Қ.Ү.  Сыбанбаев

философия ғылымдарының  кандидаты,

доцент.

 

ҚАЗІРГІ  ҚОҒАМ  ДАМУЫНДАҒЫ  РУХАНИЛЫҚ

   МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

ХХІ – ғасырда  өмір сүріп жатқан адамзат  қоғамы  сан қилы қайшылықтарды,  дағдарыстарды  бастан өткізіп  жатқаны  баршаға  мәлім. Қоғамның  нарықтық қатынастар  негізінде экономикалық дамуы, ғылыми-техникалық прогрестің  қарқынды өріс  алуы  бұрын соңды  болмаған ауқымды,  бүкіл дүние жүзілік  проблемаларды   алға  қоюда.      Дамыған елдердің  кейбір  өмір  сүру  салттары,  одан туындаған нашақорлық,  жезөкшелік,  бір жыныстық  неке т.б.  құбылыстардың  басқа  халықтардың  өмірлік,  рухани  құндылықтарына қайшы  келуі  бүгінгі таңда  қоғамда  рухани- адамгершілік  дағдарыстарды тудыруда. Осы жағдайлар руханилық    мәселелерді  көтеріп, оның  қоғамдағы орнын философиялық  тұрғыдан талдауды  қажет  етеді.

       Жалпы   адам  өмір сүретін  әлем  екі үлкен  әлемге бөлінеді. Олардың  біріншісі  материалдық  дүниені  құраса,  екіншісі  руханилық  қатынастар әлемін қамтиды.  Материалдық  дүние  адам тіршілігі  үшін  ең қажетті  іргетас  десек,  ал,  рухани әлемнің   адамның адам болып  қалыптасуындағы  орны  ерекше  деуге болады.  Бүкіл халықтың,  өркениеттің  болашағы -  рухани құндылықтарды  бағалаумен, оны  дамытумен  байланысты  екені  бүгінгі  күні  айқын  көрінуде.  Өйткені,  адам  өмірінің  мәнін  ашатын,  қоғамға  шынайы  адамгершілік,  нәр  беретін  дүниелер – рухани  құндылықтар болып  табылады.  Егер,  қоғамдағы  рухани  құндылықтардың  орны төмендеп  құнсыздана  бастаса,  онда сол  қоғамның  түрлі  экономикалық,  саяси  дағдарыстарға түсе  бастағаны. 

Рухани  құндылықтарды  жасайтын да,  оған  мән  беретін де  адам.  Үлкен  ғұлама  ойшылдар   өздерінің шығармашылық  еңбектерінде  адамдардың игі  қасиеттерін,  ел  үшін  жасаған  жан пида ерліктерін, салт-санасын  жазып,  келер  ұрпаққа  өсиеттерін  қалдырады. Олардың  еңбегі  өз  кезегінде  рухани  құндылықтарға  айналып,   келер буынның  рухани   дамуына  үлес  қосады.  Рухани  даму – адамды  адам ететін ең  басты  қасиет  деуге  болады. Рухани  дамудың діні  алғышарттына  келсек,   адам баласы көп  жағдайда  байлықтың,  өз нәпсісінің  құлы.  Сондықтан ол  рухани  науқас. Оның  нәтижесінде  адамның  ойлары  мен  түсініктері  әлсіреп,  сезімдері,  ар-ұяты  мұқалады.  Адамның иманы (сенімі),  түсінігі   ақиқаттан  аулақтайды. Орта  ғасырда  өмір  сүрген  әйгілі  ғұлама  Қожа  Ахмет  Яссауи  бабамыз  «нәпсіңді  тізгінде,  жаның  мен  діліңді  тазарт»  деген  нақыл  сөз  қалдырған  екен.  Сондықтан  адам,  ең  алдымен,  тура  жолға  түсу  үшін  өзінің  ой – пиғылын,  ниетін  тазарту  керек.  Арам  ойдан  аулақ  болып,  нәпсісін  тыйып, күнәларынан арылып,  рухани  негіз  қалауы  керек.  Тек  сонда  ғана ақиқатты  тура  түсініп, рухани  даму  жолына  түсуге  болады.

Руханилық  мәселесін  талдағанда  бүкіл  Түрік  дүниесінің ұлы  ойшылы  Қожа  Ахмет  Яссауидің  «Диуани  хикмет»  атты  еңбегіне  тоқтамай кетпеске  болмайды. Бұл еңбек  руханилыққа  бастау  болған,  әлемдік  қазынаға  қосылған  қымбат  мұра.   Ғұламаның  басты  принципі  дүниенің  күйкі  тірлігінен,  уақытша  қызығынан  шамаң  келгенше  бас  тартып, рухани  жаңару  жолына  түсіп, Ақиқатқа, Аллаға  қарай жақындау. 

Яссауидің  пайымдауынша,  Ақиқат  адамның  ең  жоғарғы  байлығы,  оның  шегі – Құдайды,  жаратушыны  көру. Құдай  адамды  жаратқанда,  дінмен  даналықты  танысам, білсем  деген талап – тілегімен   қоса  жаратты. Дін  адамды жердегі өмірінің,  мұратының  шегі – мәңгілікке  жетелейді.  Сопылардың  айтуынша,  адам  рухани  дұрыс жолда  даму  туралы үнемі  ойланып,  құдайға  үміт  артып  отыруы  керек.  Үміт  адамды   алға, болашаққа  жетелейді.  Үміт - адам өмірінің  маңызды бір  тірегі  деуге  болады.  Сондай-ақ,     Қожа  Ахмет  Яссауи  тәубашылық  ұғымына  үлкен  мән  береді.   Тәуба  қолда  бар  нәрсеге  қанағат  ету.  Оны  адамның  ең  маңызды  қасиеттерінің  бірі  деуге  болады. Тәуба  ұғымы  шариғатта  адамның  өз  күнәсын  мойындап,  енді  оны  қайталамауға  сөз  беруі.  Адамның ішкі  жан  дүниесінде  болып  жататын  құбылыстардың негізі  тәубашылдыққа сүйенуі  керек. 

         Сопылық  дәстүр  адамдарды   қандай қиын  жағдай  болмасын сабырлық  сақтауға, зұлымдаққа  қарсы тұрып,  жақсылық  істеуге,  рахымшылдық, мейірімділік, әділеттілік  қасиеттерге  шақырды.  Олар  дәріптеген  рухани  құндылықтар  қазіргі  уақытта  аса  қажетті  де, өзекті  болып  тұр. Нарықтық  қатынастарға  негізделген  біздің  қоғамымызда  руханилыққа,  адамгершілікке   негізделген  қатынастарды  жетілдіре  түсу   қажет. 

 Мағрипат -  бұл дін  жолын  танып,  оқып  білу  сатысы. Дін  жолымен  жүру   оңай  оңай  емес.  Оны  ұстаған  адам көптеген  қиыншылықтарға, кедергілерге  тап  болады.  Ислам  дінінің   негізгі  қағидасы  - мейірімділік, кем тар, мүсәпір   адамдарға  қол  үшін  беру,  зекет  төлеу  т.с.с.  міндеттері бар.  Құранда  жазылған  қағидаларды  әрдайым  ұстанып  жүруі  тиіс.  Дін  жолында  жүрген  адам  ислам  қағидаларын,  заңдарын  қадағалап  оқып біліп  жүруі  тиіс  және  оны  жүрген  жерінде  басқа  адамдарға  уағыздап  таратып  жүруі  керек. Ғұлама  мағрипатта  былай  деп  жазады:  «Өмір  бар  жерде өлім  де бар  екенін  естен  шығарма. Ертеңгі  күніннің жақсы  болуы үшін  бүгінгі  күніңді  қалай  бастайтыныңды  ойлан. Бұл  күннің  де  бітері  бар, сондықтан  о  дүниеге  барарыңды  ұмытпа,  соған  дайын  бол» [1

Руханилыққа  білімдік  негіз  іргетас  бола  алады.  Әрбір  адам   өмірден  жан-жақты  білім  алып,  өзінің  дүниетанымын  кеңейтуі  тиіс.  Көп  терең  білімділік   рухани  даму  жолына  түсем  деген  адамға  жақсы  негіз  болады.  Мұнда  адамның  рухани  дамуы  оның  ойына,  ниетіне,  алға  қойған  мақсатына  байланысты  екенін  естен  шығармау  керек.  Егер,  ол  жинаған  білімін  жақсылық  жасауға,  елінің  қамын  ойлап,  оны  бақытты  етуге қолдана  білсе,  онда  оның  рухани даму  жолына түскенін  білдіреді.  Ал,  көп  біле тұрып,  қиындықты  көтере алмай,  ойын,  ниетін  байлыққа, нәпсіқұмарлыққа  бұрмалап,  өз  мүддесі  үшін  алдау  мен  арбауға  барса,  онда  мұндай  білім   адамды  тура жолдан  тайғызып, рухани  тоқыраушылыққа   алып  келері  сөзсіз.  Өкінішке  орай,  біздің  қоғамымызда  нарықтық  қатынастың  кең  етек  алуына  байланысты   көптеген  адамдар өз  білімдерін  артық  пайда  табуға,  байлық  жинауға  жұмсап,  өз құлқының құлы   тойымсыздыққа,  мейірімсіздікке  душар  болып,  рухани  мешеулікке ұшырап  жатыр.  Олар  өздерінің  бұл  әрекеттерін ақтауға  тырысып,  «заман  өзгерді, соған  қарай  барлығы  осылай етіп жүр ғой»  дегенді  алға  тартады. Қателесу  адамның  білместігінен туатыны  сөзсіз. Ал, дұрыс емес екендігін  біле  тұра,  барлығы осылай  істеп  жүрғой  деу адам үшін  үлкен  күнә  болып табылатынын  есте ұстаған  жөн.  Күнә -  адамның  өз  нәпсісінің  жетегінде  жүріп,  саналы  іс-әрекетте   баруы.  Ол  адамды  ақиқаттың  тура  жолынан тайдырып,  рухани  мешеулікке  алып  келеді. [2]

 Рухани  дамуға  кедергі  жасайтын,  оны  тежейтін  қасиеттер  әрбір  адамның бойында  бар  деуге  болады.  Олар:  көрсеқызарлық,  пайдакүнемдік,  қызғаныштық,  іштарлық, өсекшілдік  т.б.  Адам  өз  бойындағы  осы  қасиеттермен   өзі  күреспей,  өзін - өзі  жеңбей  алға  жүре алмайды.  Осылардан  құтылуға  әрекет  жасаған  адамды  рухани  даму  жолына  түсудің  алғашқы  қадамын  жасаған  адам деуге  болады.

  Рухани  даму -  бұл  адам  деген  атқа  лайықты  өмір  сүру. Ұлы  Абай  атамыз  «Адам  бол» деген  терең  мағаналы  сөзді бекерге  айтпаған.  Адам бұл  дүниеге  келген   соң  саналы  іс-әрекетімен  еңбек етіп,  ата-анасы, халқының  алдындағы  парызын  өтеп, тілі  мен ділін  құрметтеп, салт-дәстүріне басын  иіп, айналасына нұр шашып,  артына із  қалдырып  өтуі абзал.  Үнемі  өзін - өзі дамытып,  алға  сүйреп  отыруы  тиіс.  Ел  мүддесін  қашанда  бірінші  қойып,  істеген  ісінің,  жақсылығының  қайырымын  күтпеу – үлкен  жүректілікті,  кең  пейілділікті  көрсетеді.  Ал,  аз  еңбек  етіп,  өмірден  көбірек  алып  қалу  тырысқан  адам,  ол үлесті  басқалардан, өзінің  жанында  еңбек етіп жүрген адамдардың есебінен алып  жатқанын  түсінбейтіні  өкінішті-ақ.  Әр  адам өзіне тиісті  несібесін  ғана алғаны  абзал. «Артық  алсаң,  артық  қайтарарсын»  деген халқымыздың  жақсы  сөзі  бар. Әр  нәрсенің  парқын  білу, өмірден  өзіңе  тиістісін , өзіңе  бұйырғанын  ғана алу – рухани   даму  жолына  түскен  адамның  бір  қасиеті  болмақ.  Сондай-ақ,  рухани  даму -  адамның өз  бойындағы  жақсы   қасиеттерін  басқаларға  беруге,  рахымшылық жасауға,  қиналған  адамға  шын ниетімен  көмектесуге  әрқашанда  дайын  тұруы десек   артық  айтпаған  секілдіміз.

        Халқымыздың  мәдениетінің  тарихына ой салсақ, елдің рухын көтерген қаншама жоғары дәрежедегі шығармалар, өнер туындылары дүниеге келген.  Өнер адамдары, танымал  тұлғалар  өздерінің өміріне төнген  қауіпке , қойылған тосқауылға қарамастан  өздерінің  щығармашылық туындыларын жарыққа  шығарды. Ол үшін олар ешқандай ақы, материалдық  көтермелеуді   қажет  те  етпеді. Оларды осындай  ерлікке итермелеген қандай күш?  Біздің ойымызша, қандай жағдай болса да, адамды үлкен шығармашылыққа  тартатын  қоғамға көңіл толмаушылық, рухани  жетіспеушілік. Өмір сүріп отырған ортасындағы  әділетсіздік, озбырлық  тұлғалардың ашу-ызысан туғызып, шығармашылық  іс-әрекет жасауға итермелейді.  Қаншама  ақын – жазушылар, күйшілер осындай моральдық, рухани жетіспеушіліктерді ашық айтып, ұлы болып, есімдері  мәңгіге қалды. Қазақтың ұлы ақын, күйшілері  Абай, Құрманғазы, Махамбет т.б. айтсақ та жеткілікті.  Олардың  шығармашылық  іс-әрекеті  бүкіл қоғамның   рухани дамуына жол ашты.  Рухани даму -  бұл адамгершіліктен  тыс  іс-әрекеттерден,     нәпсіқұмарлық, пайдакүнемдік, мансапқорлық, көрсе қызырлық  т.б.  адамның табиғатына жат қасиеттерден  арылып, адамның ақиқат жолына түсе бастауы,  адам деген атқа лайықты өмір сүруі  деуге болады.

      Руханилықтың қыры мен сырын  жан-жақты  зерттеп  жүрген  ғалымдардың бірі  Нұрмұратов С.Е. адамның рухани дамуы мен шығармашылығын  үйлесімді байланыстырады. Оның  пайымдауынша,             « адамның  рухани  дамуының  тағы бір  көрінісі – оның шығармашылығы. Ол адамға тән еркіндіктің, әркімнің дарындылығының, шынайылылықтың, еңбекқорлықтың   әлеуметтік практикада жүзеге асуы болып табылады.  Әрбір еңбектің нәтижесі  шығармашылықтан  туындап отырса, онда дүниедегі  көптеген  қайшылықтардың  шешілгендігінің белгісі болар еді. Сынақтың үлкені мен кішісі жоқ, күнәнің де маңызды, маңызсызы болмайды. Адам барлығына да жауапкершілікпен қарағаны жөн. Сонда ғана  ол өзінің        «Менін» биік  деңгейге дейін жетілдіре алады» [2]

          Адамдағы  шығармашылық  инстинкт – пайдакүнемдіктен  тыс болатын  инстинкт.  Мұнда  шығармашылық  адамы өзінің пайдасын  ойламай, шығармашылық  барысында өзін-өзі  ұмытып,  бар  ынтасы,  жігері, мақсаты  басқаға  ауады. Шығармашылық  адамы  шығарған ғылыми  жаңалықтарды,  көркем  шығармаларды,   көркем  туындыларды  өзге де адамдар қолданып,  өздерінің, қоғамның  мақсатына  жұмсайды. Ойлау деңгейі кеңейіп, рухани дүниесі байи түседі.   Рухани дүниесі байыған адамның ой-өрісі тереңдеп, айналасына жаңа көзқараспен,  шығармашылық  тұрғыдан қарай  бастайды. 

 Ертелі-кеш ойлар мазалап, толғанып, түнімен өлең жазып, «өлең азабын мен көремін, ал әдемі жыр оқып, одан ләззат алып, қызығын басқа  адамдар көреді» - деп жазады халқымыздың көрнекті ақыны  Қадыр Мырзалиев. [3]

Шығармашылықтан  рухани құндылықтар туындайды. Ұлы ақындарымыз, философтар, жазушыларымыз жазып қалдарған  дүниелер   ұрпақтан ұрпаққа  жетіп, баға жетпес рухани құндылықтарға айналады. Осы рухани құндылықтардан сусындаған адамдар  рухани даму жолына түсіп, ел тағдары, келер ұрпақ  жайы ой толғанып, жан-жақты дами бастайды.   

 

                                       ӘДЕБИЕТТЕР

 

     1.Яссауи Қожа Ахмет. Диуани  хикмет. Алматы: Мұраттас, 1993.  196 б.

     2. Нұрмұратов С.Е.   Рухани құндылықтар әлемі:  әлеуметтік –              философиялық  талдау.  Алматы, 2000.  62 б.

     3. Мырзалиев Қ.Ғ. Үш томдық  шығармалар жинағы. Алматы, 1990.  225 б.