Тоғызқұмалақ  ойынының негіздері, принциптері және тактикалық тәсілдерінің әдістемесі

Кегенбаев С.Ж., Камысбаева Ж.Қ.
Қазақстан, Тараз, Тараз техника және бизнес колледжі

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ

 

Тоғызқұмалақ- қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорт ойындарының бірі.  Бұл бас шынықтыратын ойынды біздің ұлттық «шахматымыз» десе болғандай.      Бұл есеп ойыны екенін естен шығармай, қалай болса солай  бастап, отаудағы құмалақтарды мақсатсыз жүре беруден  сақ болу керек. Жүріске мән бермеу ойынның сапасын төмендетеді, оның нәтижесінде, ойыншының көңіл-күйіне де кері әсері тигізеді. Ойыннан шығатын нәтиже ең алдымен сайысқа түсіп отырған  екі адамның ақыл-ойымен, тәжірибесімен тығыз байланысты. Алға қойған  мақсатты жүзеге асырудың жоспары болады. Осындай жоспарлы ойынның әрбір кезеңдеріне сай, жасалған тартыстың жалпы барысын, негізгі бағытын – стратегия деп, ал қолданылған жеке айла-тәсілдерді тактика деп атайды.  «Тоғызқұмалақ» ойынын жаңадан  үйренуші адам әрбір ойында бірінші жүрістен бастап-ақ өзінің алдына айқын стратегиялық жоспар қойып ойнауды дағдыға айналдыру керек.         Жалпы тактика мен стратегия бір-бірімен тығыз ұштасып,  әрі  бір-бірін  толықтырып тұрады. Сондықтан кезінде бірнеше  тактикалық әдістерді қолдана   біліп,  стратегиялық жоспар  құрған ойыншы тек спорттық нәтижеге ғана ие болып қоймастан, үлкен  творчестволық өсу жолына түседі. Демек, талапкер «мүлдем жоспарсыз ойнағаннан, жаман болса да жоспар құрып ойнау жүз есе артық» деген қағиданы  ұстауға тиіс.

       Ойын кезінде тартыс алғашқы   жүрістерден-ақ шиеленісе түседі. Дойбы, шахмат ойындарындағы сияқты тастарды жинақтап, шабуыл, қорғанысқа  даярлау  деген сирек жағдай. Өйткені ақ жағының алғашқы жүрісі-ақ бірнеше құмалақтарды ұтып алуға жеткізеді. Сондықтан ойыншы бірден ойланады.  «Қай  отаудан  жүрсем екен?», «Ойынды қалай бастасам екен?», «Құмалақтарды отауларда қалай орналастырсам екен?», Міне, осындай сұрақтардың тууы да заңды.       

         Бұл принциптер мыналар:

а)  тақта үстіндегі ойын  күштеріне жауапкершілікпен қарау;

ә)  отаудағы құмалақтарды өрістете білу немесе оң  жақ отаулардан  ойнау;

б)  жүрістерді есептеу.

         Ойын  күштеріне жауапкершілікпен қарау.  Бұл  принцип бойынша - ешбір мақсатсыз, жоспарсыз, ойламай өз жағындағы отаудағы құмалақтарды  қарсыласына ұтқыза беруге  және отаудағы құмалақтар  санын  азайтуға болмайды. Өз  отауларындағы құмалақтар санын кеміту және ұтқыза  беру оның күшін әлсіретеді, көбіне ол ойыншыны ұтылысқа  әкеліп соқтырады. Сондықтан отаудағы құмалақтар санына ойынның басынан жауапты қарау керек. Отаудағы құмалақтарды өрістете білу немесе оң жақтан  бастап ойнау.      «Тоғызқұмалақ»  ойынындағы негізгі мақсат бірінші жүрістен бастап-ақ қарсы жақтың жүрістерін тарылтып, дұрыс позицияға ие болу. Бұған жетудің  басты шарттарының бірі – тақта үстінен  жақсы  орындар «жаулап» алу, яғни құмалақтардың ойнау күшін дұрыс өрістете білу немесе оң жақтан бастап ойнау. «Тоғызқұмалақ» ойынында жүрісті есептеу жолы өте көп.  Тек өз жүрісінің ғана мақсатын белгілеу, есептеу керек емес, қарсы жақтың  да мақсатын біліп, жүрісін мұқият есептеп отыру керек. Бұл  принципті  сақтамаған жағдайда, яғни есептен жаңылу, жалығу және  есептеуде қате жіберу ұтылысқа әкеліп соқтырады.  Тактикалық  тәсілдер жоғарыда айтылған принциптер арқылы құрылған жоспар-мақсатты іске асыру жолдары, әдістері болып табылады.

Тактикалық тәсілдерге мыналар жатады:

1)     Айырбасқа шақыру;

2)     Байлау» қойып ойнау, яғни қарсыластың отаудағы құмалақтарының  жүрістерін тарылту.

3)     Комбинация жасау, яғни отаулардағы құмалақтарды  шабуылға ыңғайлы орналастыру.

4)     Осал отауларға  шабуыл жасау.

5)     Атсырату

    Айырбасқа шақыру  - өзінің бір отауындағы  құмалақтарды қарсыласына жеуге беріп, соша құмалақтарды қайтарып ұтып алу.  Айырбасқа шақыру тақта үстіндегі стратегиялық  пунктерді  «жаулап» алу үшін, қарсы жақтың позициясына әлсіздік  тудыру үшін, отаудағы құмалақтардың шабуылдық күшін  өзгерту үшін, қолайсыз  жағдайдан шығып кету үшін және мүмкіншілігі болса ойынды өз пайдасына шешу үшін жасалады.

     «Байлау»   қойып ойнау, яғни отаудағы  құмалақтардың жүрістерін тарылту. Тақта  үстіндегі ойыншы өзінің бір немесе екі отауында жатқан құмалақтардың жүрістерін тарылтып,  жүрістеріне кедергі жасап, ұстап тұратын болса, «тұздық»  алуға не «байын»  ұтуға дайын отырады. Бұл «байлау» қойылды делінеді.       Комбинация жасау  –өз тасыңнан  тас алу. Осал отауларға  шабуыл жасау -қарсыластың ашық тұрған отауларындағы тастарды алу үшін шабуыл жасау.        Атсырату дегеніміз- ойын соңында қарсылас жақтың жүрісі қалмай қалған жағдайда, екінші жақтағы ойыншы қалған тастарын өзіне қосып алады.        Ойындарды талдап, үйреніп, зерттеу, әрбір бастаманың, тарамдалу жүрістеріне ат тағу, ойынның келешектегі міндеті деп білу  керек.   Тоғызқұмалақ ойынын үйрену, ойнау  жастарымызды көп нәрсеге үйретеді  деп сенемін.

                            Қолданылған әдебиеттер

1.     Ә. Ақшораев «Тоғызқұмалақ» Тараз, 2000.

2.     С. Тілеубаев   «Тоғызқұмалақ - өнері»  1999 ж.

3.     Д.Қамысбаева., Н. Байзақова «Тоғызқұмалақ ойынын оқып үйрену әдістері»  1998 ж.