ПОЭЗИЯДАҒЫ ЛИРИЗМ, ОБРАЗДЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ

 

                                                                                       Оралова Г.М.

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

 

Поэзия әлемінде оқырманның жүрегіне жол табар құбылыстың бірі – лиризм. Лиризм – поэзияда тек әсерлі сөздерді жинақтап көрсетпейді, лиризм – поэзия құрылымын, онда көрініс беретін ақынның өмірлік ұстанымдары мен дүниетанымын тұтастықта қарауға мүмкіндік беретін, өзіндік орны бар әдеби құбылыстың бірі. Ақынның жазу даралығы да, қайталанбас шеберлігі де табиғи дарыны мен ақындық келбетін де астарлы лиризм шыңдайды. Ақын өмір тынысын өз жанымен сезініп, толғанудан туған ішкі сезімдерін жырлауда, лиризмнің ішкі иірімдеріне жан бітіреді.

Әрине, лиризм иірімдері табиғи негізде қалыптасады. Ал лиризмнің әсерлі иірімдері әр ақынның образды ойына, стильдік даралығына сай жаңғырады. Ақынның стилі – дербес, қайталанбас жазу машығы. Ақынның стиль ерекшелігі оның өмірді тануына, шығармасының идеялық мазмұнына сай жалпы халықтың тіл қазынасын меңгеріп, оны қалай қолданғандығынан, құбылту, астарлы ажар, өң беруінен байқалады.

Лиризмнің ішкі иірімдері, әрине, тура және ауыспалы сөздерді қажетіне қарай түрлендіріп қолданудан да жандана түседі. Мәселеге осы тұрғыдан келер болсақ, поэзияда көрініс табатын лиризмнің, әр түрлі реңктік бояулардың поэзияда стилистикалық амалдармен ұштаса қолданылуы арқылы жүзеге асылатына баса назар аударған абзал. Өйткені грамматика саласы стилистикамен үздіксіз байланыста дамиды, даму барысында пайда болған түрлі стильдік ерекшеліктер нәтижесінде синтаксистік құрылымдар түрленеді, сөйлем құрамындағы компонеттер түрлі сипаттағы реңктік бояуларды үстеуге бейімделеді. Бұл орайда: «Стилистика не противопоставляется грамматике, а рассматривается как закономерное ее продолжение, как высшая ступень изучения речевой деятельности» /1,18/,-деген ой қорытындысын жасаған А.И.Ефимов пікірімен келісуге болады.

Шын мәнінде, әр адамның өз ойын қарапайым сөздер тіркесі арқылы жай хабарлай беруге де немесе тыңдаушыларға (яки оқушыға) әсер ететіндей үлгіде экспрессиві мәнін күшейтіп, мәнерлік сипат дарыта жеткізуге де мүмкіндігі бар. Бұл орайда поэзияда кездесетін стилистикалық амалдар ақынның ішкі мақсатымен ұштаса қолданылып, адамның ішкі сезімін, әр алуан эмоциялық күйін таныту, сондай-ақ мәнерлілікті, бейнелілікті күшейту мақсатында жұмсалады. Сөйлем құрылымын түрліше экспрессивтік бояуда пайдалану, оларға көркемдік қуат дарыту қаламгерлердің әрқайсысының өзіндік стильде тікелей байланысты болатыны да мәлім. Бұл тұрғыда профессор Р.Әміров: «Тіл бір жағынан әр ақынның өнеріне, творчествосына сүйенеді, содан  нәр алып дамиды. Тілдегі бар қазына өздігінен жаратыла салған емес, ұзақ жылдар бойы әр сөйлеушінің, тіл тұтынушының өнерінен, тапқан олжасынан құралған» /2, 84-89/,- деген пікір айтады.

Қазақ тілі стилистері сөздердің көркем әдебиеттегі, поэзиядағы қолданысында ұшырасатын осындай стильдік құбылуларды экспрессивтілік мәселесімен сабақтастыра отырып: «Ойды жай хабар ретінде де, кісіге әсер етерліктей мәнерлі түрде де айтуға болады. Осындай, ойдың күшейтіліп, мәнерлі түрде айтылуын сөйлемнің экспрессивтілігі дейміз. Экспрессивтілікті білдірудің синтаксистік тәсілдері әртүрлі болады»,-дей келе, бұл қызметті жүзеге асыратын негізгі тәсілдерді айқындайды: «Олардың бастылары мыналар: 1. сөйлеу тілінде және жазғанды оқығанда, дауыс ырғағын құбылту арқылы сөйлемге  экспрессивтік мағына енгізуге болады; 2. бір ойды білдіретін болымды сөйлемнің орнына болымсыз сөйлемді жұмсау арқылы оған экспрессивті мағына қосуға болады; 3. баяндауыштың бірінші жақтық жіктік жалғауын мен, пен, бен түрінде жұмсау арқылы сөйлемнің мағынасын экспрессивті етуге болады. 4. сөйлемнің баяндауышын, кейде сөйлемнің түрін мәндес басқа сөздермен не басқа сөйлем  түрімен ауыстырып айту арқылы да оған экспрессивті мағына үстеуге болады. 5. сөйлемнің етістік баяндауыштарын қайталап екі рет айту да немесе есім, етістік баяндауыштардың алды-артына олардың мағыналарын күшейтетін сөз қою да экспрессивтілікті білдірудің синтаксистік амалы болады» /3, 159 /.   

Ал поэзияда немесе прозада сөз мағынасының кеңеюін, екінші бір мағынада түрленуін адам танымының дамуымен астастыра қарастырамыз. Өйткені «сөз – танымдағы ойды таңбалау үшін қолданылатын атау» [4, 63].

Адам танымына қатысты сөз мағынасының қалыптасуы, біздің ойымызша, екі түрлі сатыда жүзеге асады:

1.     тілдік таңбалар арқылы ғалам бейнесін тану сатысы;

2.     қалыптасқан таным шеңберінде тілдік таңбалардың мағынасын кеңейту сатысы.

Тілдік таңбалар арқылы ғалам бейнесін тану - жалпы сипат алатын алғашқы саты. Айталық, қарапайым «жер» сөзінің ғаламдық бейнесі барлық тілге ортақ. Сөз мағынасының алғашқы сатысының қалыптасуын С.Сәменова төмендегідей сипаттаған: «Адам қоршаған ортаны ой қабілеті арқылы танып біледі десек, тіл ой қызметін бейнеге, белгілі  бір тілдік үлгіге түсіреді. Адамзаттың шындық болмысты танып-білуі – барлық халыққа ортақ, себебі таным түсінік арқылы емес, ми қызметі арқылы жүзеге асатыны ақиқат. Ми қызметінің нәтижесінде тілдік бірліктер объективті дүниемен байланысады, сол арқылы адам дүниені таниды. Ал осы адам танымының нәтижелері тілдік таңбалар арқылы тілден көрініс табады. Таным – шындық дүниенің бейнесі. Бұл – ғалам бейнесінің тілден көрініс табуы. Яғни, ғалам туралы ақпаратты тілдік таңбалар арқылы айқындау ғаламның тілдік бейнесі деген ұғымды тудырады» [4, 3].

Тағы бір ескере кететін мәселе: лиризмнің әсерлі иірімдері ақынның психологиялық күйімен де қабыса дамиды. Мәселен, ақынның ішкі сезімі, адами құндылықтарды бағалауы т.б. Соның бірі – туған жерге деген махаббат. Ақынның шабытын да, арманын да асқақтатын да – туған жерге деген махаббат. Мұңайған кезде тілдесері де – туған жер, қуанған кезде сырласары да – туған жер. Ақынның үнімен астарластырсақ:

 

                                       Самалын сүйем даламның,

                                       Шыңдарға сүйеп арқаны.

                                       Тұңғиық мына ғаламның,

                                       Артатын жүгі бар тағы.

                                       Озады жүйрік күндерім,

                                       Басына таудың түнеймін.

                                       Кеудені керіп үн керім,

                                       Көктемде қайта түлеймін

                      (Н. Оразалин).

 

Ақындарды «жүрегі сезімтал жандар» деп айтып жатады. Сезімталдық та, біле білсек, туған жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Сезімталдық туған жердің әрбір тауы мен тасын, өзені мен көлін, желі мен бұлтын жанды кейіпте қабылдаудан қалыптасады. Ойымызды ақынның ішкі сырларымен қабыстырар төмендегі өлең жолдарымен жалғастырсақ:

 

                                Мен жырдан білмеуші ем басқаны,

                                Сағыммен сағыныш кешкен ем.

                                Көктем кеп... сезімнің аспаны,

                                Қайың боп шулады кешкі өлең.

                                Қиялап қиялым бөктерді,

                                Тырнаның үнінен жас тамды.

                                Көк белдер жаныма от берді,

                                Көңілде бір «дауыл» басталды...

                         (Н. Оразалин).

 

Поэзияда ақын көңіл күйінің толқымалы шағы да, парасат, адамгершілік, азаматтық мұраты мен армандары да табиғатпен үйлесімді салыстырылып көрініс табады. Мысалы:

Қатар тұрып, көк түнде керді иығын,

                                Бірі тұлпар – болғанда, бірі – құсым.

     Қолдай көрші, Кең далам – кермиығым!

Қолдай көрші, тауларым – тірі мүсін!

                               Жырым үшін!

                               Жырым үшін!

                                          (Н. Оразалин).

 

                               Бірде – жалын

                               Бірде, бірде – мұз денем.

                               Түсті есіме жаздағы арман, күзгі өлең

                               Көктем неткен сұлу еді! Таңқалдым!

                               Үлбіреп тұр...

                               Гүлдей болып үзбеген

                               Сағыныштың отын кешіп, жүзді өлең

                                          (Н. Оразалин).

 

Ақынның шабытын шыңдап, алға жетелер армандарын да туған жерге деген махаббат оятады. Мысалы:

 

                               Көк өзендей күркіреп бір тасайын,

                               Тасайын да ентігімді басайын.

Көкбастаудан қарап тұрып қыржолға,

  Сұлу сөзден сымбатты жыр қашайын...

                                                    (Н. Оразалин).

 

Поэзияда ақын өз оқырманына іштегі мұңын да, алыстағы асқақ арманын да табиғат құбылыстарымен сабақтастыра бейнелейді. Оқырманымен сырласуда да табиғат сұлулығын жырлай отырып, ішкі көңіл-күйін жеткізеді. Өйткені ақын шеберлігі өз өмірін уақыт, табиғаттың тылсым сырларымен терең байланыстырып, өмір шындығын қызғылықты беруде ғана бағаланатыны белгілі. Табиғат сұлулығы адам өмірінің, ішкі толғаныстарының барлық қырын салыстыруға, сезімдерінің барлық қырын астарлай, нәзіктікпен жеткізуге тірек болады.

Нақтырақ айтсақ, асқақ арманын, нәзік сезімін көктемнің әсемдігімен ұштастырса, қабағына кірбің ұялатқан, алаңдаған алаң шағын күзбен астастырады. Мысалы:

 

                            Таусылмады ...

                            Әсершіл бала шағым –

                            тентек өзен жырлауға жаратылған

                            Әлдеқайдан күйі кеп қарашаның

                            өрлеп кетті сайлармен қара тұман

                                        (Н. Оразалин).

 

Тіпті, ақын өз өміріндегі, көңіл-күйіндегі құбылмалы сәтін де табиғатпен байланыста суреттейді. Оның астарынан ақынның табиғатты жанды кейіпте қабылдаған, әсемдікті аялап, таза жүректі келбетін танимыз. Ақын небір қамыққан немесе шабыттанған шағында табиғатпен тілдеседі. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, адамның өн бойындағы рухани байлықты, шабыт, жігер, дарынды ақын табиғаттан бөліп жарып қарамайды. Табиғат пен адам – бөліп жаруға келмейтін тұтас дүние. Ақын ішкі жан дүниесін табиғаттың шырай-көркімен астастыра отырып, адам психологиясын дәлдікпен, бейнелі жеткізуде ұтымды пайдаланады. Мысалы:

                             Бір аққайың...

                             Алдарқатып қыз кеткен.

                             Көктем қайда оралғандай күлімдеп,

                             Бір сергек ой күзгі өктем

                             Жүрегімді жатыр үнсіз тілімдеп

                             (Н. Оразалин).

 

Поэзияда табиғаттың естен кетпес көріністерімен астастыра талдау ақын шеберлігінің эстетикалық әсерін күшейте түседі. Ақынның мұңын да табиғат құбылыстары, жаратылыстың небір жанды суреттері жалғастырады. Мәселен, төмендегі өлең жолдарында ақын мұңы сыңарынан айрылған аққумен теңесе суреттеледі. Мысалы:

 

    Арылмаған таулар сынды мұнардан,

Жүрегімді жұлқылайды бір арман.

                                       Алпыс екі тамырымда – бір ыза,

          Аққу – көлден, айрылғандай сыңардан...

                                                     (Н. Оразалин).

 

Жастық шақ, арманға толы сәттерін де ақын табиғаттың әсем суреттерімен жалғастыра, еске алып, қайта жаңғыртады. Астарлы өлең жолдарынан бір сәт ақынның мұңлы, өткенді, жастық шақты аңсаған алаң көңілін қабылдасақ, екінші қырынан сағынған, сүйсінген. өткен шақтағы сұлу сәттерін де қабылдаймыз. Мысалы:

 

                              Құлағымда жастықтың сазы қалған,

                              Кекілді қыз жәудіреп, назы қалған.

                              Алматының сол түнгі кескіні есте,

                              Аспанында қалқыған нәзік арман.

                              Мамыр айы...

                              Бел-белес көктегелі,

                              Жиі іздейтін бодым мен Көктөбені.

                              Сол төбеден, байқашы жанға жайлы,

                              Ыстық жалын келеді, от келеді

                                (Н. Оразалин).

 

Қорыта келгенде, поэзиядағы лиризм иірімдері ақынның қайталанбас жазу машығымен байланыста қалыптаса келе, эстетикалық бояу, автор-субъектінің өмірді бағалауын, дүниетанымын да даралайды.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Ефимов А.И. Стилистика. – М.: Наука, 1982.

2.     Әміров Р. Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Мектеп, 1983. – 68 б.

3.      Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манаспаев Б. Қазақ тілі стилистикасы. – Алматы: Мектеп, 1966. – 255 б.

4.     Сәменова С. Заттанған сындардың танымдық және функционалдық қызметі: филол.ғыл.канд. ... автореф. – Алматы, 2010. – 25 б.