Талапбаева Гульнар Едиловна
э.ғ.к, қауымдастырылған профессор м.а
Сабанбаев Абылайхан Бексұлтанұлы
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университеті
Мемлекеттік және
жергілікті басқару мамандығының магистранты
Мемлекеттік басқару
жүйесінде көшбасшылықты дамыту жолдары
Тиімді басқару әрекетінің құрамдас бөлігі болып табылатын көшбасшылықты дамыту тұжырымдамасы мемлекеттік қызметшілердің жұмысын жетілдірудегі мақсаттар мен міндеттерді, негізгі бағыттарды, стратегияларды айқындайтын теориялық нысан болып табылады. Ол өз кезегінде көшбасшылықтың ұйымдастырушылық басқарудың нәтижелілігіне тікелей тигізетін әсері есебінен мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға жағдай жасайды.
Мемлекеттік басқару шеңберіндегі ұйымдастырушылық байланыстарды нормативтік деп айтуға болады, өйткені олардың сипаттамалары мен мазмұндары қоғам өмірінің кез-келген мүшелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қалыптастырылады.
Көшбасшылықты мемлекеттік басқару құрылымына кіріктірілген элемент ретінде қарастыруға болады. Бұл көрініс мемлекеттік басқарудағы замануи үдерістерге қатысты көшбасшылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бұл мемлекеттік басқарудың даму бағыттары әлеуметтік бағдарланған басқару арнасында көшбасшылықты дамытудың бастапқы тиістілігіне қарай оның тұжырымдамалық негіздерін әзірлеудің алғышарты болып табылады. Көшбасшылықты дамыту тұжырымдамасын әзірлеу ішкі ұйымдастырушылық өзара әрекеттерді дамыту басымдықтарымен және мақсаттарымен байланысты болып, мемлекеттік органдардың ішкі жүйесінде іскерлік әріптестік қағидалары арқылы құрылып, азаматтардың тарапынан мемлекетке деген көзқарастарының өзгеруін сипаттап, іс-әрекеттер субъектілері мен объектілерінің өзара трансформациялық жайғастырылуы, қоғамдық басқаруды ұйымдастырудың демократиялық қағидаларымен айқындалады. Мемлекеттік басқару жүйесінде көшбасшылықты дамытудың тұжырымдамасы өзара келісілген жүйелерді көрсетеді. Себебі олардың мақсаты тек басқару тиімділігін арттыру ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің рөлін оңтайландыру, өйткені ол халықтың мүддесін ғана іске асырып қана қоймайды, сонымен бірге азаматтық қоғамды қалыптастыруда белсенділік танытуында болып отыр.
Мемлекеттік басқаруда көшбасшылықты дамытудың негізгі бағыттары мен басымдықтары, ең алдымен, диссертациялық зерттеу жұмысының 2-тарауындағы эмпирикалық зерттеулерге сүйенуі қажет. Өйткені аталған әлеуметтік зерттеудің қорытындылары оның негізгі даму бағыттарын анықтайтын көрсеткіштерден құралған. Бұл әртүрлі ұйымдастырушылық сатыларының түрлі лауазымдық деңгейлерін құратын қызметшілер тарапынан көшбасшылықты түсіндірудің маңызды бөлігі болып табылады. Тұжырымдаманың негізгі бағыты ол оның білім беру бөлімі болып табылады. Бұл аталған ұғымның білім беру саласына жататын белгілерді жинаған көп мағыналылығымен байланысты.
Олардың құрамына келесілер кіреді:
1. Мемлекеттік басқару жүйесінде көшбасшылықты алдыңғы қатарға қоятын бірыңғай жүйені дамыту бойынша келісілген басқарушылық шешімдерді қабылдау тетіктерін құру. Бұл инновациялық білім (ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен өңірлік орталықтар) қызметін болжау мен стратегиялық жоспарлау іс-әрекеттерінің үйлесімді жүзеге асырылуымен қатар, басшыларды даярлау, олардың білім сапасына (замануи деңгейдегі басқарушылық әрекеттерге қатысты әлеуметтік-психологиялық технологияларды қолдану) қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу жолымен аталған жүйені жаңғырту жөнінде келісілген шешімдер қабылдауды көздейді. Бұл ережелер көшбасшылық ерекшеліктерінің әлеуметтік феномені ретінде келісіліп, оның дамыту шараларының жүйесі дәстүрлі оқытудың (дәрістер, семинарлар, практикалық сабақтар) шеңберінен асып, оқыту объектісінің тұлғасына белсенді түрде әсер етіп, әдіснамаларды қолдануды көздейді.
2. Мемлекеттік қызметтегі басшылардың көшбасшылық қабілеттерін қалыптастыру жүйесінің бірыңғай тәсілін айқындайтын оқу бағдарламалары мен нормативтік құжаттарды алқалық дайындау. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау сатысы мен деңгейін анықтау, осындай оқу бағдарламаларын стандарттау, аттестаттау мен аккредитациялау мәселелерін реттейтін нормативтік базаларды құру. Мұндай шаралар өз кезегінде мемлекеттік органдардың тұрақты қызмет жасауларына жағдай жасап, бірыңғай оқыту кеңістігінің шеңберінде жаңа басқарушылық мәдениеттерді әзірлеуге өзіндік әсерін тигізетіні сөзсіз. Басшыларды даярлау білім сапасын қамтамасыз етіп отыратын тиімді бақылау жүйесін құру. Мұндай жұмыстар, ең алдымен, көшбасшылық түрлі ғылыми мектептер мен әлеуметтік жағдайларды (жеке қасиет теориясы, іс-әрекет тәсілі, танымдық тұжырымдама, жүйелік тәсіл, жағдайлық теория) талдау бағытын зерттеу пәні болғандықтан анықталады. Сондықтан оқу бағдарламаларының дұрыс әзірленуі үшін және олардың пайдалылығын бағалау мақсатында, көшбасшылықты қарастырған түрлі ғылыми мектептер мен бағыттардың зерттеу нәтижесінде алынған түсініктерді ескеру қажет. Аталған диссертациялық жұмыс барысындағы қойылған міндетке сәйкес, әртүрлі авторлардың берген анықтамаларын компиляциялау зерттеу пәнін және мемлекеттік басқарудағы көшбасшылыққа әсер етуші тетіктер мен факторларды толық зерделеуге мүмкіндік береді.
3. Белсенді ақпараттық ресурстар мен ұйымдастырушылық үлгілерін әзірлеу мақсатында, ақпараттық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету жүйелерін қалыптастыру. Өз кезегінде, мұндай шара алдыңғы қатарлы ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен мемлекеттік қызметшілерді даярлайтын өңірлік орталықтарға бірлескен оқыту бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл рәсім мемлекеттік қызметтің өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, оқу бағдарламаларының жергілікті жағдайларға қарай ыңғайлау арқылы, өңірлік оқу бағдарламаларының компоненттерін дербес қалыптастыру бойынша тәсілдерді қарастырады.
4. Мемлекеттік басқару жүйесінде көшбасшылықты дамыту жұмысына барлық мемлекеттік органдарды тарту тетіктерін құру және басқару сапасын бағалаудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін әзірлеу. Бұл іс-әрекет бағытының екі қыры бар. Біріншісі мемлекеттік органдардың бөлімшелерін құрайды және оның функцияларына оңтайлы білікті ұйымдастырушылық кадрлық құрамды қамтамасыз етеді, себебі олардың жауапкершілігіне қарай ұсынылып отырған оқыту бағдарламаларының іске асырылу сапасын қадағалау арқылы мемлекеттік органдардағы көшбасшылықтың дамуына қарай бағыттайды. Екіншісі – оқу бағдарламаларының басты нысаны, яғни мемлекеттік органдардың басшылары мен мемлекеттік қызметшілер, өйткені ол көшбасшылық санаттарының дербес басқарушылық компоненттерін бағдарланған іс-әрекет түрі, бұл басқарушылық өзара іс-әрекеттер басқару объектілері мен субъектілерінің ерекшеліктерін ескеруі тиіс. Бұл аталған көшбасшылық зерттеулерімен дәлелденеді, себебі сол арқылы барлық басқару әрекетінің қатысушылары (басшылар мен қызметкерлер) көшбасшылықты даму үрдісіне тартылуы тиіс екендігін байқатады.
Мемлекеттік басқару жүйесінде көшбасшылықты дамыту мен қалыптастырудың негізгі мақсаты басқару тиімділігін қамтамасыз етуде ішкі ұйымдастырушылық өзара іс-әрекеттердің жаңа сапасына қол жеткізу, қызметі оңтайландыру, билік құрылымдары мен азаматтардың өзара әрекеттерін көрсетеді. Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін келесі басымдықтардың шешімін қарастыру қажет:
- мемлекеттік басқару жүйесінде көшбасшылықты зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеушілік бағдарламалар құру;
- оқу курстарын әзірлеу және мемлекеттік басқаруда тиімді көшбасшылықты жүзеге асыру үрдісін әдістемелік қамтамасыз ету;
- көшбасшылық негізінде басшыларды басқару технологияларына оқыту бағдарламаларын іске асыру;
- нақты ұйымдастырушылық жағдайға жүгіне отырып, үнемі бақылау жүйесін құру және басқару сапасын жетілдіру мүмкіндіктерін қарастыру.
Оның негізінде ғылыми басымдықтарға ие болған қағидаттар жатыр. Олардың ішіндегі негізгілері келесідер:
1. Ғылымилық қағидаты: көшбасшылықты қалыптастыру іс-шаралары зерттеу мәліметтеріне негізделуі, сонымен бірге басқару саласындағы ғылыми жетістіктері, әлеуметтік даму заңдылықтары, мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудың заманауи кезеңдері арқылы сипатталуы тиіс;
2. Жүйелілік қағидаты: көшбасшылықты қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өзара байланысқан, өзара ықпалдасқан және басқарушылық әрекетіне қатысушы басшы мен қызметкерге бағытталған әсерін көрсетуі керек;
3. Кешенділік қағидаты: барлық басқарушылық жүйенің жан-жақты қамтылу қажеттілігі, яғни, барлық бағыттар мен ұйымның құрылымдық қасиеттері (жас ерекшеліктерін, гендерлік саясат, білімділік, кәсібилік және т.б.) ескерілуі тиіс;
4. Дербестік қағидаты: көшбасшылықтың өзіндік ерекшелігіне қарай басқару санаттарымен байланыстылығы, басшылар мен қызметкерлердің тұлғалық әсерлілігі басқару үрдісінің әрбір қатысушысының тұлғалық қасиеттерін ескере отырып іске асырылу қажет;
5. Қол жетімділік қағидаты: көшбасшының қалыптасуының негізгі тетіктерін құраушы рәсімдер деңгейлері ықпал етуші объектіге сәйкес болуы және оның күрделілігі кезең-кезеңімен арттырып, әрбір қатысушының дағдыларымен өлшенуі тиіс.
Қазақстан Республикасында көшбасшылықты дамытуда келесідей мәселелер қалыптасқан:
- корпоративтік мәдениетті қажетті деңгейде бағаламау;
- көшбасшыларды іздеу ауқымының тарлығы;
- тиімділікті дұрыс бағалай білмеу.
Жоғарыдағы көшбасшылықтың негіздері арқылы келтірілген басқарушылық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының ережелері тек қана оқу бағдарламаларына, дәрістерді жүргізу үлгілеріне өзгерістер енгізіп қана қоймай, сондай-ақ мемлекеттік органдардың персоналды басқару бөлімдерінің де мәртебесін өзгертуге алып келеді. Мұндай өзгерістердің, ең алдымен, кадрлық құрам туралы статистикалық мәліметтер әзірлеумен ғана айналысып отырған, персоналды басқару бөлімдерінің функцияларына қатысы бар.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі