Байдалиев Д.Д.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Наурызова Л.А.

Ы.Алтынсарин  атындағы №49 мектеп- гимназия, Тараз қ, Қазақстан

 

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бері, елдің сана-сезімінде түбегейлі өзгерістер болды. Бұл өзгерістер Қазақстан мемлекетін дүниежүзілік экономикалық қауымдастыққа толық мүше етумен қатар, еліміздің ішкі рыногын да әлемдік деңгейге көтерді. Мұнымен қоса, білім мен ғылым саласының алдында да жаңа талаптар пайда болды. Оның дәлелі - «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік  бағдарламасында» еліміздің білім жүйесінде реформалық өзгерістер жасау қажеттілігінен туындайтын басты бағыт-бағдарды айқындайды [1].

Бүгінгі таңда экология мәселелері өзекті маңызға ие бола отырып, мемлекеттік реттеудің қатаң түрлерін қолдануды, табиғат пайдаланушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ғана емес, келешек ұрпақтарға табиғат ресурстарын ұтымды пайдалануға және молықтыруға байланысты негіздерді қалыптастыру міндеттерін көздеп отыр.

Білім беруді дамытудағы негізгі мақсат-білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қоғамның жаңа талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары жастарды тәрбиелеуге қол жеткізетін сапалы, бәсекеге қабілетті білім ордаларын қалыптастыру. Осы тұрғыдан келгенде, үздіксіз білім беру жүйесінің базалық буыны саналатын орта білім беру мекемелерінің жастарға сапалы білім беріп, ұлтжанды азамат етіп қалыптастыруда атқарар рөлі зор.

Жаңа мыңжылдықта ғылым мен техниканың, мәдениеттің шарықтай, биікке көтеріліп, адамзаттың қол жеткізген табыстары өркениетті қоғамның іргесін бекіте түскені акиқат. Мұнымен қоса, адам баласының алдындағы басты мақсат-жер әлемнің амандығын, экологиялық ахуалдың бүтіндігін сақтау. Қоршаған ортаның ластану жағдайында болуы, адам өміріне қауіптің төнуі, салауатты, саналы өмір сүрудің жолдарын ойластыруға шақырады.

Экологиялық тәрбие мәселесі - ұрпақтың білімі мен тәрбиесін қалыптастырудың бір бөлігі. Сол арқылы, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани мәселелерді, қоршаған орта мен адам баласының денсаулығына ешқандай зиян келтірмей шешу жолдарын қалыптастыру керек.

Педагог В.А.Сухомлинский табиғат кұбылыстарының қай-қайсысы да адамға әсер ететіндігін, сондықтан оның сандаған сырларын білуді бала кезден қалыптастыру керектігін айтқан. Сондықтан, жылдың қай мезгілінде де табиғаттың әдемілігін танытып, сол арқылы бала жанына сұлулық пен тазалықтың нәрін құю керектігін мол педагогикалық жұмысының өзегі еткен [2, 46 б.].

Халқымыздың экология туралы, оны қорғап, сақтау жөніндегі салт-дәстүрлерін Н. Сарыбеков, М.Сарыбеков, Қ.Бөлеев, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев еңбектерінен байқауымызға болады.

Экологиялық тәрбиенің мақсаты - экологиялық сауаты терең, табиғатты қорғауда мақсатты әрекет ететін мәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады.

Экологиялық тәрбие жүйесінде маңызды кезең-оқушылардың экологиялық қызығушылығын ояту. Сондықтан, мектеп оқушылардың табиғатқа қарым-қатынасын, экологиялық құбылыстарды түсінуін, табиғатқа деген жауапкершілігін практикалык іс-әрекеті мен дүниетанымын қалыптастыру керек.  Осы міндетке сай бастауыш сынып оқушылармен өтілетін сыныптан тыс жұмыстардың да көптеген түрлері мен формалары бар: тәрбие сағаты, мерекелік кездесулер, апталықтар, танымжорықтар, экологиялық сабақтар, табиғатты қорғауға арналған қоғамдық пайдалы еңбек, практикалық жұмыстар және т.б.

Біздің пікірімізше бастауыш сыныпта дәстүрлі түрде экологиялық тәрбиеге байланысты жұмыстарды ұйымдастырудың дидактикалық принциптері мынадай болуы керек:

Тәрбиелей оқыту принципі - ауызша және жазбаша жұмыстар арқылы оқушылардың сана-сезімін дамыту, олардың бойында жерге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ұялату, табиғат қорғау ісіне берілгендігін қалыптастыру.

Ғылымилық принципі - этнопедагогика үлгілерін саналы түрде қабылдау арқылы оқушылардың қоршаған ортадағы құндылықтарды шынайы бағалауын қамтамасыз ету.

Белсенділік принципі - оқу материалдары негізінде оқушылардың ақыл-ой әрекетін жүзеге асыру, табиғат қорғауға қажетті мүмкіндіктерді тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де жүзеге асыру.

Оқушылардың жеке ерекшеліктерін дамыту принципі - қазақ этнопедагогикасының құндылықтарын жеткіншек бойында адамгершілік, имандылық, ізгілік, жомарттық, қайырымдылық, аяушылық сияқты адами асыл сезімдерді қалыптастыру.

Көрнекілік принципі - бастауыш сынып оқушыларының табиғат қорғау мәселесінің жай, ұранды сөзден гөрі адам жанын ауыртатын, қоғамды алаңдатып отырған жайға айналып отырғанын нақты ұғынуы үшін оқу -тәрбие жұмысында түрлі көрнекіліктерді көрсетіп, экологиялық мәселелерді кеңінен ашып беруге мүмкіндік беретін заттарды, мәліметтерді пайдалану.

Ғалым А.Бейсенбаеваның еңбектерінде көрсетілгендей пәнаралық мәселені де жүзеге асыру аса қажет. Әсіресе экологиялық тәрбие беруде ауыз әдебиетінің, жазба әдебиеттің мәтіндері мен табиғаттану сабақтарының, суреттің, дене тәрбиесінің арақатынасының байланысына жеткілікті мән берілуі тиіс.

Оқушыларды табиғат қамқоршысы етіп тәрбиелеу үшін «адам -табиғат» қарым-қатынасын қазақ тілі, ана тілі, дүниетану, еңбек, музыка, дене тәрбиесі сабақтарында тәрбие үлгілерін негізге алу, оларды өзара тығыз қарым-қатынаста көрсету өзінің жақсы нәтижесін береді.

Оқушылармен экологиялық мақсатта ұйымдастырылған тәрбие жұмысының маңызды шарттарының бірі - балалардың психологиялық ерекшеліктерін есепке алу болып табылады.

Жеті - он жастағы балалар білуге өте құмар болып келеді, олардың қызықпайтыны жоқ: аспан мен жер, күн мен жұлдыздар, су мен ауа, өсімдіктер мн жануарлар туралы білгісі келеді, оларды еңбек пен еңбек үдерісіндегі адамдардың қарым-қатынасы қызықтырады.

Балалардың ой-өрісі кеңейген сайын олардың ынтасы арта түседі, және қажетті алғы шарттар жасала бастайды.

Экологиялық мәселелерді шешудегі оқушылардың шығармашылық ізденісінің маңызы, экология негізі мен табиғат қорғаудың заңдылықтарын ғылыми тұрғыда қабылдауы мен түсінуін дамытудың да маңызы ерекше.

Оқушылардың бойында бастауыш сыныптан бастап экологиялық тәрбиенің негізгі, мәдениеттілік табиғатқа деген адамгершілік сезімі қалыптасады. Қазіргі қоғамдық жағдайда адамның табиғатқа деген қатынасын, экологиялық білімін қалыптастыруды, табиғат байлығын тиімді пайдалануды бүлінген жерлерді қалпына келтіруді міндет етіп қоюда. Бұл міндетті шешудегі маңызды істің бірі экологиялық тәрбиені қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімдерін қалыптастыруда мектептегі жеке пәндердің орны ерекше. Осыған байланысты, біздерге бастауыш сынып оқушыларына экологиялық білім және тәрбие берудің мазмұнын қайта құру қажеттілігі байқалды.

 

Әдебиет:

1.       Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы // Егемен Қазақстан, 17 наурыз 2016ж.

2.       Сухомлинский В.А. Балаға жүрек жылуы. – Алматы:  Мектеп, 1976. 324 б.