Е.Е.Түйте, Қ.Е.Биғожин, А.А.Блялова

 

 

Тіл – таңбалар жүйесі ретінде

 

Тіл білімінің негізгі зерттеу нысаны – тіл (адамзаттың сөйлеу тілі). Тіл – дыбыс пен мағына бірлігінен тұратын таңбалар жүйесі. Тіл лингвистиканың нысаны болса, ал таңбаларды арнайы семиотика (кейде семиология) ғылымы зерттейді. Бұл терминді алғаш тіл біліміне енгізген швейцар ғалымы – Фердинанд де Соссюр. Семиотика ХХ ғасырдың 30-ншы жылдарында дербес ілім ретінде қалыптасты. Мұның дербес ғылым ретінде қалыптасуына антикалық және ортағасыр ойшылдарының, сонымен қатар ХІХ ғасыр тілші ғалымдарының еңбегі зор. Атап айтар болсақ, Аристотель, Демокрит, Дж.Локк, Ч.Сандерс, Ч.Моррис, В. фон Гумбольдт, Ф. де Соссюр, Б. де Куртэне, Л.Ельмслев, Э.Кассирер, Р.О.Якобсон, К.Бюлер, Я. фон Юкскюлл, Т.Себеок, Р.Барт, У.Эко, Ю.С.Степанов.

Ч.У.Моррис семиотиканың 3 аспектісін ерекше атап көрсетті: семантика, синтактика және прагматика [1]. Семантика немесе семантикалық қарым-қатынас таңбаның білдіретін мағынасын, синтактика немесе синтаксистік қарым-қатынас таңбаның қарым-қатынасқа түсу негізін, прагматика немесе прагматикалық қарым-қатынас таңба мен таңбаны қолданушы арасындағы байланысты қарастырады.

Ф. де Соссюр тілдің таңбалар жүйесінен тұратындығын айта келе, оның материалды және идеялық жағы бар деп көрсетеді. Алғашқысы – таңбалаушы, соңғысы – таңбаланушы. Екі ұғым бір-бірімен тығыз байланыста келіп таңбаны құрайды деп есептеді [2]. Таңбалаушы – сыртқы жақ, ол – дыбыстардың тіркесі, кешені. Таңбаланушы – ішкі жақ, ол – ұғым, мазмұн. Ф. де Соссюр сөздің осы екі қырын еш уақытта бірінен-бірін жеке бөліп қарауға болмайды, олар бір-біріне байланысты шыққан деп есептейді. Ал шындығында, мұның қайшы пікір екендігі, таңбалаушы мен таңбаланушының арасындағы қатынастың бөлінбейтін біртұтас еместігі кейіннен шықты. Бұл байланыстың бір жақты, шартты ғана екендігі жөнінде А.Ельмслев былай дейді: «Это линейность означающего и означаемого сама по себе оказывается абсолютно условной, немотивированной и, по существу, принципиально несущественной» [3]. Тілдің таңбалық сипаты сөйлеуді құрайтын элементтердің жиынтығына (морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.б.) және тілдік тұлғалардың құрылысына байланысты. Тілдегі таңбалық қызметі осы сөздердің дыбыстық жамылғышы атқарады. Дыбыстық таңбалардың барлығы бірігіп келіп бір жүйе – таңбалар жүйесін құрайды. Бірақ тілдегі таңбалық бөлшектердің жүйесін таңбалардың басқа түрлерімен, мысалы, жол бойы белгілерінің жүйесімен, цифрлар жүйесімен немесе әскери сигналдар жүйесімен бірдей деп есептеуге болмайды. Олардың арасында көп айырмашылық бар [4]. Осы тұста Ф. де Соссюрдің кемшілігі тiлдiк танбаны таңбаның басқа түрлерiмен қатар қоюында еді.

Таңба деп басқаға білдірмекші ойдың белгісін айтамыз. Таңбаның екі түрі болады. Біріншісі – тілдік таңба, екіншісі – көмекші таңба. Екеуі де коммуникацияны жүзеге асырады. Тілдік таңбаларға фонема, сөз, морфема, сөз тіркесі, сөйлемдер жатса, көмекші таңбаларға заттық, дыбыстық, сәулелік, ымдап-нұсқау белгілері т.б. жатады. Көмекші таңбаны өзгертуге болғанымен, тілдік таңбаны адам өзгерте алмайды. Тілдік таңба тілдің ішкі (интралингвистика) және сыртқы (экстралингвистика) даму заңдары арқылы ғана өзгере алады. Мысалы, оғлан – ұл, сарығ – сары, қарлығаш – қара ала құс болып өзгеруі, аға – туыстық атау, оның аға (старшый) болып мағына аясының кеңеюі тілдің заңдары негізінде жүзеге асқан. Көмекші таңбалар тілдік таңбалар негізінде ғана түсінікті болады.

Тілді тар және кең мағынада қарастыруға болады. Тар мағынада тіл дегеніміз – адамдардың күнделікті өмірде қарым-қатынас жасауына негіз болатын құрал болса, кең мағынада тіл таңбалар жүйесі ретінде түсіндіріледі. Ол:

1)  адамзат тілі – дүниежүзіндегі адамдар сөйлейтін тіл (тіл білімінің нысаны ретінде);

2)  этникалық тіл, яғни бір кезеңдерде өздігінен пайда болып, дамып, белгілі бір этностың (субэтнос немесе этностар тобы) қарым-қатынас жасауына қызмет ететін тілі;

3)  қарым-қатынастық тіл – (көбіне пиджиндер), яғни этникалық байланыстың негізінде табиғи тілдердің араласуы нәтижесінде пайда болған тіл. Мұндай тіл бірде-бір этностың ана тілі болып есептелінбейді және уақытша қарым-қатынас жасау үшін ғана қолданылады;

4)  жасанды тіл, яғни мұндай тілдер адамдардың бір-бірімен оңай қарым-қатынас жасауына негізделген қолдан жасалған тілдер. Мәселен, эсперанто, идо, воляпюк, клингон т.б.

5)  ымдық тіл – бұл даму мүмкіншіліктері шектелген адамдардың ымдап-нұсқау арқылы сөйлеу тілі;

6)  арнайы тіл – ақпараттық технология (компютьер) тілі (Алгол, SQL);

7)  жануарлар тілі;

8)  таңбалар жүйесіне (көмекші таңбалар) негізделген тіл (жолда жүру таңбалары, гүл таңбалары т.с.с.).

Осындай «Әртүрлі таңбалар жүйесін пайдалана отырып  тіл адамдар арасындағы коммуникацияны жүзеге асырады, қоршаған ортада болып жатқан жағдайлардан хабардар етеді, ойыңды, сезіміңді толғанысыңды білдіреді, қарым-қатынасқа түсушімен ақпарат алмасуға негіз болады» [5].

К.Аханов, Т.Қордабаев, Ф.Оразбаева сынды ғалымдардың пікірлерін басшылыққа ала отырып, Г.Камешева өз жұмысында дыбыстық тіл таңбалары мен дыбыстық тілге жатпайтын таңбалар арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды былай көрсетеді:

1. Дыбыстық тіл таңбалары да, дыбыстық тілге жатпайтын таңбалар да адамдардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қызмет етеді, адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады;

2. Дыбыстық тіл таңбалары мен дыбыстық тілге жатпайтын таңбалар да белгілі бір нәрсе туралы хабарлайды, алайда дыбыстық тілге жатпайтын таңбалар арқылы берілген хабар шартты түрде болуы мүмкін;

3. Тіл – ойды білдірудің, пікір алысудың, адамдар арасындағы қатынастың кең көлемде қолданылатын, айналадағы өмірді танып-білудің, ойды қалыптастырып, дамытудың күрделі құралы. Оны қоғамдағы бүкіл адамдар өмірдің, іс-әрекеттің барлық саласында қолданады. Ал басқа таңбалар жүйесінің қолдану өрісі тілге қарағанда әлдеқайда тар, хабарлау мүмкіндігі анағұрлым аз болады.

4. Тіл мазмұнды ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге адамдардың хабарланатын жайға қатысын, қалай қарайтынын, ұнатуын немесе ұнатпауын, эмоциясын т.б. оның түрлерін білдіреді. Мәселен, стилистикалық синонимдер сөздердің эмоционалды және экспрессивті сапасына негізделеді. Мысалы, «қуаныш» дегеннен гөрі «шаттық» дегеннің эмоционалды-экспрессивті жағы күштірек.

5. Дыбыстық тілге жатпайтын таңбалар жүйесінде таңбаның бір ғана предикаттық мәні бар түрі болады. Өз жүйесіндегі басқа таңбалармен мағыналық байланыста болмағандықтан, әр таңбаның өзіне белгіленген бастапқы мазмұны өзгермейді, басқа таңбалар мазмұнына әсері болмайды. Мысалы, «%» белгісін біз «пайыз» деп білеміз, оның өзге мағынасы жоқ.

6. Дыбыстық тіл таңбаларына қызметті белгілі біреулер немесе шағын бір қауым алдын ала жасаған келісім бойынша белгілеп бермейді. Ол белгілі бір тілде сөйлейтін (қазақ, орыс, ағылшын) бүкіл қауымның табысы, сондықтан ол тілдік қауым мүшелерінің барлығына да белгілі, жалпыхалықтық болады.

7. Қызметі жағынан алғанда дыбыстық тілге жатпайтын таңбалар алдын ала белгілеп қойылған белгілі бір жайды ғана хабарлап білдіреді. Олардың коммуникативтік рөлі сапалық жағынан да, сандық жағынан да мейілінше шағын болады.

8. Дыбыстық тілге жатпайтын таңбалар жүйесі қолдан жасалады. Олар келісім бойынша өзгере алады. Таңбалардың мұндай жүйесі қоғамдағы барлық адамның қатысуымен емес, сол мамандық өкілдерінің қатысуымен және олардың келісімі бойынша жасала береді.

9. Ал дыбыстық тілдің дамуы қоғам мүшелерінің еркіне бағынышты емес. Әрбір жаңа ұрпақ қоғамдық тілдің біреуін немесе бірнешеуін үйренуі мүмкін. Мысалы, рим цифрларының жүйесі араб цифрларының жүйесімен ауыстырылды, жаңадан нөл таңбасы енгізілді. Дыбыстық тілге жатпайтын таңбадағы мұндай өзгерістер стихиялық түрде емес, саналы түрде, келісім бойынша болады. Дыбыстық тіл бұлайша өзгере беруге көнбейді. Ол өз дамуының заңдары бойынша өзгереді, өзінің дербес қасиетін сақтайды [6].

Түйіндей келгенде, тіл таңбалар арқылы ұғынықты, түсінікті болады. Тілдік таңба да, көмекші таңба да тілдік қарым-қатынасты жүзеге асырудың басты құралы болып саналады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1     Моррис Ч.У. Основания теории знаков // Семиотика. – М., 1983. – C. 37-51.

2     Соссюр Фердинанд де. Курс общей лингвистики. – М., 1999. – 296 с.

3     bibliotekar.ru/yazikovedenie

4     Оразбаева Ф. Тілдік қатынас. – Алматы, 2005. – 272 б.

5     http://homepages.tversu.ru/ Сусов И.П. Введение в теоретическое языкознание

6     Камешева Г.Қ. Қазақ тілдесімінің көмекші құралдары. Филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясы. – Астана, 2007. – 128 б.