Ағылшын тілін оқытуда оқушыларды ауызекі сөйлеуге үйрету

 

Жаңақорған ауданы № 195 мектеп- гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі  Камшат Дүйсенбаева

 

  Аннотация: В  статье рассматриваются методы и приемы обучения  говорению на английском языке

Resume: The article deals with the methods and techniques of teaching speaking in English language

 

Тіл-сыртқы дүниені, қоршаған орта атаулары, құбылыстармен таныстырады. Танысу ауызша және жазбаша түрде жүреді яғни, оқушы шет тілін ауызша және жазбаша түрде пайдалана білуі керек. Шет тілін тыңдап түсіне білу және сөйлей білу ауызша түрге жатады. Жазбаша түрге жазу және шет тілінде жазылған мәтінді оқи білу жатады. Берілген жаттығуларды орындап, сөйлеу және оқу әрекеттері арқылы дұрыс нәтижеге жеткен оқушы өз ортасында ағылшынша еркін сөйлей алады .Сөйлеу үдерісінде сөйлеу механизмі қалыптасады, тыңдау мен оқуда тілдік материал қабылданады, ал сөйлеу мен жазуда тілдік қор пайдаланылады. Сөйлеу әрекеті-тілдік және сөйлеу материалы дағдылары мен біліктілік арқылы дамытылғанда ғана мүмкін болады. Тыңдау, сөйлеу, жазу және оқу дағдыларын қалыптастыру оқушының тілді ауызша да, жазбаша да меңгеруіне әсер етеді.Тілді жақсы меңгерту үшін бастауыш сыныптарда осы төрт дағдының негізін берік қалыптастыру керек [1]. Ағылшын тілін оқытудың басты мақсаты – оқушылардың ағылшын тілінде қарым-қатынас жасай алу негіздерін меңгеруі болып табылады. Олай болса тілді оқытудағы ең басты мақсат- оқушыны сөйлеуге, яғни айтар ойын жеткізе білуге үйрету. «Сөйлеу» -тіл дамыту жұмыстарының  бір түрі ретінде  үйретудің басты принциптерінің бірі болып табылады деген сөз. Алдымен сөйлеу дегеніміз не, соған тоқталып өтейік, сөйлеу-тіл арқылы ойымызды басқа біреуге жеткізу. Сөйлеу-пікір алысу процесінде жеке адамның белгілі бір тілді пайдалануы. Бір тілдің өзінде сөйлеудің сан алуан формалары болуы мүмкін Сөйлеу жеке адамдардың арасындағы өзара түсінуді реттестіру үшін, пікір алысу үшін қызмет етеді. Сөйлеу процесі арқылы адам өзінің білімін ,практикалық тәжірибесін байытып қана қоймай, сонымен қатар ғасырлар бойы жинақталған қоғамдық тәжірибені меңгеруге де мүмкіндік алады [2].

              Сөйлеуге үйрету дегенде мынадай ұғымға мән беріледі: бұл-адам мен адамның тілдік қарым-қатынаста бір-бірімен тілдесуі, сөйлесуі яғни бір адамның өз ойын екінші адамға ауызша жеткізуі, сөйлеуі, айтуы. Сонымен бірге айтылған ойдың адамға түсінікті болып, оны қабылдау арқылы екінші адамның оған өзіндік жауап қайтаруы. Бұл сөйлеуге үйретудің бір адамға ғана мәселе емес екендігін көрсетеді. Ол тілдік коммуникация арқылы жүзеге асады. Сөйлеу әрекеті-тілді үйрену жолындағы маңызды баспалдақ, қажетті

шарт қана емес, ол- адамзаттың қоғамдағы орнын, қызметін көрсететін күрделі әрекет. Өйткені сөйлеу әрекеті адамдық қасиетті білдіретін басты өлшемдердің бірі. Ауызша сөйлеуге үйрету- тілді жалаң үйрену емес, адамның жалпы ойлау қабілетін кеңейту, жетілдіру деген сөз. Жалпы сөйлеу әрекетін меңгеру үшін мына жағдайларды ескеру қажет:

  1. Үйрететін тілде сөйлеуге деген қажеттілік.

  2.  Қоршаған орта, жағдайдың әсері.

  3.  Жеке бастың қабілеті.

  4.  Сөйлеудің негізгі мақсатын айқындау.

         Ағылшын тілін оқытуда коммуникативтік мақсатқа жетуде ауызша сөйлеудің маңызы зор. Сөйлеуге үйрету үшін оқыту әдісі ситуативті әдіс болуы керек себебі: ситуативтілік сөйлеу әрекетінің табиғи қасиеті болып табылады. Сөйлеуге үйрету үшін қажетті ситуацияларды мынадай жолдармен беруге болады:

а) »көз алдыңа елестетіп көр»,  »қиялдап көр» деген сияқты т.б. тапсырмалар арқылы ситуациялар құру;

ә) белгілі бір жағдаятты жасайтын сурет немесе жағдаятты дамытатын, күшейтетін суреттер тізбегіне қарап, соның көмегімен сөйлеу;

б) күнделікті өмірдегі болып жатқан жағдайға ұқсас нәрселерді сипаттау.

      И.В.Рахманов «заттық ситуация» мен «қарым-қатынасқа байланысты ситуацияны» бөліп қарау деген пікір айтқан. Заттық жағдаяттар оқушылар өз жанұясын, үй ішін т.б. өзіне жақын нәрсені суреттегенде пайда болса, қарым-қатынас ситуациялары оқушы бір нәрсеге, біреуге өзінің жеке көзқарасын, қатысын білгенде жасалынады.

         Мұндай ситуациялар бір нәрсе жайлы ойлап, өз ойын білдіргісі келген жағдайда құралады. Сабақта қарым-қатынас ситуацияларын пайдалану. Практикалық міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды, өйткені олар  белгілі бір проблеманы қозғап, соған арнайы құрылады. Сабақ үстінде ситуациялар құру, әсіресе қарым-қатынас ситуацияларын пайдалану, практикалық міндеттерді іске асыруға мүмкіндік жасайды, өйткені бір проблеманы қозғап, соған арнайы құрылады[3].

         Ғалым И.В.Рахмановтың көзқарасын кеңестік ғалымдар ішінде Е.Пассов жетілдірді, ол оқытудың ситуативті болуы сабақ үстінде айтылатын сөздердің барлығы оқушы мен оқушыға, оқушыларға олардың қарым-қатынасына байланысты қарастырылуын талап етеді. Оқытудың ситуативті болуын дұрыс түсініп, дұрыс қолдану қажеттігін айта келе Е.Пассов »ситуация- өзара әңгімелесетін, сөйлесетін адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас» екендігіне назар аударады. Яғни қарым-қатынас неғұрлым терең әрі жан-жақты болса, соғұрлым сөйлеуге дайындалу процесі жылдам, оңайлана түседі, себебі сөйлеу негізінде белгілі бір контекст тұрады. Ол контекст қарым-қатынас жасайтын адамдардың іс-әрекеті. Оқулықтарда қолданылаты дәcтүрлi  көп нүктенің орнына қажетті сөздерді қойыңдар, етістіктерді қажетті шақта қойыңдар деген сияқты жаттығуларда ешқандай ситуация жоқ, әдетте олар, сөйлеуге жетелемейді. Ал сөйлеу үшін ең бірінші, оқушыларды тіл арқылы қарым-қатынас жасауға ситуациялар арқылы үйрету керектігін негізге ала отырып, Е.Пассов мынадай қортынды жасайды:

- оқушылардың  өзара іс- әрекет жағдайын ескергенде ғана сөз әрекеті жүзеге асады;

 - cитуацияларды үнемі өзгертіп, жаңартып отырғанда ғана оқыту нәтижелі болады;

 - cитуация оқушыны өз бетінше ізденуге итермелейді, себебі ол ес,ойлау сияқты жеке бас қабілетіне сүйенеді.

         Оқытудың ситуативтілігі оқушылар мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасқа негізделген жағдайда ғана сабақ үстінде қатынас ситуациясы пайда болады. Е.Пассов ұзақ жылдар бойы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде коммуникативтік оқытуда «ситуация» мен «ситуативтілікті» анықтап алу қажет екеніне көз жеткізген. «Ситуация»- дегеніміз, қарым-қатынас жасаушылардың, сөйлесушілердің санасында қалыптасқан өзара қарым-қатынасының жүйесі; ал «ситуативтілік- қарым-қатынастармен байланыс» деп қорытынды жасайды. Ол іс- әрекеттерде өзара қарым-қатынастарда мынадай жетекші факторлар болады деп көрсетеді:

а) статустық; ә) рольдік; б) іс-әрекеттік; в) ізгілік [4].

         Қарым-қатынас процесі оқытудың мақсатына, жағдайына, мүмкіндігіне қарай үнемі өзгерісте болады. Сондықтан, сөйлеуші сол өзгерістерге байланысты қарым-қатынастағы өзгерістерді де ескеріп отыруы керек. Оқушыларды қарым-қатынастың әр түріне дайындау үшін материалдарды да жиі түрлендіріп отыруды қажет етеді. Осы ұстанымға байланысты тілдік дағдылар да өзгертіліп отырылуы керек. Бұл оқушылардың айтқысы келген ойын басқаша жеткізуге, сөйлеу біліктілігін жетілдіруге, тез сөйлеуге көмектеседі. Сонда ғана оқушылар жаңа материалды іс жүзінде қолдануға тезірек машықтанады. Материал жаңа болуы керек, сонымен бірге қайталау кезінде сол қалпында емес, басқа контекстерде өзгертіліп берілуі керек, сол кезде ғана оқушылардың білік дағдылары бірте- бірте дамиды.

  Қорыта айтар болсақ ауызекі сөйлеуді қалыптастыру үшін оқушы әр сабақта жаңа білім алып қоюмен шектелмей, өз бетінше ізденіп,талдап, пікір

таластыру деңгейіне жетіп, даму біліктілігін жетілдіріп отыруы қажет. Сонда

ғана оқушы ауызекі сөйлеу мақсатына жете алады

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер

1. Солтанбекова О.Технологический подход к обучению.Высшая школа

       Казахстана.№4,2004. С.50.

2. Жинкин Н.И. Речь как проводник информации.Москва.,-1982. С.140.

3. Пассов Е.И. Основы методики обучения иностранным языкам.

        М.:  издательство Русский язык, 1977, С.300.

4.  Рахманов И.В.Методические требования к учебнику иностранного языка  

        для   летней школы.ИЯШ №4,1961. С.60.

 5. Қазақстан мектептерінде ағылшын тілін үйрету журналы.-Алматы:

        Білім, №1.2001. 25б.