Е.Е.Түйте, Л.Б.Кадырова

 

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан

 

Әлеуметтік желілердің тіл дамуына әсері

 

Тілдік өзгерістер тілдің даму заңдылықтары арқылы іске асады. Қоғамда болып жатқан түрлі жағдайлар тіл арқылы көрініс беріп, тіл ыңғайына икемделіп, сөздік қор оны қажетіне орай қабылдап отырады. Мұндай сөздер тілімізге көбіне термин ретінде еніп қалыптасады. Уақыт өте келе тілдік заңдылықтар негізінде фонетикалық-грамматикалық өзгерістерге ұшырауы немесе жаңа атаумен қазақша баламада берілуі мүмкін.

ХХІ ғасыр – ақпараттық технология заманы дейтін болсақ, сол ағыммен әлеуметтік желілер арқылы келіп тілімізге еніп жатқан сөздер жетерлік. Бұрын-соңды естімеген, тілдік қолданыста болмаған кірме сөздер тілімізде қаптап кетті. Кейбіреулеріне құлақ үйренсе, кейбіреулері қолданыстан шығып қалып жатыр немесе қазақша баламаларымен алмастырылуда.

Сөйлеуімізге әсер етіп жатқан экстралингвистикалық факторлардың бірі – ақпараттық технологияның дамуы. Ең алдымен қарапайым сәлемдесуді алсақ, әлеуметтік желілерде «сәлем» деудің орнына «каксың?», «норма», «тема», «омг», «сэнкс», «гоу», т.б. жазбай танитын осындай сөздерді жастар өз араларында кеңінен қолданады. Сол сияқты «қалайсың?» сөзі қазір «сәлем» орнына жиі қолданылып жүр. Негізінде тілдік нормаға сүйенсек, «қалың қалай?» («қалайсың?» емес). «Неставатсың?» (не істеп жатырсың?), тамақ ішіватрм (тамақ ішіп жатырмын), отырқ (отырмыз), болсиш (болсаңшы), ок (иә, жарайды), жүрк қо (жүрміз ғой) сөзі адамдар арасында ауызша да, жазбаша да актив қолданыстағы сөзге айналған.

Қазіргі жаһандану заманында ақпараттық технологияның қарқынды дамуына байланысты адамдар арасындағы қарым-қатынас ұялы телефон мен компьютерге деген тәуелділікке келіп тіреледі. Қоғамға зер салсаңыз, қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін М.Шахановша айтсақ, «компьютер басты жарты адамдар»-ға айналды. Заманның әсері дейміз бе, жаңа технологияның әсері ме әйтеуір сөздік қорымызға шет елдерден еніп жатқан сөздер тілімізде қаптап кетті. Оның мән-мағынасына үңіліп жатқан біз жоқ. Көбіне қазақ сөздері орыс сөздерімен алмастырылып, варваристік қолданыстар орын алды. Варваризм деп бөтен тіл элементтерін ана тіліне араластырып, шұбарлап сөйлеу, әдеби тілдік норманы бұзу болып табылады [1, 62]. Мәселен, ок (иә), пж (пожалуйста), сп (спасибо), нжч (не за что), пн (понятно), т.б. Әлеуметтік желілердің бір ерекшелігі өз ойыңызды білдіру мақсатында тілдік таңбамен қоса тілдік емес таңбаларды да қатар қолдана аласыз. Мысалы:  Мен Қарағандыны ♥ (♥ - «сүйемін» деудің орнына). Тілімізде бұрын-соңды болмаған лайк басу,челфи жасау,  комент жазу, репост жасау сынды тіркестер қалыптасты. Осы тұста қазір жиі қолданысқа ие болған неологизмдер лайк басу,  репост жасау, селфи жасау,  уатсап, инстаграм,  твиттер,  фэйсбук,  ньюзмейкер, монопод,  коммент жазу (комментарий),  лэптоп,  скриншот,  хэштег т.б. Әлеуметтік желілерде өз пікіріңізді білдіруде, репост жасағанда кеткен қателерден көзіңіз сүрінеді. Мысалы, әнші Райым Уайыс: Кош келдін Моля! Ааал тіркеліңіздер достар! Жаналык коооп...Сабыр - ақыл серігі. Сіздермен қайта қауышқаныма қуаныштымын! Құрметпен: Әуелбекова Мөлдір Есіркепқызы [2]. Бұл мысалдан байқайтынымыз, төл дыбыстарымызды дұрыс жазбай, пунктуациялық белгілерді дұрыс қоймай жаппай сауатсыздыққа ұшырап жатырмыз. Бұл келе-келе дағдыға айналуы да мүмкін. Өздері «бір-бірімізді түсінсек болды, ол жай ғана жазу ғой» деп жұбатады. Мәселен қоғамда «ң» мен «н»-ды ажырата алмайтындар пайда болды. Бұған себеп не? Болашақта төл дыбыстарымыздан айырылып қалмасына кім кепіл? Осы орайда елімізде латын графикасына көшу мәселесі өте орынды.

Осы сияқты пейдж, имо, кампус, кэш т.б. сөздер де жиі қолданысқа ие болып жүр. Уатсапты да қазақшаладық «айтыс» (itys) деп. Бірақ өзге елдің «уатсапынан» әлі де ажырай қоймадық. Мұндай аударма ұлттық өнеріміз «айтыс» сөзінің мән-мағынасын жоғалтады. Бұл жерде ақпараттық технологияға қатысты терминдер (неологизм ретінде еніп жатқан) қалыптасқаны дұрыс шығар, алайда сөйлеу тілі нормасына, тіл мәдениетіне нұқсан келтірмеуі керек және жастарымыз еліктемеуі керек. Уақыты келе мұндай терминдер бірте-бірте қазақшаланады. Мәселен, «собачка» – айқұлақ, СМС – хабарлама т.с.с. Бірақ жаппай аударудан аулақ болған дұрыс.

Қорыта айтқанда, әлеуметтік желілердің әсері ана тіліміздің заңдылықтарын бұзбаса екен дейміз. Тілдің шұбарлануы, сөйлеу мәдениетінің сақталмауы, сөйлем құрылымының дұрыс болмауы, төл дыбыстарымыздың дұрыс жазылмауы, пунктуациялық белгілердің орынды қойылмауы сынды мәселелерге жол берілмеуі керек. Ақпараттық технология әсерімен шет тілінен еніп жатқан сөздер уақыт өте келе аударманы да қажет етуі мүмкін. Жоғарыда айтып өткен лайк сөзін лүпіл деп аударып алып жүр. Баламасы көңілге қонымды болса қазақшалаланғаны дұрыс. Алайда тілімізде санынан сапасы төмен аудармаларды көп кездестіреміз. Әрине, қазақ тілінің аударма тіл көлеңкесінде қалып бара жатқаны көңілге қонымсыз. Сөйлеу тілі, сөйлесу әрекеті қазір көбіне ғаламтор арқылы жүзеге асып жатыр. Жастар арасында қысқа, шұбарлап сөйлеудің себебі осы ақпараттық технологияны қажет етуден туған. Бір жағынан уақыт үнемдеу, қаражаттың да тигізер әсері бар (экстралингвистикалық фактор салдары). Алайда, мамбет, гламурно, лайк басшы деп сөйлеп жүргенімізде ұлттық құндылығымызды, ділімізді жоғалтып алмасымызға кім кепіл бола алады? Әлеуметтік желілер біріншіден, тіліміздің дамуына әсер етсе, екіншіден, жастардың психологиясына да әсер етеді. Жарияланған дүние жетегінде кетпей, қай ақпараттың шын, қай ақпараттың жалған екендігіне де назар аударып отыру керек.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Түйте Е.Е. Тіл табиғаты. – Алматы: Эверо, 2016. – 112 б.

2. іstagram.com