П.ғ.к., доцент Белгібаева Г.Қ.
магистрант Жумкина Д.Б.
студент Батырбекова Л. Д.
Қазахстан, Академик Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Дидактикалық
ойын мектеп жасына дейінгі балалардың ақыл-ойын дамыту
құралы ретінде
Қазіргі жас ұрпақ, ертеңгі
болашақ иесі болғандықтан интеллектуалдық
қабілеттері толық жетілген, өзінің және
басқа да ұлттардың төл мәдениетін білетін,
құрметтейтін, рухани дүниесі бай, жоғары білікті, жан-жақты дамыған болуы міндетті.
Бұл туралы мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан
жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты
жолдауында айтып өтті, яғни өмірдің баға жетпес
құндылығы – балаға, бала тәрбиесіне,
болашағына көп көңіл бөлді. Сондай-ақ, «Бала тәрбиелеу -
болашаққа үлкен инвестиция» деуінде үлкен мән
жатыр [1]. Баланың алғашқы білім-білік дағдылары
балабақшада қалыптасады. Ал мектеп жасына дейінгі балалардың
жан-жақты дамуында ойынның рөлі ерекше. Бұл жайында К.
Чуковский «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық
шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы
балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып
қалған болар еді»,-деп бала денесінің дамуы мен
ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді
екендігін атап көрсеткен.
Ойын – мектепке дейінгі балалар үшін айналаны
танып-білу тәсілі. Ойынның негізгі ерекшелігі, ол балалардың
қоршаған өмірді, адамдардың қимылын,
іс-әрекеттерін, бала қимылынан туған жағдайдағы
қарым-қатынасын бейнелеуі болып табылады. Ойында іс-әрекет
пен сөздің ұштасуы өзара байланыста жүреді [2].
В. А. Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда «Ойын баланың
алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық
қабілетін дамытады, ойынсыз ақыл-ойдың қалыптасуы
мүмкін емес».
Ойынның түрлері өте көп,
солардың ішіндегі ең маңыздысы – дидактикалық ойындар
болып табылады. Педагогикада дидактикалық ойындарға былай
анықтама беріледі: дидактикалық ойындар дегеніміз – балаларға
белгілі бір білім беріп, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатын
көздейтін іс – әрекет [3]. Дидактикалық ойындарды пайдалану
мәселесі педагогикалық теорияда кеңінен
қарастырылған. Атап айтсақ С. Ахметов, А. Алдабергенов, Ж. С.
Хайдаров, М. В. Кларин, А. Қайырбекова, Г. Төлтаева, А.
Әбселемова, А. Әбішова және тағы да басқа
ғалымдар дидактикалық ойындардың маңызын,
түрлерін, қолдану жолдарын көрсеткен.
Дидактикалық ойындарда ең алдымен
балалардың ойлау қабілеттері дамиды, олардың білімі
жүйеленеді. Дидактикалық ойындар 3 топқа бөлінеді.
Олар: үстелдік-баспалық дидактикалық ойындар; заттық
дидактикалық ойындар; сөздік дидактикалық ойындар [4].
Мектепке дейінгі кіші жаста заттармен – доппен,
шеңбермен ойын жиі қолданылады. Мектепке дейінгі ересек жаста
неғұрлым қозғалыс ойындары, дидактикалық ойындар,
шығармашылық ойындар аса қызықты болады. Дидактикалық
ойын өзінің қызметі мен атына сай орындалуы үшін, оның
арнайы құрылымы болуы шарт. Оның құрылмы
төмендегідей: міндеті; әрекет; ереже; нәтиже, ойынның
аяқталуы.
Тәрбиешіге дидактикалық ойындарды талдау
кезінде міндеттің орындалғанын, әрекеттің жүзеге
асырылғандығын, ереженің сақталғанын,
ойынның белгілі бір нәтижеге әкелгендігін
қадағалаудың маңызы зор.
Дидактикалық ойындардың мазмұны –
қандай да болмасын ақыл – ой міндеттерін жүзеге асыру.
Ережені орындау ойды, қиялды, есті дамытуға ықпал етеді.
Дидактикалық ойын арқылы дүниені тану басқаша
түрге ие болады, ол күнделікті оқуға
ұқсамайды, мұнда қиял – ғажайып та, жауапты
өз бетінше іздеу де, белгілі болмыс пен құбылысқа
жаңаша көзқарас та, білімді толықтыру мен кеңейту
де,жекеленген құбылыстар арасында өзара байланысты,
ұқсастықты және айырмашылықты тағайындау да
бар.
Әр түрлі жастағы балалар үшін
дидактикалық ойындарды тапсырманы бірте-бірте күрделендіру
арқылы жүргізеді. Ойындар балалардың жан-жақты дамуына
мүмкіндік туғызады, олар ақыл-ой тәрбиесі мен
сенсорлық дамуда айырықша маңызды, ойындардағы дидактикалық
элемент қызықты әсерлі болуымен, ал ойынның
мақсаты тапсырманы орындаудағы еріктілікпен ұштасып отырады.
Дидактикалық ойын әуелден-ақ ойын әрекетінің
мазмұнына сай жасалады, түпкі нәтижесі де алдын ала
белгіленген. Дидактикалық ойыншықтар мен ойындар балаларды белсенді
ойын әрекетіне жетелейді, өйткені бала ойнай жүріп,
түрліше қимылдар жасайды: анықтап қарайды, ұстап
көреді, түсін, пішінін, көлемін салыстырады,
бөлшектейді, қарапайым қорытынды жасайды.
Үстелде ойнайтын баспа ойындар ойын барысын
ұйымдастыру принциптері жағынан алуан түрлі. Әрбір
ойынның мазмұны, ережелері, ойын барысы мен аяқталуы
айқын, ойынның барлық элементтері өзара байланысты.
Бұл ойындар балалардың айналадағы заттар мен
құбылыстар туралы, табиғат туралы, заттардың сапалары
мен қаиеттер туралы түсініктерінің кеңеюіне
мүмкіндік береді. Столда ойнайтын баспа ойындары қолдың
икемділігін жетілдіреді, балалардың ептілігін, қимыл-әрекет
дәлдігін, көз мөлшерлеуін дамытады. Ойын ережелерінің
орындалуы балалардан белгілі бір ерік жігерді, өз әрекеттері мен
мүдделерін ойынның басқа қатысушыларының
әрекеттерімен және мүдделерімен үйлестіре білулерін
талап етеді.
Ойындағы жағдай мен ондағы
іс-әрекеттер мектепке дейінгі шақтағы баланың
ақыл-ой әрекетінің дамуына үнемі әсер етеді. Ойында
бала заттың баламасымен іс-әрекет жасауға үйренеді.
Балама зат ойлау тірегі болады. Балама затпен іс-әрекет ету негізінде
бала сол зат жөнінде ойлауды үйренеді. Сонымен ойын едәуір
дәрежеде баланың ұғым тұрғысынан
ойлауға көшуіне көмектеседі [5].
Ойын балалардың өмірі мен әрекетін
ұйымдастыру түрі ретінде күн тәртібінде және
педагогикалық процесте өзінің нақты орнын алуы тиіс.
Балабақшада оқыту мен тәрбиелеу бағдарламасында
күн тәртібінде ойын үшін бекітілген уақыт
көрсетілген (ертеңгі жаттығу, серуенде, күндізгі
ұйқыдан кейін). Педагог балаларды ынталандыру үшін,
белсенділігін арттырып, жағымды эмоция туғызу үшін
қандай тәртіптік процестерді ойын түрінде беру керек
екендігін ойласытыруы тиіс.
Балалардың ой белсенділігін, саналы ойлана білуін дамыту және
жетілдіру – тәрбиешілердің негізгі міндеті. Қазіргі
таңда мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеуде сабақтар барысында
бірнеше сабақты қосып байланыстырып өткізу әдіс
–тәсілдерін қолдануға болады. Бала ойын іс-әрекеті үстінде білімді қалай игеріп жатқанын,
ал оқу үрдісінің қалай
ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуы тиіс. Сонда
ғана ойын және іс-әрекеттері табиғи бірлікте болып, пәндік білім, білік және дағдыны
игеруге толық ықпал
жасайды. Мысалы, мектеп алды даярлық топтарында сан санауға заттарды санап және олардың екі тобын салыстыруға, өлшеміне, пішініне
және түстеріне қарай ажыратуға
үйрету мақсатында «Жеміс жинау», «Өз орныңды тап», «Сан құрамын
анықта», «Құстарға қамқорлық»,
«Жапырақ жинаймыз», «Шырша безендіру» ойындарын
ойнатуға болады.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру
жүйесінде кеңнен қолданылатын дидактикалық ойындар,
мыналар: жұмбақ ойындар, санамақ ойындар, «Аң патшасы»,
«Фигураны тап», «Керекті санды қой», «Тізбек», «Себеттегі
сәбіздер», «Фигураларда қанша бұрыш бар», «Мынау кімнің
үйі?», «Есептеуіш машиналар», «Геометриялық эстафета», «Ою
құрастыру», «Ханталапай», «Десанттар» және т.б
Айнала
қоршаған ортамен таныстыру: «Алақай - ау, алақай!»,
«Ала қанат сауысқан», «Ұя жасайық», «Зымыран»,
«Балық аулау», «Нышандар», «Қоянға көмектес»,
«Саңырауқұлақ жинайық», «Кім қайда
мекендейді?», «Саңырауқұлақтар жинаймыз», «Шанамен
сырғанайық», «Үйректерге көмектес», т.б.
Сауат
ашу, тіл дамыту, көркем әдебиет сабақтарында : «Буыннан
сөз құрайық», «Алма бағы», «Қағып
ал», «Сиқырлы сөздер», «Орамал тастамақ», «Дүкен»,
«Орнынды тап», «Хаттың иесі кім?», «Күн мен түн»,
«Баспалдақ», «Сыр сандықты ашып қара» т.б.
Егер ойын іс-әрекеттің басқадай бір
түрімен тығыз байланыстырылса, онда ойынның
педагогикалық мүмкіндіктері арта түседі. Дидактикалық
ойындарды еңбекпен, бейнелеу және конструктивтік іс-әрекетпен
ұштастырған неғұрлым тиімді. Педагог балалардың
іс-әрекетін ойын түрінде ұйымдастыра отырып, біртіндеп
олардың белсенділігі мен ынталылығын дамытады, ойында
өзін-өзі ұйымдастыру дағдыларын қалыптастырады.
Педагогикалық процесте ойынды жан-жақты пайдалану оны мектепке
дейінгі кезеңде тұлғаны дамытудың объективті
заңдылықтарымен сәйкестендіреді.
Қорыта айтқанда, мазмұны бойынша
барлық дидактикалық ойындар балалардың ақыл-ой
белсенділігін, қабылдауын, есте сақтауын, зейінін
қалыптастырудың маңызды құралы бола отырып,
олардың бағдарлама материалының негізгі тақырыптары
бойынша алған білімдерін тереңдете түсуді, әрі
пысықтауды көздейді. Сондықтан да, тәрбиешілер
балаларға түрлі ойындарды үйретіп, оған өзгеше
әр беріп, жаңартып өткізіп отыруды үнемі есте
ұстағандары абзал.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1.
Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан
халқына Жолдауы. – Астана: Елорда,
2014
2.
Жұмабекова
Ф. Мектепке дейінгі педагогика: Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2008. – 336 б.
3.
Кішібаева Д.
Ұлттық ойындардың пайдасы /Бастауыш мектеп, 2004. – 256 б.
4.
Аралбаева
Р. К. Мектепке дейінгі педагогика: Оқу құралы. – Алматы:
Жоғары оқу орындарының қауылдастығы, 2012 – 220 б.
5.
Мухина
В. С. Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы: Қазақша
аудармасы. – Алматы: Мектеп, 1986 – 230 б.