АБАЙДЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІНДЕГІ» ЕҢБЕК, БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ТУРАЛЫ
ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ОЙ-ПІКІРЛЕР
Мадалиева
Ж.Қ.- философия
ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ
жалпыуниверситеттік саясаттану және әлеуметтік-философиялық
пәндер кафедрасының доценті
Абайдың «Қара сөздері» - оның ақындық
мұраларына қосылған бағалы қазына. Бұл
шығарма ақынның өз тұсында болған тарихи
шындық, сол кездегі қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі, күнделікте
өмірде орын алған
әртүрлі кереғар құбылыстар, халықтың
сырт бейнесін, ішкі дүниесін айшықтайтын көптеген
жағымсыз, жағымды қасиеттер туралы ой толғанысынан
туындаған. Байлық пен
барлықты, билік пен үстемдікті басшылыққа алған,
қара бастың қамын алға тартқан, надандық
пен қанаушылық, озбырлық пен зұлымдық ойып
тұрып орын алған ортада адал еңбек пен таза кәсіптің өмірлік
қағида, оқу-білім мен ғылымның қолға
түспес құндылық, ар-ұят пен имандылықтың
өмірдің тірегі екенін тек
қана түсініп қоймай, өзгенің, әсіресе
өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге тырысуы,
ақыл-өнеге ретінде ұсынуы Абайдың азаматтық,
ақындық ерлігі.
Абайдың шығармашылығын танып-білу, ақындық
өнерінің шегі мен шетіне жету қиын да күрделі
үдеріс. Осы орайда Ж.Дәдебаевтың пікірі өте орынды.
Зерттеуші атап өткендей: «Абайдың шығармашылық
мұрасын, даналық тағылымын зерттеу мен зерделеу осындай
көп қырлы, көп деңгейлі, күрделі
құбылыс болғанда, оны аудармашылардың тану
деңгейіне қойылатын талаптар да үлкен екені даусыз.
Сондықтан Абайды, алдымен, тану қиын, сонан кейін аудару
қиын» [1]. Дегенмен, білім мен ғылым қарыштап алға
басқан ХХІ ғасырда заманынан озық туған
ақынның ой-пікірлерін, ішкі
тебіреністерін, ойға оралымды
нақыл сөздерін жете түсіну қажет екені сөзсіз. Абайдың өнегелі
өсиет сөздері қай заманда да мәнін жоймайтындығын
және қанша заман ауысып, уақыт жағдайы
өзгергенімен,
халықтық төл
мәдениетінің аса маңызды бөлігі болып қала
беретінін бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тарихы
дәлелдейді. Өйткені оның шығармаларын
оқыған сайын күнделікті қоғамдық
өмірдің, адамның жеке басының қиындықтары мен қайшылықтарының
шешімін табуға негіз болатын
қажетті идеялар табуға болады. Сонымен қатар оның
шығармаларының кең таралуы, басқа халықтар
тілдеріне аударылуы да бұған дәлел болмақ.
Абайдың барлық шығармасының
өзегі, дүниетанымының
арқауындай болып қатар жүретін басты идея - халықты еңбекке баулу, білім
беру, ғылымның қажеттілігі мен құндылығын
дәлелдеу. Өз
дәуірінің бел ортасында болып, білімі көптер емес, малы мен
байлығы тасқандар ел билеп, халыққа жөн
сілтейтінін көріп, қарны ашқан ақын өзінің
адам, азамат, ұлтының перзенті ретіндегі мүмкіндігі мен
міндетін сезініп, ісімен,
өлең-жыры, қара сөзімен бағыттауға,
тәрбиелеуге тырысты.
Кез келген адам, өсемін, өркендеймін деген
ұлт үшін білім мен ғылымның қажет екені туралы
ақын «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңінде
тебірене толғайды. Ғылым-білімді кезінде зерттей алмағанына
өкініш білдіре отырып, өз балаларын оқыту арқылы
қателігін түзеуге, басқаларға үлгі болуға
бет алғанын айтады. Сонымен бірге, «Ғылым таппай мақтанба»,
«Интернатта оқып жүр» деген өлеңдерінде кейінгі ұрпақты оқу-білімге
шақырып, адам бойындағы қазынаның үлкені білім
мен ғылым екені туралы ойын одан ары жалғастырады. Ал өзінің бірегей шығармасы
«Қара сөздерінде» бұл мәселенің маңызы мен
мәнін аша түседі.
Ақын «Мен бала кезімде естуші едім..» деп
басталатын Екінші сөзінде бала
шағында ауыл адамдары аузынан
естігені мен ересейген шағында өз көзімен көргенді салыстыра
отырып, басқаның кемшілігін іздеп, күлкі еткенше,
олардың қандай жақсы жақтары бар, еңбекті,
кәсіпті қалай бағалйтынын
түсініп, олардан
үйренуге ұмтыл деген ой тастайды.
Абай бұл Сөзінде мынадай жағдайды баяндайды: «бала
кезімде қазақтар сарттарды (тәжіктерді), ноғайларды
(татарларды), орыстарды «қамыс артып бұтадан
қорыққандар», «солдат, қашқын ноғай»,
«ауылдарды шапқан, ойына не келсе соны істеген сасыр бас» деп
мазақтап күлетін еді. Содан мен бізден басқа
халықтың бәрі ант ұрған екен деп ойлаушы едім. «Енді
қарап тұрсам,... саудагердің жүрмеген жері, істемеген
шеберлігі жоқ. Өзімен
өзі әуре болып, бірімен бірі шаһари жауласпайды.
Қазақтың өлісінің ахиретін, тірісінің киімін
солар жеткізіп, малыңды саудалап пұлдап беріп тұрған да
солар. Орыстың өнерін де бізге қарағанда солар
көп үйренген. Байлары мен молдаларынан ептілік пен
қырмызылық, сыпайылық байқалады. Ноғайлар
солдаттыққа да, кедейлікке де, медресе сақтап, дін
күтуге де шыдайды. Еңбек етіп мал табудың жөнінде солар
біледі, салтанат, әсемдік те соларда».
Ал тамақ тауып жеу үшін біздің біріміз олардың
жалшысы, біріміз олардың ісін тек құптаушымыз. Біздің ең бай деген адамымыздың
өзін олар «лас аяғыңның кірін шашапай, шық,
сасық қазақ» деп үйінен қуып шығарады.
Осының бәрі «шаруа қуып», кәсіп қылып, еңбек етіп, өз күшімен қол жеткізген нәтижесі.
«Орысқа келетін
болсақ, айтар сөз жоқ, біз оның құлы мен
күңі қадарлы жоқпыз. Бағанағы біздің
мақтан, күлгеніміз қайда?» – деп өз
замандастарының, туған
халқының күйбің тірлігіне қынжыла отырып, бос
күлкі, бекер мақтан, құр кеудеге салынғанша, олардан үйренсек, соларға қарап түзелсек деп ой қорытады [2].
«Қазақтың
бір-біріне қасқүнемділігінің, бірінің тілеуін
екіншісінің тілемейтіндігінің, рас сөзі аз
болатындығының, өздерінің жалқау
болатынының себебі не?»,-деген сұраққа жауап іздейтін Үшінші
сөзінде Абай өзіне дейінгі әлемге
танымал данышпандардың пікіріне тоқталады: «әрбір
жалқау кісі- қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір
қайратсыз – қорқақ, мақтанғыш келеді;
әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз,
надан, келеді; әрбір ақылсыз - надан, арсыз келеді; әрбір
арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз,
өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады».
Осының бәрі алдындағы малын көбейтіп, соған
масаттанып, басқаны ойламай,
бұған да «тәуба» деген тоқпейілділіктен шығады. Басқалардан
қалмайын, өзгеге жем болмайын, есемді жібермейін дейтін болса, «
өзге егін, сауда, өнер, ғылым секілді нәрселерге
салынса, бұлай болмас еді»,-деп ақын ел ортасында,
өскелең ұрпақ арасында қандай істің
қадірлі, келешегі зор, берері мол екенін көрсетуге тырысады.
Еңбек ету,
оқу-білімге ұмтылу, ғылыммен айналысуға талпыну
тәрбиеден бастау алады. Тал бесіктен басталып, өмір бойы
жалғасатын тәрбие адамды тұлға етіп
қалыптастырады, оның өз орнын табуына негіз болады. Осы
орайда бала, ұрпақ тәрбиесіне байланысы ақынның ой
толғауын баяндайтын Оныншы сөздің маңызы зор.
Ақынның ойы
тағы да оның өмір сүрген ортасының ащы
шындықтарынан туындайды. «Біреулер құдайдан бала тілейді.
Өлсем орнымды бассын, артымнан құран оқысын,
қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар
ма?»,- деген сұрақ қоя отырып, өмірге жаңа
қадам басқан жас бала үшін «мал табудан» басқа кәсіп жоқ па, деп наразы болады.
Болашақта асырайда, бағады деп үміт күткен баланы
ата-ананың өзі
алдауға, тентектікке, пәлеқорлыққа
үйретеді. Ал өзіне жат мінез танытса ренжиді, ашуланады. Сонда екі жақты болып өскен
баладан не қайыр күтуге
болады. Құдайдың берген қуатын тек мал табуға,
баюға ғана жұмсамай, «халал кәсіп қыларлық
орынға жұмсамайсың» ба деп ақын өз ойын
жалғастырады. Сондағы «халал кәсіп» - оқу, білім, ғылым. Сол
оқу, білім, ғылымға жету үшін ақыл да берді. Ал
ақылдың өзі қайда? Сол бір мал табудың,
баюдың соңында. «Хош, сөйтіп жүріп-ақ мал
таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу
керек. Өзіңе табылмаса, балаң тапсын» [3],-деп ойын
қорытындылаған ақын балаға
не үйретсең, неге баулысаң – соны аласың деп
түсіндіреді. Жақсы, өнегелі, болашағынан
үміт күтетін бала
тәрбиелеудің негізгі жолы - оған білім мен ғылым беру,
еңбекке үйрету, ең алдымен, өзің үйрете
алатындай адамгершілікті адам болу керек.
Абай осы ойын Жиырма
бесінші сөзінде тереңдете
түседі. Ол халқын білімге, ғылымға, өнерге
шақырды, басқа
халықтардың озық мәдениетінен үйренуді, білім мен мәдениет арқылы
ғана басқа дамыған халықтармен теңесудің
мүмкін болатынын жазады. Тіпті: «Турасын
ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме,
барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет! Мен
айтқан жол - мал аяр жол емес...балаң адам болсын десең
–оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып
қалған соң саған рахат көрсете ме, өзі
рахат көре ме, яки халыққа рахат көрсетер ме?»,- деп
кесіп айтады. Сондағы
ойшылдың арманы - білімді,
өнерлі, халқының мүддесіне адал қызмет
ететін, өз елін алдынғы
қатарлы елдердің қатарына қосуға ұмтылатын
жастардың болуы, олардың қатарының көбеюі.
Абай өнер, білім, ғылымның
қажеттілігіне ғана көңіл бөлмейді, сонымен бірге
адам бойында сол өнер, білім, ғылымға жету үшін
қандай қасиет, қандай сапа болу керек деген мәселені де
қарастырады. Ол Отыз екінші сөзінде білім мен ғылымды іздеп,
тауып, игеріп, шынайы білімді және парасатты адам болу үшін алты
шартты орындау керек деп тұжырымдайды.
«Білім-ғылымды үйренбекке талап етушіге әуелі
мыналарды білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар.
Бірінші – білімге,
ғылымға қызығушылық, ынтамен,
құмарлықпен іздеп, тауып, көңіліңе
қондыру. Әйтпегенде істегенің өгей шешенің
балаға мейірімі тәрізді
болар.
Екінші – ғылымды
үйренгенде ақиқатты білу үшін үйрен.
Әйтпесе ісің құр сөзге алып келеді, шатастырады.
Ғылым менмендіктің, күншілдіктің жолы емес....
Үшінші –
ақиқатқа жетуге тырыс,
шынайылыққа көзіңді жеткіз және оны ұста,
айрылма.
Төртінші –
адамның ішкі дүниесінде білім-ғылымды дамытуға
ықпал етер екі қаруы бар. Олар - пікір алысу, ойласу және
табылғанды сақтау, қорғау. Бұлар молаймайынша
ғылым молаймайды.
Бесінші – төрт
нәрседен қашық бол. Ол он тоғызыншы сөзде де
айтылған уайымсыздық, салғырттық,
ойын-күлкішілдік, құмарлық. Бұлар
халықтың, дәулеттің, ғибраттың,
ақылдың жауы. Ар бар жерде бұлар болмайды.
Алтыншы – адамға ғылым
мен ақылды сақтайтын мінез керек. «...мінез деген сауыт бар. Сол
мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдік, я
біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келіп қалған
қызыққа шайқалып қала берсең,
мінездің беріктігі бұзылады.
Одан оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға
орны жоқ болған соң, оларды
қайда сақтайсың?» [4]. Абайдың ойынша толассыз
еңбекті, таусылмас талап мен қайратты қажет ететін білім мен
ғылым жолында ақыл мен арды қатар қолданып, биікке
көтерілуге болады. Абайдың осы айтқан ұстаздық
ақыл-кеңесі бүгінгі күннің жастары үшін де
маңызын жоғалтқан жоқ.
Қандай кәсіппен айналыссаң да, оқу,
білім жолына түссең де, білетіндерден үйреніп,
естігеніңді жадыңда сақтап, ой қадірін, сөз
қадірін ұға білу керек. Ақын өзінің Он
тоғызыншы сөзінде «естілік» дегеніміз, «сөз қадірі»
дегеніміз не деген
сұраққа жауап береді.
«Адам ата-анадан
туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып
көріп, дүниедегі жақсы мен жаманды таниды, көргені,
білгені көп болғаны білімді болады. Естілердің айтқан
сөздерін есіне сақтаған кісінің өзі де есті
болады...білген жақсы нәрселерін
ескерсе, жаман дегеннен
сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады» [5].
Ақын жақсы,
мәнді сөзді тыңдап,
көргенің мен білгеніңді ұғыну, оны еске
сақтап алудың да өз жолдары бар деп өз ойын
жалғастырады. Сонымен қатар Отыз бірінші сөзінде бойды одан аулақ
ұстауға қажет ой кеселдерін де атап көрсетеді.
Естігенді
ұмытпаудың төрт түрлі себебі бар: Бірінші –
көкірегі ашық, қабылдауға
дайын болуы; екіншісі – көңілмен тыңдау, ынтамен
ұғыну; үшіншісі – бірнеше рет қайталау арқылы
ойыңа ссақтап, көңіліңе бекіту; төртінші – «ой
кеселдерінен» аулақ болып, оларға
салынбау қажет. Ақынның «ой кеселдері» деп ерекше атап
отырғандары - «уайымсыз, салғырттық,
ойын-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір
нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт
нәрсе - күллі ақыл мен
ғылымды тоздыратұғын нәрселер» [6].
Сонымен, Абай Жетінші
сөзде түйіндегендей, адам бойына жан құмарлығы
арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым, білім.
Ол талап етіп, ерінбей еңбек еткен
адамның қолына түседі. Сондықтан еңбек,
оқу, білім, ғылым адам баласының өмірлік
мақсаттарының бірі болып табылады. Ол мақсатқа жету
адамның тұрмыс-тіршілігінің мәні мен
мазмұнын айқындайды.
1 Дәдебаев
Ж. Абайдың ақындық дүниетанымы// Абай
институтының хабаршысы. – Алматы, 2010.- №3.- 8 б.
2 Абай. Қара сөздері.-Алматы: Өнер, 2009.- 5-6 бб.
3 Сонда.- 25 б.
4 Сонда.-59-62 бб.
5 Сонда. -37 б.
6 Сонда. -59 б.