ЛИНГВИСТИКА
Рахымберлина С.Ә.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті
Қазақстан
ҚАЗАҚ АНТРОПОНИМИКАСЫНДАҒЫ ГЕНДЕР
МӘСЕЛЕСІ
Қазіргі кезде
ғылыми әдебиетте жиі сөз болып жүрген
мәселенің бірі – гендер мәселесі. Әлеуметтанушылар мен
философтар бірауыздан «жыныс» және «гендер» ұғымдарын
дәстүрлі түсініктен алшақтатып, бір-біріне қарсы
қойып қарастыруда. Өйткені, алғашқысы
биологиялық ұғым ғана болса, кейінгісі -
әлеуметтік ұғым. Адам ата мен Хауа ана жаратылғаннан
бергі адамзат тарихында да, Аристотель заманынан бергі
әлеуметтік-философиялық көзқарастарда да дүние
жүзі халықтарының барлығында дерлік Ата – Көк
Аспан (Тәңірі), Ана – Қара Жер (Ұрпақ жалғастырушы)
деген жоғары ой-пікірмен бірге, әйел – әлеуметтік
өмірдің төменгі сатысындағы,
құқығы шектеулі, кемшілігі мол тұлға
ретінде иррационалды көзқарас үстем болып келді және
көптеген елдерде осы пікір әлі де қалып отыр.
Шығыс, оның
ішінде Орта Азия елдеріндегі сияқты қазақ халқы да
бұл құбылыстан шет қалған жоқ. Дегенмен де,
салыстырмалы түрде туыстас елдерге қарағанда,
қазақ халқында ақылымен ел билеген, ерлігімен
жауға шапқан, шешендігімен топқа түскен Аналар (қыздар)
аз болған жоқ. Қазақ қыз баласын
«қонаққа» санап, орнын оң жақтан белгілеген.
«Қызға қырық үйден тыю» деп ескерте отырып,
ұлына бермеген еркіндікті берген: бетін бүркемеген, асылды кигізіп,
тұлпарға мінгізген. «Алып туса анадан» деп ұлдарына текті
жерден қыз айттырған.
Этномәдени сана
«адам» концептісінен тарихи тұлға ретінде батыр, хан, сұлтан,
ер-азаматты таниды. Халқымызда атамзаманнан ел ісі мен ошақ
қасының шекарасы анықталып, бекітілген. Дүниежүзі
халықтарының тарихына назар аударсақ, тек шығыста
ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде
әйелдің рөлі екінші орынға лайықталып, тіпті
өмірге келгенде азан шақырылып, ат қойылмағанын
көреміз. Қыз
балалардың тұрмысқа шыққанға дейін
әкесінің атымен, тұрмысқа шыққан соң
күйеуінің атымен аталған
жағдайлар болғанын зерттеушілер еңбектерінен
кездестіреміз. Бұл жайында В.А.Никонов төмендегідей пікір
білдіреді: «Орта ғасырда Кореяда әйелдердің аты
болмаған. Күйеуге тигенше
әкесінің не ағасының атымен, кейін
күйеуінің не баласының атымен атаған (Ли:61-62)
Мордвада күйеуге шыққан әйел жаңа есім алатын
болған (Майнов:79-85) <...> Ежелгі Римде әйелдердің аты
болмаған. Оларды әкесінің, күйеуінің,
баласының атымен атаған. Ежелгі Русьте ХҮІ-ХҮІІІ ғғ.дейін күйеуінің
не әкесінің атымен тіркеу кітаптарында жазылғандай: яковлева дочь ивановская жена сапожникова
түрінде кездеседі. Кейінгі дәуірлердегі фамилияның қолданысқа түсуімен
күйеуге шыққан соң фамилиясын ауыстыру бір
қожалықтан екіншісіне өткенін көрсетті» [1,21-26].
Біз гендер
мәселесін зерттеу нысанына сәйкес
есімдерге, оның ішінде бейресми есімдерге қатысты
қарастырмақпыз. Тарихта өзіндік орны болған, ел
көлеміндегі шаруаларға ерлермен бірдей атсалысқан, ерлігі мен
даналығы қосақабат өрілген әйел-аналардың
болғаны тарихтан белгілі.
Ұлттық
тарихтың алғашқы дереккөздері шежіреде
ақыл-парасатымен Еланасы болған, тұтас руларға есімі
берілген, аты елді бірлікке шақыратын ұранға айналған
әйел-ана бейнелері бар. Соның
кейбіріне тоқталып кетейік. Арғын ішіндегі сүйіндік руы «Жолбике», қаракесек руы «Қарқабат», найман руы «Қызай», дулаттар «Домалақ ене» есімдерін ұран
еткен, ерлері жауға шапқан. Бұл – аналарымыздың от
басы, ошақ қасынан шығып, ел басқару, елді жаудан
қорғау сияқты маңызды істерге ерлермен бірдей
атсалысқанының көрінісі.
Ақылымен
бір отбасын ғана емес, тұтас халықты билеген Аналардың
бірі де бірегейі Домалақ ана.
Ұлттық жадымызда Домалақ ана /Нұрила/ лақап есімімен
қалған ананың көріпкелдік қасиеттері жайлы
аңыз-әңгімелер көп сақталған. Табиғи
жаратылысына қарай берілген лақап есім бойындағы ерекше
қасиетіне байланысты жалпыхалықтық сипат алып, тарихта
қалды. Қазақ тарихындағы Ұлы Тұлғалар
жайлы «Елтұтқа» кітабында «Домалақ
ана» жайында: «Шайхы Мизамбекқызы Нұрила. Өзгені де
өз баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін
шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап
айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз,
көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол
заманның өзінде-ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы
шағын болғандығына қарай «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп атап кетіпті» делінген
[2,34].
К.Әзірбаев
жырлаған бір нұсқада: «Бәйдібектің тоқалы
Домалақты,/ Туған екен Домалақ Жарықшақты./
Домалақтың есімі Бибісара /Ешкім оның шын атын атамапты деп
келеді». Домалақ ана бейнесі
көріпкел әулие бейнесімен қатар қойылады. Ата-тек
тарату, ұрпақ сабақтастығы ұлттық танымда
ер-азамат атымен байланыстырылса да, кей ру атауларынан әйел есімдерін кездестіруге
болады. Осы Домалақ ананың
(Бәйдібек бидің үшінші әйелі) Қызайым деген қызы Найман Шағыр батырға
ұзатылады. Ел-жұрты кейіннен Домалақ ананың
қызынан тараған 19 болыс ел
болған ұрпағының
бәрін «Қызай найман» деп
атап кетеді.
Орта жүздің
арғын руы өсіп-өнген ел. Осы рудың ата-тегін таратқанда,
басшылыққа алынып отырған дәйек – бәйбіше мен
тоқалдан тараған ұрпақтар, яғни Бәйбіше
арғын, Тоқал арғын
деп екіге бөлінуі. «Арғын нәсілінен тараған
тұқымдарды бөлуде қазақ шежіресінде Ергүл
бәйбішеден өсіп-өнді делінетін «Бес Мейрамды» (Қуандық, Сүйіндік, Бегендік,
Шегендік, Қаракесек) – «Үлкен
Арғын», Момын анадан өрбіген «Жеті Момынды» (Қанжығалы, Тобықты, Әйти,
Бәйімбет, Жанай, Қарауыл, Атығай) – «Ортаншы Арғын», Айнагөз анадан тараған
Тәнбісұпы ұрпақтары Шақшақ пен Сарыжетімді
– «Кіші Арғын» деп атаған
нұсқаға тоқтағанды мақұл
көрдік» делінген шежіре нұсқаларында.
Ал керей руы туралы
мынадай деректерді көреміз. «Дені қазақ ішінде
қалған Керей елі қария сөздері бойынша Абақ
және Ашамайлы болып екіге бөлінеді. Қазақ шежіресіндегі
бұл ру аттарының шығу тегін тергеген тұстарына
үңілсек, Абақты
Керейдің Ақылбай атты ұрпағының
бәйбішесінің аты еді деген түсіндірмеге жолығамыз.
Оның есімі әуелі Аппақ екен, келе-келе Абаққа
айналған. Қазір «Он екі ата
Абақ» деп жүрген бірлестік әу баста сол Абақ
бәйбішенің өзі тәрбиелеген он екі немересінен
өрбіген делінеді» («Қазақ шежіресі» деректерінен) [3,47].
Көріп
отырғанымыздай, келтірілген осы деректердің өзі
халқымыздың қиын да қилы тарихында Аналарымыздың
лайықты орын иеленгенін
көрсетеді.
Осынау Аналар есімдерінен
адамның табиғи бітім-жаратылысы
ғана көрініп тұрған жоқ, мұнда
халықтың түйсік-танымы, дүниені өз қабылдау
заңдылықтары бойынша көре білетін көңіл зердесі
де айқын байқалады. «Әлемнің тілдік бейнесінің»
бейресми есімдердегі танымдық функциясы этностық топтық
жадыда сақталған тарихи мәліметті жаңғыртып,
мадақтап отыру ісіне байланысты аңғарылады.
Бейресми есімдерге
қатысты деректер халықтың менталитет
қасиеттерінің, қазақ халқының
қоғамдық өмірінің зерделілік, мәдени, зиялылық деңгейінің
көрсеткіші бола алады. Олай болса, есімдердің бейресми топтарын осы
тұрғыдан талдау арқылы менталитет тарихын қарастыру
әр дәуірдегі қауымның түрлі өкілдері
ортасындағы дүниетаным ерекшеліктерін анықтау үшін
қажет. Олардың адами сана, ұрпақ тәрбиесіндегі
қызметі де атап айтарлықтай.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.Никонов В.А. Имя и общество.
–М.: Наука, 1974. -276 с.
2.Жолдасбекұлы М.,
Салғараұлы Қ., Сейдімбек А. Елтұтқа. –Астана: Kul
Tegin, 2001. -357 бет.
3.Қазақ
шежіресі. Дайындаған Ж.Бейсенбайұлы. – Алматы: Атамұра,
1994. – 160 бет.