СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУДЕГІ ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕЛЕР

Саниязова Еркемай Казбековна

Қазақстан, Қызылорда қаласы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, заңтану магистрі

Тәңірбергенұлы Б. Ю-13-1 оқу тобының студенті

 

Бүгінгі  таңда жемқорлық мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да елдері үшін аса өзекті мәселе болып табылады. Сыбайлас жемқорлық ұлттық шектеулерді білмейді. Ол барлық жерлерде таралған. Сондықтан Қазақстан Республикасы үшін сыбайлас жемқорлықпен күресте «үздік тәжірибелерді» қолдану үшін жемқорлықпен күрестің әлемдік тәжірибесін зерттеу және талдаудың маңызы зор.  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Нұр Отанның XV съезінде «Саяси көшбасшылықтың принципті мәселесі ретінде сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресудің стратегиясын әзірлеуді» тапсырып, «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасы дайындалып, қазір осы бағдарлама жүзеге асуда. Көзделген мақсатты жүзеге асыру үшін құжатта азаматтық қоғамды, бизнес қауымдастығын жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту, мемлекеттік органдардың, корпоративтік сектордың қызметіне бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жүргізу, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою қарастырылды.

Мәселе болып отырған, сыбайлас жемқорлық дегеніміз – заңда қарастырылмаған жеке немесе дәнекерлер арқылы мүліктік игілікке және мемлекеттік функцияларды атқаратын басымды тұлғалардың және де соларға теңестірілген тұлғалардың,  лауазымдық дәрежелерін қолдана отырып және де  лауазымының мүмкіндіктерін өз мүддесіне қолдана отырып мүліктік табыс, арттықшылық игіліктер алу үшін жасалынатын қадамдар деген түсінікке сыяды.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа байланысты  Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 18 қарашасының «Сыбайластық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында ескерілген, сонымен қатар басқа да заңда бекітілген сыбайлас жемқорлық немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті еліктіретін іс-әрекетке байланысты тәртіптер. Кеңестік мемлекеттердің ішінде Қазақстан ең бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылдады да халықаралық конвенцияларға қосылды. Жемқорлықпен күресуге арнайы мамандырылған органдар құрылған[1, 123б.].

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті табысты жүргізіп отырған елдерге Дания, Финляндия, Швеция, Жаңа Зеландия, Канада, Нидерланды, Норвегия, Швейцария, Австралия, Сингапур, Люксенбург, Ирландия, Германия, Ұлыбритания, Израиль, АҚШ, Австрия, Исландия, Жапонияны жатқызуға болады. Жоғарыда аталған елдердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұйымдастырудың кейбір ерекшеліктері - осы елдердің үкіметі сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп қарайды. Сондықтан сыбайлас жемқорлық сырттан төнген және ішкі қауіп ретінде қабылданып, соған байланысты онымен күрес көлемді және кешенді сипат алады.

Компаративтік талдау бойынша, әр мемлекеттің өзінің күресу жолы, әдісі, тәсілі бар. Ал басқа жағынан қарасақ, көптеген мемлекеттердің сарапшылары біркелкі ережелер нормаларын қолдану керек деп ұсыныс жасайды. Тіпті, бүкілұлттық тәртіп әдептілігін қалыптастыру қажет дейді[2 , 83б.].

Осы орайда, 1995 жылы Ұлыбританияда Нолан Комиссиясы 7 қағида қабылдады: Риясыздық, Сатылмастық, Әділдік, Есептілік,  Ашықтық. Арды, абыройды сақтаушылық. Басшылық. Лауазымды қызметкерлер осы аталған қағидаларды қолдана отырып, басшылықты орындап, өзінің дұрыс істерімен, мінез-құлқымен үлгі көрсетіп отыруға міндетті. Испания мен Италияның сайлау үрдісінде басқа шаралар қолданады. Ықпалы зор үміткерлерге саяси партиялардың көсемдері «патронаж» деген әдісті пайдаланады. Бұл әдістің маңызы мынада: сайлау кезінде көмектескен адамдарға мемлекеттік органдардан бір пайдалы қызметтерді ұсынады. 1966 жылы Тайландта өткен сайлау сайлаушыларға сыйлықтар тарату негізінде өтті. Сондықтан көптеген мемлекеттерде сайлауды өткізу барысында ашықтық талап етіледі. Екіншіден, сайлау компаниясын қаржыландыруды бақылауға алып, нормадан жоғары қаржыландыруға тыйым салынады. Ботсванада сыбайлас жемқорлықтың қарқынды өсуін тежеуге келесі шаралар көмектесті: шенеуніктердің санын қысқартып, олардың жалақысын көтерді және мемлекеттік мекемелердің құрылымын ықшамдалды, әрі сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне дереу санкция салынды.

ОАР-да бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық деңгейі көптеген еуропа елдеріне қарағанда төмен. Олар қабылданған жаңа заңдардың көмегімен Үкіметті Парламент алдында есеп беруге міндеттеу арқылы, шенеуніктер ме депутаттарға табыстары және басқа да салық төлейтін мүліктері жөнінде декларация тапсыру және мемлекеттік жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететін қадамдарды қабылдау жолымен қол жеткізілді. Израиль сыбайлас жемқорлықтан жеткілікті түрде ерікті мемлекеттердің бірі болып саналады. Ондағы жемқорлыққа қарсы күрес, Нидерланды елінде қолданылатын шараларға қоса, «мониторинг жүргізудің белгілі қайталануы» жүйесі арқылы жүргізіледі. Израильде шенеуніктер үшін едәуір әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған және сыбайлас жемқорлық анықталған жағдайда олар қатаң жазаланатындықтан, төмен деңгейлі жемқорлық жоқ дерлік. Оның себебі, бұл елдерде мемлекет көп ғасырлы күрес нәтижесінде құрылған. Сингапурдың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты өзінің жетістіктерімен таңқалдырады. Сингапур елі сыбайлас жемқорлыққа қатысты ең «таза» мемлекеттердің қатарында. Сингапур билеушілері, шынымен де, жемқорлықпен күрестің қызмет етіп тұрған және нәтижесін беріп отырған тиімді механизмін жасай білді. Бұл елде жемқорлықпен күрес үздіксіз жүргізіліп отырады. Бұған 1952 жылы құрылған Сыбайлас жемқорлық жағдайларын тергеу Бюросы арнайы органының үздіксіз жұмысы дәлел.  Бюро мемлекеттік шенеуніктер арасында болған жемқорлыққа қатысты жағдайларды тексеріп, тиісті органдарға қажетті шараларды қолдану үшін хабарлап отырады. Бұл елде кадр саясатын сыбайлас жемқорлықпен күресуде негізгі құралдар ретінде санайды. Жапондық шенеулікке оның еңбегң үшін тиісті жоғары жалақы қарастырылған. 2001 жылдан бастап Жапонияда «Ақпаратты жария ету» туралы Заң күшіне еніп, кез келген азаматқа үкіметтегі ресми ақпаратқа қол жетімділік кепіл етілген. Егер үкімет бір себептермен ақпаратты беруге қарсы болса, азаматтар  Бақылау жөніндегі Кеңеске апелляция беруге құқылы. Осының арқасында қоғамдық топтар бірнеше коррупциялық қылмыстарды ашуға көмектесті.

Жоғарыдағыларды саралай келе, мынадай қорытынды жасауға болады: өзіміздің елімізде шетелдік тәжірбиеге сай билік басындағы шенеуніктер санын азайтып, олардың жалақыларын біршама көтеру, шенеуніктерге қызметіне сәйкес арттықшылықтар беру, мәселен балабақшаларда кезексіз орналастыру, тұрғын үйге жерге кезексіз иелену құқықтары берілсе жемқорлық әрекеттеріне бару жағдайлары азаюы мүмкін, жақын туыстары мен жекжаттары мен бірге жұмыс жасау және династиялық әулет бойынша жұмыс істеуді болдырмау әрекеттері қарастырылуын қамтамасыз ететін механизмдер құрылса деп тұжырымдаймын.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлықпен күрестің көкейтесті проблемалары/ О. А. Абдыкаримов. - Астана: ҚР Президенті жанындағы Мем. бас. акад.,2005.

2.  Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік құбылыс ретінде және оның алдын алу шаралары: Оқу құралы. /Г. С. Мауленов. - Астана: ҚР Президенті жанындағы Мем. бас. акад., 2005.

3.  Сұлтанов, Қ. Қоғам індеттен арылып, аурудан айығуы керек  // Егемен Қазақстан. - 2014. - 31 шілде (№ 147).