ПЕДАГОГИКА. Современные методы преподавания

Физика пәнінің мұғалімі А. С. Токанова

Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебі,

Мойынқұм ауданы, Жамбыл облысы, Қазақстан

Физика сабағын оқытуда жаңа әдіс – тәсілдерді қолдану тиімділігі

Әрбір мұғалімнің негізгі мақсаты - сабақ сапасын көтеру, түрін жетілдіру, заманауи технологиялардың әдіс- тәсілдерін, элементтерін қолдану арқылы оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру, олардың ізденуін, танымын қалыптастыру. Осы мақсатта физика пәнінде әр түрлі әдістерді қолдануға болады. Оқу - тәрбие үрдісінің сабақта дұрыс жүргізілуі үшін әр алуан оқыту әдіс- тәсілдерінің тиімдісін мүмкіндігінше және оқушылардың жеке жағдайларына байланысты таңдап алуға көп көңіл бөлу керек.

Оқытудың әдіс- тәсілдерін тиімді таңдап алу оқытуда табысқа жетуге негіз болады, әрі сабақтың тиімділігі мен сапасын барынша арттыруға мүмкіндік береді. Оқушыларға терең білім беру үшін мұғалім пәнді жетік меңгеріп, оны оқушыларға ғылыми тұрғыдан негіздеп, қарапайым тілмен, өмірмен байланыстырып бере білуі қажет. Сабақта оқушыларды таң қалдырып, себебін білгілері келетін әр түрлі қызықты тәжірибелер мен физикалық фокустарды ұдайы қолданған орынды. Ең бастысы әрбір сабақ өз дәрежесінде өтуі қажет. Сол себепті сабақтарымда төменгі әдіс түрлерін қолданамын:

Бинарлық әдістер бір - бірімен тығыз байланысты оқыту мен оқудың тәсілдерін (хабарлау, міндеттер қою, мұғалімнің тапсырма беруі, оқушылардың тыңдауы, жаттығулар орындауы, есептер шығаруы, мәтінді оқуы, т.б.) қолдануды талап етеді.

Монологтық баяндау әдісі қолданылса, онда мұғалім әңгімелейді, ғылымның дайын қортындыларын, ережелерін, фактілерін хабарлап оқиғаларды суреттейді, іс- әрекеттің үлгілерін көрсетеді және оқушыларға тапсырмалар береді.

Зерттеу әдісін қолданғанда мұғалім оқушыларға тәжірибелік сипаттағы тапсырмалар (тәжірибе жүргізу, қосымша ақпарат, фактілерді жинап оларды өз бетімен талдау және қорытындылау, өз ойын дәлелдеуге керекті материалдарды жинау, т.б) береді.

Демонстрация әдісі арқылы заттар мен құбылыстар тәжірибе жасау арқылы немесе техникалық құралдардан, кинофильмдерден, диафильмдерден көрсетіледі.

Түсіндірмелі- иллюстративтік әдіс арқылы адамзат жинақталған тәжірибені аз уақыт ішінде беруге болады.

Дедукция әдісі арқылы оқушы өзі білетін қорытындыларды, ережелерді, ғылыми заңдарды бақылау жүргізгенде, тәжірибе жасағанда, жаттығу жазғанда қолданады.

Индуктивтік әдіс. Оқушыларды белгілі бір қорытындыларға әкелу. Алдымен оқушыларға жеке заттар, құбылыстар түсіндіріледі, фактілерден қорытындылар шығартады.

Ынталандыру әдісі. Оқыту процесінде баланың оқу іс - әрекетіне оң көзқарасын туғызу керек. Оқылып отырған материалдың оқушыны тебірентуі, қуанышқа бөлеуі, таң қалдыруы, аяушылық сезімін тудыруы сабақтың мақсатына жетуді тездетеді.

Ой майданы әдісі. Бұл әдіс арқылы педагогикалық бөлімнің оқушылары шағын топтарға бөлініп, мектеп оқулығынан бір тақырыпқа әзірленіп 5-20 минут сабақ береді, содан кейін сабақ талқыланады, бағаланады, оны келесіде жақсы өткізу жолдары белгіленеді. Сабақты түгел бейнежазбаға жазу оны талдауды жеңілдетеді. Бұл әдіс мұғалімдік жұмысқа дағдыландырады.

Интерактивті әдіс- диалогтік әдіс, нәтижесінде сабаққа қатысушылар бір- бірімен байланыса отырып, мәселелерді шешеді.

Осы әдіс- тәсілдерді пайдалануда оқушылар төмендегідей нәтижеге жетеді:

1.        Сабаққа деген ынтасы, қызығушылығы артады.

2.        Оқушылар өз бетімен іздену жолдарын үйренеді.

3.        Өз ойын, схема, кесте, суреттер, физикалық тәжірибелерді пайдалану арқылы еркін жеткізеді.

4.        Физикалық тілде сөйлеу мәдениетін дамытады.

5.        Іздену іс- әрекеті қалыптасады.

6.        Оқушылардың өз бетімен жұмыс жасау ынтасы оянады.

7.        Зертханалық және сарамандық жұмыстарды өз бетінше жасауға дағдыланады.

Оқыту тәрбие берудің мақсаттарын, ұстамдарын меңгерту және өз бетімен оқу, білім алуы арқылы белгілі бір нәтижеге жетеді. Ол нәтиже сапалы болса, білім сапасы артады. Өз деңгейі арқылы нәтижеге жетеді. Білу қабілетін арттырады және олимпиадаларға, байқауларға қатысады.

Физика пәніне оқушының қызығушылығын арттырып, түрлендіре жүргізсе, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Ол мұғалімнің пәнге сүйіспеншілігі мен қажырлы еңбегі арқасында жүзеге асатыны хақ. Жаңа әдістерді әр сабақта шеберлікпен қолдана білу, пәнді оқытудың сапасын арттыратынына сенімім мол.

Әдебиет:

1. «Математика және физика» журналы. №2, 2006ж

2. «Математика және физика» журналы. №5, 2008ж

3. «Математика және физика» журналы. №2, 2005ж

4. «Физика және астрономия» журналы №4, 2007 жыл

5. «Физика» журналы №6, 2006 жыл