УДК 658.562

ӨНЕРКӘСІПТІК КӘСІПОРЫНДА ӨНІМНІҢ САПАСЫН БАСҚАРУДЫ  ЖЕТІЛДІРУДІҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ

Кулатаев М.М., магистрант,  Булекбаева К.Б., т.ғ.к.

Тараз инновациялық - гуманитарлық университеті, Қазақстан

 

Успешность реализации актуальных преобразований в сфере управления качеством предприятий во многом зависит от правильного формирования организационной структуры и распределений обязанностей каждого персонала предприятия.

В статье рассматриваются подходы улучшения качества продукции промышленных предприятий путем применения разных методов управления качеством производства. Приведены зарубежные и отечественные подходы и новые инструменты управления качеством при анализе результатов исследований рынка.

 

Қазақстанның 2015 жылы Бүкіләлемдік сауда ұйымына өтуі - барлық кәсіпорындардың алдында өздерінің өнімдерін өткізу үшін сапаға қойылатын қатал талаптарын шыңдай түсу қажеттілігіне әкелді. Өйткені, олар тек отандық бәсекелестерімен ғана емес, басқа мемлекеттердің ірі кәсіпорындарымен бақталастыққа түспек. Қазіргі кезеңде аталған мәселенің нарықта маңыздылығы арта түсті және өнімнің сапасын ұдайы жақсарту, ассортименттерінің көп болуын қамтамасыз ету, заман талаптарына сай жаңа техникалар мен технологияларды енгізу сынды жаңартуларды енгізумен қатар, сапаны басқаруды ұйымдастырудың тиімді құрылымын енгізуді талап етеді. Осы орайда сапаны басқаруды ұйымдастыру құрылымының жаңартылған үлгілерін қолдану маңызды факторлардың бірі болмақ.

Өнім сапасы өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметінің маңызды көрсеткіші болып табылады. Оның жоғарылауы еңбек және материалдық ресурстардың үнемделуін қамтамасыз етеді, сондай ақ, қоғамның талап ететін қажеттіліктері мен сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Жоғары деңгейлі өнім сапасы оған деген сұраныстың артуына мүмкіндік береді. Өнім сапасы – бұл бұйымның параметрлік, пайдаланушылық, тұтынушылық, технологиялық, дизайнерлік қасиеттерін, оның стандарттау және унификация деңгейін және т.с.с. сипаттайтын түсінік. Жалпы сапа ұғымына түсініктеме берер болсақ, ол тұтынушылардың талаптарын қамтамасыз ететін өнімнің қасиеттері мен құрамының жиынтығы, ол негізгі маңызды үш элементті қамтиды: біріншісі объект, бұл өнім, қызмет көрсету, іс-қимылдар немесе үрдіс, жүйе мен жеке тұлға; екінші элементі -қажеттілік. Қажеттілік сатылы түрде болады, оның төменгі сатысында тамақ өнімдерінің көмегімен қамтамасыз етілетін қауіпсіздікке қажеттілік жатса, сатының жоғары деңгейінде эстетикалық қажеттілік, шығармашылықтағы қажеттілік орналасады. Үшінші элементі - сапалық көрсеткіштер. Аталған элементтерді біріктіріп, сапа жүйесін құру арқылы негізгі мақсатқа жету кәсіпорындағы сапаны басқарудың  маңызды аспектісі болып табылады [1.53б.].

Кез- келген кәсіпорынның негізгі мақсаты мен мүддесі сапалы өнім шығару арқылы бәсекелестік қабілеттілікке ие болу. Шетелдік ірі компаниялардың тәжірибесіне сүйенер болсақ, сапаны басқаруды ұйымдастыру өнім сапасын қамтамасыз етумен бірде- бір және әрқашан бірінші орынға қойылуы тиіс. Дегенмен, қазіргі кезде Қазақстан компаниялары мен кәсіпорындарының көбісі бұл мәселеге аса назар аудармайтындығы басым екендігін мойындауымыз қажет. Бұл отандық кәсіпорындар өнім сапасын арттыру үшін сапалық көрсеткіштерінің маңызды қасиеттеріне жету, өнімнің сәйкессіздіктерін алдын - алу, сапаны басқару жүйесін жетілдіру, өнімді тұтынушыларына мерзімінде жеткізу сынды мақсаттарды алдыға қоя білетін кәсіпорындар жоқ деген сөз емес, әрине. Бұл нарықта өзінің табыстылығын көрсетіп отырған кәсіпорындар негізінде айтылатын басқа мәселе.

Өнімнің сапасын басқару тек сапа тұрғысынан емес, экономикалық маңызды көрсеткіштерін жоспарлаудың да құрамдық бөлігі болып табылады. Ол ғылыми – техникалық прогрестің үдеуімен ажырамас байланыста, себебі өнім сапасының көрсеткіштерінің жақсаруы, жаңа жоғары сапалы бұйымдарды жасау ғылым және техниканың дамуының маңызды шарты болып табылады, ал техникалық прогресс өз кезегінде жаңа, анағұрлым прогрессивті өндіріс құралдарының құрылуына, технологиялық үрдістердің, материалдардың және шикізаттардың пайда болуына ықпал етеді. Өнім сапасының жоспарлы жақсаруы техникалық прогресс, ғылым және техниканың жаңа жетістіктерін толық тіркеу және максималды пайдалану арқылы жүзеге асырылуы қажет. Шығарылатын өнімнің сапасының үнемі жақсаруы, жоғары сапалы өнімдер өндірісін меңгеру, сапаның базалық көрсеткіштерін жоғарылату кәсіпорындар және бірлестіктер үшін және халық шаруашылығының экономикалық көрсеткіштерін жақсарту үшін өте маңызды болып табылады.

Кәсіпорындарда өнім сапасын басқару жүйесін құру мен жетілдіру мемлекет саясатына тәуелді. Сапаны басқарудың әлемдік нарығында үш негізгі жүйе құрылған: «итеруші» (АҚШ), «созылмалы» (Жапония) және үшінші европалық, ол алғашқы екі жүйелердің элементтерін жинаған. Европалық елдерде көп жылдар аралығында жоғары сапаға білікті орындаушылардың есебінен қол жеткізген. Сапаны мемлекеттік реттеу жүйесі өмірлік қажеттілік ретінде есептелген. Бұл жүйе сапаны қамтамасыз ету жүйесінің ең тиімдісі және ол дүниежүзі бойынша кең таралған. Шетелдік компаниялардың өнім сапасын қамтамасыз етуде атқаратын тәжірибесіне сүйене отырып, қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарының дамуы бағытында атқарылатын іс- шараларына төмендегілерді айтуға болады:

1. сапаны басқару жүйесінің қалыптасуын және дамуын мемлекеттік басқару деңгейінде құру;

2. тұтыну тауарларының сапасын бақылау бірінші қажеттілік екенін мойындау және түсіну;

3. шикізат пен материалдарды сатып алуда олардың сапасының жоғары болуын қамтамасыз ету;

4. технологиялық үрдістердің сапалы өнім шығаруын қамтамасыз етуі.

2015 жылға дейінгі кезеңде отандық өнімдер мен қызметтердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі саласындағы міндеттерді шешуге ықпал жасау үшін мекемелердің және ұйымдардың, кәсіпорындардың  халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келетін жүйесін енгізу мен жетілдіруде мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар атқарылды. Олардың  бастапқы алғышарттары:

- қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттілігі;

- қазақстандық экономиканың әлемдік экономикаға ұласу шарттарын құру;

- нарықтық жағдайда өндірушілердің, кәсіпорындардың өнімдерінің қоғамдық ұйымдар мен тұтынушылардың мүдделеріне сәйкес болуын қамтамасыз ету [2.4б.].

Тұтынушылардың сапаға деген тұрақты талаптарының өсуі сапаны басқарудың дамуына ықпалын арттыра түседі. Кәсіпорынның сапа саласындағы саясаты сапаны басқарудың жүйелі дамуы арқылы жүзеге асады. Өнім сапасын басқаруды жетілдіруде отандық өндірушілердің алдына қойылатын негізгі мәселелері:

- өнім сапасын басқару жүйесіне маркетинг қызметінің тетігін қосу;

- тұтынушыға және барлық өндірістік қызметтерде сапаны басқару жүйесін бағыттау;

- өнімнің өмірлік циклының барлық кезеңдерінде сапаны басқару жүйесіндегі тетіктің әсерлерін күшейту.

Сапаны басқаруды ұйымдастыру құрылымы  сапаны жалпы басқару, сапаны қамтамасыз ету және сапаны жоғарылату қызметтерін тікелей орындаушылардың құқығы мен міндеттерін бөлу болып табылады. Бәсекелестік күрес жағдайында кәсіпорын өнім сапасын жүйелі басқаруды енгізсе, оның сәтті дамуына әкеледі. Өнім сапасын басқару төмендегідей негізгі міндеттерді шешуге бағытталады:

- орындаушылардың жұмыс сапасын жоспарлы түрде арттыру;

- сапасы ескірген өнімді уақытылы өндірістен алып тастау;

- шығарылатын өнім сапасының көрсеткіштерін жақсарту мен оны бәсекеге қабілетті топқа көтеру;

- жалпы өндірістегі бәсекеге қабілетті өнімнің үлестік салмағын арттыру;

- ең жақсы әлемдік жетістіктерге сай жоғары сапалы өнімнің жаңа түрлерін жасау мен игеру.

Кәсіпорындарда сапаны басқару бүгінгі күні бәсекеге қабілетті өнімді құрудың негізгі әдістерінің бірі болып табылады. Өнім сапасын басқарудың қазіргі заманғы әдістерін тәжірибеде қолдануда жоғары білікті кадрлардың бар болуы міндетті шарт болып табылады. Кәсіпорын үлкен болған сайын, оны басқарудың жүйесі күрделене түседі. Сол себепті, басқару құрылымына мекеменің білікті мамандары, ғылыми қызметкерлер кіреді. Басқару құрылымын мекеменің жоғарғы органдары сайлайды. Мекеме ішінде басқару құрылымы екі түрге бөлінеді:

1.жоғарғы басшылық орган - тек мағызды мәселелерді шешеді.

2.төменгі басшылық орган - жоғарғы басшылық органның қызметін орындайды.

Тауар сапасын анықтаушы параметрлер өте көп, және ол әр жағдайда әркім үшін әртүрлі болуы салдарынан менеджмент  ағымында сапаны басқару ретінде танылды. Сапаны алқалық басқару - өнімнің өмірлік циклының барлық кезеңдерін, сонымен қатар, сыртқы ортамен өзара байланысын басқару бойынша ұйым.

Дүние жүзінің көптеген елдеріндегі өндірісті басқару жағынан қарасақ та, өнім сапасын басқаруда да негізгі проблемалардың бірі – персоналмен жұмыс жүргізуды дұрыс ұйымдастыра білу. Қазіргі заманда адам факторы рөлінің өсуіне байланысты өндірістегі персоналдарды басқарудың маңызды функцияларының бірі персоналдарды оқыту және қызығушылығын арттыру болып саналады. Өйткені персоналды басқаруды дұрыс ұйымдастыру арқылы ғана қазіргі таңда ұйым алдына қойған сапаны қамтамасыз етудегі миссиясына жете алады. Жеке принциптерге өндіріс мақсаттарына басқару функцияларының сәйкестігі, кадрлармен жеке жұмыстар (кадрларды іріктеудің дербестігі, нақты жұмысшының тілегін есепке алу, жылжыту және босату кезіндегі дербестік, еңбек нәтижелері бойынша төлемдер және т.б.); кадрлармен жұмыстың демократизациясы (маңызды кадрлық шешімдерді қабылдау кезіндегі жұмысшылардың ұжымдық пікірін есепке алу, қызыметтің бос орындарын конкурстық орнын басу, басқару стилі мен басқару тәсілдеріндегі демократиялық және т.с.с.); кадрлық жұмысты ақпараттандыру, оның негізгілерін қабылдау үшін қажетті деңгейін қамтамасыз ету; психологиялық үйлесімділікті есепке ала отырып, бірінші реттік өндірістік ұжым үшін кадрларды іріктеу және басқалары жатады.

Ф. Тейлор теориясы бойынша адамдық қатынастар, адамдық ресурстарды басқару жөніндегі еңбектерінде кризистік кезеңде ғана пайдаға асатынын, сонымен қатар, адамды жұмысқа итермелейтін бір қажеттілік –  еңбекақысы екендігін дәлелдеді. Адамды әрине, қажеттілік алға сүйрейді. Бірақ, Тейлор ойлағандай ол тек – жоғары еңбекақы ғана болмау керек. Міне осы қажеттіліктерді еңбек тиімділігін көздеген қазіргі ұйымдар анықтап алуы қажет. Өзінің көздеген мақсатына жету үшін ұйым ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар құру керек. Ұзақ мерзімді жоспар міндетті түрде қажеттілік жиынтықтарын талап етеді. Алға жылжуды мақсат тұтқан ұйым барлық жұмысшылардың қажеттілігін ескеру керек. Ол қажеттіліктерді атап айтатын болсақ, жұмысшылардың сенімге деген қажеттілігі, жақсы жұмыс жағдайы, қауіпсіздік жағдайы, зейнетақымен қамту т. б. Соңғы 20 – 30 жылдардың ішінде персоналды басқару тәжірибесінде күрделі өзгерістер болды. Бұрын маман бұл салада қызметкердің іс қағаздарымен инструктормен, ережелермен, сонымен қатар жұмыстың күрделілігін және жалақы мәселелерін шешумен ғана айналысатын еді. Ал қазіргі уақытта персоналды басқару функцияларының айырмашылықтары мен рөліне келесі өзгерістер әсер етіп отыр:

- басқару жүйесі мен кәсіпорынның қарым – қатынастары түбегейлі өзгерді;

- персоналмен жұмыс істеуге көмектесетін көптеген үйлестіруші әдістемелік орталықтар жойылды;

- басқару және шаруашылықпен айналысудың жағдайлары күрт өзгеріске ұшырады, ал бұл болса, ой – пікірдің селсоқтығына, артқа сүйенушілік сана – сезіміне, қызметкердің немқұрайды қарауына қайшы келді.

Кәсіпорындағы құрылымдық байланыстың төрт түрін бөліп көрсетуге болады:

- сызықтық бағыну (тікелей әкімшілік жасау);

- функционалды жетекшілік ету (әдістемелікпен қамтамсыз ету, басқа бөлімшелерге кеңес беру);

- бірге қызмет атқару (жұмыстарды бірге атқару);

-функционалды қызмет көрсету (шешімдерді қабылдау үрдісін қамтамасыз етуде көршілес бөлімшелердің ақпараттарды дайындауы немесе басқада жұмыстар) [3.72б.].

Еңбек ресурстарының пайдалану тиімділігін бағалауда – персоналдың табыстылығы (тиімділігі) көрсеткішінің әсері зор. Кәсіпорындағы кадр жұмысы мен персоналды басқарудың теориялық негіздерін жан-жақты талқылай отырып, персоналды дамыту - жұмыскердің біліктілігін жоғарылатуға бағытталған іс-шаралардың жиынтығы[4.248б.].

Олай болса, ол ең алдымен төмендегіні қамтиды:

- жалпы және кәсіби білім түріндегі қажетті білім, тәжірибе жинақтатып және кәсіпті игеруге оқыту;

- біліктілігін жоғарылату, оның мәселесі – ғылыми - техникалық прогрестің дамуына байланысты кәсіби білімі мен тәжірибесін жақсарту;

- жетекшілік қызметке өткенде және жетекшінің мансабын қалыптастыруда қажет болатын танымдар мен дайындықтарды беретін басқару және жетекшілік ету мектебінде оқыту;

- мағынасы бойынша басқа мамандықты игеру екінші білім алумен тең.

Жоғарыда зерттелген мәселелердің шешімін анықтау мәселелеріне  сүйене отырып, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен компанияларды өнім сапасын басқаруда әсер ететін негізгі факторлардың тізіміне төмендегілерді атап көрсетуге болады:

- сапаны басқару мәселесінде мемлекет тарапынан қолдау табуы мен ақпараттық көздердің ықпал етуі сапасыз өнімнің шығарылуына кедергі жасап, тұтынушыларды сақтандырады және жоғары сапаға қойылатын талаптардың орындалуы қамтамасыз етеді;

- сапаны басқару жүйесінің дұрыс құрылған ұйымдастыру құрылымы кәсіпорынның тиімділігін арттырады, стратегиялық қадамдарды тез және үлкен дәлдікпен жоспарлауға және түзетуге, ресурстарды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді;

- кәсіпорынның тиімді, бірнеше шетелдік, отандық сынақтарынан өткен сапаны басқару жүйесін дұрыс таңдауы, тек сапалы өнімді өндіру ғана емес, экономикалық тұрғыда үнемдеу, экологиялық таза, бәсекелестігі жоғары өндіріс орты атануының бірден - бір кепілі бола алады;

- жұмыс істеушілердің тек еңбек ақысымен қамтамасыз етуден басқа, әлеуметтік жағдайының артуына, денсаулығына зиян келтірмеуіне, іскерлігінің жоғары талаптарға сәйкес болуына аса назар аударуы өз жемісін береді. Осыған байланысты, персоналды басқару жүйесі кәсіпорынның салмақты бәсекелестік артықшылығы болуына ұласады;

- кәсіпорынның барлық құрылымдық буындарында қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды басқару жүйесін жақсарту кездейсоқ адам және қаржы шығындарынан сақтап қалуды қамтамасыз етеді;

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Нурпеисова М.М. Качество – ключ к завоеванию рынка. – Алматы, Экономика, 2001. – 106 Б.

2. «Қазақстан Республикасының Менеджмент жүйесін 2015 жылға дейін дамыту концепциясы». – Астана, 2008. – 33б.

3. Карташова Л.В., НиконоваТ.В., Соломанидина Т.О.Организационное поведение: Учебник. – М.: ИНФРА- М, 2002. – 220с.-

4. Савицкая Г.В. Анализ хозяйственной деятельности предприятия. учебное пособие. – Москва, 2012. – 330с.