САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ  - САНА МЕН ДЕНЕ ҮЙЛЕСІМІ

 

Сламкулов А.Ш.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық

университетінің магистраны

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар», [1]    деп ерекше мән беруі  қоғамның дүниетанымы жоғары, белсенді, азаматтық ұстанымы қалыптасқан, биік деңгейлі адамгершілік және көшбасшылық қасиеттері бар, сана мен дене қарым-қатынасы үйлескен тұлғаға сұраныс тудырып отырғанын дәлелдей түспек. 

Кез келген елдің болашағы – оның басты құндылығы - халқының денсаулығына байланысты.  Біздің болашақтағы бағытымыз – салауатты өмір салты. «Денсаулық», «Салауатты өмір» ұғымдары денсаулықты сақтаудың басты терминдері ретінде У.Жәнібеков, К.С.Әбішев, К.Д.Ордабаев, А.К.Айтпаев, К.Б.Жарықбаев, В.В.Цистов, К.Ж.Қожахметова және т.б зерттеуші ғалымдар еңбектерінің өзекті мәселелері болып табылады және қазіргі кезде де жаңаша өрлеу үстінде.  Педагогика саласындағы бірқатар зерттеуші ғалымдар Н.М.Амосов ,  Д.Ф.Ақбердиева,  В.В.Колбанов ,  Г.К.Зайцев, И.И.Соковня-Сейшона, А.С.Иманғалиев, Г.Сисенғалиева, Т.Г.Тынынбаева, Ж.З.Торыбаева, С. Исаев, Е.Г. Жук  және т.б. еңбектерінде салауатты өмір салтына тәрбиелеудің педагогикалық стратегиясы оқушының алған, алатын білімі мен тәжірибесі негізінде жүргізілуі, орындалуы тиісті деп көрсетеді және де салауатты  өмір салтына тәрбиелейтін кезеңді тізбектей анықтау қажет екендігін айтады [2].

А.С.Иманғалиевтің пікірінше «салауатты өмір салты» адам организмінің резервтік мүмкіншіліктерін жетілдіретін күнделікті тіршілігінің типтік формалары мен тәсілдері, әлеуметтік және кәсіби қызметтерін саяси, экономикалық, әлеуметтік-психологиялық жағдайлардан тәуелсіз орындауды қамтамасыз ету. Г.Д.Әлімжановтың ойынша салауатты өмір салты «білім, ептілік, дағдыланумен байланысты, оның негізінде әрбір оқушының денсаулығы, күнделікті шынығу әдістемелері жатыр». Ж.З.Торыбаеваның пікірінше тұлғаның салауатты өмір салты, жан жақты дамуы әлеуметтік тәжірибені меңгеру іс-әрекеттіліктерімен сипатталады. Салауатты өмір салты – еңбек ету және демалыс режимдері, тамақтану жүйесі, даму мен шынығу жаттығулары, өз-өзіне және өзгелерге қарым-қатынастық, тұрмыстық, өмірлік мақсаттылықтар. Яғни, салауатты өмір салты өте күрделі және жан-жақты ұғым. Оған тек қана медициналық, биологиялық және психологиялық компоненттер ғана кіріп қоймай сонымен қатар әлеуметтік, экономикалық, экологиялық құрылымдар да кіреді [2-3].

Халқымыздың тіршілігі мен бірлігі, жарқын келешегі көп ретте денсаулық мәдениетінің қаншалықты дәрежеде қалыптасуына байланысты. Денсаулық – ел дамуының басты арқауы, тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы. Денені үнемі ширықтыру, шынықтыру, сананың сапа деңгейін көтеру, интеллект өрісін биіктету, рухыңды шыңдау - бәрі де денсаулыққа қызмет етеді. Қазіргі уақыттағы әлеуметтік - экономикалық жағдай, тіршілік деңгейінің құлдырауы және экологиялық қолайсыздық Қазақстан Республикасының бүкіл халқының, әсіресе, өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсерін тигізуде.

Ел Президентінің “Қазақстан - 2030” жолдамасындағы ұзақ мерзімді басымдықтың бірі – “Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл ауқаты” тармағында,“…азаматтарымыздың өз өмірінің аяғына дейін сай болуы және оларды қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшін” азаматтарымызды салауатты өмір салтына әзірлеу қажеттігі көрсетілген. Бүгінгі таңда өз тәуелсіздігін алған егеменді еліміз осы бағытта Қазақстан мектептеріне жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан дара тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіп қойылған [4].

Салауатты өмір салты (СӨС) — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Қазіргі мәліметтер бойынша денсаулық 53-55%- ға салауатты өмір салтына тәуелді болады екен. Бұдан салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екендігі айқын.

Бірінші байлық – денсаулық дейміз. Бірақ осы сөздің салмағын, жүктер  жауапкершілігін көбіне сезбейтін де, мойындамайтын да сыңайлымыз.

“Тәннен жан артық еді, - дейді Абай атамыз - тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ біз олай қылмады, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүрген еді. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік, жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргеннен-ақ тойдық…” [5]. Тәннен жан артық… Билік жанда ғой. Бірақ ғұмырымыз аз ба, көп пе… кеше, бүгін, шамасы ертең де билік жанда емес тәнде Пендешіліктен тәнді тоғайтып, сөйтіп аурулар қатарын молайтып жүрген жай бар. Тым болмаса, жан мен тән бірлігін, ара қатынасындағы бірлікті неге сақтамасқа? Біреу үшін емес, өзің үшін, отбасың, өзіңсіз толайым болмайтын көкірегің үшін.

Денсаулық - тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы. Денені үнемі ширықтыру, шынықтыру, сананың сапа деңгейін көтеру, интеллект өрісін биіктету, рухыңды шыңдау - бәрі де денсаулыққа қызмет етеді десек қателеспейміз.

Қазіргі уақыттағы әлеуметтік - экономикалық жағдай, тіршілік деңгейінің құлдырауы және экологиялық қолайсыздық Қазақстан Республикасының бүкіл халқының, әсіресе, өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсерін тигізуде.

“Дені сау адам - табиғаттың ең қымбат жемісі” деп тегін айтылмаған.
Қазіргі қоғамымызда халықтың табиғи өсімі төмендеп, сырқаттанушылық және өлім–жітім деңгейі арта түсті. Әсіресе, балалар мен жастардың денсаулығы қауіп тудыруда. Темекі тарту, ішімдік пайдалану, есірткі құмарлық және улы заттарға әуестік, адамгершілікке жат мінез-құлық, ерте жыныстық қатынас кеңінен етек алуда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының дерегі бойынша халық денсаулығының 49-50 % өмір салтына, яғни адамның өз денсаулығына қалай қарайтынына тәуелді, 17-20 % қоршаған орта ерекшеліктеріне байланысты. Сонымен қатар денсаулық қатерінің негізгі факторларына мыналар да енеді: қозғалыс күшінің кему салдарынан қимылдың кемуі (гиподинамия) дене массасының артуы, жүйесіз тамақтану, қоршаған орта нысандарының барлығының көптеген уытты заттармен ластануы, өндірісте және тұрмыста күйзеліс туғызатын жағдайлар, зиянды әдеттердің – шылым шегу, алкоголь пайдалану, нашақорлық көп таралуы.

Қорыта келгенде, академик Н. М.Амосов айтқандай: “Денсаулығың мықты болуы үшін мәнді өз күшің болу қажет, оны еш нәрсемен ауыстыруға болмайды”.

Салауатты өмір тіршілігі – денсаулықты сақтаудың және нығайтудың негізгі, ол жан - жақты дамыған азаматтың қалыптасуына, оның рухани, дене дамуына әсер етеді. Денсаулыққа кері, жағдайсыз әсер ететін көптеген факторлар бар: ауырып жазылу; никотин мен алкогольге құмарлық; еңбектің, тұрмыстың жайсыз жағдайларының созылмалы әсері; дұрыс тамақтанбау (оның жеткіліксіздігі және шамадан тыс көптігі); көңіл күйдің жылдам ауытқуы, еңбек пен ретсіз демалыстың бұзылуы, ауаның, судың бұзылуы; дәрі - дәрмекті және тұрмыс химиялық заттарын орынсыз пайдалану. Бұл факторлардың ішінде бірінші қатарда қимыл - қозғалыстың аздығы [6]. Осы тұста біз П.Ивановтың «Детка» жүйесінің сана мен дене үйлесіміне көп әсер етінін айта кеткіміз келеді.

Порфирий Корнеевич Иванов - уақытты жарты ғасырға басып озған жан. Оның қарапайым әдісі - "Детка" немесе "Иванов жүйесі" деп аталады.

Оның нұсқаулары:

• өзіңді жақсы сезіну үшін күніне 2 рет табиғи суық суға шомыл. Ыстық суға

шомылсақ, суық сумен нүктесін қой;

• шомылар алдында, не шомылып жатқанда табиғат аясына шық, жалаң аяғыңмен жер бас. Ауаны аузыңмен қармап, бірнеше рет дем ал да іштей өзіңе және өзге жұртқа денсаулық тіле;

• арақ ішпе, темекі тартпа;

• аптасына кем дегенде 1 рет тамақсыз не сусыз күн кешуге тырыс;

• қоршаған ортаны сүй. Айналақа түкірме және ештеме тастама. Бұл сенің

саулығың;

• денім сау болсын десең барлық адаммен сәлемдес;

• бойыңдағы жаман қылықтардан арыл. Жұртқа сен және оларды сүй;

• адамдарға әсіресе көмек сұрағандарға көмектес. Оның қажетіне бар жан-

дүниеңмен көмектес. Ол сенің досыңа айналады, соныңмен әлемдік іске ат салысасыз;

• жексенбі күні табиғатқа жалаң аяң шығып, бірнеше рет тыныс ал да, ойлан;

• ауру, сырқат, өлім жөнінде ойлаудан қаш. Бұл сенің - жеңісің;

• ес пен ойды бөле қарама. Оны жүзеге асыр;

іс жөніндегі тәжірибеңді үлгі-өнеге ет. Бірақ ол үшін мақтанба да, өзіңді-өзің өреден жоғары ұстама. "Ұлық болсаң-кішік бол [7].

Р.К.Иванов жүйесі тұлғаның сана мен дене қарым қатынасын реттеуге көп септігін тигізеді.

Сана мен дене үйлесім тапқанда ғана адам биік белестерді бағындырып, рухани кемелденуге дейін жетеді. Қорыта келе айтарымыз сана мен дене қарым-қатынасын ретке келтіру тұлға үшін оңай болмасы ақиқат. Ендеше, рухани кемелденуге жету үшін еңбек етуден аянып қалмайық.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1               Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауы. - 2014, қаңтар – 17.

2               Демеуов А.Қ. Дене тәрбиесі сабақтарында жеке тұлғаны қалыптастырудың әдісі //«Қазіргі жағдайда салауатты өмірді қалыптастырудың инновациялық технологиялары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы. –Шымкент, 2006. -35-36 б.б. (Г.Л.Сауырбекова, У.О. Мұсаевпен авторлық бірлестікте).

3               Ленченков И.С. Физкультурно- оздоровительная и спортивно-массовая работа в образовательных учреждениях. / И.С. Ленченков.  Усть-Каменогорск:  из-во ВКГУ, 2003

4               «Қазақстан - 2030» стратегиясы. – Алматы, 1997.

5               Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы: өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Көркем әдебиет, 1957. - 368 б.

6               Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1992. – 240 б.

7               «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998, II том