғасуда екендігіне көз жеткіздік. XX ғасыр басындағы қазақ лирикасындағы өлең-жырлардың аса көп тараған үлгісі әнұрандық осындай өлеңдер шынында да, отарлық езгіден құтылуға талпынған қазақ елі жағдайында қажет, зәру шығармалар еді. Сұлтанмахмұттың аралас (кезекті, еркін, шұбыртпалы) ұйқаспен жазылған «Алаш ұраны» өлеңі- ұлттық еңсе көтеру, әлеуметтік көзқарастармен қарулана серпілу, адамдардың рухани күш – қуатын таныту тұрғысындағы шығарма. Лирикалық кейіпкердің жырымен өрнектелетін халықтың жан дүниесінен атқарылған қаһармандық- жауынгерлік сарын- ұлт-азаттық жолына өмірін арнаған милиондаған күрескерлердің жан сыры. Өлеңнің компазициясы бес шоғыр- шумақтан құралады. Қазақтың ұлттық  дәстүрлі әдебиетіндегі 7-8 буындық жыр өлшемінде жазылған бұл өлеңдегі шоғыр- шумақтардың соны «Жасасын, Алаш, жасасын!» тармағымен түйінделе айақталып отырады. Өлеңнің құрылысындағы автор ойларының түзілісінді Алаш жұртының бір тудың астындаға тағдырын таптаған, қазақ даласын жайлаған отаршылдықтың келбетін реалистік бояулармен суреттейді:

Құрт аурудай жайлаған,

Құртпаққа бізді ойлаған,

Қанымызға тоймаға,

Қолымызды байлаған,

Елімізді айдаған,

Жерімізді лайлаған,

Жерімізді шимайлаған,

Өшті залым қарасы. \3\

       Өлеңнің идеялық мазмұнындағы «Алаш» ұранды қазақты ата- бабалардың аруақтарының қолдайтыны «туысқандық», «теңдік» ұғымдарының ұлттық бостандық алудағы дәнекершілдік күші туралы айтылады. Қазақ лирикасында «Алаш»- қазақ халқы, «Сарыарқа»- қазақ даласы ұғымдарынң орныеа қолданылады.Өлеңде қазақ тұрмысына тән осындай дәстүрлі ұлттық ойлау жүйесіндегі сөз өрнектері орнымен қолданылады. Сол ел, жер, бостандық жолында «ішкі жанжал таласты, күншілдікпен қарасты кертартпа пиғылдарды мына жерге көмдік біз!» - деп мәлімдеген лирикалық кейіпкердің болашақ хақындағы ойлары да оптимизм, романтизм сарынындағы күрескерлік серпінмен жырланады:

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді ешкімнің Алашты,

Қорлығына бермейміз!

Адамдықтың жолына,

Бастаған ерлер соңында,

Басқаға көңіл бөлмейміз.

Қандай шайтан келсе де,

Алдауына көнбейміз,

Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз!

Жасайды, Алаш, өлмейміз!

Жасасын, Алаш, жасасын ! \4\

       Саяси кұрестегі жеңіс тұтас бір халықтың тарихи тағдырының шешілетіндігі. Адамзат қауымының барлық кезеңдерінде де үлкен империялардың қарауында отарлық тепкісін көрген халықтардың ұлт-азаттық жолындағы жеңістің мәресіне жететіні- әлеуметтік шындық. Қазақ лирикасының XX- ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік өлеңдерінің ішіндегі әнұрандық сипаттағы шығармалардың ықпалы күшті болғандығын байқаймыз. Ж.Аймауытовтың «Ғаскер өлең», «Алаш милициясының маршы»- марштық әнұран түрінде жазылған туынды. Әнін де сөзін де автордың өзі шығарған. Бұл туындылар қазақтың тұңғыш ұлттық-демократияалық  партиясы Алашорданың ұймдастыруымен Алаш өкіметі құрылғанда, қазақ ұлттық мемлекетінің әскери құрамалары милициясы жауынгерлерінің сапта айтылатын әнұраны ретінде жазылған. Өлеңнің ырғақтық жүйесі қалың топ әскердің сап түзеп келе жатқандағы қалпына лайықты әуенмен жырланады. Өлеңнің идеялық- мазмұнды құрылымында қазақ елінің арғы бастауы Ер Түріктің ата-бабалық жолы, қазақ халқының ата-мекені, самал тау, шалқар көл, Сарыарқа, сол даласында малын баққан сай-саласында еркін өскен ерке сері ұрпақтар тарихи мақтанышпен еске алынады. Ата-бабалық қарт тарихтың кезеңдерінде желмен жарысып, ат құлағында ойнаған, Алаштың көк туын қолға алып, жауға шапқан, оттай лапылдап жанған, суылдап жел болып соққан Алаш ұрпақтарының бостандық,, тәуелсіздік жолындағы ерлік тағылымын ұрпаққа үлгі етеді. Жауын оқтан, аққан қаннан қорықпай, Алаштың- Қазақтың мәңгілік азаттығы жолындағы тайталас күрескерліктің айбынды қалпын сипатын елестете жырлайды.

    Саяси әлеуметтік, үгіттік мәні қуатты болған марш әуенді лирикалық өлеңдердің қатарына Ж.Аймауытовтың бірнеше аударма шығармаларын да қосуға болар еді. Мысалы, ақынның «Молодая гвардия» атты орысша нұсқасынан аударған «Жас әскер» өлеңі- 1924 жылы «Жас қазақ» журналының бірінші орын бәйгесін жеңіп алған шығарма. «Жас көсемдер маршы» өлеңі де орыс тілінен аударылған туынды. Өлеңдердің нұсқаларын қазақша сойлеттекенде, ақын әдеби тәсілдердің ішінде нәзиралық дәстүрді айрықша тұтынғаны байқалады. Өлеңдер қазақ ұлтының ұғымына сай тілдік қолданыстармен, өлшем өріммен жазылған. Саяси- әлеуметтік лириканың ұлттық кестелерімен өрнектелуіне ықпалды болған мұндай аудармалық- нәзиралық туындылардың да көркемдік дамудағы маңыздылығы айқын. Өлеңдердегі интонациялық- ырғақтық өрімдері, лирикалық  «меннің» , «біз» болып жырлануындағы азаматтық сарындарының серпінділігі- лирикалық шығармалардың жанрлық мазмұнындағы айрықша реңді байқатады.

    XX ғасыр басындағы қазақ лирикасындағы әнұран сипатындағы өлең- жырлардың тууына себепкер болған үлкен оқиға- 1917 жылы ақпан төңкерісінің нәтижесінде Ресей патшасының тақтан құлауы еді. Ресейдегі барлық ұлттардың отарлық бұғаудан босану мүмкіндігі осы оқиғалардан кейін айқын көрінеді. Сондықтан қазақ қайраткерлерінің Алашорда партиясын , қазақтың дербес ұлттық мемлекетін құру талаптары тарихи әділеттіліктің заңдылығы еді. Әрине , қазақ лирикасындағы өлең жырлардың ішінде патшаның тақтан түсірілуін халықтың бостандыққа жетуі тұрғысында жарланған өлеңдердің болуы да табиғи жағдай.

     Қазақ ақындарының XX ғасыр басындағы ұлт тағдырымен сабақтасатын жұмыстары туралы зерттеуші М. Базарбаевтың  пікірі осы ойымызды дәлелдей түседі: «Қазақтың демократиялық мәдениетінің өсіп-өркендеу сәті қазақ интеллигенциясының қалыптасу кезеңі еді. Әлеуметтік құрамы жағынан да саяси көзқарасы жағынан да әдебит және оқу- ағарту қайраткерлері сан түрлі күйді басынан кешті. Олардың түсінігінде айқын бір-ақ мәселе болды, ол- бостандыққа, теңдікке ұмтылу, халқының мәдениеті мен бақыты үшін күресу». (5,160)

   XX  ғасыр басындағы ақындардың лирикалық өлеңдеріндегі тұтас ұлттың оянуға шақыру сарыны халықтың материалдық және рухани салаларындағы ширыға шиеленіскен жағдайларының әсерінен туындағаны аның. Қазақ поэзиясындағы ұлттық сананы күрт серпіліске көтеруге арналған жұрттың жауынгерлік рухын жаңғыртуға бағытталған бұндай туындылардың саяси- әлеуметтік ықпалдығы зор болды. Адамдар ортасындағы ұмытылып бара жатқан халықтың өзін- өзі тануы, бағалауын алдыңғы орынға қоятын мұндай азаматтық, жауынгерлік сарынның революциялық поэзия дәстүрлерімен де сабақтасқандығы ақиқат. А. Байтұрсынов осындай сарындағы лирикалық өлеңдерді «Намыс толғау» деп атап оның жанрлық қалпын былайша бағалайды: «Намыс толғау басынан тайғақ кешу, тар жолда қиыншылық шегіне жетіп, тақалған шақта шығатын сөз... Мәселен, бағындырған патшадан басын босатып алу- жұртқа соғыспен бірдей дәрежелі қиын іс. Сондай іске қайрау мақсатында айтылған өлеңдер «намыс толғауы» болады. Сондықтан «Интернационал» өлеңі сияқты, «Асау тұлпар» кітабындағы «Жолдастар» деген өлең сияқты, «Масадағы», «Оян қазақ» кітабындағы кейбір өлеңдер намыс толғауы болды».  (6, 76)

     Демек, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі Ж. Аймауытов қазақшаға аударған «Интернационал» өлеңі қазақ жұртының орталық езгіден қанаудан құтылуға шақырған намыс толғауы үлгілерін құрайды.Ахметтің «Жұбату», Міржақовтің «Жас қазақтар қайдасыңдар?»,  «Зар заман», «Алашқа», Сәкеннің «Кел жігіттер» , «Жас қазақтар марселъасы», «Жолдастар», «Жеткіншегім тартынба», «Кімде кімнің тасқын судай қайраты», Ілиястың «Замандасқа» және тағы басқа лирикалық өлеңдерінен осы намыс толғауына тән лирикалық ерекшелікті аңғарамыз.

    Намыс толғау түріндегі ақындардың лирикалық өлеңдерінде тағдыры талқыға түсіп, өктем, астам ойлы империя құрамында жүріп, өзіндік қасиеттерінен айырылу қатеріне ұшыраған қазақ халқын жігерлендіру ,  үгіттеу, қайрау үні мейлінше басым естіледі. Бұндай жалпы ұлттық оянуды, күрт серпілісті, азаматтық белсенділікті, саяси күрескерлікке көтерілуді жырлау аталған ақындардың ішінде Міржақовта өте өткір естіледі. Ақынның барлық өлеңдерінде де үнемі белсенді қозғалатын  «қазағым», «елім» , «алашым» түріндегі арнау сөздері 1917 жылғы төңкерістер кезінде ашық ойлы, айқын бағдарлы жырлармен көрінеді. Мысалы, «Зар заман» өлеңінде ұлт тағдыры жолындағы майдан сапарын айқын бейнелейді.

Кез болған соң кер заман біздің баққа,

Жау жараған асынып, міндік атқа .

Ел бастайтын ернлерге бір зор сын,

Жаңа талап жас ұлан қарап жатпа

Заман – ай !

   Ақын елді бастайтын көсемдерді, сөзді бастайтын шешендерді, ер қозғайтын қас батырларды сын сәтінде халық жолындағы ұлы күрестегі лайықты орындарда болуға шақырады. Ақынның азаматтық әуендегі ойларының жалпы ұлттық  тұтастық тұрғысында жырлануы – қазақ лирикасының ұлттық сипаты. Адамдардың әлеуметтік жағдайларының әртүрлігіне қарамастан ортақ мұрағаттарға жұмылуға, намысты оята отырып, өлеңінде ой дүниесінің шынайы қуатын көрсетеді.

Бай қайдасың, ортаға малыңды сал,

Азды- көпті аямай барыңды сал,

Жаны тәтті жақсылар қайдасыңдар?

Мұсылманның жолына жаныңды сал

                                                 Заман ай!

     Ахмет Байтұрсыновтың намыс толғауы қатарында аталған шығармалардың бірі- Сәкеннің «Жолдастар» өлеңі.Өлеңдегі лирикалық хаһарман – күрескер обективті кейіпкерлерге, ортақ қайрау, үндеу, жолдау сөзін арнайды. Ақын адамдардың материалдық және рухани мәдениет салаларындағы мешеуліктен , құлдықтан құтылуын көз алдарына елестете отырып жырлайды. Бұл - әрі риалистік, әрі револютциялық – рамантикалық ықпалы зор қызу сезімге толы жыр. Нағыз намыс толғауы осындай қайратқа, жігерге шақыратын жолдардан танылса керек.

Ұлкен сынды, әйгілі бұл бір майдан,

Нашар ұлы, жігерлен, жатпа сайлан,

Қорғалайтын күн өтті бауырларым!

Арам құлқын, арам қан, патша байдан

                                  Жолдастар!

     Қорыта айтқанда қазақ атты ұлы ұлыстың сан ғасырлық азаматтық тарихы өзге ұлыстармен тығыз байланысты дамығаны, өзге елдердің отаршылдық саясатын көрген, әрі прогрестік жағдай да өзінің эвалютциялық даму жолын тоқтатпаған, құдіретті Қытай елімен де хан Абылай арқасында бітімгершілікпен келісіп отырған, Жоңғария атты жорықшыл мемлекеттің кесірінен шұбырса да, езілмеген, жаншылса да қарсы тұра білген, кейін өз алдына ортаазиялық хандықтар атанған Хиуаның, Қоқанның озбырлығына, надандықпен жүргізген айуаншылық әрекеттеріне де езілмеген, болашағы зор екеніне сеніммен қарағаны қилы тағдырымен өз бейнесі олардың әнұран сипатындағы мадақ жырларында, музыкалық нота ережесіне сай мемлекеттік әнұранда тұжырымдалды.

      Халықтың күресшілдік рухын оятып, ел болудың, тәуелсіздіктің діңгегін берік ұстаудың жолын жыр еткен, қоғамның қаһармандық бейнесін танытуда саяси маңызы бар лирикалық әнұран сипатындағы өлеңдерді зерттей түсу, табиғатын тану келешектің ісі.

                                    

 

                              Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.                   Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Алматы, 1989.

2.                   Қирибаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. Зерттеулер мен мақалалар.- Алматы: Білім, 1995.- 288 б.

3.                   Базарбаев М. Замана тудырған әдебиет. – Алматы : Ғылым, 1997.

4.                   Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы: Атамұра, 2005.

5.                   Байтұрсынов А. Шығармалар. Алматы : Жазушы, 1988.

6.                   Дулатов М. Шығармалар . Алматы :Жазушы ,1991.