Ф.ғ.к., Ибрагимова Ж.А, Шуренбай Г.

 

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

    Оқушылардың рухани –адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудағы Абай тағылымдары  

         Оқушылардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру мәселері көптеген ғылыми зерттеулерге арқау болған.                              .
      «Адамгершілік» ұғымының педагогикалық термині ретінде ғылыми тұрғыда қалыптасқан өзіндік мағынасы бар. Ал «руханилық» ұғымының мәні әртүрлі салаларды қамтитыны белгілі. Бірақ, бұл ұғым педагогика ұғымында категориялық деңгейдегі анықтамаға ие бола қойған жоқ. Рухани-адамгершілік тәрбиесі қоғамның барлық сатысында зерттеу объектісі болып отырғаны баршаға белгілі.                  .
         Рухани-адамгершілік құндылықтар мәні, тәрбиелік маңызы туралы қазақ ғұламалары, қоғам қайраткерлері мен ағартушы-педагогтар ой-пікірлері мен көзқарастары бар (Әл-Фараби, Ж. Баласағұн, Қожа-Ахмет-Иассауи, Абай Құнанбаев, Ш. Құнанбаев т.б).

         Мектеп оқушыларының бойында ұлттық құндылықтарды Абай шығармашылығы арқылы қалыптастыру мәселесі барлық кезеңдерде өзектілігін жоймай, оқу-тәрбие үрдісінің зерттеу нысанасы болудан тайған емес. Қазіргі жаһандану дәуірінде еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеуде, олардың құндылық қасиеттерін дамытып, қалыптастыруға зор көңіл бөлу-мемелекетіміздің саясатының бірі. Қазіргі кезең бүкіл өркениетті дүниеде ұлттардың өзін-өзі тануы, ұлттық сананың оянуымен байланысты сипатталады.    Жеке тұлғаның бойындағы адамгершілік құндылықтар: ұлттық  мәдениетке,туған ел мен жерге деген патриоттық сезім қалыптастыру мектепке зор жауапкершілік  жүктейді.Оның негізі ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу. Бұл жеке тұлғаның ата-бабаларының  жақсы, ізгі қасиеттерінен өнеге, тәлім-тәрбие алуына жол ашады. Қазақ тарихындағы,қала берді әлемге әйгілі дара да дана есімдердің бірі – Абай есімі.

    Халық педагогикасы – халық мәдени мұрасы. Халық педагогикасы сол халықтың (ұлттың) этностық ерекшеліктеріне байланысты дамып, қалыптасқан.
         Адамгершілік - ең жоғары құндылық деп қарайтын жеке адамның қасиеті, адамгершілік және психологиялық қасиеттерінің жиынтығы.
Адамгершілік тақырыбы - мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру - ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті.

         Рухани – адамгершілік құндылық – белгілі бір бағытты, мақсатты, жүйені, ұлттық көзқарасты, мінез – құлықтағы адамдық тәртіп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жүйе. Рухани адамгершілік құндылық – адамдық қасиетінің өлшемі – оның жақсылыққа талпынуы, өзге адамға жанашырлық білдіруі, айналадағы адамдарға қайырымы, өмір сүруге ұмтылысы, өмір сүру мәселелері жайында іздену, өзін – өзі танып, сол арқылы дүниені – әлемді тануы.
        Тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға оны орындатуға, өзіне өзі талап қоя білуге тәрбиелеу, адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты. «Еліміздің – күші патшада, сәбидің күші жылауында», - демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз – адамгершілігімізде болуы керек.                
        Балаға жастайынан адамгершілік қасиеттерді бойына дарытып, ойына сіңдіру керек.  Бұл үшін үш мүмкіндік бар:

·       кез─келген пәнді оқытуда рухани─адамгершілік құндылықтарды қосып отыру;

·       осы құндылықтарды сыныптан тыс сабақтарда дамыту;

·       оқу бағдарламасына арнайы сабақтар енгізу.

         Кез─келген пәнді оқытуда рухани─адамгершілік құндылықтарды қосып отыру. Рухани тәрбие әлемдегі әр құбылыстарда көрініс табады. Сондықтан оны қалаған пәніңізге арқау етуге болады. Әрбір пән оқушыда адамгершілік қасиеттерді дамытуға үлес қоса алады. Мысалы, қазақ тілі сабағында бір тақырыпты бекіту үшін оқулықтан мәтін беріледі. Сол тұста оқушыға талдаумен қоса, рухани тәрбие беретін мағынадағы мәтінді ұсынуға болады. сонымен қоса тәрбие сағаты кезінде оқушыларды адами құндылықтарға тәрбиелеуге машықтанған дұрыс. Себебі тәрбие сағатының уақыты осыған арналған.

Адамгершілік – рухани тәрбие берудің қағидалары:

·       Балаға жүрегінді сыйла

·       өзіңнің бала болғанды ұмытпа

·       өз тәрбиесіне өз еркімен қатысуына жағдай жаса

ü     Егер баламен достық қарым – қатнас жасасаң, ол адамгершілікке үйренеді

ü     Егер баланы қолдай білсең, ол ұстазын сыйлауды, бағалауды үйренеді

ü     Егер бала адалдықта өмір сүрсе, ол әділ, шыншыл болады.

ü     Егер бала қауіпсіздікте  өмір сүрсе, ол адамдарға сене біледі

         Қисық ағаш түзетуге келмейтін сияқты, балаға жастайынан дұрыс тәрбие беріп, түзу жолға салып жібермесе, кейін қисық жолдан шығарып алуға оңайға түспейді.Оқушыларды рухани адамгершілік тәрбиелеу мәселесі әрбір ата- ананың, қоғамның және жалпы мемлекеттің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі. К.Д. Ушинский: «Тәрбиелеудің басты міндетін адамгершілік әсер етуден құрайды»,- десе, дана Абай: «Ақпейіл және ықыласты жүрек адамды жетелеуі тиісті,сонда ғана оның еңбегі және табыстылығы ерекше мәнге ие болады. Адам болып дүниеге келу жеңіл, бірақ адам болу қиын»,- деген болатын. Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ  ұрпағымыз тәрбиеден ғана  рухани байлық алып, тәрбие арқылы  ғана  Адам болып қалыптасады.          

Мектеп оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу – ең алдымен оқыту үрдісінде қалыптасады. Әр түрлі пәндерді оқыту кезінде бастауыш сынып оқушыларының достық, жолдастық, өмірге деген белсенді көзқарас, Отан туралы ұғымдары қалыптасып дамиды. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ата- аналарды қадірлеу, еңбектенуге үйренеді. Бұл жаста балалар сапалы тәртіпке, жолдастық өзара көмекке, адамның көңіл- күйін түсіне білуге дағдыланады.

Елімізде рухани адамгершілік тәрбиені жетілдіру мемлекеттік міндет деңгейінде көтеріліп отыр. Бұл міндеттің практикалық шешімі  - «Өзін – өзі тану» пәнінің енгізілуі, оның авторы С.А. Назарбаева. Өзін – өзі тану пәнінің басты міндеті- өзінің дүниетанымына үңілу, өзіңді сүю мен сыйлай білу, өз ісіне жауапты болу, өз арыңмен келісімде өмір сүру, өзіңнің жанына жақын іспен айналысу, адамдарға мейірімділік таныта білу, ізгілікті болу. Ақын адамды әкенің емес, адамның баласы болуға үгіттейді. «Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» - деп, ғибрат тастайды. Абай адамдықтың басты қасиеті-адамгершілік екенін баса жырлайды. Адамшылықтың алды – «махаббат, ғаделет, сезім» дейді. Адамшылықтың тәрбие арқылы келетініне көз жеткізеді.

         Өмірін Абайды зерттеуге арнаған М. Әуезов былай дейді: «Абай сөзінің негізін адамгершілікке тірейді. Барлық өсиет ой-толғау еңбектерінің

қорытындысы тағы да адамгершілік тәрбие екенін танытады. Адамды қор қылатын ең залалды жаманшылықтарды санап өтеді. Олар үш нәрсе: «надандық, еріншектік, залымдық». Ақын адамдар арасындағы береке – бірлік, достық ынымақтастыққа ерекше көңіл бөледі »

 Абайдың көрегендігі мен ұлылығы сонда, ол әрқашан да тарихи сабақтастықты көре білді-оқуда, тәрбиеде және білім мен ғылымды беруде де. Ұлы ойшыл ақынды халықтың өмір мен табиғат заңдарына, адамгершілік заңдарына бағынбай, өзінше өмір сүріп жатқаны көп толғантқан. Осындай дамылсыз ойлар ақынды өлеңнен қара сөз жазуға мәжбүр етеді.   

         Абайдың 3-ші қара сөзінде: «Қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болғаның, бірінің тілеуін бірі тілеулеспейтұғының, рас сөз аз болатұғының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әрқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрымсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады»- дегенді оқуға болады.

         Абай сана мен қайырымдылық жайлы айтқанда, ғасырлар бойы қалыптасқан халық даналығына сүйенсе, ал өзінің өлеңдерінің идеясы менен адамның жан дүниесіне үңілуіне келгенде, ол – бірінші адам еді. Абайдың гуманистік ізденістері мен педагогикалық көзқарастары қоғамдық, моральдық принциптерін толықтыра түсті.

         Абай өз шығармаларында, әсіресе, философиялық ой-тұжырымдарында адамгершілік қасиеттерінің кейбір түрлеріне талдау жасайды: адалдық, шыншылдық, әділдік, саналылық, ар-ұят, достық және т.б. Адамгершілік ұғымдарының кейбіріне жанамалай моральдық-этикалық ұғымдармен байланыстырып өтеді. Абай өз отандастарына адамның тек қана еңбекпен ардақты екенін айтты және дәлелдеп берді. Өзінің жүректен шыққан жалынды сөздерін өзіне кейінгі ұрпаққа арнай отырып, Абай қараңғыдан жарқын болашаққа қара жол салады. Нағыз достық Абай шығармаларында ең жоғарғы бағаға ие бола алады. Абай өз күні үшін жүрген қулардың достығы – шын достық емес. Ол ең бірінші сынға да төтеп бере алмай, үгітіліп  түседі. «Жаман дос көлеңке сияқты, дейді Абай, - күн шықса – қашып құтыла алмайсың, ал басыңа бұлт шалса – іздеп таба алмайсың» Абай өзіне дос таңдаған адамның алдына белгілі шарттар қояды. Аса жақын дос көп болмау керек дейді ақын, ал дұрысырақ айтқанда, ол біреу-ақ болады. Егер адамда достары көп болса, оларға жақсы қатынастан арыға бармау керек дегенді айтады.

Жалқаулық, қорқақтық, қырсықтық, бірбеткейлік және т.б. Абай адам еркінің жаман жағына жатқызады.

            Қорыта айтқанда, келер ұрпақтың болашағы үшін толыққанды жетілген тұлға болып қалыптасуының маңызы өте зор. Жастардың бойында ең маңызды деген моральдық нормалар, әдет-ғұрып, адамгершілік, ар-ождан, адамға ізгілік әкелетін рухани құндылықтар және адами қасиеттерге тәрбиелеу алдыңғы қатар ұрпақтың елшісінде деген ойға жетелейді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Абай. Абайдың қара сөздері. Алматы.1992.

2.     Абай. Энциклопедия-А. Қазақ энциклопедиясы. 1995

3.     Тәрбие құралы, 3/2009.

4.     Бастауыш мектеп. №6 2003 жыл. №4 2009 жыл.

5.     Қазақстан мектебі. №11 2010 жыл