Заңтану магистрі Санасыров Н.Т.

Заңтану магистрі Кыдралинова А.К.

Инновациялық Еуразия университеті, Қазақстан Республикасы

Қылмысты тергеп-ашудағы оқиға болған жерді қарау тактикасының криминалистикалық маңызы

 

Қарау барысында қылмыс және қылмыскердің тергеуге қажет іздері мен басқа да заттай дәлелдемелердің елеулі бөлігі табылып-зерттеледі. Қарау нәтижелері, әсіресе оқиға болған жерді қарау тергеудің бағытын, қылмыс механизмін және қылмыскердің жеке басын анықтауда көп көмек көрсетеді. Алайда криминалистика ғылымында және тәжірибеде тергеулік қарау тактикасы жеткілікті түрде қарастырылса да, тергеудің кейбір жағдайларында қарау мүмкіндігі толық бағаланбай жатады. Осының нәтижесінде қарау үстіртін, асығыс немесе кейде немқұрайлы жүргізіліп, қылмыс ашылмай қалуы мүмкін. Осыдан шығар қарауды сапалы түрде жүргізуге тергеу қызметкерлері мен анықтама органдарының назары бірнеше аударылғандығы.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу заңнамасына назар аударатын болсақ, қылмыс ізін, өзге матариалдық объектілерді анықтау, сондай-ақ іс үшін маңызы бар жағдайларды айқындау мақсатында тергеуші, ал ол жоқ болған жағдайда анықтаушы немесе қылмыс туралы арыз немесе хабар түскен анықтау органының лауазымы жағынан жоғары қызметкері жерді, үй-жайларды, заттарды, құжаттарды, көзі тірі адамдарды, мәйіттерді, жануарларды тексереді. Тексеруді жүзеге асыратын адамның нұсқаулары сол тергеу іс-әрекетіне қатысушылардың барлығы үшін міндетті. Бұл жерде байқасаңыздар, жалпы қарау түсінігі берілген. Ендеше біз қараудың ішіндегі оқиға болған жерді қарау сияқты тергеу әрекетіне қысқаша мағұлмат берейік.

Оқиға болған жерді қарау тергеудегі оқиға жағдайларын анықтауға маңызы бар қылмыс іздері мен басқа да мәліметтерді, сондай-ақ оқиға болған жердің жағдайын мақсатты түрде тез арада қарастырып, зерттеп және бекітіп алуға бағытталған кідіртпейтін тергеулік әрекет болып табылады.

Тәжірибедегі маңызды мәселелердің бірі – «оқиға болған жер» және «қылмыс болған орын» деген екі түсінікті ажырата білу. Осыған байланысты, заң ғылымдарының докторы, профессор Р.С.Белкиннің көзқарасына сәйкес, оқиға болған жер деп жасалған қылмыстың іздері табылған аула немесе бөлме аумағын айтады. Мұнда ескеретін бір жай қылмыс, іздер табылған жерде де, және басқа да жерде жасалуы мүмкін. Ал қылмыс болған орын деп тікелей қылмыс жасалған немесе қылмыстық нәтиже пайда болған жерді айтады. Қылмыс іздері бұл жерден басқа жерде де табылуы мүмкін /1/.

Оқиға болған жер қылмыс болған орынмен сәйкес келуі мүмкін және сәйкес келмеуі де мүмкін. Мысалы, кісіні пәтерде өлітіріп, оны бөлшектеп сойғаннан кейін (қылмыс орны) мәйіт бөлшектері орман, көл және басқа да жерлерге апарып тығылады. Әрбір мәйіт бөлшегі табылған орын оқиға болған жер ретінде қарастырылады.

Оқиға болған жерді қарау барысында зерттеліп, бекітуге жататындар:

1)       аула бедері (рельеф), оқиға болған жердің табиғи және жасанды шекарасы;

2)       үй-жайдың, жанындағы қосымша құрлыстардың, оларға баратын және келетін жолдарының орналасуы және сипаты;

3)       сол жердегі заттардың кеңістікте орналасуы, олардың бір-біріне қатысты жағдайы және арақашықтығы;

4)       заттардың мақсаттылық тұрғыдан орналасуы;

5)       қылмыс және қылмыскердің іздері;

6)       негативтік жағдайлар.

Негативтік деп қарау барысында пайда болған фактілерге, криминалистикалық болжамдарға қарама-қайшы, кереғарлық жағдайларды айтады.

Негативтік жағдайлардың екі тобын ажыратуға болады: нақты жағдайда қажетті іздер мен заттардың болмауы (мысалы, пышақ салынған мәйіт маңайында қан іздерінің болмауы; нақты жағдайларда бөгде заттардың оқиға болған жерден табылуы, бұл жағдай үшін әдеттен тыс болуы.

Негативтік жағдайларды оқиға болған жерден табудың мағынасы өте зор. Оның себебі мұндай жағдайларды талдау нәтижесінде қылмысты жасағансуды (инсценировка), яғни тергеудің нақтылы бір нәтижесін қалайтын тұлғаның шын мәнінде болған оқиғаға сәйкес келмейтін жағдайды қолдан жасауды әшкерелеуге мүмкіндік туындайды.

Қылмыстық істі қозғау туралы шешім шығару қарау әрекетін жүргізбейінше мүмкін болмайтын жағдайларда ол қылмыстық іс қозғалғанға дейін жүргізілуі мүмкін. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасына орай ескеретін бір жайт, қарау куәларды қатыстыра отырып жүргізіледі, ал айрықша жағдайларда (баруы қиын жерлерде, тиісті қатынас құралдары болмағанда немесе басқа объективті себептерге байланысты азаматтарды куә ретінде тарту мүмкін болмаған кезде, сондай-ақ қарауды іске асыру адамдардың өмірі мен дансаулығына қауіп төндірумен байланысты болса) қарау куәларды қатыстырмай, бірақ бұл ретте, әдетте, оның барысы мен нәтижелерін бекітудің техникалық-криминалистикалық құралдарын қолдану арқылы жүргізілуі мүмкін.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Ғ.Жәкішевтің айтуынша, тергеу тәжірибесінде іздер тергеулiк қарау, куәландыру, тiнту және басқа да тергеулiк iс-әрекеттер кезiнде табылып жатады /2/. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері, оның ішінде тергеуші мен маман-криминалист іздердi табу мақсатымен қарау кезiнде әрекеттерді жүргiзуiн реттейтiн процессуалдық нормаларды сақтау керек, қажеттi ғылыми-техникалық құралдарды қолдану мүмкiндiк бойынша, тергеудегi қылмыс оқиғасына қатысты барлық iздердi табуға талпыну шарасын қарастырады, сондай-ақ iздердi бүлдiрмеу мақсатымен, сақтық шараларын жүзеге асырады /3/.

Объектілер сипатына қарай іздерді оқиға болған жерде қарау үшін тергеуші әртүрлі аппаратура қолдануы мүмкін. Мысалы, қолда алып жүруге келетін рентген аспабы, кварц лампасы, мәйіт іздеуге арналған аспап, ал күрделі техникалық-криминалистикалық құралды қолдануда тергеушіге маман-криминалист көмек көрсетеді. Осылайша, 2001 жылдың 6–шілдесіндегі «Жедел-криминалистикалық бөлімшелерінің қызметі туралы» атты Қазақстан Республикасы ІІМ №544–Бұйрығында, «маман тергеу амалдарына қатысу алдында қажетті техникалық-криминалистикалық құралдарды әзірлеу үшін тергеу амалының түрі мен оны жүргізудің жағдайларын анықтайды» делінген.

Оқиға болған жерді қарау тактикасының аясында жағдаймен танысқан маман өзінің алдында тұрған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ететін іс-қимылдарының жопарын белгілейді, қарау шекараларын, іздер мен заттай айғақтарды іздеп-табу, белгілеу мен алу жөніндегі іс-әрекеттердің бірізділігін айқындайды.

Тергеу әрекеті болып табылатын оқиға болған жерде қарау іс-әрекеттерінің нәтижелері процессуалдық түрде көркемделгенде ғана іс үшін маңызы болады. Істі зерделейтін прокурор, мәні бойынша қарастыратын сот оқиға болған жерді қараудың толымдылығы, шыңайылығы және дер кезінде іске асырылғандығы жайлы тек істе бар және қарау өндірісін көрсететін процессуалдық құжаттар бойынша ғана жори алады. Сол себептен қарау нәтижелері міндетті түрде бекітілуі тиіс. Бекіту деп барлық оқиға болған жерде тергеушімен табылғандарды, жүргізілген іс-әрекеттер суреттеулерін, сондай-ақ оқиға болған жер жағдайы мен оның бөлек элементтер белгілеулерін орнатылған заңи нысанда құжаттауды айтады.

Қылмысты әшкерелеу мақсатында жасалатын шаралар, оның ішінде оқиға болған жерді қарау тактикасын келешек мамандар, яғни құқық қорғау органдары қызметкерлері іс жүзінде ұтымды қолдана білу үшін, оларға жоғары оқу орындарындағы оқытушы құрам беретін білімнің сапасы да жоғары болу екендігі бәрімізге мәлім. Бұл туралы 2007 жылдың 28–ақпанында Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «жоғары оқу орындары әзірлеген мамандар басқа мемлекеттер мамандарымен бәсекелесуге қабілетті болатындай жағдай жасалыну керек» деп бүгінгі таңдағы елеулі бір бағыты ретінде атап өтті.

Осылайша, оқиға болған жерді қараудағы объектілерді қабылдау нәти­желерін тергеу оқиғасымен байланыстыру мақсатында танымдық өңдеуден өткізген дұрыс, ол үшін аталмыш тергеу әрекеті тактикасын жетілдіріп отыру қажет, яғни құқық қорғау органдары қызметкерлері жаңа технологиялармен жетік жұмыс істей алатындай және тергеу тактикасындағы қазіргі заманға сай озық тәжірибені пайдаланумен көзге түскені жөн.

 

Әдебиет:

 

1.       Белкин Р. С. Курс криминалистики: Учеб. пос. для вузов: 3-е изд. - М., 2001.

2.       Жәкішев Е. Ғ. Криминалистік тактика: Оқу құралы. - Алматы, 1997.

3.       Нұрғалиев Б.М., М.А.Арыстанбеков, Шакенов А.О. Криминалистика. (дәрістер курсы) Оқулық құрал. - Қарағанды, 2006.