А.ш.ғ.д. Қожабаев Ж. І., а.ш.ғ.к. Қонысбеков К. Т., Дуйсенбекова Г.А.

 

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талдықорған филиалы, Қазақстан

 

Көшетсіз қарыққа себілген қант қызылшасының өнімділік көрсеткіштері

 

 

Қазіргі кезде Қазақстандағы  барлық қызылша алқабының 90 пайызына жуығы шетелдік сорттардың тұқымымен себілуде. Келешекте аталған дақылдың егіс көлемін көбейтудегі  алғы шарттардың бірі қызылша өсіретін шаруашылықтарды жергілікті жер жағдайына бейімделіп шығарылған отандық сорттар мен будандардың сапалы да арзан тұқымымен қамтамасыз ету болып табылады.

Қант қызылшасының тұқымын өндіруде ежелден қолданыс тапқан  көктемгі көшеттік әдіс шектен тыс қол күші мен техниканы қажет етеді. Сондықтан бұл әдісті қызылшаның тұқым шаруашылығында пайдалану қазіргі таңда экономикалық жағынан тиімсіз болып тұр.

Соңғы жылдары тұқым шаруашылығының тәжірибесінде аналық қызылшаны жаздыгүні қалыңдатып себу әдісі жиі қолданыла бастады. Осы әдіс арқылы аналық қызылша егістігінің көлемін ұлғайтпай-ақ көшеттік материалды жеткілікті дәрежеде алуға болады және оны әдетте тұқымның көбею коэффициентін жоғарылату үшін пайдаланады.

Алайда бұл дақылды көшетсіз қарықтарға себу әдісі де алыс-жақын шет елдерде өз келешегін көрсетуде. Көктемгі даму кезеңінің ерте басталуына байланысты көшетсіз аналық қызылша топырақта жиналған күзгі-қысқы ылғал қоры мен қоректік заттарды барынша тиімді пайдаланады. Сондықтан да көшеттік және көшіріп-отырғызу әдістеріне қарағанда оларда өсімдіктердің өнімділігін арттыру мүмкіндіктері едәуір көп.

Қазақстанның суармалы егіншілігі жақсы дамыған оңтүстік және оңтүстік-шығыс  аймақтарының табиғи жағдайлары қант қызылшасы тұқымдығын көшетсіз өсіріп, сапасы жоғары тұқым өндіруге қолайлы қалыптасқан. Кезінде  Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көшіріп-отырғызылатын және көшетсіз тұқымдықтарды өсіру технологияларына түрлі агротехникалық тәсілдерді қолдану арқылы  біршама құнды мәліметтер жиналды. Бірақ та  дәстүрлі қызылша өсіретін Талдықорған өңірінде  оның тұқымын өндірудің соңғы әдісіне ғылыми негізделген  зерттеулер осыған дейін жүргізілмеген. Сол себепті аталған өңірдің топырақ-климат жағдайында қызылша тұқымын бір жылдық циклмен өндіру әдістерінің ішінен қарыққа себу тәсілінің жоғары тиімділігі анықталып,  өндіріске ұсынылып отыр.

Зерттеулер Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Талдықорған филиалының тұрақты егіс алқабында тәжірибелік сынақтар және зертханалық талдаулар  жүргізу арқылы жүзеге асырылды. Тәжірибие үлгісіне қарықтардың әртүрлі тереңдігінде себілген көшетсіз аналық қызылша енсе, ал  бақылау ретінде дәстүрлі көшетсіз себу әдісі алынды.

1- кесте

Аналық қызылшаны себер алдындағы 0 -  40 см топырақ қабатында жиналған ылғал мөлшері

 

Топырақ кабаты, см

Топырақ  ылғалдылығы, %

дәстүрлі әдіс (бақылау)

қарықтық әдіс

 

10

 

 

17,8

 

 

20,3

 

20

 

18,5

 

20,9

 

40

 

20,1

 

21,7

 

0 - 40

18,8

 

20,97

 

 

Мәселен, 1-кестеде көрсетілгендей, зерттеу жылдарында бақылаудағы нұсқада топырақ ылғалдылығының себу кезіндегі орташа көрсеткіші үлгіге алынған топырақ қабаттары бойынша: 10 см – 17,8%, 20 см – 18,5%, 40 см – 20,1%, ал қарықтық әдісте тиісінше 20,1; 20,9 және 21,7%-ға жетті

Көптеген авторлар қызылша тұқымы қарықтардың тереңдігі 6-8см болғанда жақсы өніп, өркендердің қалыпты жиілігін түзетіндігін айтады. Біз де тәжірибе негізінде осындай заңдылықтың растығына көз жеткізіп отырмыз.

Сонымен қатар, көшетсіз қызылша тұқымының өнгіштігіндегі өзгерістерде де тікелей заңдылықтың бар екендігі анықталды. Атап айтқанда, қарықтық әдістегі тұқымның егістік өнгіштігі дәстүрлі нұсқаға қарағанда біраз жоғарылайтындығы байқалады. Дәстүрлі себу әдісіндегі тұқымның егістік өнгіштігінің төмен шамасы  тамыз айының ыстық та құрғақ ауа райы және аналық қызылшаны себу кезіндегі топырақтың  беткі қабатындағы ылғалдың шектен тыс булануынан туындады. Осындай  жағымсыз құбылыстың салдарынан бөгіп-өнген тұқымдар ылғалдың жетіспеушілігінен ары қарай өсуін еріксіз тоқтатуға мәжбүр болады.

    Соған байланысты дәстүрлі себу әдісі мен қарықтық әдістегі қарықтардың түрлі тереңдігіне  себілген нұсқалардағы өркендердің топырақ бетіне көктеп шығу динамикасы әр түрлі болып шықты. Бақылауда алғашқы өркендер 7-ші күні жер бетіне шықса, қарықтық әдісте 5-ші күні көрінді, ал өркендердің жаппай көктеп шығуы тиісінше 11-ші және 9-шы күндері, ал «себу - өркендер» кезеңінің ұзақтығы дәстүрлі себу әдісінде 14, ал қарықтық әдісте 10-12 күнге созылды 

Алынған мәліметтер зерттелген әдістің артықшылығын айқын  көрсеткендей, яғни қарыққа себілген өсімдіктердің өсуіне қолайлы температура мен топырақ ылғалдылығы жағынан оңды микроклимат пайда болады. Сол себепті Талдықорған өңірінің суармалы егістігі жағдайында қарыққа себу әдісінде бақылаумен салыстырғанда топырақ ылғалдылығы мен тұқымның егістік  өнгіштігі тиісінше 16,1 және 25,8% артып, ал «себу - өркендер» кезеңінің ұзақтығы 2-5 күнге қысқарды.

Зерттеу жылдарында әр өсімдіктің жапырақ бетінің орташа ауданы 1674-2052 см2, ал дәстүрлі әдісте – 1512 см2 құрады. Осы тәріздес айырмашылықтар өсімдік бойларының биіктігі мен жапырақтар санында да кездеседі. Қарықтық әдіспен себілген аналық қызылша өсімдіктерінің қысқа кетер алдында жақсы дамыған 5-20 г аралығындағы тамыржемістер мөлшері 55,7-60,3% болса, ал дәстүрлі әдісте олар  11,2-20,3% кем қалыптасты.

    Тамыржемістердің басқы диаметрі  олардың массасы мен көлемінің азаюына байланысты кішірейіп, құрғақ зат мөлшері де тамыржемістер  көлемінің өсуіне қарай көтерілді.Тамыржемістердің қанттылығы құрғақ зат мөлшері тәрізді өзгеріске ұшырап, бақылаудағыдан біршама  артты және тиісінше 11,6; 12,4 және 11,8% құрады.

     Сонымен, қарықтық әдістегі қант қызылшасы  өсімдіктері морфологиялық айрықша белгілерімен, яғни тамыржемістердің фракциялық құрамы,  құрғақ заттар және қант мөлшерімен ерекшеленеді. Әсіресе, 6-8 см тереңдіктегі қарыққа себілген нұсқада дәстүрлі әдістегіге қарағанда қанттылық мөлшері 1,2%, құрғақ заттар 2,7% көтеріңкі түзіліп, өсімдіктер биіктігі, жапырақтар саны және жапырақ бетінің ауданы  бойынша да өзіндік артықшылықтар байқалады.

 

 

Резюме

 

 В статье показано преимущество бороздкового способа посева семенников сахарной свеклы в Талдыкорганском регионе Республики Казахстан.

 

.