ҚР 12 жылдық білім беру үлгісіне көшу мәселелері

 

Көзжанов Б.Қ. аға оқытушы, ТарГПИ

Джантлеуова Р.У. аға оқытушы, ТарГПИ

Джантлеуова Ж.Б. магистрант, ЖГТУ

 

ХХ ғасырдың 80 жылдарынан бастап алдыңғы қатарлы дамыған елдердің білім саласында кең көлемде реформалар жүргізіліп жатыр. Ондай реформалар ТМД аумағындағы мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда да жүргізілуде. 

Дамыған елдерде білімді реформалау эволюциялық, революциялық  жолмен жүріп, стратегиялық және тактикалық міндеттерді жүктеп, интеграциялау, интернационалдандыру, демократияландыру жолдарымен дамуда.

Қазіргі кезде Еуропа кеңесінің (1992) Декларациясына сәйкес 12 жылдық білім беру жүйесіне дүниежүзінің 138 жуық мемлекеттері енген. Олардың ішіне дамыған елдерден АҚШ, Жапония, Германия, Франция және т. б. кіреді. ТМД елдерінен 12 жылдық орта білім беру мерзімін Өзбекстан, Латвия, Литва, Эстония, Украина, Молдова таңдады. Қазақстан 12 жылдық білім кеңістігіне енді ғана еніп жатыр. Қазіргі кезде ҚР 107 мектебінде 12 жылдық білім беру үдерісі эксперимент түрінде жүргізілуде. 

Бұл жүйенің басты мақсаты-жүйені ашық, заман талабына  сай  негізде дамыту. Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі - әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру. Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар: шығармашылық, белсенділік, әлеуметтік жауаптылық, жоғары интеллектілік, терең білімділік, кәсіби шеберлік.  

Білім беру жүйесіндегі өзгерістерді талап ететін әлемдік дамудың негізгі үрдістері: қоғам дамуының қарқындылығы; постиндустриалдық, ақпараттық қоғамға көшу; мәдениаралық өзара қатынас ауқымының кеңеюі; халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шешілуі мүмкін ғаламдық проблемалардың туындауы; қоғамның демократиялануы; экономиканың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің өршуі; адам капиталы мәнінің артуы. Осыған сәйкес дамыған елдердің білім беру жүйесінде  білім беру философиясы мен әдіснамасының жаңаруы, білім беру мазмұнын құру әдістерінің өзгеруі, білім беру жүйесінде жетілдірілген үлгілердің жасалуы,  білім беруді басқарудың тиімді тәсілдері ұсынылып отыр. Сонымен қатар 12 жылдық білім беруге көшу төмендегі мәселелерге   ерекше көңіл бөледі:

         -жаңа білім технологияларының енгізілуі;

        -оқытудың дәстүрлі өнімсіз стилін ығыстырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшуі;

        - терең және белсенді кәсіби бағдар берудің ерте жастан басталуы;

        -оқушы жастарға азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, көпмәдениеттілік, денсаулық сақтау және экологиялық тәрбие беру рөлінің күшейтілуі;

       -өмірлік бағдар ретінде адам бойындағы құндылықтарға қажет жағдайда түзету енгізу және жаңадан жасау;

      - білім ұйымдарының оқушыны әлеуметтендірудегі рөлінің артуы.

 Демек, 12 жылдық білім берудің мақсаты қоғамның мүддесіне өзін өзі белсенді етуге дайын, жаңа өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру.

Жалпы орта білімнің құрылымы балалардың психологиялық – физиологиялық тұлғалық ерекшеліктеріне сәйкес болады. ТМД және шетелдік ғалымдардың пікірінше физиологтар, психологтар, педагогтар 12 жылдық білім берудің құрылымы оқыту және жасерекшелігінің дамуына сәйкес болуын  ескеру қажет деп санайды. Жалпы алғанда, дүниежүзі елдерінде орта мектеп 3 сатыдан тұрады: бастауыш оқу 3-6 жылдық, негізгі (немесе кіші) орта мектеп 3-6 жыл және жоғарғы орта мектеп 2- 4 жыл.

12 жылдық мектепке ауысу бірқатар мәселелердің шешілуін талап етеді:

1.Бұл өзгерістің экономикалық негізделуі;

2.Бағдарламалық-әдістемелік қамтамасыз етілуі (мемлекеттік стандарт, жаңа кітаптар);

3.Жаңа жүйеге лайық мұғалімдер даярлау, мұғалімдерді қайта даярлау жүйесін жетілдіру;

4.Жалпы және орта білім беру мектебінде нормативті-құқықтық базаның жетілдірілуі;

5.Санитарлық-гигиеналық нормалар және негізгі ережелеріне өзгерістер енгізу;

6.Мектепке дейінгі, бастауыш, орта жалпы және жоғары бейіндік білім беруде сабақтастықтың болуы;

7.Білім саласын елдің тарихи дәстүріне, мәдениетіне бейімдеу. 

Әлем елдері тәжірибесінде әр мемлекеттің өзіне тән орта білім беру жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әр қайсысының қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы бар. Дүниежүзінің аса дамыған елдерінде-АҚШ-та, Англияда, Швейцарияда, Канада мен Германияда жалпы білім беру ұзақтығы 12 не 13 жыл, Голландияда 14 жыл,  ал Кореяда, Жапонияда, Швецияда, Францияда, Италияда – 12 жыл. Тек экономикасы жаңа дамып келе жатқан елдерде ғана орта мектеп 10-11 жылдық.

Соңғы уақытта АҚШ-та мектепке дейінгі, мектепалды балаларды дайындауға көп назар аударылады. Әсіресе провинциялық мектептерде 5 жасар балаларды мектепке дайындауда жаппай жұмыс жасалып келеді. Жалпы орта білімнің құрылымы 6+3+3, оқу мерзімі 6 жастан 18 жас аралығында. Мемлекеттік оқу орындарында тегін, жеке мектептерде ақылы болып келеді. АҚШ-та орта мектеп 2 буыннан тұрады: кіші және жоғары мектеп. Кіші орта мектепте 7-9 сыныптарда жалпыға бірдей бағдарлама, және  таңдау бойынша (элективті) сабақтары, жоғары орта мектепте 10–12 сыныптарда міндетті түрде 5 оқу пәндері және практикалық, академиялық бағыттағы профильдік пәндер берілген. Оқушылар 9-сыныптан кейін міндетті 5 пәнге қоса келешектегі мамандығына жақын бейінді пәндерді таңдап оқиды. Сыныпты жақсы бағалармен бітіргендері грантқа ие болады.

Германия ХХ ғасырда білім беруге ерекше көңіл бөлген мемлекеттердің бірі болды. 80 жылдары бұл ел жеке оқу орындарынан бас тартып, ақысыз оқу орындарын көбейткен. Мұнда да басқа Еуропа елдері секілді бастауыш сыныпқа 6 жастан қабылдайды, жалпы орта білім алу 12 жылдық мектепке негізделген, барша оқушыға алғашқы 9 жылдық оқу ғана міндетті, өйткені одан әрі балалар өз қалаулары және қабілеттеріне қарай оқуларын кәсіптік мектептерде жалғастыра алады. Герман Федеративтік мемлекетінің заңының 6-бабына сәйкес барлық мектептік білім беруді мемлекет қадағалайды. Мемлекеттегі міндетті тегін білім алу 4 жылдық оқыту болып табылады. Білім алу 3 баспалдақты құрылым болып табылады: негізгі мектеп, нақты училище, гимназия. Оқу 6 жастан жалпыға бірдей мектепте (1-4 сыныптар) басталады, содан кейін басқа аталған типтегі мектептерде жалғастырылады. Негізгі мектептің (5-10 сыныптарда) 50%-ға жуығын  оқушылар құрайды, олар әрі қарай өз білімдерін толық емес жалпы білімді меңгергеннен кейін, кәсіби білім алуға жолдама алады. Ал нақты училищеде (5–10 немесе 7–10 сыныптар) кәсіби-практикалық бағыттағы жалпы толық емес білім беріледі, онда физика, химия, биология, шет тілдер мен басқа да академиялық пәндер оқытылады. Нақты училищені бітірген оқушы орта және содан кейін арнайы жоғары кәсіби-техникалық оқу орындарына түсе алады. Гимназия (5–13 немесе 7–13 сыныптар) толық орта білімді береді және университеттік үлгідегі ЖОО түсу құқына ие болады. Гимназиядағы міндетті пәндер: неміс тілі мен әдебиеті, тарих, география, математика, биология, дене тәрбиесі, музыка, дінтану болып табылады. Гимназияның бейіндік білім беруіне байланысты әр түрлі нұсқада оқу бағдарламалары жасалған. Германиядағы мектептерде бейіндік оқыту барысында пәндер блоктарға сәйкес біріктіріледі, мысалы: «тіл-әдебиет-өнер», «әлеуметтік білімдер», «әлеуметтік-экономикалық» және т.б. Неміс тілді оқушылардың жоғары сыныпта оқудағы мүмкіншілігі зор, олар міндетті пәндерден басқа да пәндерді қосымша оқи алады, соның негізінде олардың жеке-дара ерекшеліктері жақсы дамиды. Бейіндік бағыттағы пәндерден басқа тілдік, әдеби-көркем, қоғамдық-ғылыми, математикалық немесе жаратылыстану-ғылыми пәндерін меңгере алады. Негізгі мектеп 4 пән бойынша емтихан тапсыру арқылы аяқталады.12 және 13 жылдық мектепті сәтті бітірген оқушылар үшінші деңгейді аяқтағандары туралы аттестатқа ие болады. Бұл аттестат кез-келген бейінді оқуға жолдама болып табылады. ЖОО-ға түсуде оқушының аттестаты, яғни орташа ұпайы негізгі рөл атқарады.

Францияда ХХ ғасырдың ортасында білімді қаржыландыру 14 есеге  өсіп, ақысыз оқу  мен ақылы оқудың ара қатынасы 80 мен 20 пайыз болған. Бұл мемлекет мектепке дейінгі балалар тәрбиесімен айналысатын ең алдыңғы қатарлы мемлекет болып табылады. Онда «Аналық мектебі» және «Бүлдіршіндер сыныбы» балабақшалары бар.

Францияда 12 жылдық білім беру жүйесі бекітілген.  Онда орта білім беруде 10 жылдық (6-16 жасқа дейін) мектеп ақысыз, ал 12 жылдық мектеп міндетті емес. Францияда 5 жылдық элементар «кіші» мектепті бітірген балалар оқуын жалпы білім бертін 4-5 жылдық колледждерде жалғастырады. Толық емес орта мектеп біртекті жалпыға міндетті колледж –бастауыш сынып негізінде құралған. Бітірушінің кәсіби мамандығына сәйкес (бакалавр) дипломды иемденуде олар бірнеше секцияға бөлінеді. Бастауыш және орта мектеп деңгейінде оқушылардың білім, іскерлік, дағдысын бағалауда арнайы екі шкала қолданылады. Мектепті тәмамдағаннан кейін оқушылардың барлығы бакалавр курсына сәйкес емтихан тапсырады.

Англия және ағылшын тілді елдерде грамматикалық, техникалық, кешенді 4 түрлі мектеп қызмет етеді.  Бұл елде орта білім алып, 16 жастан кейін балалардың  мектептің  берген сертификатымен  жұмысқа орналасуларына болады.

Шетел мектептерінде жоғары мектепке оқушылар оқу үлгіріміне қарай және мектеп берген мінездеме негізінде арнайы мемлекеттік комиссияның шешімімен қабылданады. Оқушылардың үлгірім деңгейлеріне қарай оқуларын әрі қарай жалғастыруға болатын мемлекеттер қатарына Германия, Франция, Жапония сияқты елдер жатады.

Әлемдік тәжірибе мемлекеттердің экономикалық дағдарыстан шығуымен бірге білім саласын оза қаржыландыруы қатар жүргенін көрсетеді. Мәселен, 1955 пен 1985 жылдар аралығында Жапонияда білімді қаржыландыру 20 есе артқан. Бұл елде мектептің жоғары сатысы (10-12 сыныптар) 5 түрлі-техникалық, сауда, ауыл шаруашылық, флоттық, қосымша  мектептер болып құрылған.  Жапонияда  балабақшалар білім берудің маңызды бөлімі емес. Балалар балабақшаға ата-аналарының қалауымен 4 жаста да баруы мүмкін. Жапон елінде 9 жылдық білім беру ақысыз, білім беру құрылымы 6+3+3 (6 жылдық бастауыш мектеп - чугакко, 3 жылдық кіші орта мектеп – чугако, 3 – жылдық жоғары орта мектеп – като-гакко). Бастауыш сыныптарда негізгі сабақтар жапон тілі, арифметика, қалған сабақтар ретінде жаратылыстану, қоғамтану, музыка, этика, дене тәрбиесі, өнер, қолөнер өтіледі. Кіші орта мектепке – емтихансыз, жоғары орта мектепке емтихан тапсырып түсе алады. Білімді тексеру тәсілі – жазбаша тест. Бастауыш және орта мектепте 5 дәрежелі шкала бағасы қолданылады: S (өте жақсы), А (жақсы), В (қанағаттанарлық), С (нашар), D (өте нашар). 

Моңғол елінде 12 жылдық білім беру жүйесіне 2006 жылы көшірілу басталып, кейбір аймақтар мен аудандарда эксперимент жүргізілген. 12 жылдықтың алғашқы түлектері 2014-2015 аралығында бітіреді. Балаларды мектепке 6 жастан бастап қабылдайды. Мұнда 12 жылдық білім беру жүйесі 6+3+3 сатыларынан тұрады.

Қытайда 1990 жылдардың аяғында жаппай білім беруге байланысты 9 жылдық білім беру енгізілді. Ал жалпы орта білім беру 12 жылдықты құрайды, бірақ бұл барлығына міндетті емес. Мектепке дейінгі білім беру 3-6 жас аралығын қамтиды. Бұл елдің базалық білім беру жүйесіне мектепалды, бастауыш, орта толық емес, толық орта білім беру жатады. Қытай білім беру конституциясында жалпы білім беру ұзақтығы 9 жылдық мерзімде бекітілген. Оқу бағдарламасында бастапқы 1-2 сынып, негізгі бастауыш 4 жыл (3-6 сыныптар), бастауыш орта 3 жыл. Бастауыш сыныпта енгізілген жаңа пән «Адамгершілік және өмір». Бұл пән орта бастауыш сыныпта (3-6 сыныпта) «Адамгершілік және қоғам» болып күрделіленеді де «Ғылым пәні» деп оқытыла бастайды. Бұл пән балаларды ғылыми жұмыстың негізгі әдістерімен таныстыра отырып, олар жасерекшелігіне қарай  ғылыми жобалар даярлайды. ҚХР мектептерінде тест арқылы педагогикалық бақылау жасалынады. 

Ұлыбритания білім беру жүйесі мектепке дейінгі білім беру және тәрбиеден басталады. Орта білім беру 2 бөлімнен: кіші орта мектеп және жоғары мектеп, кіші орта мектепті бітіріп 2 жылдық колледжге түсе алады. Одан «А» дәрежесіндегі сертификат алып, әрі қарай білімдерін жалғастыруға болады. 12-13 сыныпты бітірген 18 жастағы оқушылар ЖОО-на түсе алады. Ұлыбританияда екі негізгі бейіндік бағыт бойынша оқыту жүргізіледі: біріншісі – «академиялық» - таңдаған пәнін тереңдетіп оқу (ол жоғары оқу орнына түсуге жол ашады), екіншісі - «кәсіби» - қолданбалы және кәсіби пәндерді қысқартылған оқу жоспарына сәйкес оқытады. 

 Италияда 1999 жылы мектептік білім беруде жас мөлшері 18 жас болуы туралы №9 заңда енгізілген болатын. 2000 жылы ақпан айында бұл заңға мектептік білім беру жөнінде №30 заңда өзгертулер енгізген. 2001-2002 оқу жылына сәйкес мектептік білім берудің екі дәрежесі енгізілген: базалық мектеп (1-7 сыныптар) және толық орта мектеп (8-12 сыныптар). Базалық мектепке 6 жастағы балаларды бастауыш мектепке қабылдайды.

Канадада 12 жылдық білім беру әр аймақта өзіндік ерекшелігімен сипатталады. Балалар мектепке 6 жастан барады. Басқа елдердегідей Канадада білім беру бастауыш, орта және жоғарғы сыныптардан тұрады. Оқу жылы қыркүйекте басталып, келер жылдың маусым айында аяқталады. Оқу мерзімі әр түрлі, көп аймақтарда ( Квебек провинциясында ғана оқу 11 жылдық) 12 жылдық білім беру орын алған, тек  Онтарио провинциясында 13 жылдық білім алу бекітілген әрі арнайы емтихан тапсырумен аяқталады. Мектептегі білім берудің құрылымы мынадай: бастауыш 1-6 сыныптар, жалпы орта білім 7-9 сыныптар, толық орта білім 10-12 сыныптар. Міндетті білім беру 16 жасқа дейін деп бекітілген. Толық орта білімді жас ерекшеліктеріне сәйкес оқушылардың 90% бітіреді. Бастапқы кәсіби білім беру орта мектептің жоғары сатысындағы 11-12 сыныптарында жүзеге асырылады. Мектептегі білім беру ағылшын және француз тілдерінде жүргізіледі. Мектептегі білім алу ақысыз және он жылдық оқу міндетті, кейін оқушылар өз білімдерін 11-12 (13) сыныптарда жалғастыруы мүмкін, болмаса колледжге барып оқуға құқығы бар. 

Финляндиядағы  білім жүйесі сәтті және дер кезінде реформалау нәтижесінде талай жетістіктерге жетті:  экономиканың өсуіне, елдің әлеуметтік дамуына, технология мен ғылыми зерттеулерде инновациялық пәрменді саясатты жүзеге асыруға, сөйтіп бүгінгі таңда әлемнің ең озық өркениетті елдері қатарынан көрінуде. Бұл ел білім саласын дамытуға бүкіл қоғамды жұмылдырды, мемлекеттік қаржыландыруға ерекше көңіл бөлінді,  мұғалімдердің айлық жалақысы 2-3 мың евроға өсті (біздің елдегіден 10-15 есе көп), оқушылар мен студенттерге стипендия тағайындалды, оларға тұрғын үй үшін айына 500 евро бөлінеді. Оқушылардың денешынықтыруы, денсаулығына қамқорлық жасау, үй тапсырмасын азайту, салауатты өмір салтын қолдау, білім беруді ең соңғы ғылым мен технология жетістіктерімен кіріктіру, оқу үдерісін ірі технополистер аясында өткізу арқылы зор табысқа қол жеткізуде.

Норвегияда 1994 мен 1998 жылдар аралығында орта білім берудің  реформасы жүргізілген. Мемлекеттік мектептерде білім алу ақысыз.  Орта білім жүйесі 13 жылға дейін бекітілген. Он жылдыққа бастауыш және орта сыныптар кіреді, қалған үш жыл жоғары сыныптар болып саналады. Бастауыш мектепте сурет, музыка, математика және физика, ағылшын тілі мен ана тілінен басқа  христиандық дінтану, үй экономикасы және таңдау пәндері міндетті түрде оқытылады.  Норвегиялық мектептерде оқушыға баға қою тек 8 сыныпта ғана басталады. 8-сыныпта баға қоюмен қатар жаңа пәндер енгізіледі: бухгалтерлік есеп, экономика, әрі алғашқы кәсіби бағдар беретін пәндер. Мұғалім оқушының жетістіктерін арнайы дәптерлерде жинақтайды, егер қажет болса оқушыда оқу-тәрбие үдерісі барысында кездейсоқ жағдайлар, көкейкесті мәселелер туындаса мұғалім ата-анамен жазбаша түрде байланыс жасай алады. Мектептерде 16 мен 19 жас аралығындағы оқушылардың толық орта білімді тәмамдап шығуы заңды түрде бекітілген, ол 3 жылдық білім берумен шектеледі. Жоғары сыныптарда кәсіби бағдар беру тереңнен қарастырылады. Әрбір мектепте екі негізгі міндетті бөлімдер бар: академиялық және кәсіби шеберлік. Кейбір жағдайларда мектептегі оқу бағыты үшке бөлінеді: академиялық, дәстүрлі, кәсіби шеберлік пәндер (құрылыс ісі, жөндеуші) болып табылады. Бір жыл ішінде 36 оқу аптасы жоспарланған. Бастауыш мектепте 20 оқу сағаты бекітілген, ол: математика - 4, норвеж тілі - 6, табиғаттану - 1, ағылшын тілі - 1, сурет өнер, еңбек, дене тәрбиесі, музыка 1-2 сағаттан және дінтану 2 сағат болып жоспарланған. Оқу жоспарын мұғалімдер мемлекеттік бағдарламаға сүйене отырып жарты жылға жоспарлайды, ал әр аптаның жұмасында әр пәнге сәйкес тақырыптар таңдалады. Журналдар жоқ, мұғалімдер тақырыптық және күнтізбелік жоспарлар жазбайды. Жоғары сыныптарда оқушылардың мектепті бітіріп ЖОО-ға түсуіне көп көңіл бөлінген, оқушылардың өздері таңдаған пәндері сабақ кестесіне қойылып жүргізіледі. Егер бірінші оқу жылында апталық оқу жүктемесі 30 сағатқа тең келсе, келесі жылы бұл сағат өзгертіледі. Екінші жылы 18 сағат міндетті пәндер қойылса, қалған 12 сағат оқушының таңдаған пәні оқу жүктемесіне енгізіледі. Ал, үшінші жылы аталмыш оқушылар міндетті пәнге аптасына тек 14 сағат бөліп, қалған 16 сағатты өздерінің таңдаған пәндерін меңгеруіне рұқсат етіледі. Оқушылардың пәнді қаншалықты меңгергенін анықтау үшін Норвегияның емтихандық секретариаты таңдау емтихан-сынағын жүргізеді. Аталмыш уақытқа екі күн қалғанда мектепке арнайы оқушылардың тізімі бар конверт жіберіледі, аталмыш тізімдегі оқушылар ғана емтихан тапсырады. Ережеге сәйкес бірінші жылғы оқуда оқушылардың тек 10%-ы, екінші жылдан кейін 25%-ы, мектепті бітіргенде 50%-ы емтихан тапсырады.  Емтиханның негізгі мақсаты ұлттық білім деңгейін анықтау. Негізгі мектепті бітіргенде оған тағы міндетті екі емтихан қосылады, ол - норвеж тілі мен таңдауы бойынша бір пән тапсырылады. Негізгі мектепті бітіргенде 80% оқушылар ЖОО түседі, ал 20% колледждердің студенттері қатарына қосылады. Норвегияда университеттер мен колледждерге түсуге емтихан тапсырылмайды. ЖОО түсуде оқушының мектепті бітіруі туралы алған аттестаты негізгі рөл атқарады. 

Сонымен, дүние жүзінде орта, жалпы білім беру келесідей бағыттарда жүзеге асырылатындығы анықталды, олар:

1.Барлық балаларға, жастарға бірдей білім беру; білімнің ашықтығы, біліммен ақпарат алудың барлық азаматтарға мүмкін болуы.

2.Оқу бағдарламаларының оқушының жеке басының қызығушылығы мен талғамдарын ескеруге, дамытуға, олардың бойында жалпы оқу іскерліктерін қалыптастыруға, сондай-ақ әр оқушының және қоғамның мүддесі мен қажеттіліктерін ескеруге, жеке тұлғаны жоғары сапамен оқытуға, тәрбиелеуге, дамытуға және жеке тұлғалық оқу үдерісін ұйымдастыруға бағдарлануы.

3.Оқушының отбасылық экономикалық-әлеуметтік жағдайына, жынысына, қоғамдық мәртебесіне, ұлтына, дініне қарамастан оның қабілетін барынша дамыту көзделген.

4.Жастардың күнделікті қоғам өмірінде болып отыратын өзгерістерге тез бейімделуіне жол сілтеу болып табылады.

5.Әрбір оқушыға сол социумға сәйкес тарихи қалыптасқан, ең тұрақты рухани, дүниетаным және мәдени құндылықтарының таратылуы және бекуі.  

Жоғарыда аталған әлемдік әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы 12 жылдық білім беруге көшу Қазақстан мектептерін:

1. Әлемдік деңгейге көтеруге жағдай жасайды.

2. Оқудың жылдық жүктемесі  жеңілдейді.

3. Кәсіптік білім береді.

4. Жеке тұлғаны дамытуға ықпал етеді.

Қорыта келгенде, әр елдің білім беру және тәрбие саласында өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы, тіпті кемшілігі де болады, осы себепті де біз Қазақстан  республикасындағы оқушыға білім беру мен тәрбиені жан-жақты дамыту мақсатында шетелдік 12  жылдық білім берудің тек оң  және тиімді жақтарын алуымыз қажет. Мысалы, АҚШ пен Францияның балаларды  мектепке дейінгі дайындау тәжірибесіне, Германиядағы бейіндік оқытуда пәндерді блоктарға (модульдер құру десе де болар) біріктіру тәжірбиесіне, Қытайдың мектеп оқушыларын адамгершілікке, әлеуметтендірілуіне көп көңіл және ғылыми жұмыс әдістеріне баулуына, Скандинавия елдерінің оқу үдерісін демократияландыруына ( мұны ең озық үрдіс деп санаған дұрыс) баса назар аударған абзал болар еді. Сондай-ақ, Жапониядағы сияқты орта білімнің жоғарғы сатысында бейіндік оқыту бағыттарын кеңейту мүмкіндігін қарастырған да жөн болар.  Сонымен қатар, білім саласына өзгерістер енгізу үшін оны елдің тарихи дәстүріне, мақсатына, өндірісі мен мәдениет сұранысына бейімдеу керек.

Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан 2030»   стратегиясында көрініс тапқан әлеуметтік  секторда құрамдас үш мәселеге - халықтың денсаулығына, жоғары білім деңгейіне және  ұлттық рухани – адамгершілік мәселелеріне Қазақстан халқының назарын аударды. Аталған стратегияны орындау барысында Ел Президенті әр жылы Қазақстан халқына Жолдауында келесі кезектегі міндеттер туралы бағыт-бағдар беруде. Соның ішінде білім саласы да бар. Мәселен, 2006 жылғы Жолдауының төртінші басымдығында білім жүйесінің «бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру  стратегиясы» айтылған. Елбасы 2011 жылғы Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында да білім беру саласына ерекше көңіл бөлді: «Мен үшін маңызды мемлекеттік бағдарламаны: білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларын бекіттім» деп атап көрсетті/1/. Ол үшін жалпы білім беруді 12 жылдыққа көшіру, бейіндік мектептер ашу, оқушыларға білім беруде олардың өмірлік  тәжірбиесін ескеру, пәнаралық  байланысты нығайту, сол арқылы  оқушыларға әлеуметтік-экономикалық  тәлім – тәрбие беру, соған лайықты жаңа тұрпатты ұстаздар даярлау қажет.

Білім беру мемлекеттік тапсырыс. Ол дегеніміз мемлекеттің қаржысына сәйкес білім беру  жоспарын жасау, соны орындау.

Бүгінгі жалпы орта білімнің бағыты  өркениетті  елдерден қалмау, тегін, міндетті орта, үзіліссіз білім беру, мектептердің әр түрін енгізу.

Болашақта  ұстаздар жаңа заманның оқушыларына тәлім – тәрбие беруде оқушылардың  өмір тәжірбиесіне сүйеніп, пәнаралық байланысты пайдаланып, тәлім – тәрбиені әр саладан, соның ішінде экономикалық білім  мен  тәрбие беруге болатыны белгілі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.ҚР Заңы 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III «Білім туралы»

2."Ғылым туралы" 2001 ж. 9 шілдедегі № 225-II ҚР Заңы

3.Бабаев С.Б., Оңалбек Ж.К. Жалпы педагогика. Оқулық. Алматы: «Заң әдебиеті», 2007

4.Бұзайбақова К.Ж. Инновациялық педагогика негіздері. Оқу құралы. Алматы: «Білім», 2009.