«Ерлігі өшпес
ер қымбат»
(Соғыс және еңбек ардагері Әлжан
Көшенұлы
Жалғасбаев туралы)
Оразбекова
Үлде Ердаулетқызы,тарих пәні мұғалімі
Қызылорда қаласы, № 11 орта мектебі
Екінші
дүниежүзілік соғыстың өткен тарихы
күндерінің беттерін ақтарып еске түсіру- ол
біздің халқымыздың сұрапыл соғыс
жылдарындағы ерен еңбектерін еске түсіру деп
бағалаймыз. Адамзат тарихындағы
ең суық та сұрапыл соғыстың
аяқталып, бейбітшілік заман орнағанына да 70 жыл толды. Қаншама боздақтың өмірін
қиып, қаншама адамды бауырдан, бірін баласынан, енді бірін
әкесінен айырған бұл зұлмат қазақ елі
үшін ауыр болды. [1]
Жылдар
жылжыған сайын жеңістің салмағы да ауырлай
түседі. Кешегі толарсақтан саз кешкен сарбаздардың,
қарулас қаһармандардың қатары жыл санап сиреп
барады. Азайып бара жатқан қазыналы қарттардың бойындағы
өжеттік пен ерлік, олар өткен өнегелі жол бүгінгі
тәуелсіз еліміздің ертеңгі болашағы жас
ұрпақты отансүйгіштік, ұлтжандылық рухта
тәрбиелеуде таптырмас ұлағат екені даусыз.
Бүгінгі
қатарлары сиреп келе жатқан
ардагерлер саны қазіргі
таңда Қызылорда облысы бойынша Ұлы Отан соғысы
ардагерлерінің саны 131-і құраса, ал тыл және
еңбек ардагерлері 2564-ке жетіп отыр. [2]
1945
жылғы Жеңістен кейін Тасбөгеттік жерлестеріміз елге аман-есен оралып, хал-қадірінше
еңбек етіп, ұл-қыз өсірді, немере-шөбере
сүйді.Солардың 200-і Жеңістің 50 жылдық
мерекесіне, 31-і Жеңістің 60 жылдық мерекесіне күйлі-қуатты
жеткен. [3] Ал Жеңістің 70
жылдық мерекесіне өкінішке орай бірде-бір
тұрғылықты соғыс ардагері жете алмады. Бүгінгі
таңда 30771 халық қоныстанған Тасбөгет кентінде
23 тыл ардагері, көшіп келіп, қоныстанған 5 соғыс
ардагері өмір сүруде. Ұлы Жеңістен соң
туған жерге оралып, бейбіт өмірде
де «Еңбек» жеңісінің төрінен
шыққан ер есімдер
бүгінгі буын жас ұрпаққа теңдессіз өмір
тәжірибесі, ерлік мектебі десек те артық айтқандық
емес.
Соғыс және
еңбек ардагері Әлжан Көшенұлы Жалғасбаев атайдың өнегелі өмірін зерттеп, қазіргі
және кейінгі ұрпаққа үлгі ету – менің
мақсатым.
Қазақстандық
жауынгерлер Брест қамалынан
бастап Берлинге дейін барды. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған
бірде – бір үлкен шайқас жоқ. Қазақтардың
және
Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар
мен ондағы жауынгерлердің
ерлігі туралы лебіздер өте көп-ақ. «Қазақтар –кең пейіл,
ақжарқын, ержүрек, батыр халық. Жауынгерлерім тек қазақтардан құралса, мен әрқашан
риза болар едім»,-деп жазған өзінің естеліктерінде
генерал-полковник П.Л.Романенко [4]
Әлжан
Жалғасбаевтың жорық жолы Мәскеу қаласындағы
Подольск артиллерия училищесінен басталған. Оқуын «өте
жақсы» деген бағалармен бітіріп, лейтенант шенін алған.
Ұрысқа училище бастығынан 32 рет «алғыс» алып кірген.
Әлжан Жалғасбаев сол бойы майданға аттанып кеткен. 1941 жылы
Мәскеудің Можайск маңындағы ұрыста курсант формасымен
зеңбірек расчетының командирі болған Әлжан «Ерлігі
үшін» медалімен оралады. Бұл оның бірінші жауынгерлік
марапаты болған екен. [5]
Қанды
шайқаста жауынгер Батыс майдан, Брянск Балтық бойы майданы,
Үшінші Беларусь майданында жорыққа шыққан.
Бұл соғыста 50-ден аса қалалар, стансалар мен елді мекендерді
жау қолынан азат ету үшін күрескен. Оның ішінде
Мәскеу маңындағы Можайск, Клин қоныстары мен Ильин
стансалары, Орел, Брянск, Витебск, Прейш, Каукеман, Велау, Аллебург, Летцен,
Шауляй-Добэл қалаларынан басталып, Будапештт, Вена, Данциг және
Шығыс Пруссиядағы Кенигсберг болып жалғаса берген. Ол
шайқаста қанша жараланса да шыдап, қатарға қайта
қосылып отырған.
...Кешке қарай
немістер сегізінші рет қайта шабуылға шықты. Тағы да
айқас. Жауған оқ. Жарылған бомба. Оқ жетер жерде
опат болған жау солдаттары. Кенет... Я, кенет батыс қанаттан
қаптай ұмтылған жау әскерлері көрінді. Осы
жақты қорғап тұрған пулемет үнсіз
қалған. Не істеу керек. Батарея командирі жер бауырлап,
ышқына ұмтылды. Қанатынан айрылған қырандай екі
қолын бірдей оқ жұлып кеткен атқыштың кеудесі
пулемет үстінде жатыр. Ойлануға уақыт жоқ. Әлжан
жақын қалған жау әскерлерін нысанаға алды.
Қайта “сөйлеген” пулеметтен қардай бораған оқ
қаптаған қолды кейін шегіндірді.Сәлден кейін
көмекке келген батарея жауынгері өз командирін танымай қалды.
Жүзі күреңітіп кеткен. Жау оғы тиіп, жамбастай
құласа да пулемет ұстаған қолы жазылар емес.
Қып – қызыл қан гимнастерканың сыртына шығып, топыраққа
сіңіп жатыр. “Атысты тоқтатпа!” деуге ғана тілі келді. Бұл Әлжанның жетінші рет
ауыр жаралануы еді... [6]
Ерлігі үшін... Бұл қысқа да
салмақты сөздің мағынасын Әлжан жүрегімен
түсінеді. Өзіне айтылған мұндай жоғары
бағаны өз құлағы талай естіді...
Ардагер марапатталған 7 орден соның дәлелі деуге
болады.
№44 Қызыл тулы Полоцк мотоатқыштар полкының
командирі майор Бибин мен оның саяси жұмыс жөніндегі орынбасары
капитан Балакарский берген мінездемелерде Әлжанның екі ерлігі
айрықша аталыпты. [7]
Бірі - Шауляу-Добэл түбіндегі шайқас. Сол
ұрыста батарея командирі, лейтенант Ә.Жалғасбаев
артиллериялық атыстың үздік шеберлігі мен көзсіз ерлік
үлгісін көрсетті делінген. Яғни қорғанысты
бұзып кірген жау танкистерін кейін шегіндірген Әлжанның
бөлімшесіндегі артиллерист-атқыштарға Кеңес
Одағының Батыры атағы берілсе, ардагерімізге I
дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені табысталыпты. [8] Ал
екіншісі - Шығыс Пруссиядағы Кенигсберг қаласын алу шайқасы.
Алғашында бұйрық бойынша Тильзат түбіндегі 2746 метрлік
асуды алулары керек болған. Сол ұрыста немістердің бір
батареясын түгелімен басып алған Әлжан жауынгерлері апанына
шегінген жаудың өз снарядын өзіне жаудырған. Мінездеме
дерегінше, Ә.Жалғасбаев ұрыс қорытындысымен Ленин
орденіне ұсынылған екен. Алайда соғыстың
соққысынан болар, бүгінде наградалар арасында бұл орден
жоқ [9] Жауынгерлік ерліктері
үшін «Александр Невский»
ордені , 2 І-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, 1 ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, 2 «Қызыл жұлдыз» ордені , 1
«Жауынгерлік Қызыл Ту»
ордені, 3 «За отвагу» , «За победу» , «За взятие Кенисберга» медальдарымен , 7
Сталиндік «Алғыспен»
наградталған. Бейбітшілік заманда 1
І-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен (1985ж.
«Ұлы Жеңістің 40 жылдығына» ), 8 мерекелік медаль («Ұлы
Жеңістің10, 20,30,40,50жылдығы»)қосылған.
8 орден ,11 медальдің
, 7 Сталиндік «Алғыстың»
иесі еңбек
және соғыс ардагері,
гвардия подполковнигі Әлжан Көшенұлы Жалғасбаев 1920 жылы 5 мамырда Қызылорда облысы, Жалағаш
ауданы, «Аққарық» колхозы, №15 ауылда дүниеге
келген.
1938 – 1940
ж.ж. Оңтүстік
Қазақстан облысы Свердлов
ауданы Тегістік мектебінде мұғалімдіктен қызмет жолын бастаған.
1940 жылы әскер
қатарына шақырылып, 1941 жылы Мәскеу қаласындағы
Подольск артиллерия училищесіне жіберілген.
1941, 25 маусым – 1946, 15 ақпан Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін 1946-1947ж.ж. облыстық мәдениет бөлімінің басшысы;
1947-1949 КОКП ОК
Алматы Партия мектебінде тыңдаушы;
1949-51ж.
Қазақстан саяси және ғылыми білімін тарату
қоғамының Қызылорда облыстық
бөлімінің жауапты хатшысы,
1952-69ж.
жұмысшы – жастар мектебінің мұғалімі , директоры
қызметтерін атқарған ;
1969,24 шілде - 1992,15 тамыз Тасбөгет
кентіндегі №11 қазақ мектебінің алғашқы
әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып, жастарға әскери-патриоттық
тәрбие берумен айналысқан.
Жалпы Әлжан атаның
бар ғұмыры – ерлікпен өткен ғұмыр. Ол кісі
алпыстан асқан шағында да кітап дүкенінде сатушыға
суық қарумен шабуыл жасаған әбжіл қылмыскерді
пышақ тіліп түскен алақанының шапшыған
қанына қарамай тыпыр еткізбей
ұстаған жаужүрек батыр. Қарт майдангердің сондағы ерлігі облыстық
газетте жазылған.[10]
Ұлы жеңістің 70 жылдық
мерейтойы қарсаңында №11
орта мектебіміздің алғашқы әскери даярлық
кабинетіне Ұлы Отан соғысының ардагері Жалғасбаев
Әлжан Көшенұлы есімі беріліп,ол кісінің
ескерткіш-бюсті қойылды. Кабинет Әлжан атаның
ұрпақтарының күшімен жабдықталып,мектеп
оқушыларына
үлгі-өнеге болатын өмірі, тарихы жайлы көп деректер
жинақталып, стендтер фотосуреттермен, мәліметтермен
жасақталды. Қазіргі таңда оқушыларға ол
кісінің ерлік жорықтары мен бейбіт кезеңдегі еңбек
жолын өнеге етіп, тәрбиелік іс-шаралар өткізудеміз.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың
«Қазақстанның болашағы –қоғамның
идеялық бірлігінде» деген еңбегіндегі мына бір тамаша ойға
жүгінсем дұрыс болар: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге
, соның бай да
даңқты тарихына,
оның болашағына өзінің қатысты екенін
мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап, жасауы
қажет. Елдің мәселелері де, келешегі де барлық
адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам
бала кезінен Қазақстан- менің Отаным, мен үшін
жауапты екені сияқты мен де ол
үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп
өсуі тиіс».Міне, осы сөздің өзі –тұла бойы
тұнған отаншылдық тәрбие міндеттері.
Сәбидің бойында ең алдымен анасына, өз отбасына,
өз үйіне, туған жеріне деген жылы сезімнен бастау алатын,
тұлға есейген сайын біртіндеп ұлт, халық,әлеумет,
мемлекет деңгейіне көтеріле беретін бұл сезім адамның бүкіл
ғұмырына жалғасып жатады.
« Қазақстан- біздің ортақ
үйіміз, біздің
бабаларымыз да осы жерді мекен
етеді.Егер біз өзімізді сынауды білер болсақ, оны
жасампаздықпен жаңғыртып, бой көрсеткен әрбір тал
шыбықты мәпелеп өсіріп
отырмасақ, онда біз өзімізді нағыз патриот деп санай
алмас едік », деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі
мемлекетіміздің келешегінің тұтқасын ұстайтын жас
ұрпақты осы бастан Отанына, атамекеніне шын берілгендік рухында
тәрбиелеуден артық борыш жоқ екендігін көрсетеді.
Адамгершілікті, тәрбиелі адам- кез келген
мемлекеттің байлығы, әлеуметтік өмірдегі бейбітшілік
пен мәдениеттіліктің кепілі.
70 жыл толған Ұлы Жеңіс тарихымызға неғұрлым
тереңдей еніп, алыстаған сайын оның ұлылығы мен
маңызы артып келеді.Бүгінгі ұрпақ , яғни
біздің алдымыздағы міндет- Ұлы Жеңістің
мұраттарына адал болып, аянбай еңбек ету.
Жыл өткен сайын ардагер аталарымыздың
саны азайғанмен, олардың жасаған ерлігі бүгінгі бейбіт күннің бір
өлшемі дегім келеді!
Тағдырдың
жазуымен 1995 жылы 75 жасында
дүние салған соғыс ардагері гвардия подполковнигі
Жалғасбаев Әлжан Көшенұлының майдандағы
ерлік өнегелеріне сай бейбіт өмірде де ұлағатты
ұстаз, парасатты жарқын бейнесі біздің жүрегімізде
ұзақ уақыт сақталады.
Әдебиеттер:
1.
Қаражанова А.Р. «Ерліктің өшпес нұры»
«Тарихи тағылым және болашақ
Қазақстан»Республикалық ғылыми-тәжірибелік
конференцияның материалдар жинағы,5 мамыр,2015, 54-бет
2.
Қызылорда облысы «Нұр Отан»партиясы Жастар қанаты сайты, office@zhasotan.kz
3.
«Шырағың сөнбесін» анықтамалық суретті кітап,
Тасбөгет 1995ж.
4.
// Қазақ елі , 2
сәуір, 2010 , 8-бет
5.
inform.kz/rus/article/2765950 ғаламтор материалы
6.
Мырзахметова Н. «7 орден
алған азамат» //
Айқын, 15.04.2015 ,4-бет
7.
Мырзахметова Н. «7 орден алған азамат» //
Айқын»газеті 15.04.2015 ,4-бет
8.
Сәдібекұлы Айжарық
“Шұғыла шуағы” очерктер мен толғаныс толқындары,
Алматы, “ARNA”- 2011, 65 бет
9.
Сәдібекұлы
Айжарық “Шұғыла шуағы” очерктер мен
толғаныс толқындары, Алматы, “ARNA”- 2011, 67 бет
10. “Ленин жолы”, “Ерлік жалғаса береді” 23 февраля 1981 г.