Социальная педагогика

 

 Ә.ж.маг. Балабекова Л.Г., ә.ж.маг. Мусраунова А.С.

Е.А.Бөкетов атындағы Карағанды мемлекеттік университеті

МЕКТЕП   АЛДЫ   ДАЯРЛЫҚ    ТОПТАРДА  

ЭТНО - МӘДЕНИ   БІЛІМ   БЕРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Егеменді Қазақстан – көп ұлтты елдің бірі. Қазақстан үкіметі тұлғаның қай ұлтқа тиістілігіне қарамай, оның еркін және үйлесімді дамуын негізгі назарда ұстап, мақсатты, икемді саясат жүргізуде. Біздің зерттеп отырған мәселеміз – мектеп алды даярлық топ балаларының этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру болып табылғандықтан, халықтың көне замандардан келе жатқан құндылықтары ұлттық сананың жетілуіне, балалардың жан-жақты дамуына игі ықпалын тигізеді.

Біздің нысанды мақсатымыз - әр түрлі әлеуметтік саяси жағдайлар себебінен ұмтылып кеткен халықтық игі дәстүрлерді жаңғыртып, студент жастардың ата салтына, дәстүр тағылымына, өсиет пен нақыл сөздеріне, мақал-мәтелдерінің мән-мағынасын түсінуіне ықпал ету. Сөйтіп, ұлттық ойлау жүйесін жандандырып, шешендік сөз өнерімен ұштастыруды бағамдасақ білеміз.

XX ғасырдың екінші жарты жылдығынан бастап өз этностық-мәдени ерекшелігін саналы түрде меңгеріп алу процестері, яғни нақты этносқа, этникалық қауымға тиістілік мәселелері күрделі маңызға ие болуда.

Этно-мәдени білім берудің өсуі XX-ғасырдың екінші жартысындағы адамзат дамуының негізгі сапаларының бірі деп қарастырылады. Жеке адамдар мен жалпы халықтардағы өзінің тарихына деген қызығушылық әр түрлі формада көрінеді: ежелгі салттарды, фольклорды т.б. қабылдаудан бастап өзінің ұлттық мемлекетін құруға дейінгі ұмтылысы.

Егер адамның белгілі бір халыққа тиістілігі екенін саналы түрде меңгеру, оның ерекшеліктерін іздеу және оны зерттеу, этно-мәдени білім берудің ерекшеліктерінің педагогикалық аспектісін қарастырудан тұрады.

Этно-мәдени білім беруді түсіну оның табиғатын зерттеп, мәнін талдаудан тұрады.

Этностық-мәдени ерекшелікті қалыптастыруда оқу-тәрбие факторлары әсер етеді. Сонымен қатар оған биологиялық және басқа да әлеуметтік факторлардың әсерін де ұмытпауымыз қажет. Жеке тұлғаның психологиялық және дара ерекшеліктерін есепке ала отырып, біз жеке тұлғаның этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыруға оқу-тәрбие факторларының әсері көп екенін айтамыз.

Этностық-мәдени ерекшелікті қалыптастыру процесінде тәрбиелеу мен оқытудың ролін көрнекті ғалымдардың пікірлерінен көруге болады.

С.Л.Рубинштейн «Тәрбие дамуды бағыттап отырады, ол жеке тұлғаны қалыптастырудағы негізгі күш, біз «тәрбие» түсінігіне «білім беруді» де қосар едік, себебі қазіргі кезде маңызды роль білім беруге берілетінін педагогикалық шындық көрсетеді. Тәрбие білім беру процесі арқылы жүзеге асырылады» - дейді.

«Жеке тұлға» түсінігінің тарихи және логикалық мағынасында әр түрлі варианттар бар. Жеке тұлға қоғамда онтогенез процесінде қалыптасады. Сондықтан да «жеке тұлға» түсінігіне пара-пар категория «қоғам». Жеке тұлға теориясында даралық түсінігі де қарастырылады. Б.Г.Ананьев «даралық - нақты индивидуумның биоәлеуметтік тұтастығы» - дейді [1].

Жеке тұлға ең алдымен, дәуір, класс, топ, ұлттың сапаларын тасымалдаушы әлеуметтік тип. Ұлт, өзінің этностық-мәдени сәйкестілігінің элементтерімен арнайы ортада өмір сүреді, ал ол ортада жеке тұлғаның қалыптасуы мен даму процесі жүзеге асырылады. Қалыптасу мен даму процесінде жеке тұлғаға ұлттық ерекшеліктер әсер етеді, олар: әрбір ұлттың тұрмысы, салт-дәстүрлері, материалдық және рухани өмірі. Ұлттық, этникалық ерекшелік мәдениет, тұрмыс ерекшеліктері арқылы ғана көрінбей, сонымен қатар жеке тұлғаның этностық-мәдени ерекшелігінен көрінеді.

Ұлттық ерекшеліктер, оның ішінде этностық-мәдени ерекшелік тума қасиет емес. Ол жеке тұлға дамуымен қатар әр түрлі факторлардың әсерімен этникалық әлеуметтену процесінде қалыптасады. П.И.Кушнер былай деп жазады: этностық-мәдени сәйкестілік адамның тума қасиеті емес [2].

Ол этникалық қауымның өте ерте формаларын сезінуден тұрады және қоғамның дамуына сәйкес бірнеше кезеңдерден өтеді. Тіл, салт-дәстүр адамның тұқымқуалаушылық механизмдері арқылы берілмейді. Тіл, салт-дәстүрлер, талғам - өскелең ұрпақтың еліктеуі, тәрбиесі, әлеуметтенуі, интеллектуалды, әлеуметтік тәжірибесін игеруі арқылы беріледі.

Этностық-мәдени ерекшелік - өзін-өзі кедергісіз анықтау мен іске асыру бағдары. Бұл этнос пен мәдениеттің өзара байланысының жағдайы. Олардың арасында тұрақты бір қашықтық сақталғанымен этнос өз мәдениетін қорғайды, сақтайды, дамытады, туындатады. Мәдениет – этностың өрісі, панасы, болмыс тынысы, онсыз ол өмір сүре алмайды, демек, мәдениет этносты қорғап, сақтайды. Мәдениетті санаулы адамдар емес этнос қана сақтай алады. Төл мәдениетін сақтау арқылы ғана этнос өзін сақтайды.

Этностың мәдениеті – оның қуат өрісі, басқаларға сіңісуден, жойылып кетуден сақтайтын құралы. Бұл сонымен қатар оны ерекшелейтін белгі, әрі оның басқа этностармен байланыс, қарым-қатынас құралы. Ұдайы этникалық мәдениет «киімінде» көрінетін жалпы адамзаттық құндылықтарды этнос өз мәдениетінен табады және сол құндылықтармен аралас-құраластық арқылы өзгелермен байланыс орнатады[3].

Қай заманда болса да адамзат ұрпағына ұлттық тәрбиенің аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.Себебі, әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы – ұлттық мәдениеттің маңызды белгісі болып табылады. Осы арқылы ол ұлттың ұлттық тәрбиесінің ерекшеліктерін білеміз.

Болашақ ұрпақ – туған жері мен халқының перзенті. Ол қайда жүрсе де өз ұлтының жақын болашағы, әрі өкілі. Жастарға ата-баба дәстүрлерінің озық үлгілері негізінде тәрбие беріп, олардың бойында ұлттық қадір-қасиеттерді, намысы мен туған елін, халқын құрметтейтін, сөйтіп азаматтық борышын өтейтін тұлға етіп тәрбиелеу – жалпы қоғам дамуындағы ізгі мақсат екендігі кімге болса да ерте кездерден таныс қасиеттер.

Ата-дәстүрді дәріптеу – қазақы тәлім-тәрбиенің ірге тасы деуге болады. Ал имандылық пен сенім, ел-жұртын құрметтеу – саналы азаматтың мінезіндегі ізгі сипаттар. Қазақ елі егемен мемлекет болып, көгілдір туын көкке көтеріп әлемге таныла бастаған кезде халқымыздың ерте замандардан бері іргесі қаланған ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрі қайта өркендей бастады. Ата-бабаларымыздың жас ұрпаққа мұра етіп қалдырған игі қасиеттерін қастерлеу өскін буынға тәлім-тәрбие берудің қуатты құралы болатындығы ешқандай күдік тудырмайтын ақиқат.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.     Қазақстан Республикасындағы этностық-мәдени білім беру тұжырымдамасы. - Алматы, 1996.

2.     Артыкбаев Ж. Этнология және этнография». - Астана, 2001ж.

3.     Этномәдени білім беру идеясын жүзеге асыру мәселелері // Көпсалалы университет: болашақ мамандардың отансүйгіштігі, көп мәдениеттілігі мен бәсекеге қабілеттілігі. VIІІ Халықаралық Байқоңыров Оқулары материалдарының жинағы. Екі кітап. Бірінші кітап. – Жезқазған: «ЖезУ» АҚ,  2008.- Б.149-153.