Абдрашева Б.Ж., ә.ғ.к., доцент

(Қарағанды, Қазақстан Республикасы)

 

ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАТЫНАСТАР ЕРЕЖЕЛЕРІ

Әдет – ғұрып, салт – дәстүр  ұлт болып қалыптасқан кезден бастау алып, «Қасым ханның қасқа, Есім ханның ескі жолымен» өрісін ұзартты. Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» байламданды.  Заманнан заман өткен сайын қоғамдық болмысқа бейімделген, ата – баба кәсібіне, өмір қалпына, дүниетанымы мен діни сеніміне сәйкес жетілдіріп қалыптастырылған, тұрақтандырылған әлеуметтік ұстамдардың  рухани негізі, адамның моральдық, мәдени сұраныстарын өтеуге, тұрмыстық  қажеттілікке айналған нормалар мен ережелердің бірыңғай үлгі -өнегесі пайда болды. Діл – нақтылы тарихи- мәдени ортада қалыптасқан мінез – құлықтың,  іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіретін, адамдардың  белгілі бір қоғамдастығына  ортақ әлеуметтік-психологиялық құбылыс.

Қазақтың әдет–ғұрпы өз қоғамындағы құқықтық мәдениеттің тұғыры, адамдардың өзара қарым – қатынастары ережелерін жүйелеуші, жеке тұлғаларды белгілі бір әлеуметтік және мәдени тағылымдарға үйретуші рухани сенім мен жұмылдырушы күш. Ол жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың мінез – құлқын жүйелі тәртіпке келтіріп қана қоймай, сонымен қатар қауымдастық тұтастық пен ұлттық ортақ мүдделілікті нығайтты. Қазақ тарихында әдет – ғұрып сенімдерді бірте – бірте дәстүрлі құқықтық сана – сезімге ұласып, ел билеудің арнаулы халықтық заң нормаларын қалыптастырды. Әр елдің өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар және олар сол халықтардың әлеуметтік-психологиялық келбеті, тәрбиелік ережесіне айналған. Ата-бабаларымыздың ұзақ  ғасырлар бойы  ұзын-ұзын  көш-керуені  арқылы  ұрпақ  алмасқан сайын үзілмей, жалғасып ардақталып, сақталушы қалпында ұласып отырған. Олар халық мәдениетінің аса мәнді  құрамдас бөлігі. Сол халыққа жататын адамдардың әлеуметтік мәдениетінің деңгейі, рухани байлығы. Одан басқа ұлттар мен ұлыстардан, халықтардан айырмашылық белгілері де айқын танылып тұрады

Салт-сана, дәстүр қатып қалған, мәңгі өзгермейтін нәрселер емес, елдің экономикасының, мәдениетінің өркендеуімен бірге, олардың озықтары одан әрі жаңғыра түседі, дамиды, тозықтары  қолданыстан түсіп, ұмыт  бола  береді. Ұлттық дәстүр, салт нормалары, түптеп келгенде ұлттық болмысты басқалардан айырықшалап, даралап тұратын әлеуметтік-психологиялық өмірлік құбылыс, қоғамдық сана айнасы. Дәстүрді адамның қай ұлтқа жататындығының  бір  басты  белгісі, ұлт азаматтарының ұстанымы ретінде қарастырған  жөн.  Дәстүр, әдет, салт, мәдени дағды,  ғұрып ұрпақтан ұрпаққа берілген адам мінезі мен тіршілігіне байланысты өмір салты бейнесі мен  санаға сіңген мінездер мен қылықтар. Бұлар жазылып бекітілмеген халықтық заң ретінде бір ғасырдан екінші ғасырға адами арабайланыстар арқылы жеткізіліп келген. Тамыры тереңде жатқандықтан оның өзгеруі де тек түбірлі қоғамдық өзгерістетмен байланысты. Яғни, ұлттық дәстүр тез өзгеріп немесе жоғалып кете қоймайтын, ұзақ дәуірлер бойына екшеліп, сұрыпталып қалыптасқан  рухани, мәдени қазына. Оның озық үлгілерінің ұрпақтың әлеуметтік-мәдени тәрбиесіндегі алатын орны зор, халықтың, адамаралық байланыстардың, мінез – қылықтардың, іс – әрекеттердің мәдени негізі. Айталық, ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділдік, меймандостық сияқты қасиеттер белгілі бір халықтың ұлттық дәстүрі ретінде  қалыптасқан. Қазақ  ұлтының  этностық  ерекшелігіндегі дәстүрдің келесі қыры ұрпақ сабақтастығын  сақтап, алысты жақындатып, аразды татуластыру дағдысынан, ізетті келіннен  таныған,  татулықты абысыннан  тапқан, дархандықты даласынан, даналықты бабасынан, пәктікті баласынан алған  халықтық психологиясынан байқалады. Әрі ұлттық салт пен дәстүрлердің қоғамдық пікір ретіндегі күш-қуаты мол. Ұлт өкілдерінің қоғамдық  тәртібін  бір  қалыпқа  келтіретін  материалданған идея.  Бұған қарап салт – дәстүрдің, біріншіден, ұлттық  психикаға байланысты тұрақтанған психологиялық-қоғамдық құбылыс екенін, екіншіден, ұлттың мінез – құлқын,  қоғамдық кейпін байқататын  құрал екенін, сол мінез-құлықтың көріну амалдарының бірі екенін түсінеміз. Ұлттық сезім тек күнделікті тұрмыс-тіршілікте ғана емес, әрбір халықтың әдебиеті мен өнерінде, жалпы, мәдени дағдысында өз көрінісін табады.

Халық дәстүрі томаға-тұйық, жабық құбылыс емес. Адамаралық байланыстарда ұлттық дәстүрлер алмасуы мен өзара кірігуі үрдісі де жүріп жатады. Әдет-ғұрып алмасу процесінде адам сыртқы ортаны игереді, басқа әлеуметтік-мәдени ортада өзін-өзі жан-жақты тани алады, танымдық кеңістігі кеңейеді. Еңбек, тіршілік ету дағдыларымен қатар, сөйлеу, қарым-қатынастар адам санасын дамытушы, қоршаған ортаға бейімдеуші фактор болып табылады. Өркениетті дәстүр арабайланысы, әртүрлі салт-дәстүрге  бейімделушілік көпэтносты ортадағы әлеуметтік арақатынастарды ретті, түсінікті ете түседі. Сол себепті де ұлттық дәстүрлер әртүрлі ғылымдар өкілдері назарын өзіне аударып, оны ғылыми-практикалық таным құбылысы етіп келеді. Дәстүрлерді құндылықтар ретінде қарастыру талай зерттеулердің  әдіснамалық негізін құраған. 

Құндылық мәселесі  ежелгі заманнан бері  қарастырылып келе жатқан күрделі ұғым. Құндылықтар әлемі - сөздің кең мағынасында мәдениет әлемі,  адамның рухани әрекетінің саласы, тұлғаның рухани байлығы  өлшемін  білдіретін, оның адамгершілік  санасының, басымдылықтарының саласы. Әрбір мәдениеттің өзіндік өз құндылықтар кешені бар. Құндылықтар жіктелуінің ең негізгі тарағанын әдетте адам қызметінің түрлі сипатын айтады. Сондықтан негізіне қарай материалдық, әлеуметтік-саяси және рухани құндылықтарды айырады.   Қазақ халқының адамаралық байланыстарды өркениетті, мейірімді, қайырымды, төзімді ете түсетін ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан дәстүрлі ережелері қазіргі адамзат үшін де керекті әлеуметтік, мәдени құндылықтар болып табылады.

Рухани құндылықтар адамзат білімі, дүниетаным принципі, философиялық тұжырым, адамгершілік нормалары мен саяси білім, яғни әлемнің рухани жетістіктеріне байланыстылардың бәрін жатқызуға болады. Рухани құндылықтың маңыздылығы  әрбір адам (әлеуметтік субъект) өз бойында дамытуы арқылы сезіне алады. Өйткені құндылықтар жүйесі адам дүниетанымының негізгі іргетасы, әлемге деген көзқарасының қайнар көзі. Қоғамның барлық сферасында жан-жадаулығы кеңінен тарап, адамдардың бір-біріне деген мейірімінің, қайырымының мүлде азая бастаған уақытында руханилық дегеніміз, оның адамдық болмысының мәнісі неде және оның өміріндегі маңызы қандай деген сияқты сұрақтарды шешуге тырысу азаматтық, адамдық парыз болуға тиіс.

Руханилықтың өзі - адам бойындағы ізгілік пен адамгершілікті, қайырымдылық пен мейірімділікті айқындаудың мөлшері, жеке болмыстық ұғым- түсінігінің көрінісі. Басқаша айтқанда, әр адамның өзіндік қалыптасуы, өсіп-жетілуі, дүниедегі  алдына қойған мақсаты және өмір сүрудің тәсілі мен сара жолдары. Ұлттық дәстүрдегі құндылықтар мақсаты - барлық адамдардың мәдени-рухани қабілеттерін заман ағымына сай қалыптастыруды басты назарға алу көзделіп отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы  мәдени үрдістер кейбір бағыттары өзінің табиғи болмысынан ауытқып, мимесистік (ұқсау, еліктеу) сипаттағы батыс мәдениетінің таратушысына айналып отыр. Бұл жас ұрпақтың ұлттық талғамын әлсіретеді, ұлтты дәстүрлі төл мәдениеттен бірте-бірте ығыстыра алады. Өз тарихын, рухани мұраларын, құндылықтарын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін келесі ұрпаққа таныту – ұлттың өзін-өзі сақтаудың әрекеті. Әсіресе, тарихи сананы қалыптастырудың орны ерекше. Өйткені, өткенімізді білмей келешекке қадам басуға болмайды. Сондықтанда ұлт мүддесі мен рухани құндылықтарды сақтап қалудың жолдары: ұлттық талғам, қоғамдық мүдде ұстындарында мәдениет пен өнердегі құндылықтар жүйесін қалыптастыру; қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың мәдени даму процесін жандандыруы; эстетикалық нормалардың, ұлттық этикалық және этникалық талғамдарын қолданылуы мен іске асырылуы.

Қорыта айтсақ, адамның адамшылық, қамқорлық, сыйласымдылық, кеңпейілділік қасиеттері  қазақ халқының рухани дүниесінің  белгісі мен көрінісі оның  ұлттық әдет-ғұрыптылығында. Мысалы қонақ кәдесіндегі «құдайы қонақты» жақын туысындай күтіп қарсы алуы. Қыр қазағының үйіне түскен қонаққа ас беру,  соңғы малын сойса да қазан көтеріп ет асу, жоқ деп айтуды намыс санап келген қонағына жоқшылығын, кедейлігін көрсетпеу, дастарқан жайып, оны разы қылып, шығарып салу азаматтығына, кісілігіне сын деп санаған. Кісілік, қайырымдылық, намысшылдық қыр қазағының өзіндік моральдық кодексі, рухани құндылығы. Олар біреуге жақсылық, кісілік көрсетсе, біреудің алдында ұпай жинау, я болмаса көлгірсіп, мақтану үшін емес, өзінің  жігіттік қасиет пен азаматтық борыш деп санағандығынан жасалатын әрекет.  Халқымыздың идеялық, рухани бірлігін нығайту үшін тарихи тағылымдарын еске түсіріп қана қою немесе оның тарихи иесін қалпына келтіру, оған халықтың рухани құндылықтарына негізделген тұрақты творчестволық дамуын жеделдету. Әлемдік шеңберде әлеуметтік-мәдени ойлау арасында өткеннің көне мәдени мұрасын сын көзбен қарай отырып кең насихаттау, оның белсенді игерілуіне ықпал ету  тек жекелеген топтардың ғана мүндеті мен түсінігі болмауға тиіс. Өркениетті ұлттық дәстүр ұзақ дәуірлер бойына екшеленіп, сұрыпталып қалыптасқан  қазына. Ол халықтың әлеуметтік мінез-құлық мен іс-әрекетінің рухани негізі-ретінде ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Әрі әлемдік мәдениеттер арабайланысының артуы жағдайында халқымыздың адамгершілікті салт-дәстүрлері әлемдік рухани байлыққа енетін озық әлеуметтік-мәдениетінің елеулі құрылымдаушысы бола алады. Сол себепті қазақ халқының әлеуметтік арабайланыстар өркениетін негіздей, байта түсетін аспектілерін зерттеу, зерделеу, насихаттау бірқатар ғылымдардың танымдық құбылысы болып табылады. Әсіресе әлеуметтану, мәдениеттану  ғылымдарының, әлеуметтік антропологияның. Батыс елдері ғалымдары әлеуметтік антропологияны адамгершілік мәселесін зерттейтін маңызды сала етіп отыр. Осы тұрғыда қазақ халқының тарихында қалыптасқан әлеуметтік-мәдени дәстүрлерді зерттеу ғылымдар үшін өзекті мәселе болып отыр.