А/ш  ғылымдарының магистрі Ә.Б.Мұстаяпова, Т.Б.Мұстаяпов

Қызылорда көпсалалы гуманитарлық –техникалық колледжі,Қазақстан

Шиналардың мерзімінен бұрын тозуының себептері

 

Автомобильге жаңа шиналарды таңдап алғанда олардың протекторындағы суреттер бірдей болғаны жөн. Ал бұрын пайдаланылған покрышканы таңдап алғанда оның протекторының суреті мен тозу дәрежесі қолда бар покрышкаларға сәйкес келетінін ескеру керек. Шиналардың тозуы бірдей емес, артқы шиналар алдыңғыға қарағанда тез тозады. Сол секілді оң жақтағы шиналардан гөрі сол жақтағылар да аз тозады. Шиналардың бірқалыпты тозуы үшін оларды ара кідік әрбір 5000-6000 км жүргеннен кейін схемаға сәйкес ауыстырып тұру қажет.

Автомобильдің әрбір үлгісіне арнап шиналарды жасағанда, іріктеп алғанда шинадағы ауа қысымының нормасы белгіленген. Шинадағы ауа қысымының нормадағыдан алшақтап кетуіне рұқсат етіледі: жүк автомобильдерінде ±0,2 кгс/см2, ал жеңіл автомобильдерде ±0,1 кгс/ см2. Қысымның аз немесе көп болуы шиналардың қызмет істеу мерзімін едәуір қысқартады.

Ауа қысымынң артық болуы каркас жібіне салмақты көп түсіріп, оның бүлінуіне және протектордың біркелкі тозбауына әкеліп соқтырады. Қысымды азайту да қауіпті. Айталық, қысымды 25% азайту шиналардың қызмет мерзімін 50% кемітеді. Ауасы жіберілген шинамен покрышка бүтіндей бүлінетіндікптен тіпті аз ғана қашықтыққа да жүруге болмайды. Гаражда шығарда және жолда шинадағы ауа қысымын бақылап жүру керек. Ауаның қысымын тек қана манометрдің көмегімен тексеру қажет. Қысымды «көзбен мөлшерлеп» өлшеуге рұқсат етілмейді. Шинаға ауаны автомобильдегі тұрақты қондырғының немесе қол насосының көмегімен толтырады.

Әрбір автомобильдегі шиналар белгілі бір салмаққа арналып шығарылған. Артық жүк түсірген кезде шинаның майысуын көбейтіп, жұмыс кезінде шина қатты қызатын болады. Каркас ыдырап, протектор түсіп кетеді. Салмақ артық түскен шиналар әр түрлі кедергілерге тигенде тез тозады. Шиналарға салмақтың артық түсуі автомобильге нормадан тыс жүк тиелгенде немесе кузовтағы жүктің дұрыс орналастырылмауынан (жүкті бір шетіне, немесе арт жағына қоя салудан) болады. Екі қатарлы шинаның орнына біреу-ақ қою, немесе диаметрі бірдей емес шиналарды пайдаланғанда шиналар тез тозады.

Тесігі немесе басқа да механикалық ақаулығы бар покрышкаларды пайдаланғанда каркас ішіне ылғал өтіп, оны шірітуге әкеліп соқтырады. Мұндай покрышкалар жөндеуге келмейді. Сәл ғана болса да, механикалық ақаулығы бар покрышканы жөндеуге өткізу керек.

 Шинаны жинаған кезде покрышканың ішін мұқият тектеріп ондағы құм, басқа да заттарды тазарту қажет. Покрышканың ішкі жағы таза құрғақ болуға тиіс. Покрышканы жинау алдында оның ішіне тальк (ұнтақ) себу керек. Камераны покрышканың ішіне салмас бұрын тексеріп алған жөн. Дөңгелектің құрсауы тегіс, майыспаған, жоғары жағы тоттанбаған, боялмаған болуға тиіс.

Дөңгелек айналғанда аса жоғары центрден тебетін күш пайда болады. Егер дөңгелектер бірдей болмаса соққы пайда болып, покрышка біртіндеп тозады. Автомобиль жүргізу шеберлігі әр түрлі жағдайдағы шинаның жұмыс режимін дұрыс таба білу оның беріктігін ұзартады. Бұрылыстар мен нашар жолдарды жоғары жылдамдықпен жүру, автомобильді кенет тежеу немесе қозғалу, дөңгелектің отырып қалуы, трамвай темір жолының үстімен жүру, тротуардың жиегімен жүру шинаның тез тозуына әкеліп соғады. Жұмыс кезінде немесе гаражға келіп тоқтарда мұнай өнімдерін басып жүруден сақ болу керек. Өйткені ол резинаны бүлдіреді. Автомобильді ұзақ уақытқа қойған кезде шинаға салмақ түсірмес үшін автомобильдің астына ағаш қойып дөңгелекке салмақ түсірмеу қажет.

Автомобиль шинасының пайдалану мерзімінің ұзақтығын оның жүріс мерзіміне қарай есепке алады. Ал жұмыс мерзімі оларды пайдалану және күту жағдайларына байланысты. Шина шығаратын зауыттарда олардың үлкен-кішілігіне қарай жүріс мерзіміне кепілдік норма белгіленген. Жүк автомобильдерінің көпшілігі үшін жүріс мерзімінің кепілдік нормасы-32 000 км, ал жеңіл автомобильдерге-24 000 км болады. Жүк автомобильдерінің шиналарын пайдаланудың жүріс мерзімінің нормасы 40 000 км болса, жеңіл автомобильдер үшін - 30 000 км. Бұл кепілдік нормадан көп, өйткені шинаны комплектілеу құны оны жөндеуге жұмсалған шығынды есепке ала отырып 10  процент жоғарылатылған.

Автотранспорт кәсіпорындарында әрбір автомобиль шинасын карточка арнайды, онда размері, сорты мен зауыттың нөмірі мен маркасы, жүргізушінің аты-жөні, шинаны автомобильге салған күн мен спидометрдің сол күнгі километрмен алынған көрсеткіші көрсетіледі. Әр ай өткен сайын шинаның өсіп отыратын жүріс мерзімі карточкаға жазылып отырады.

Автомобильден шинаны шығарғанда спидометрдің көрсеткішін не үшін алғандығы мен бүлінуінің немесе ақауының сипатын карточкаға белгілеу аса қажет. Покрышкасын жөндеуге бергенде күнін және қайда берілгендігін көрсету керек. Жөнделіп болған соң алған күнін, жөндеу түрін және оның бағасын белгілеу қажет.

Шинаны жүк автомобилінің кузовында алып жүргенде жылжып кетпеуі үшін тігінен қойып байлап тастайды. Шинамен бірге оны бүлінуге ұшырататын жүктерді (мұнай өнімдерін, өткір қырлы заттарды) алып жүруге, сол сияқты шинаның үстіне жүк қоюға болмайды.

Шинасымен бірге запас дөңгелек ауамен үрленген, бүлінбеген қалпында кронштейнге бекітілген болуы керек. Ал запас камераларға тальк себіліп, рулон қылып бүктеліп, кенеп қапшықтарға салынып қойылады.

 Автомобильді жолсыз жағдайда пайдалану оның жүрдектігін көтеру үшін қосымша құралдар қолдануды талап етеді. Оларға тайғызбайтын түйнекті және трактор шынжырлар, темір торлар және басқалары жатады. Ең көп таралған құрал тайғанақтатпайтын шынжырлар болып табылады. Шынжырлар жақсы тартылған және бекітілген болуы керек. Олармен қатты төсенішті жолдармен жүруге болмайды, бұл покрышка мен шынжырдың бүлінуіне әкеліп соғады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.       В.М.Архангельский, М.М.Вихерт и др. «Автомобильные двигатели»-М:Машиностроение, 1977 г.

2.       В.С.Калисский, А.И.Манзон, Г.Е.Нагула «Автомобиль»

3.       Г.А.Смирнов «Теория движения колесных машин».-М:Машиностроение, 1981 г.