Рапишева Ж.Д., Ибраимова Ж.Ж., Рахымберлина С.Ә.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті
Қазақстан
ТҰЛҒА ЕСІМІ – ТАРИХ ШЕЖІРЕСІ
Ауыз әдебиетінің
алтын қоры – аңыз-әпсаналар, шешендік, билер сөздері,
жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, шежірелер және басқа
да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар мен
көркем әдеби шығармалар атау, ат беру дәстүрін
құрайтын құнды дерек көздері болып табылады.
қазақ халқының өзгеге ұқсай бермейтін
даралық қасиеті, ұлттық болмыстан бастау алар
ерекшелігі ат қою дәстүрінен байқалады. Ат қою
дәстүрі - болмысына тапқырлық пен
талғампаздықты, шеберлік пен сұлулықты
ұштастырған ерекше құбылыс.
Қазақ халқы
қай кезеңде болмасын «елім, жерім» деген хан мен мырзаға, би
мен сұлтанға, батыр мен шешенге кенде болып көрген жоқ.
Әр заманның
өзінің сөз сөйлер азаматы, тағдырын шешкен
биі, жаудан қорғаған ері болғаны мәлім. Осы
ерлердің аты кейінгі ұрпақтарына қалай жетті?
Бүгінгі ұрпаққа батыр да балуан аталары қандай
есімімен таныс? Қандай да
қосалқы есімге ие болған тұлғалардың ат
қойып, азан шақырған есімдері кім? Осы және басқа
да сұрақтарға жауап беруге тырысып көрейік.
Қазақ тарихына
өлшеусіз үлес қосқан, үш жүздің басын
қосқан Абылай ханның (Әбілмансұрдың) атасы,
тарихта «Қанішер Абылай»
атанған Түркістан
әміршісінің есімінің «мынадай сыры бар: 1718 жылы Қайып
хан мен Әбілқайыр сұлтан бастаған Ұлы
жүздің 30 мың қолы жоңғарларға
қарсы ұрысқа шығып, Аягөз өзенінде
жеңіледі. Үш
жүздің хандары оның бұл әрекетін
қылмысқа балап, тақтан түсуді талап етеді. Осындай аласапыранда
Абылай Қайыпты өлтіреді де, хан сарайындағы алты би оны
қанішер деп танып, елден аластатады. Тағы бір деректерде
Абылайдың асқан күш иесі екені айтылады. Ол күреске
түссе не жекпе-жекте шықса, белдескенін мерт қылатын
болған, содан «қанішер» атанған» [1,27]. Ал Абылайдың өзінің атасының атын
ұран етіп жауға шапқаннан «Абылай» атанғаны
мәлім.
Қазақ тарихында
өзіндік орны бар тағы бір ері - Ұзын оқты Ондан
сұлтан. «Ұзын оқты» тұрақты эпитетінің
сұлтанның есімімен келуінің уәжін екіжақты
қарастыруға болады. Біріншіден, Ондан сұлтанның
құралайды көзге атқан мергендігі уәж болуы да
мүмкін, екіншіден, сұлтанның белгілі бір адамдар тобы мен
жерге иелігі уәж болуы мүмкін. Зерттеушілер көне түркі
ескерткіштерінде «оқ» сөзі «халық», «ру» мәнінде (Он
оқ халқы) қолданылғанын [2,64] және сонау хун заманында «оқ үлестіру» салты
арқылы сол жерге иелікті, мұрагерлікті білдіргенін жазады: «Ышбара
Төліс хан тұсында (635ж.) дулу мен нушибилердің
қағанатта гегемондығы тіпті күшейді. Төліс хан
қағанатта дулу мен нушибиге қараған тайпалар жігімен он
тайпа әкімдікке бөлді. Әрбір буйурқы бектер
тағайындады. Әрбір бекке бір-бір алтын оқ берді. Осыдан олар
«он оқ будун» немесе «он оқ» аталды» деген мәліметтерді
кездестіреміз [3].
Қазақ батырларының ішінде
әбден қартайып, өз ажалынан
дүние салған Бөгенбай батыр болып табылады. Сондықтан да сол заманның
жырауларының аузында, халық есінде батырдың атында «Қарт» сөзі
қоса-қабат жүреді.
«Ақшаұлы Бөгенбай (1678-1775) – атақты батыр,
ұлы қолбасшы. Атасы Әлдеуік Еңсегей бойлы Ер Есімнің
атақты батыры болған, әкесі Ақша айтулы батыр, айбынды
қолбасшы болған. Үмбетей жырау: «Алатаудай Ақшадан
/Асып тудың Бөгенбай» деп жырлайды.
Бөгенбай батыр «Қанжығалы
қарт Бөгенбай» атанып дәуірлеп тұрған
шағында өз ажалынан дүние салып, сүйегі Түркістан
қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи күмбезіне жерленеді» [4,126].
Кісі есіміне тіркесіп келген «мүйізді»
анықтауышымен жоңғар басқыншыларына қарсы
күрескен қазақтың қас батыры Өтеғұлұлы
Өтеген (1699-1773) аталады.
«Өтеген батыр жөнінде ел аузында аңызға бергісіз
әңгімелер көп сақталған. Солардың біразы
Сүйінбай мен Жамбыл секілді жыр алыптарының да дастандарына
арқау болған. Ел оның есімін әулие тұтып,
қос мүйізі бар киелі деп біледі. Ж.Жабаевтың: «Қасара
біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» - деп жырлап, оны
батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан» делінген.
Батырдың аңызға бергісіз ерлік-істері, жаудан беті
қайтпайтын, алысқанын алмай қоймайтын қайсар мінезі,
оған қоса бойындағы көріпкелдік қасиеттері ел
арасында аңыз болады. Ел ішінде маңдайында орайы бар не
бұдырайған шекелі адамды «мүйізді» деп атау әлі де бар.
Тарихи деректер «мүйізді» атанған тағы бір
тұлғаны атайды. Бұл – Ескендір Зұлқарнайын
(Александр Македонский). Халық арасында «Қос мүйізді Ескендірге» арналған күй де
бар. Ғалымдар Зу-ль-карнайн есімінің «екі мүйізі бар»,
«қосмүйізді» мағынасын беретін араб тіліндегі лақап
есім екенін, Көне Шығыста мүйіздің
күш-қуаттың белгісі саналғанын, арабтарда
«мүйізді» аталған бірнеше патшаның болғандығын
айтады [5,147]. Кейбір деректерде «ештемеден
қорықпайтын, сескенбейтін; батыл» мағынасын
«Жүрегінің мүйізі бар [мүйіз жүректі]» деп
атаудың бар екені, «Мүйіз жүректі Ескендірдің
сағын сындырып едің, басқан жерін ордалы жыландай жайлап,
Шыңғыс хан шыға
келді» (Ж.Молдағалиев. Айналайын)
қолданылатыны айтылады. Аталған эпитеттің барлық
қолданыстағы басты уәжі батырлық, ерлік, киелі қасиет екенін көреміз.
Есіміне батырлығы емес, шешендігі уәж
болған Датұлы Сырым (1712-1802) – Ресей патшасының отарлау
саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары
көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр,
әйгілі шешен. ...Өзінің асқан ақылдылығы
арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдігімен аты
шыққан «Бала би» атанады.
Нар тұлғасы мен
қара күші уәж болып «Доғажал»
атанған балуан Баймырзаұлы Балуан Шолақ
(Нұрмағанбет) (1864-1916) – қазақтың халық
композиторы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге
тимеген балуаны. Оның есімін де халық осы соңғы
өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын
үсітіп алуына байланысты «Балуан
Шолақ» деп атаған.
Титул, атақ-шені есім
болған (не тіркескен) тұлғалар тарихта біршама. Соның
бірі Жүсіп Хас Хажыб Баласұғын (1020-?) – «Орта Азияның
белгілі ақыны. Жүсіптің ақын ретінде де, ғалым
ретінде де атын шығарған еңбегі – «Құтты білік»
атты дидактикалық поэмасы. Бұл байырға түркі тілінде
жазылған, түркі тілдес халықтардың ортақ
қазынасы.< ...> Хан оның бұл еңбегін жоғары
бағалап, оған «Хас Хажыб»
деген атақ берген.< ...> араб сөзі, ханның ең
жақын, ең сенімді кеңесшісі деген мағынаны білдіреді».
Шыңғыс
хан есімі тілші және тарихшы
ғалымдар арасында түрлі пікірлер тудырып жүргені белгілі. Шыңғыс
ханның есімі туралы алғашқы деректі
Рәши-әд-диннен кездестіреміз: «Маған тәңірінен
ишарат болды. Темучинға бар, елге, халыққа «бұ
күннен соң Темучин демесін, Шыңыз десін, жер
жүзінің патшалығын Шыңызға, оның балалары
мен тұқымына бердім» деп айтты деді. «Шыңның»
мағынасы ұлық және қатты деген болар, -ыз –
оның көпшесі» [6,59]. Қ.Жалайырдың
«Шежірелер жинағында»:
«Мұңлие-Ичигеннің ұлы Көкәчу
Тәб-Тәңірі атты Карим нафс атты көріпкел,
әулиенің аузымен: «Алла тағала бұйрық тұр,
сенің атың Шыңғыс хан болғай. Шыңғыс
хан демектің мағынасы патшалардың патшасы демек болады»
делінеді [7,56].
Көріп отырғанымыздай, Тұлға есімдері -
тұнып тұрған тарих. Белгілі дәуірлерді
жүзжылдық-мыңжылдықтармен өлшемей-ақ,
«Әз Тәуке заманы», «Абылай заманы», «Бөгенбай-Қабанбай дәуірі» т.б. деу сақталған
үрдіс. Бұлай деу тарихты жасаушы халық, оның
«жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан
өкілдері екендігін көрсетеді. Осы жүйріктер мен
тұлпарларды ұрпақтары ғасырдан-ғасырға
халқы қойған, елі атаған есімімен, (бейресми,
қосымша) жеткізеді. Есімдердің халық жадында
мәңгілік сақталуы ат қою сәтіндегі
уәждердің шынайы, нақ, асқан дәлдікпен
таңдалғандықтан деп түсінеміз.
Қорыта келгенде, дала
өркениеті туғызған ат қою дәстүрі
мәліметтеріне талдау жасау көшпелі болмысқа тән тарихи
ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын,
прагматикалық, психолингвистикалық, әлеуметтік-мәдени
және ұлттық сипатын тануға жол ашады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Смайылұлы
А. Бөгенбай дәуірінің
қаһармандары. –Ақмола, 1991. - 47б.
2.Айдаров
Ғ. Күлтегін ескерткіші. Зерттеунама. – Алматы: Ана тілі, 1995. -232
б.
3.Өмірәлиев
Қ. Бөрілі байрақ астында// кіт.: Наурыз. –Алматы, 1991, 154б.
4.Жолдасбекұлы
М., Салғараұлы Қ., Сейдімбек А. Елтұтқа. –Астана:
Kul Tegin, 2001. -357 бет.
5.Пиотровский М.Б. Коранические сказания. –М.: Наука,
1991
6.Әбілғазы Б. Түрік шежіресі. –
Алматы: Ана тілі, 1991. -206 б.
7.Жалайыр Қ. Шежірелер жинағы.-Алматы:
Қазақстан, 1997. -128 б.