Философия

 

Филол. ғ.к. Сейсекенова А.Б.,  п. ғ. к. Демеуова Ф.Г.

Қазақстан Инновациялық Университеті

 

Шәкәрім мен Гетенің табиғат тақырыбына арналған өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері

 

Шәкәрiмнiң табиғатты жырлайтын өлеңдерi ұлы Абайдың ақындық дәстүрiнен нәр алған сабақтастықты нақ айқындайтын көркемдiк пен танымдық өлшемдерi қатар өрiлiп, бүкiл шығармашылығына сәуле шашып тұратын синкреттi туындылар. Осыған байланысты ақынның табиғат лирикасы ғаламның тұтастық идеясының көрiнiстерiн жаппай ашуға арналған мазмұндық байланысы бар өлеңдерден тұрады. Сондай-ақ, Шәкәрiм табиғаты жеке-жеке пейзажды сурет кескiндерi емес, барлығы да бiр құдайдан жаратылғанын паш етiп тұратын тiрi бүтiндiк. Әсiресе, ақынның «Әбден толып жарық ай», «Ақыл құсы адаспай аспандаса», «Шам жардан жарықпын деп күнәлi боп», «Тауық неге шақырар сағат сайын», «Тәңiрi мен жан» сынды табиғатты жырлайтын көлемдi өлеңдерi жоғарыдағы ойымызды айғақтай түседi. Мысал ретiнде «Әбден толып жарық ай» өлеңiнiң бiрiншi шумағын алып қарастыралық:

        Әбден толып жарық ай,  

        Жоғарылап өрледi.

        Таласып жарға байқамай,

        Нұры кемiн көрмедi [1,255].

Осы сынды Шәкәрiм өлеңдерiнде жиi ұшырасатын «жар» сөзi оның табиғат лирикасында да өз мәнiсiн жоғалтпай, өлеңнiң идеясын ашуда шешушi рөл атқарып тұрады. Ақынның рухани кеңiстiгiне бойлай отырып, оның лирикасындағы әрбiр сөз қолданысының тылсым сырының астары бiр емес, бiрнеше таным жүйесiнiң бүр жарған жемiсi екенiн мойындауға тура келедi. Сол себептен, оның  поэзиясы – «Үш анық» философиялық еңбегiнде қарастырылатын негiзгi объектiлердiң ғылымға дейiнгi, ғылыми, ғылыми емес саналатын таным жүйелерi тұрғысынан зерттелу нәтижелерiнiң поэтикалық көркем жемiсi сынды.

Шәкәрiм философ, тарихшы, ғалым, ақын, фольклорист, күйшi, композитор болумен қатар теософ, әлемдiк дiн және эзотериялық iлiмдердiң неше атасын тексерген ойшыл ретiнде өлеңдерiндегi ғашық жар ұғымын ғаламдық жиынтық образға, квинтэссенциялық мағынаға ие эстетикалық категорияға айналдырған. Сондықтан, ғашық жар – әмбебап бейне, ғаламдық мәңгiлiк сұрақтардың ауыр жүгiн белi қайыспай көтерiп тұрған барлықтың баламасы, жүрекпен сезiнудi қажет ететiн символ. Шәкәрiм өлеңдерiндегi жар символы  метафизиканың негiзгi предметi – ақиқаттың әр түрлi метафоралық атрибутикасы ретiнде: жар-ақиқат «менiң жарым қыз емес, хақиқаттың шын нұры», жар-нұр «жар есiркеп, берi қарап нұрына жүрек қанған күн», жар-құдай «өмiр сырын көздесең,  жарға шоқын, жаннан без», жар-жан «жарынан бөлек жаны жоқ» деп жырлануы оның шығармашылығындағы аксиологиялық құндылық болып табылады. Ол осы ғашық жарды iздеудiң ауыр жолында («жардың жолы қиын жол») өзiне дейiнгi ғылымның жетiстiктерiн, әлемдiк дiндер тарихын, мәдениетiн, спиритизм, телепатия, фахризм, лунатизм, магнетизм сынды мистикалық тағы да басқа таным жолдарын синтездей келе, әлемдi пантеистiк рухани және табиғи тұтастықта қарастырады.

Әдебиетте шарттылық көп. Алайда суреткердiң жер бетiнен iздеп таба алмаған, не жоғалтқан идеалының ғашық жар бейнесiнде берiлуi әлемдiк әдебиетте ақиқаттың көркемдiк өлшемi ретiнде өз шешiмiн тауып келе жатқан құбылыс. Осы ретте батыстағы классицизм, барокко, ренессанстық, сыни, ағартушылық реализмдер мен романтизм, рококо, сентиментализм сынды жазба әдебиетке бай бағыттардың мектебiнен шыққан Шиллердiң досы, Гегельдiң замандасы Гете мен Шәкәрiмнiң қөркем объектiлерiнiң ұқсастығы уақыт пен кеңiстiк сынды шартты ұғымдарды талғамайтын құбылыс екенiн байқатады.

Әлемдi бiртұтас жаратушы ие тұрғысынан қарастыру Гетенiң  «Фауст» трагедиясында толық көрiнiс бередi. Трагедиядағы iс-әрекеттер өтетiн орындар: аспан жер, жұмақ, тозақ, ал кейiпкерлерi: құдай, аруақтар, перiште, шайтан, албастылар болып келедi. Шығармада о дүние мен бұ дүниенiң, адамдар мен аруақтардың, рух пен табиғаттың ара жiгiн ажырату қиын. «Фаусттың» 1-бөлiмiнде шайтанның үйiне ит болып келгенiн сезген Фауст «Сүлеймен кiлтi» атты еврейлердiң қасиеттi көне кiтабынан дұға оқитын тұсы бар:

               Фауст

Айуанды ауыздықтау үшiн мен

Сиынамын төрт ауыз сөз күшiне:

Саламандра, жалында!

Ундина, балқы да,

Сильф, жарқыра!

Кобольд, тез жет алқына!

Төрт қара күш

Дүниенi билеген

Шебер емес қасиетiн бiлмеген [2, 31].

Осындағы төрт қасиеттiң иесi: от, су, топырақ және ауа екенiн автор табиғи күштердiң аңыздағы атаулары арқылы түсiндiрiп тұр. Саламандра – ортағасырлардағы Сүлеймен патша туралы аңыздар бойынша отқа жанбайтын жәндiк болған соң от иесi атанған, Ундина – су иесi болса, Сильф – ауа рухы, ал Кобольд – жер иесi [3, 234]. Автор Фаустың шайтанды аластау тәсiлi ретiнде қолданған осындай оккульттi элементтер трагедияның бас-аяғында үнемi кездесiп отырады. Екiншi бiр назар аударатынымыз – осы көрiнiстегi Мефистофельдiң есiкке қағылған пентаграммадан қорқу себебi. Еуропа халықтарында есiктiң жоғарғы жағына магиялық бесжұлдыз таңбасын қағып қоюды әр түрлi жын-перiлердiң рухын аластау үшiн қолданса керек. Бесжұлдыз креске керiлген Христостың бейнет шегушi әулиелiк-символдық таңбасы болып есептелiнген. Мистикалық негiздерде бас жағы жоғары қаратылған пентаграмма құмарлықтарын еркiне бағындыра алатын күштi адам дегендi де бiлдiрген [4, 84]. Гетенiң мысалында Фауст – шамадан тыс рухани күш иесi ретiнде табиғи төрт стихияның қасиетiн игерушi адам. Ал Шәкәрiм өлеңдерiнде табиғаттың кез келген құбылысының өзi тән, жан, рух үштiгiнiң бiрлiгi, алдымен жан мен тән екi түрлi субстанция ретiнде қарастырылады:

Басында жан мен дене екi басқа

Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа

Дене сауыт сықылды жанның орны,

Оған да күту керек бұзылмасқа [1, 106].

Немесе: «жан-өзiң, дене-киiм», ал «Тiршiлiк, жан туралы» өлеңiнде тәнге байланысты былай айтады:

Дене сезiмiне нанба!

Сағым су ма екен?

Барып көрсең таяу сол маңға,

Бар дене, сезiм түгел алдайды,

Бұл сөзiмдi әбден аңда [1, 327].

Гете тәннiң тұрақты өзгерiсi жайлы табиғаттағы мәңгi қозғалысқа қарап, дәл осы ойды өлеңмен түсiндiредi:

Только б час над ранним краем

Внешний трепет простоял!

Но уж белый дождь сдуваем

Теплым ветром, замелькал.

Надышаться не успеем

Влажной зеленью в бору,

Как глядишь, смятен Бореем,

Лист трепещет на ветру [5, 728].

немесе:

Пусть кануны и исходы

Свяжет крепче жизнь твоя!

Обгоняя бег природы,

Ты покинешь и себя [5, 728].

Бұрынғы бабамыз айтып өткен сағым судай бұлдыр дүние, материалды әлем бiр күйден екiншi күйге өзгерiп отыратындықтан қолда ұстап қалу мүмкiн емес, алдамшы екенiн жырлай отырып Шәкәрiм қозғалыс туралы: «..Егер қозғалыс притяжение, отрицание өзiне тарту әрi итеру заңымен делiнсе, ол қозғалысқа да себеп керек. Ол заңды салушы керек, және атом сияқты  түп негiзiнде ерлi-қатынды сипат бар»,- деп түсiндiредi [6, 26]. Мұнда дене толықтығы тартылыс пен қозғалыс және үйлесiмге келтiрушi себеп үштiгi делiнсе, жан өз кезегiнде өз қарама-қайшылығы өзiндегi үштiктiң бiрлiгi:

Жан мен дене – қосылған ерлi-қатын,

Екеуiнен шығады көңiлiмiз [1, 106].

Гетенiң поэзиясында табиғаттың Тәңiрмен тұтастығы дәл осындай шешiм тапқан: табиғатты Гете Шәкәрiм сынды өзiне тарту, әрi итеру және қозғаушы себеп немесе жоғары өрлеушi үштiк принциптiң өмiрi деп қарастырады. Ол туралы Гетенiң дүниетанымдық негiздерiн зерттеген ғалым Л.М.Тетруашвили: «Гетенiң көзқарасы  бойынша «қарама-қайшылық және жоғары өрлеу» – табиғаттың екi ұлы қозғаушы күшiнiң мәнi. Бiрiншiсiнiң мәнi – мәңгi тартылу мен керi итеру, екiншiсiнiкi – «жоғары өрлеушi» себеп»,- деп Гетенiң айтқандарынан мысал келтiредi [7, 59]. Гетеде жан – демон немесе Эростың тiршiлiк үшiн болатын систола мен дистолалық екi түрлi әрекетiнiң үйлесiмi Шәкәрiмдегi жан мен дененiң ерлi-қатынды байланысындай. Гетенiң «Демон» атты өлеңiне түсiнiктеме берген неміс гететанушысы К.О.Конради бұл өлеңiнде ақынның жанды – өмiр, табиғат деп тануы анық байқалатынын айтады [8, 482]:

                                     Демон

Со дня, как звезд могучих сочетанье

Закон дало младенцу в колыбели,

За мигом миг твое существованье

Течет по руслу к прирожденной цели.

 

Себя избегнуть – тщетное старанье;

Об этом нам еще сивиллы пели.

Всему наперекор во век сохранен

                   Живой чекан, природой отчеканен [5, 733].

Жан мен дененi өзара ұлы тартылысқа әкелiп тұрған көңiлдi жүрек, тiлек, махаббат, Шопенгауэр айтқан ерiктiң әлем ретiндегi көрiнiсi десек те, бiржола үгiлiп кетпей ұсталып тұрған тастағы тартылыс – махаббат; өсiмдiктегi, жан-жануардағы, адамдағы, өмiрге құштарлық та; бәрi де жаратқанның жар бейнелi мәңгi арулық уыз дүниесiнiң жемiсi екенiн Шәкәрiм өлеңмен былайша өрнектейдi:

Шын асықтың әрбiрi

Өлiп топырақ болды да,

Жаратылыстың тағдыры

Жаратты менi орнына.

 

Бәрiнiң нұры қосылған

Мол керемет менде бар

Жалғыз жарға шоқынған

Қайда мендей пенде бар [1, 238].

Шәкәрiм жан мен тәнге бөлек-бөлек мiнездеме бере отырып, оларды абстрактiлi бөлек өмiр сүредi демейдi, реалды, бiздi қоршаған объективтi өмiрде жансыз тән болмайды, жан тәнсiз өмiр сүре алмайды деп түйiндейдi:

Түрлi жанда дене түрлеп,

Өзгерiп тұр бұл ғалам.

Жоғалатын нәрсе жоқ деп,

Айтты ғылым байқаған [1,266].

 Шәкәрiмше «тән-терезесi» болса, «жан-иесi», жан алғашқы болса да оның iшi-сырты деген болмайды. Шәкәрiмнiң бұл ойы Гегельдiң табиғат туралы «құбылыссыз мән болмайды, мәнсiз құбылыс жоқ» деп бiрлiкте қарастыруына жақын болса, сол сияқты тәндi о баста тiрi, жанды деп түсiндiрген ежелгi гректердiң Иония мектебiнен шыққан философтар – Фалес, Анаксимандр, Анаксимен, Диоген, Гераклит шығармаларымен таныс екендiгiн дәлелдейдi. «Үш анықта»: «Ескi заманның бiлiмдiлерi әр нәрсенiң түпкi негiзi неден жаралғанын тексерiп, тамам нәрсенiң негiзi төрт нәрсе деп бiлген. Онысы – от, су, топырақ, ауа» [6,8]. Әрине, Шәкәрiм Иония гректерiнiң көзқарастарымен таныс болмаса бұлай жазбас едi. Ақынның поэзиясы Спинозаның өзiн христиандық теистке айналдырып жiберерлiктей сиқыры бар, кез-келген тұрпайы материализм мен атеизмнiң өзiн тас-талқан ететiн Гете поэзиясымен әбден үндестiкке түскен.

Гетенiң табиғат туралы поэзиясы гилозоизмның (рухани табиғат) нышаны екенiн Н.И.Бухарин: «Тұтастай алғанда Гете – көркемдiк интуиция мен рационалдық таным, сезiмдiк тәжiрибе, ерекше күш пен мақсатқа ұмтылушылықты бiрiктiрген пантеисттiк гилозоист»,- деп сенiммен атайды [9, 244]. Гете табиғатты құдайды пенде көзiнен жасырушы емес, табиғаттың құдаймен тұтастығының өзi оның адам көзiнен жасырынбай тұрып-ақ құпия бола бiлуiнде деп түсiнген. Гетенiң табиғаттағы құдайлықты мойындауын былай түсiнуге болады: Гете жоғарғы абсолюттi шексiз жаратушының бар екенiне жүрегiмен, бар ынта-жiгерiмен сенген, бiрақ та  оны тiкелей тану немесе оны белгiлi бiр кейiпте қабылдау, ат беру мүмкiн емес деп есептеген. Бiр жағынан, Гетенiң ғаламды «мәңгi арулық» жар бейнесiмен символдап беруi осыдан шықса керек. Бұл – Шәкәрiмнiң құдайды белгiлi бiр есiмсiз жар деп атауына әбден жақын ұғым. Гетенiң пiкiрiнше, адам құдайлықтың таңбасын барлық заттар арқылы жекелiктен тұтастықтың белгiсi деп аңғаруы, ләззәт ала бiлуi тиiс. Мысалы, оның «Құдай және ғалам» циклына енген «Кiрiспе» өлеңiнде өзiн-өзi жаратқан шебер құдайды жүрегiнде сенiм, махаббат, ерiк – күшi бар адам былай қабылдайды:

Докуда слух, докуда глаз достиг,

Лишь сходное отображает лик,

И пусть твой дух как пламя вознесен,

Подобьями довольствуется он;

Они влекут, они его дивят,

Забыты числа, и утрачен срок,

И каждый шаг как вечности поток [5, 726].

Гетенiң бұл өлеңiнде жаратқан өзiнiң құпиясын табиғат арқылы ашықтан-ашық жайып салып тұр. Гете үшiн табиғатты зерттеу – оның iшiне ену деген сөз. Егер құдайды табиғаттан бөлек қарастырса, ол ештеңенi жаратпайтын өз бетiнше бөлек әлем, табиғатты селқос бақылаушы жансыз машина сынды елестер едi. К.О.Конради Гетенiң құдайының табиғатқа қатысы туралы: «Табиғаттың тiрiлтушi қызметiнде үнемi құдайдың қайреткерлiк қатынасы бар. Бiрақ ол табиғатты жаратып ап тағдырдың тәлкегiне тастап кететiн о дүниелiк құдай емес. Жоқ, құдай табиғаттың өзiнде өзiн-өзi жүзеге асырып отырады»,- деген түсiнiктеме бередi [8, 477].       

Шәкәрiм бұл әлемнiң құдайдан бөлек еш нәрсесi жоқ екенiн былайша жырға қосады:

Бұл өмiрдiң әр түрлi

Бөлек емес ешбiрi,

Бәрi де жардың бiр сыры;

Не көлеңке, не нұры [1, 256].

 Ақын құдайтануды тiкелей табиғаттан бастау, үйрену керектiгiн басты назарға алады. «Тауық неге шақырар сағат сайын» деп басталатын өлеңiнде тауықтың шақырғаны, иттiң ұлығаны, гүлдi көрiп бұлбұлдың сайрағаны, бозторғайдың таң бозарса-ақ ән салатыны – олардың өз Тәңiрiн сипаттауы, олардың құлшылық намазы мен иманы сол:

Олар деп тұр – ойға алып бiр құдайын,

Зор құдiретiн әлемге ұқтырайын.

Құлшылық намазы мен иманы сол, -

Күнде бiр, айында бiр, сағат сайын.

 

Демейдi босқа ұлып, тек сайрайын,

Деп тұр ол өз тәңiрiн сипаттайын.

Нәпсi көзiн байлаған адамзаттан

Айуан артық бiледi өмiр жайын [1, 263].

Гете «Өсiмдiктер метаморфозасы» өлеңiнде өсiмдiк пайда болмай тұрып, әрбiр дәннiң өзiнде елеусiз ұйықтап жатқан құпия күш – өсiмдiктiң болашақ бейнесi болатыны, рух пен ұрықтың бiрлiгiнен пайда болған мәңгiлiк қозғалыстағы сәби-өмiр тамыр, сабақ, жапырақ болып тәй-тәй басып дүниеге қалай келетiнi суреттеледi. Гүлдердiң сезiмталдығы соншалық, ол өзiн жаратқан Тәңiрiн түйсiне бастайды:

Разнообразных встает, зыблясь на стебле цветка.

Роскошь, однако, хранит зарок творенье другого:

Да, окрашенный лист чует Всевышнего длань [5, 730].

Шәкәрiм табиғатта бәрiнiң себебi бар, саналы, тәртiптi, сезiмдi, мақсатты әрекет екенiн таза ақылмен өлшеп сынау керектiгiн дәрiптейдi.

Тұңғиық қараңғы түн, жарық күндiз,

Қуалап бiрiн-бiрi жүр тынымсыз.

Бiржолата қараңғы болмасын деп,

Көмескi сәуле берер ай мен жұлдыз.

Жүрiсi шатаспайды, шаршамайды,

Дыбыс жоқ, кiдiрiс жоқ, не қылмайды iз [1, 199].

Гете болса Шәкәрiмнiң бұл ойын толықтыра түседi:

Каждый зверь – самоцель, совершенным из чрева Природы

Вышел он, и дитя породит, как сам, совершенным [5, 731].

Қос ақынның поэзиясында адам әлемдегi қозғалатынның бәрiнiң жаны бар екенiн сезiнiп, табиғатты тамашалау қуанышын өзiне бақыт деп бiлуi тиiс, айналаға қарап таңдана бiлудiң өзi үлкен мектеп:

Таң қаларсың, ойға салсаң,

Қар жасаған шытырасын.

Жаратылыстан ғибрат алсаң,

Болар едiң ойқұмар [1, 265].

Гете үшiн кiшi әлеммен ұлы жаралыс жарысқан дүниеде адам одан үлгi алу, таң қалу үшiн жаралған:

Я и сам, как мир, меняясь,

К изумленью призван здесь [5, 729].

Шәкәрiм мен Гете үшiн табиғат – кәдiмгi күн мен ай, көк аспан, жұлдыздар, жер дүниесi, тағы басқалар. Бiрақ олардың мың түрлi құбылыстарындағы кереметiнен-ақ адам жардың құдайлық қолтаңбасын көріп, сүйсiне, үйрене, сүйе бiлуi, табиғатпен тұтастығын сезiне бiлуi керек. Шәкәрiм өзiнiң Хафизден аударған өлеңдерiне мынадай түсiнiктеме жазады: «...Алла тағала һәм табиғаттың көркемдiгi. Мысалы: «Жаз таңының нұр желi» деген жырының мағынасы – бостандық келерде адамдардың әр түрлi партия толқыны табиғат тұрмысын шайқалтып, бiздi қатты қайғыға салып тұрады дегенге келедi» [10, 149]. Бұл түсiнiктеме арқылы ақынның төл поэзиясынан да адам өмiрi ғаламның космостық заңдарына байланысты екенiн байқау қиын емес. Ақын өлеңдерiнде күндi – атам, жердi – анам деп емiренедi:

Ата -ана қалды, аһ, дариға-ай,

Күн болды Жер мен ата-анам [1, 187].

Ақын өз поэзиясында жарды сүю – айналаңды сүюден басталатынын өсиеттейдi. Өмiрдi сүюдi табиғаттан артық бiлетiн ешкiм жоқ. Сол сияқты табиғат өзiнiң iшiнен шыққан баласы – адамды да өз қамқорлығына алған:

Таласпай бөлiссе

Табиғат байлығын.

Қара жер тойғызар

Адамның барлығын [1, 199].

Бiрақ адам да табиғатқа солай жауап беруге мiндеттi. Ақын адамзат баласына ортақ мәселеге айналған экологиялық дағдарысты бiр ғасыр бұрын пайғамбарлықпен сезгендей, көрiпкелдiкпен ескерткен:

Айуан етiн, терiсiн, сүт пен күшiн,

Ара балын, су балық, жер жемiсiн,

Құс денесiн, жүнi мен жұмыртқасын

Сақтап жүр ғой дейсiз бе адам үшiн [1, 155].

Ақын өлеңдерiнде жаратушы жар-ие құпия бола тұрып, адаммен жасырынбақ ойнамайды. Ол өзi жаратқан табиғат жасампаздығы арқылы өзiнiң бар екенiн куә етiп тұрады. Табиғаттың бiр бөлшегi – адам құдайды өз жанынан iздеу керек, ол үшiн өзiңдi таны, өзiңе iштей үңiл, iшкi даусыңа құлақ сал дейдi:

Ойды кiмнен алғанын

Адам өзi сезбейдi.

Жанның айдап салғанын

Сезбесе де iздейдi [1, 264].

Ақынның арманы да – әлем-жармен бiрiгу, үйлесiмге келу. Табиғат заңымен өмiр сүрсе, жер бетiндегi Тәңiрдiң ең саналы куәгерi адамға да табиғаттың қатынасы ерекше болар едi:

Жарды көрген көзiмнен сүймек болып,

Ғажап та тамам айуан анталаса [1, 259].

Жар-табиғаттың перзентi – адамға мейiрi шын мағынасында ерекше екенiн төл баласы айналаға деген махаббаты өзiн «мас» еткенде сезедi:

Адамға перiштелер сәжде қылған,

Адамнан жарым артық тым тамаша.

Жалтарып жардан нұрын жасырғаны,

Күн батып, Жер жамылып, қорғаласа.

Жер жүзiне қып-қызыл гүл бiтiрем,

Көзiмнен қанды жасым сорғаласа.

Жарды көрген көзiме шоқынып жүр,

Су бұраңдап, майысып жорғаласа.

Тау тапжылмай, ағаштар қалғыр ма едi,

Бастарын жар сиқыры торламаса?

Көрсе ерiксiз сайрай ма ақын-бұлбұл,

Көңiлiне гүлдiң нұры орнамаса [1, 259-260]?

Гете табиғат арқылы жұмақтың нұрлы үнiн жер үстiнде естуге болады деп сенген. «Өсiмдiктер метаморфозасы» өлеңiнде оқырманға құдай туралы жазылған дiни өсиеттер сенi жалықтырса, әрбiр тал гүл сенiмен жар тiлiмен анық сөйлесiп тұратынына құлақ сал дейдi:

Внятней и внятней с тобой каждый цветок говорит.

Если же твой взор искушен в письменах священных богини,

Их ты признаешь везде и в измененных чертах [5, 738].

Гете қаламынан туған осы шумақтарға ой жiбере отырып, Хауа ана мен Адам ата өлеңмен сөйлескен замандағы жұмақ жер үстiнiң өзi ме екен деп ойға қалуға болады.

Абай өлеңiнде де найзағайды жарқылдатып, жай ойнататын – Рағит перiштенiң әмiрi, жаңбыр жауса жасарып гүл жайнататынына қоса, сөздiң табиғаты да жалын мен оттан жаралған:

Жалын мен оттан жаралған

Сөздi ұғатын қайсың бар [75, 250]?

Ақынның осы өлең жолдарынан оны еститiн құлақ табылмағанына қынжылатын өкiнiштiң табын көремiз. Абайдың В.А.Крыловтан аударған «Мен көрдiм ұзын қайың құлағанын» деп басталатын өлеңiнде де бiр өзi ғана естiп тұрған соң, басқа ешкiм түсiнбегендiктен ойлы адам жалғыз, көбiнiң «сырты бүтiн, iшi түтiн».  Әйтпесе, қайыңның жылағаны, өмiр үшiн шарқ ұрған сынық қанат көбелектiң жан айқайы, кеудесiне мылтықтың оғы тиiп киiктiң қиналыспен маңырағаны – бәрi-бәрi ақынның құлағына жетiп, өлең болып төгiлген:

Мен көрдiм ұзын қайың құлағанын,

Бас ұрып қара жерге сұлағанын.

Жапырағы сарғайып, өлiмсiреп

Байғұстың кiм тыңдайды жылағанын?

 

Мен көрдiм ойнап жүрген қызыл киiк,

Кеудесiне мылтықтың оғы тиiп.

Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен,

Кiмге батар ол байғұс тартқан күйiк?

 

Мен көрдiм сынық қанат көбелектi,

Ол да бiлер өмiрдi iздемектi.

Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етiп,

Одан ғибрат алар жан бiр бөлек-тi [76, 57].

Шәкәрiм адамның табиғатқа енуi бастағы көз арқылы емес, «жан көзiмен» көру, барша әлемнiң жанның әсерiнен тiршiлiк ету тынысымен ондағы әрбiр дыбысты жан құлағымен есту қабiлетiнен екенiн:

Хақиқатты дәл көруге,

Жан көретiн көз керек [1, 204].

немесе:

Шынды бiлмек ойласаң сен,

Ақыл менен жанды бiл.

Ең керектi үш сұрақпен

Жан құлағын қой бұрап,-

деп жырлайды [1, 205].

Ақын өлеңінде табиғат – құдайдың жасаған мұғжизасы, ол өзiнiң құдiретiнiң толықтығын барлығын меңiреу, жансыз, соқыр табиғат жаратты дейтiн скептиктерге де, құдайдың бар-жоғына ешбiр дәлелсiз әлдебiр аңыздар арқылы сенетiн аңқауларға да емес, таза ақылмен танитын, көңiл көзi ашық жандарға бiлдiрiп тұрады:

Күн аязда терезеге

Неше түрлi гүл түсер.

Мұнша әдемi түстi неге

Кiм жiбердi? – Ой жiбер.

 

Нысабыңмен ойласаң сен,

Iстей алмас оны адам.

Ең адамның шеберiнен

Соны салған жан шебер [1, 265].

Ақын табиғаттың адам қолынан келмейтiн бұл кереметтерi туралы «Үш анықта» көптеген тұжырымдарын келтiредi: «... сол соқыр ессiз деген жаратылыстың бiр шыбынын, не бiр тозаңын адам жарата алмайды» [6, 28].

Шәкәрiм мен Гете табиғатты тұтастық пен жекелiк, оған деген махаббат объектiлi және субъектiлi екi жақты қатынаста болатын жағдай ретiнде қарастырады. Қос ақынның поэзиясында адам өзiнiң құдайлық бөлшек екенiн тануы бiр мезетте абсолюттен жекелiкке, жекелiктен абсолютке қарай жүретiн процесс. Адамның  әлеммен тұтастығын сезiнуi соңғы сатыларында танымнан да жоғарғы сүйiспеншiлiк, махаббат арқылы келетінін Шәкәрім:

Жасырып тұр жар өзiн,

Бас көзiмен қарама.

Жүрегiңнiң аш көзiн,

Жанның сырын арала [1, 238],-

деп  жырласа, Гетенiң өлмес «Өсиет» өлеңiнде де жар-ғаламның ақиқаты ұлы жүректерде ғана ашылады:

Издревле правда нам открылась,

В сердцах высоких утвердилась:

Старинной правды не забудь [68, 736]!

Бұл ой Гетенiң «Диуанында» тұтастай байқалады. Гете-спинозист, алайда «Диуанының» негiзгi дүниетанымдық астары мұсылмандық дiни - мистикалық iлiм – суфизм болып табылады. Спинозизм мен суфизмдегi ортақтық деп екi iлiмнiң де әлемдi құдаймен бiрiктiруiн айтамыз. Гетенiң суфизм iлiмiнен ең негiзгi қабылдағаны құдай мен табиғат, адам мен құдай бiрiге алады деген идея болатын. М.Т.Степаняц «Суфизмнің философиялық аспектiлерi» атты еңбегiнде суфизмнің «вахдат аль-вуджуд» (әлем дегенiмiз құдай) концепциясын натурализмнің дiни-мистикалық идеялармен «көлеңкеленуi» деп те қарастырады [77, 21].

Шәкәрiм мен Гете шығармашылығында суфизмнiң әсерi бар екенiн жар деген сөздiң өзi айқындап берiп тұр. Шәкәрiм де, Гете де Шығыстың сарындарын, бейнелерiн, идеяларын кеңiнен қолданған. Алайда, Шығыс үлгiсiнiң жаңғыруы бұл ақындарда поэзиядағы тиiмдi сөз ойнату мағынасында емес, керiсiнше шығыстық классикалық образдарды интерпретациялай отырып, өз эстетикалық және дүниетанымдық концепцияларындағы күрделi мәселелердi шешу мүмкiндiгi бар көркемдік тәсiл ретiнде қолданған.

Шәкәрiм терең танымның иесi ретiнде шала сауатты молда, имамдарға, надан ортаға қарсы «пұтқа табынушы», кәпiр деген аттан қорықпай, табиғаттан өзiне демеу сұрап:

Ғайсадай жан беретiн таңның желi,

Қайғымды желге ұшырып, тiрiлт менi!

Ақылым, кәрiлiкке жабырқама

Талпынып тағы да ақтар дүниенi [1, 162],-

деп толғанса, Гете болса рухына күш-қуат дарытуын найзағайдан былайша өтiнген:

Исцели, гроза, мне сердце,

Дай с невзгодой побороться [5, 623]!

Гетенiң өмiрге, табиғатқа, сұлулыққа деген қатынасының өзi дiни қатынас болғаны туралы Л.М.Тетруашвили Гетенiң хатшысы И.П.Эккерманмен болған [11, 640] әңгiмесiне сүйене отырып былай тұжырымдайды: «Ақынның Христос жайлы  түсiнiгi табиғаттағы пантеистiк құдайды түсiнуiмен,  мысалы Күнге табынумен бiрдей деп айтуға болады» [7, 50].

Шәкәрiм үшiн де нағыз дiн Тәңiр жаратқан табиғаттағы сансыз кереметтiң шындық өмiрдегi жанды ақиқат екенiн бiлуден басталады. Оны ақын өлеңiнде еш астарламай-ақ тура айтады:

«Ана сансыз кереметтi

Кiм жаратса, – тәңiрi сол!» -

Десе неттi,

қойса беттi,

Хақиқатқа жайнаған.

 

Шала дiн мен қате пәннiң

Сөзiне ерме, маған ер.

Мiне жаның, мiне тәңiрiң,

Мiне дiнiң, мiне иман [1, 267].

Шәкәрiмнiң табиғатқа табынуын адамзат баласының «сәби кезеңiндегi» пұтқа табынушы сауатсыз дүниетанымына баласақ әдiлетсiздiк болар едi. Өйткенi, ақын табиғаттан ең бірінші жаратқанның құдыретi толықтығын көредi:

Нәресте, жас, күнәсiз күн мен айым,

Етегiңе қол тисе, адаспайым.

Жаратқанның құдiретi толықтығын

Сенiң мiнсiз нұрыңнан байыптайым [1, 260].

Шәкәрiм дүниетанымындағы табиғатты сүюдiң тамыры қазақы қанына бiткен қасиет ретiнде танылады. Табиғатты өздерiн асыраушы, жебеп-желеушi, қамқоршы Тәңiрдiң сыйы деп түсiнген көшпелi қазақ баласы үшiн бұл заңды құбылыс.

Қазiргi таңдағы герменевтикалық талап (Дильтей, Хайдеггер, Гадамер) оқырманның мәтiнге қатыстылығын тiлеп тұратындықтан, Шәкәрiм мен Гете өлеңдерiндегi жар символы бiр мезетте бар мен жоқтың, хаос пен космостың, рух пен материяның, шексiздiк пен шектеулiктiң, қажеттiлiк пен бостандықтың, өмiр мен өлiмнiң, ой мен болмыстың, ер мен әйел бастаманың, объект пен субъектiнiң макрокосм мен микрокосмдық үйлесiмiн аңсаған ғашықтықты түсiнудi өлең сүйгiш қауымнан талап ететiн символ. Шәкәрiм осы екi таразының басын тең ұстамау адамзатқа нәпсiқор-зұлымдықтан бейнет шектiретiнiн «Арақ, мастық, жар, жан, шатақ, иман, иманның шешуi» өлеңiнде жан-нәпсi деп ескерте айтады.

Ақын жанды – табиғат, өмiр, тiршiлiк дей келе, адамзат ойында келе жатқан кейбiр қағидалар сында өмiрді қайғы (Будда, Шопенгауэр) деп қабылдамай, керiсiнше, өмiр кейiс емес, бейiс деп қорытындылаған.

Ал, жан мен дененi қосып тұрған басты субстанция – рух туралы былайша жырлайды:

Рух деген дiнсiз таза ақыл,

Мiнсiздiң iшi шын мақұл [1, 231].

Шәкәрiмнiң рухты «таза ақыл» деп түсiнуi Лейбництiң рухты «алғашқы Монада», Гегельдiң «Абсолюттi рух», Анаксагор, Плотиннiң «нус» дейтұғын, Платонның «таза идея», Аристотельдiң «таза ақыл» ретiнде сипаттауына ұқсас. Әрi қарай ақын:

Аз ақыл ондай көпте бар,

Айуанда айла, еп те бар.

Өсiмдiкте сезiм көп,

Көбелек жейтiн шөп те бар

Әлемнен сұра алдасам [1, 232],-

деп «таза ақылды» әлемдi иерархиялық тұтастықта реттеушi ретiнде түсiндiредi. Ақын бабамыз оқырманға жар болмысын түсiндiру үшiн табиғатқа жүгiне отырып, «әлемнен сұра алдасам», яғни, жаратылыс -тiршiлiк үйiнiң Тәңiрсiз ине шаншар бос жерi жоқ.  Табиғат Тәңiрдiң сұлу бiткен тәнi болса, ал табиғаттың бiр бөлшегi – адам айуаннан тiптен өзгерек деп өлеңмен қорытады:

Таза ақыл ақты барлайды,

Дәлелсiз сөздi алмайды.

Танитын жанға кез болса,

Хақиқат жерде қалмайды

Жалғанға сатпас шыныңды [1, 233].

Шәкәрiм жардың нұрлы көлеңкесiн күннен, оттан, жұлдыздардан, найзағайдан, электр қуатынан көредi. Олардың табиғатының бiр екенiн анықтайды:

Жар нұрының ұшқыны осы ғой деп,

Жанған отқа шоқынам, жар қараса

От арқылы жарыма бас ұрамын

Тыңдаман кәпiрсiң деп табаласа [1, 259].

Гете жар нұрының жарқылынан жаралған оттың, шам  жарығының жоғарғы күштiң бiрлiгiмен тұтастығын Шәкәрiм ойымен қостай түседi:

В каждой лампе вспыхнет та же сила

Отблеском верховного сила?

И судьба не возбранит вам, дети,

Чтить престол господень на рассвете [68, 692].

Гетеде арайлап атқан таң шапағынан құдайдың тағына мiнгендей әсемдiктi көрiп сүйсiнуде айып жоқ.

Осылайша, Тәңiр адамзат ойында өмiр сүрiп қана қоймай, әр тұлғаның өзiн тануға, өзi арқылы Тәңiрдi тануға, тайпалық, қоғамдық, ұлттық, жалпы адамзаттық ойды өзгертуге ықпал ететiн мүмкiндiк болып қарастырылады. Яғни ғалам – құдай, табиғат, адам осы үшеуiнiң үйлесiмi арқылы өмiр сүредi. Ендеше, Шәкәрiм жар қайда деген сұраққа: ғашық жар – барлық заттың анасы, ол бiр ғана ақиқат, ал оның сезiмдiк-заттық сипаты эмпирикалық шексiздiк ретiнде үнемi бұзылып- түзiлудегi тiрi космос деп өлеңмен жауап бередi.

Демек, Шәкәрiм өлеңдерiнде табиғат Платонша айтқанда «жар-идеяның көлеңкесi» ретiндегi құбылыс:

Жарым нұрын шашты да,

Күн бетiне қарады.

Күн ұялып қашты да,

Тым төмендеп барады.

Нұрын сүртiп топыраққа

Зәресi әбден ұшты да,

Қашарын бiлмей қай жаққа,

Тығылды жерге түстi де.

Менiң жарым қандай жар -

Ай өлдi де, күн қашты

Мағынасын байқаңдар

Сырлы сөзiм сырды ашты… [1, 255-256]

Гете лирикасындағы Тәңiрдiң табиғи сипаты «Мәңгi спиральды» дамудағы табиғат метаморфозасы делiнуiмен  Спинозаның iзiн басушы ретiндегi жаратылыстанудағы бiлгiрлiгi танылса, ал оның өлмейтiн, көзге көрiнбейтiн «мәңгi арулық» бейнесi «махаббат терезесi» арқылы көруге болатын «жүрек теологиясымен» түсiндiрiледі. Гетенiң «Зылиха кiтабында» жар дүниесiнiң мәнi тұтастай ашылады:

В тысяче форм ты можешь притаиться,

Я, Вселюбимая, прозрю тебя,

Иль под волшебным покрывалом скрыться

Всевездесущая, прозрю тебя.

В чистейшем юном росте кипариса,

Вседивновзросшая, прозрю тебя,

Живой волной канала заструися, -

Вселасковая, в ней прозрю тебя [68, 677].

     Қазақ тiлiнде Гетенiң осы өлеңiнiң М.Бұлұтай жолма-жол аударған тамаша нұсқасы бар: 

               Мыңдаған түрде өзiңдi жасыра аласың!

               Сүйiктiлердiң ең сүйiктiсi, бiрақ та, мен Сенi танимын!

               Өзiңдi сиқырлы перделермен жаба аласың,

          Бiр кезде әр жерде болушы, сондай-ақ, мен Сенi танимын!

     Таза, ұмтылған жас қарағайларды

     Ең әдемi ғып өсiрушi, мен Сенi танимын!

     Иретiлген өзендердiң арналарын жаратушы,

     Мадақтауға ең лайықты, мен Сенi танимын [12]!

Гетенiң бұл өлеңiнде шығыстық поэзияға тән Аллаға ғашықтық идеясы сұлу қызға ғашықтық идеясымен қоса үндесiп отырса, М.Бұлұтай Гете өлеңiн өз аудармасында тiкелей Аллаға табыну идеясында көрсетуге тырысқаны байқалады. Дегенмен, орысша, қазақша екi нұсқада көп айырмашылық жоқ екенi өлең мәтiнiнен көрiнiп тұр. Өйткенi, бұл өлеңдегi негiзгi идея шынында да Жаратушы  – жар бiрлiгi екенi айқын. Ендi Шәкәрiмнiң Хафизден нәзира үлгiсiмен аударған осы өлеңге мазмұндас бiр өлеңiн алып қаралық:

                    Ей, жарымыз, ай нұры –

                    Сiздiң нұрдан шыққан бу.

                           Сұлулардың бет суы,

                           Иегiнен тамған су [1, 402].

Көрiп отырғанымыздай, бiр ғана идеяны әр автор өз шеберлiгiне сай түрлiше құбылтып отырады. Гетенiң табиғатта мың түрлi пiшiнге: жаңа өнген қарағай, тұнық су, биiкке шапшыған фонтан, алуан түрлi жайқалған көк, атқан таң, көк аспан болып трансформацияланған жар бейнесi Шәкәрiмге бiрде ай нұры, жаңбыр, таң желi, жұпар иiсi аңқыған бау-бақша болып көрiнедi.  Л.М.Кессель «Гете және Батыс-Шығыс диуаны» атты зерттеу еңбегiнде Гетенiң шығыстанушы Гаммердiң «Шығыс қазыналары» атты кезеңдiк басылымдарынан арабтарда Алланың жүз түрлi атауы бар екенiн оқығанын айтады [13, 75]. Гете болса, Алланың барлық атауының бiр ғана жарына сәйкес екендiгiн:

     Менiң сырттай мағына, iштей сезiммен бiлетұғыным,

     Сен, бәрiн үйретушi, Сенi Сен арқылы танимын!

     Және де мен, Аллаһтың жүз есiмiн зiкiр қылып қайталағанда,

     Әрбiрiмен Сенiң есiмдерiң жаңғырық болып қайталанады [82]!- деп тебiрене жырлайды. Мұнда табиғат арқылы жардың бейнесi мың түрлi пiшiнде құбылса, «Фаусттың» 2-бөлiмiндегi «Еленаның Троядан оралуы» атты көрiнiсте керiсiнше, трояндық ару қыздар өмiр сүру мүмкiндiгiнен айырылып, табиғат-қыздарға: гүлдерге, жапырақтарға, егiстерге, көлдерге, далаларға, шалғындарға сiңiп жоғалады:

Уақытша келiп ек мынау жарық дүниеге,

Тiрiлмеспiз ешқашан,

Бiлемiз де сенемiз,

Аидқа да қайтпаймыз,

Пәк табиғат қойнында

Рухтарға айналып

Мәңгi ғұмыр кешемiз [2, 162].

 

Хордың бiр  бөлшегi:

 

Сыбырласқан жапырақ, тербетiлген бұтақтар.

Ортасында жүремiз тамырлардың шырынын.

Бұтақтарға таратып, күлiп-ойнап қуанып,

Жапырақпен, бiресе безендiрiп гүлдермен,

Дайындармыз жемiсiн.

Жемiс пiсiп жұрт келер,

Мал да келiп тояттар, көңiлденiп барлығы -

Бас игендей құдайға, рахметiн айтар бiздерге [2, 162].

Шәкәрiм мен Гете поэзиясын мұқият оқығанда, ұлы ақындар ғаламның айтқан сырын пенделердiң тiлiне аударушы өкiлдер ретiнде адамзат алдында сөз алып тұрған пайғамбарларға айналып кеткендей әсер бередi. Олар өздерiнiң тағдыр-талайымен күресе жүрiп, жаратылысымен бiрге бiткен ақындық тамаша таланттары арқылы азаматқа тән асыл мiндеттерiн орындап кеткен. Ақындықтың өзі табиғат арқылы жаратқанның сыйлаған жан сұлулығы екеніне қос ақынның поэзиясы шәк келтірмейді.  Сондықтан олардың өлеңмен өрілген өмірлері де ғалам тынысымен бірге жасасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермекші.

Әдебиеттер:

 

1.                     Құдайбердиев Ш. Шығармалары. Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. М.Жармұхамедов, С.Дәуiтов, (А.Құдайбердиев), Алматы, 1988, 560 б.

2.                     Гете И.В. Фауст. Немiс тiлiнен аударған М.Құрманов, Алматы, Жазушы, 1982, 200 б.

3.                     Зарубежная литература, Москва, 1977, 234 с.

4.                     Папюс. Оккультизм, Селена, 1994, 512 с.

5.                     И.В.Гете. «Фауст». Лирика, Москва, 1986, 767 с.

6.                     Құдайбердiұлы Ш. Үш анық, Алматы, 1991, 80 б.

7.                     Тетруашвили Л. Проблемы пантеизма в лирике Гете //Гетевские чтения, 1991, Под ред. С.В.Тураева, Москва, 1991, С. 9-69.

8.                     Конради К.О. Гете. Жизнь и творчество. Т.2. Итог жизни, Москва, 1987, 648 с.

9.                     Бухарин Н. Гете и его историческое значение. Гетевские чтения, 1991. Под ред. С.В.Тураева, Москва, С. 229-258 .

10.                Шәкәрiм. Иманым, Алматы, 2000, 321 б.

11.                Эккерман И. Разговоры с Гете в последние годы его жизни, Москва,  1986, 667 с.

12.                Бұлұтай М. Гете және хақ дiн ислам // Ислам әлемi, 2001, № 4, 7 б.

Кессель Л. Гете и «западно-восточный диван», Москва, 1973, 120с.