Қазіргі қазақ тіліндегі атаулы сөйлемдердің мағыналық-құрылымдық негізі

Темірбекова Гүлжамила Қамбарбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты

Қазақстан., Шымкент қаласы

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

 

        Бір құрамды есімді сөйлемдердің “мағынасына қарай” классификациясы әр түрлі синтаксистік құбылысты бір қатарға біріктіріп, зерттеушілердің “мағына” терминін әртүрлі түсінуіне байланысты бір-бірінен өзгешеленеді. Бір құрамды есімді синтаксистік бірліктің ең алғашқы ғылыми классификациясын жасаған А.А. Шахматов болды. Класссификацияның негізіне екі түрлі грамматикалық белгіні алады: екі құрамды сөйлемнің тұрлаулы мүшелерінің қызметін ұйымдастырушының синтаксистік қызметінің ұқсастығы және ұйымдастырушының морфологиялық құрылымының тәсілі (қабілеті). А.А.Шахматовтың классификациясын қазіргі зерттеушілер толығымен құптамаса да, материалдарының көптігіне байланысты негізгі нысана етіп алады. Ғалымдар бұл жіктеуде ішкі грамматикалық негіз, тұтастық, синтаксистік критерий бірлігі негізге алынбаған[1,19]-деп көрсетеді.

     Орыс ғалымы А.М. Пешковский атаулы сөйлемдерге тек баяндауыштық мағына жүзеге асырылу, тұрмыстық мағына беретін бір құрамды есімді конструкцияларды жатқызады. Зерттеушінің пікірінше, тек тұрмыстық мағына “атау септігіне жеке ой, жеке пікір мағынасын бере алады[2,26]-” дейді.

     Бұдан кейінгі жіктеуді Ф.К. Буженик зерттеулерінен көреміз. Атаулы деп тек тұрмыстық емес, әртүрлі мағына- грамматикалық қызмет атқаратын, тұрлаулы мүшесі атау септігінде тұрған барлық бір құрамды сөйлемдерді айтамыз.

     Бір құрамды есімді синтаксистік құрылымның атаулы қатарының көлемінің шектелуі зерттеушілерді есімді бір құрамды сөйлемдердің әртүрлі топтары арасында грамматикалық айырмашылықтар жоқ деуге дейін барады. Кейбір зерттеушілер грамматикалық негізде классификация мүмкін емес[3,21] – дейді.

     Ғалым В.П. Шутовтың жасаған классификациясында сөйлемнің логика- мағыналық белгісі негізге алынады. Мұнда бір құрамды есімді құрылымды білдіретін ойына қарай пікірді білдіретін сөйлем және пікір білдіре алмайтын сөйлем деп бөледі. В.П.Шутов сұраулы сөйлем және болжалды сөйлемдерге болжал мәнді модаль сөздермен берілетін бір құрамды сөйлемдерді бір түр ретінде қарастырады. Мұндай кезде қолданылатын кіріспе мәніндегі модаль сөздер атаулы сөйлем құрылымының бөлігі ретінде бағаланады[4,56].

     Б.П. Ардентов атаулы сөйлемдерді тілдік қызметі бойынша екі түрге бөледі: 1) коммуникативтік қызмет атқаратын сөйлемдер.2) адамның өзін-өзі тану қызметін атқаратын сөйлемдер. Бұл екі топтағы сөйлемдер тілдік бірлік ретінде коммуникативтік қызмет атқаруға бейімдігін байқатады, егер сөйлеу деңгейінде тікелей пікір алмасу мақсатына қызмет етсе, басқаларға берілетін хабар айтушының өзі үшін арналған, тілдік қатынаста олар әртүрлі жағдайда қолданылады. Тілде олар бірдей, олардың бірдей хабарлау мүмкіндіктері әртүрлі іске асырылады, себебі айтушы мен сөйлеу адресатының арасындағы қатынас әртүрлі қалыптасқан[5,36].

     Атаулы сөйлемдерді мағынасына қарай бөлуге байланысты кейбір зерттеушілер бір құрамды есімді сөйлемдерді грамматикалық (модальділік)

мағынасына қарай, екінші біреулер бір құрамды есімді сөйлемдерді ұйымдастырушы бас мүшеге байланысты бөледі:

     Модальділік мағынасына қарай бір құрамды сөйлемдерді Ф.К.Буженик бөледі. Интонация арқылы атаулы сөйлемдер екі түрлі модальдік мағына береді: Шындық фактының модальділігі және қатынастың модальділігі.

     Бір құрамды есімді сөйлемдердің ( басты мүшесі ) ұйымдастырушысына байланысты П.А. Лекант номинативті және генетивті деп бөледі[6,28].

     Бір құрамды есімді сөйлемдерді грамматикалық классификациялау тәжірбиесі көрсеткендей, мағыналық – грамматикалық, құрылымдық сипаттамасы бұл күрделі синтаксистік құбылыстың табиғаты туралы толық түсінік бере алмады. Олай болса жоғарыда көрсетілген бір жақтылықты болдырмау үшін, бір құрамды есімді сөйлемдерді әр түрлі деңгейде құрылымдық, мағыналық негіздері ескерілуі тиіс. Бұдан басқа, ол зат есімнің атау септігі орындайтын құрылымдық – ұйымдастырушы қызметімен шектелмей, зерттеу объектісін толық көлемде қамтуы тиіс.

    Бір құрамды есімді сөйлемдерді грамматикалық жағынан топтау тәжірбиесіне сүйенсек, оларға берілген мағыналық-грамматикалық, құрылымдық сипаттамасы бұл күрделі синтаксистік құбылыстың табиғатын толық таныта алмады. Бір құрамды есімді сөйлемдерді әр түрлі деңгейде зерттеуде оның құрылымдық, мағыналық негіздері ескерілуі тиіс. Бұдан басқа, ол зат есімнің атау септігі орындайтын құрылымдық-ұйымдастырушы қызметпен шектелмей, зерттеу нысанын толық көлемде қамтуы қажет. Сондықтан  қазақ тіліндегі бір құрамды есімді сөйлемдер атаулы және вокатив сөйлемдер деп екіге бөліп қарастырамыз.

  Түркі тілдерін тарихи-салыстырмалы тұрғыда зерттеуші ғалымдардың қайсысы да түркі тілінде есімді (номинативті) сөйлемдер қолданылғанын жоққа шығармайды. Мұндай пікір есімді сөйлемдер қалыптасқан құбылыс ретінде қолданылатын көне түркі жазба ескерткіштері арқылы дәлелденді. Осы айтылған пікірді бір құрамды сөйлемдер үшін де қолдануға әбден болатынын ғалым Е.Ағмановтың мына сөзінен байқауға болады: «Сөйлемдер жүйесінің тарихын айтқанда мына мәселені есте сақтау керек; біздің тіліміз де тілдік элементтердің номинативтік және коммуникативтік қызметтердің сараланбаған көне бір кезеңін бастан өткізсе керек[7,102].».

Атаулы сөйлем негізгі бас мүшеге атрибуттың қатысуымен жасалады. Атрибуттық амалдағы компонент жеке тұрғанда сөйлемдік мазмұнның өзегі бола алмайды.

     Атаулы сөйлем арқылы тұрмыстық, жаратылыстың мезгілдік көріністердің, заттардың, түсініктердің ішкі маңызына, жалпы көрінісіне лайық баға беруді, оны атап көрсету және атаумен байланысты мәселелерді сіңіре отырып, қысқаша болған информацияны құруды көздейді. Атаулы сөйлемнің бұл түрінде  тілдік жүйедегі элементтерді үнемдеп қолдану ерекшелігі көрінеді. Екіншіден, суреттеліп отырған объектілер, көріністер адамның ішкі сезіміне әсер етердей көркем елестер түзейді. Осыған байланысты сөйлемдік мазмұн автордың  субъективті сипаттауынан тұрады және олардың шындық екендігін қамтиды.

Атаулы сөйлем күнделікті тұрмыста кездесетін заттарды, бұйымдарды, оқиғаны және жаратылыс көріністерінің атауын белгілеп, оларды сипаттап көрсететін бір құрамды сөйлемнің бір түрі. Сондықтан да оның мағынасы белгі-мәндерден тұрады. Оларды білдіру үшін тілдік жүйедегі элементтердің кез-келгені қатыса бермей, атауы таңдалады.

    Атаулы сөйлемдердің құрылымдық негізі көбіне атау септік тұлғасындағы дара зат есімдер мен зат есімді тіркестер болып келеді. Бұл сөздер сөйлеу ситуациясына қарасты қолданылып, екі бас мүше-құрамды не етістік бір бас мүше-құрамды сөйлемдермен жалпылай мағыналық қатынасқа түсіп әрі интонациясы жағынан ұштаса айтылып дербес сөйлем қызметін атқарады. Олардың мазмұны зат, құбылыстардың байланысына емес, тек сөйлеу уақытындағы жалпыланған ақиқат мәніне негізделеді. Осыған орай, атаулы сөйлемдер мағынасы жағынан оқиға, болмыс туралы баяндауды білдіретін өзге сөйлемдерге қатысты болып тұрады. Атаулы сөйлемнің предикативтілігі мен модальділігі бірлікте ұштасып, интонациялық-синтаксистік тәсіл аясында айқындалады. Бұл-атау септік тұлғалы зат есім немесе зат есім мәнді сөздердің нақтылы сөйлеу ситуациясына, басқа сөйлемдер контексіне қарай айрықша синтаксистік қызметте абстракцияланып қолданылу, біртұтас баяндау интонациясымен айтылу өзгешеліктеріне байланысты. Атаулы сөйлемнің мағына-құрылымдық белгілері қазақ тіліндегі деректерге сүйеніп, анықталды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Шахматов А.А. Синтаксис русского языка, Ленинград, 1941, 620с.

2.     Пешковский А.М. Русский синтаксис в научном освещении, Москва, 1956,511с.

3.     Буженик Ф.К. Типы номинативных предложений в современном русском языке, Ленинград, 1958, 33с.

4.     Шутов В.П. Семантические типы номинативных предложений в современном русском языке//Ученые записки Саратовского пед.инстиута, Саратов, 1955, Вып.ХІІ, с.273

5.     Ардентов Б.П. Номинативные предложения в современном русском языке// Ученые записки, т. 55(филологический). Кишинев, 1959, с.154

6.     Лекант П.А. Синтаксис простого предложения в современном русском языке, Москва, 1974, 152с.

7.     Ағманов Е. Қазақ тілінің тарихи синтаксисі//Сөз тіркесі мен жай сөйлемнің дамуы, Алматы, 1991, 229б.

 

Резюме

В статье анализируются проблемы именных односоставных предложений в казахском языке. Классификация односоставных предложений именного строя на различных ступенях должна иметь как структурные, так и семантические основания.

Summary

In this artikle are given the analysis of problems of nominal one-component sentences in the Kazakh language. The author tries to prove that the classification of one-component sentences in nominal raw in different levels must have structural and semantic bases as well.