Филол.ғ.д., проф. Айгүл Серікқызы Ісімақова

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінің меңгерушісі

 

Әл-Фарабидің тұңғыш танытушы ғалым

Ақжан әл-Машани

 

Тәуелсіздік кезеңі деп қазақ әдебиеттану ғылымының 1991 жылдан бергі кезін атаймыз.

1980 жылдар соңындағы кеңес әдебиеттануындағы еркіндік серпілісі қазақ әдебиеттануында да орын алды. 1988 жылы кеңестік репрессияға ұшыраған Алаш ғалымдары мен ақын, жазушылардың шығармашылық мұрасы ғылыми ортаға қайта оралды. 1931-1937 жылдар аралығындағы  репрессияға ұшыраған ұлттық ғылыми мұра мен әдеби жәдігерлер халыққа қайтарылды. Тек орыс әдебиетімен салыстырмалы түрде зерттелініп келген қазақ әдебиеті өз төл тарихи контексіне түсті. «Младописьменный» деп аталған қазақ әдебиеті ата-бабамыздың асыл сөзін қайта зерттеуге бет алды.

Тәуелсіздік тұсында қазақ әдебиеттану ғылымы ұлттық сөз өнері тарихын, қайта оралған ақтаңдақтарды – Алаш тұлғаларының өмірі мен шығармашылық мұраларын зерттеу ісін қолға алды. Кеңестік кезеңде айтуға тыйым салынған әдеби-мәдени мұра, ұмытылған әдеби жәдігерлерді жариялау ісі алға қойылды. Абайға дейінгі қазақ әдебиеті нақтылана түсті.

Тәуелсіз кезіндегі қазақ әдебиеттануына Ақжан Машани еңбектері ерекше әсер етті. Кеңес кезіндегі шектеулерге қарамай ғалым сонау соцреализм тұсында ұлы бабамыз әл-Фарабидің қазақ топырағында туылғанын, оның еңбектерімен таныстырып, насихаттап берді. Ғұламаның әл-Фараби рухы өз отаны қазақ ортасына қайта оралды. Дүниежүзі кітапханаларын ақтарып шыққан ғалым әл-Фараби еңбектерін жинап, жариялады. 1969 жылы әл-Фарабидің Дамаск қаласындағы Баб ас. зиратын да тапқан – Ақаң еді.

1984 жылы Ақжан Әл-Машани Кувейтте шығатын «Әл-Фараби» журналына «Орта Азияның мәдениет шамшырақтары» атты зерттеу жариялаған. Бұл мақалада  Иоган Кеплердің  «Аспан музыкасы» деген еңбегінің біразы әл-Фарабиден алынғанын ғалым нақты салыстырулар арқылы дәлелдеп берді. Дүниежүзілік Ғылыми орта бұл мәселе төңірегінде Әл-Машанидің пікірі толық дәлелді деген тұжырымға келді. Содан бері «Әл-Фарабиді ашқан – Әл-Машани» деген сөз тіркесі қолданылып келеді.

Ғалымның «Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «Әл-Фараби», «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары», «Әл-Фараби және Абай» атты еңбектерінің мәні ерекше. Сонау социализм тұсында қазақ өнері мен әдебиеттану бастауында өзінің төл ғұлама дәстүрі тұр деп айтудың  өзі батырлық екені анық. Оны жәй айтып қана қоймай осы сала бойынша зерттеулер жүргізу нағыз ғалымның қолынан шығар іс. Қазақ тарихы осындай ғұламалардың ақталуы арқылы өзінің санасын, ұлттық рухын қайта сезінгендей. Ақжан Машани өз ісін сонау Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлттың еңсесін, сана-сезімін оятатын, рухын асқақтататын рухани азықты жаңғыртуды басты ғылыми мақсат етіп алғандай.

Абайдың 150 жылдық мерейтойы тұсында жарық көрген «Әл-Фараби және Абай» атты зерттеуі кеңес кезіндегі абайтануға жаңа леп әкелді. Алаш абайтанушылар еңбектерін атай алмаған кеңес кезеңі тұсында Әл-Фарабидің мұрасы арқылы Абайдың алдындағы қазақ даласының дәстүрі бар екенін осылай анықтап берді. Жаңаша талдауларымен, қазақтың мың жылдық әдеби, мәдени тарихының үндестігін дәлелдеп берген зерттеу ғылымға қосылған үлкен үлес болды. Ақжан әл-Машани Абай дүниетанымын, қазақ ғылымының бастауы орта ғасырлық араб, шығыс елдерінде жатқандығын мәселе етіп көтерді. Осы дәстүрдің көш бастаушысы ұлы Әл-Фараби бабамыз болғанын екі дананың арасын жалғастырып тұрған ұлттың басты әдеби құндылықтарын айқындап берді.

Әл-Фарабиден кейін ол дәстүрді Абай жалғастырғанын ғалым ғылыми тұжырымдар арқылы дәлелдеп ғылыми ортаға ұсынды. Абайдың әдеби ой-өрісі, дүниетанымы, парасатты ойшылдығы  әл-Фараби ілімін жалғастырушы ретінде тұңғыш рет арнайы талданды. Аңғарған адамға ғалымның сонау кеңес заманында әл-Фараби тұлғасын, оның мұсылмандық мұрасын қазаққа тиісті етіп анықтап беру – үлкен азаматтық іс қана емес еді. Қазақ жабайы, діні жоқ халық емес, оның ата діні – ислам, оның әдеби тұлғалары әл-Фараби, Абай деген ғылыми тұжырым Алаш зиялылары айта алмай кеткен, бірақ «Оян,қазақ!» деп жар салып кеткен ұранында іске асқан еді.

Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани қазаққа белгілі атақты Машан бидің немересі 1906 жылы 2 қарашада Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Машан Жамантай төренің кеңесші биі, аузымен орақ орған шешен болған. Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі, тау-кен инженері, І.Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Машан бидің атақты Ағыбай батырдың досы, Құнанбай, Құдайберділермен үзеңгілес болғанын, Қаз дауысты Қазыбек бидің досы болғаны баяндалған. Құнанбай қажымен Машан би Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып отырған екен. Осындай бір басқосуда бала Ақжан Шәкәріммен кездескен екен. Ғалымның әкесі Жақсыбектің Құранға жүйрік болғаны ел ішінде белгілі. Сонымен қатар ол «Айқап», «Дала уалаяты» атты басылымдарды жаздырып отырғаны да мәлім. Алғаш сауатын өз әкесінің әліппе тануынан бастаған болашақ ғалым кейін кеңес мектебінде оқыған.

Әл Машани 1924 жылы Қарқаралыдағы Әлихан Ермеков негізін салған педагогикалық техникумға түсіп, Әлекеңнен, Ахмет Байтұрсынұлынан дәріс алған. Алаш зиялыларынан алған дәрісі шешуші рол атқарғаны туралы кейінгі жылдары айтып та жүрді. Алаш ғалымдарынан алған тәлімі Ақаңды ғылым жолына келуіне тікелей себеп болғандай.

Қазақ тілінің дамуына тікелей атсалысқан ғалым ұлттық тілде инженерлік-техникалық зерттеулер жазды. Тау-кен атауларының тұңғыш сөздігін жасады. Жоғарғы оқу орындарына арнап қазақ тілінде оқулықтар жазды. Ғалымның «Кристаллография, минералогия және петро-градия» атты кітабы күні бүгінге дейінгі жалғыз оқулық болып табылады.

         Сонымен қатар ол А.Байтұрсынұлымен Телжан Шонанұлының «Оқу құралындағы» әдіс жүйесінде ғылыми-техникалық білімді көпшілікке кеңінен насихаттауды да негізге алған, олар: «Жанартау», «Жерсілкіну», «Таулар қалай құрылды», «Жер сыры», «Ғажайып ошақ басында», «Табу». Ақаңның шәкірттері былай дейді: «Ол ғылымның сыр сандығын біртіндеп ашып, інжу-маржанын талғаммен терген жан. Ғалым «Кісіліктің өлшемі білімділік сондықтан да барлық ғылымдар тарихын жақсы білу керек» деген қағиданы біздерге айтудан жалықпайтын және өзі де өмірінің соңғы сағатына дейін ғылымды сүйіп ұлы ғалымдарды құрмет тұтып кетті» (Ғұлама // Егемен Қазақстан, 1 қараша, 2006 жыл).

         Қазақ әдебиеті саласында Ақжан Машани еңбектері орасан зор. Кеңес кезіндегі шектеулерге қарамай ғалым сонау соцреализм тұсында ұлы бабамыз Әл-Фарабидің қазақ топырағында туып қана қоймай оның еңбектерімен таныстырып оны насихаттап берді. Ақаңның қажырлы еңбегінің арқасында Әл-Фараби ғұламаның рухы, өз отаны қазақ ортасына қайта оралды. Дүниежүзі кітапханаларын ақтарып шыққан ғалым Әл-Фараби еңбектерін жинап, жария етті. 1969 жылы Әл Фарабидің Дамаск қаласындағы зиратын да тапқан Ақаң еді. Ғұлама бабамыздың мәңгілік мекені Баб ас. Сағыр зираты басындағы көңіл толқуы, бүікіл ел атынан сезінген толғауы «Әл Фараби және Абай» атты кітабында берілген. «Қабір басындағы көз жасымды тия алмадым, қабіріне бас иіп тұрып, бір шөкім топырағы орамалымның ұшына түйіп алдым да, Құранның өзім білетін сүрелерінің бірін ағытып қоя бердім». Сонда туған өлең жырдың да осы тұста келтірілген: Түркістан, Шам арасын жақындатқан бабамыз Басыңа келді ұрпағың, ақылды, дария данамыз. Арап, парсы, түрікте сізді білмес жан бар ма? Басқалар да таниды тарихқа көзін салғанда Зират-ойлап басыңды Елден іздеп келген ем. Тәбәрік етіп бір уыс Топырақ алдым мен сенен Мағауия мешіті, Сан ғасыр бастан кешірген. Қасыңда әлі тұр екен. Дар ас-Салам ол мекен Торқалы мекен тоғысқан Тоқсан тарау жол екен Сізге де мекен болыпты Ел басын қосқан сол мекен. (23 қыркүйек, 1968, Дамаск // Әл-Фараби және Абай. 40 б).

Олардың ішіндегі «Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «Әл-Фараби», «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары», «Әл-Фараби және Абай» атты еңбектерінің мәні ерекше. Сонау социализм тұсында қазақ өнерімен әдебиеттану бастауында өзінің төл ғұлама дәстүрі тұр деп айтудың  өзі ерлік екені анық. Және жәй айтып қана қоймай осы сала бойынша зерттеулер жүргізу нағыз ғалымның қолынан шығар іс. Қазақ тарихы осындай ғұламалардың ақталуы арқылы өзінің санасын, рухын қайта сезінгендей. Замандастарының көбі тек рухсат етілген тақырыптармен шектеліп ғылыми лауазым үшін ғылымда жүрсе Ақжан Машани өз ісін санау Ахмет Байтұрсынов – ұлттың еңсесін, сана-сезімін оятатын, рухын асқақтататын рухани азықты жаңғыртуды басты ғылыми мақсат етіп алғандай.

1978 жылы Әл-Фарабидің 1100 жылдың мерейтойына арналған халықаралық конференция өткізуге көшбасшы болған Ақаң әлем ғалымдарының назарын қазақ халқының ежелгі дәстүріне аударып қана қоймай Әл-Фараби мұрасына арналған зерттеулерін алға тартты. Осы конференциядан кейін ресми билік бері қарап Ахмет Иассауи, Отырар, Арыстанбаб тарихи ескерткіштеріне мемлекет тарапынан көңіл бөліне бастады. Және осы дәстүрдің көш бастаушысы ұлы Әл-Фараби бабамыз болғанын екі дананың арасын жалғастырып тұрған ұлттың басты құндылықтарын айқындап берді.

«Алдаспан» журналында (бас.ред. Қазтай Әбіш) 91 жастағы Әл-Машанидің сұхбаты жарияланды (қайтыс боларынан бір ай бұрын). Соңынан ерген іні, шәкірттеріңізге өсиет-аманатыңыз қандай деген сауалға Ақаң былай деген екен: «Кісіліктің өлшемі – білімділік. Қазақ жастары тек білімге ұмтылулары керек. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұтқасын ұстау үшін де білімді болу керек. Ал бар ғылымның тоғысар арнасы, зәулім шырқау шыңы – қасиетті Құран кітабын оқуды аманат етемін. Ислам діні – ең таза, ғылымға негізделген. Исламның бір үлкен парызы – ғылым. Ата-бабаларымыз қастерлеген сол дінді қадірлеп, имандылыққа бой бұрған ұрпақтарының ертеңгі өмірі арайлы болатынына сенемін».

Осыншама ілімді меңгеріп келер ұрпаққа ғылымның ғылымы ислам екенін дәлелдеп кеткен ғалымның ісіне Алла разы болып, Пайғамбарымыз (с.а.с.) шапағаты болғай!