Булатова А.К

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің математика мамандығының магистранты

 

 

Студенттердің құзыреттіліктерін қалыптастыру

Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің әлемдік ақпараттық-білім беру кеңістігіне енуге бағытталған жаңа жүйесінің қалыптасуы жүріп жатыр. Бұл процесс педагогикалық теория мен оқу-тәрбие процесіне оқыту технологияларының мазмұнына қазіргі заманғы техникалық мүмкіндіктерге сәйкес және студенттің ақпараттық қоғамға еркін енуіне мүмкіндік береді.

Компьютерлік технологиялар тұтас білім беру процесінің оның тиімділігін, сонымен қатар студенттердің маңызды және пәндік құзыреттілігін қалыптастырудың нәтижелігін едәуір арттыратын ажырамас бөлігі болуы тиіс. Білім беру сферасында компьютерлік технологияларды кеңінен қолданудың аспектілері ресейлік және шетелдік ғалымдардың еңбектерінде жарық көрген еді: В.Ф.Шолохович, О.И.Агапова, С.Пейперт, Г.Клейман, Б.Сендов, Б.Хантер және басқалары. Оқытуды компьютерлендірудің әртүрлі дидактикалық мәселелері А.П.Ершов, А.А.Кузнецов, Т.А.Сергеева, И.В.Роберт, әдістемелік мәселелері Б.С.Гершунский, Е.И.Машбиц, Н.Ф.Талызина, психологиялық мәселелері В.В.Рубцов, В.В.Тихомиров және тағы басқа еңбектерінде көрініс тапты.

Студенттердің пәндік құзыреттіліктері білім берудің жаңа нәтижесі ретінде қазақстандық білім беру жүйесін модернизациялауда жетекші парадигма болып саналады. Педагогикалық әдебиетте құзырет, құзыреттілік терминдері жиі қолданылады және «орнығып алды». Олардың кеңінен қолданылуы толығымен аяқталған, бұл әсіресе Қазақстан Республикасындағы білім берудің мазмұнын модернизациялаудың (жаңғыртудың) қажеттілігімен байланысты. Біз А.В.Хуторскийдің құзырет білім берудегі тұлғалық-бағытталған жолмен келудің жүйелік сипаттамасы деген пікірімен келісеміз.Ал Г.Г.Скоробогатова, В.В.Гузеев, Н.В.Агапова сияқты белгілі педагогтар «білім беру құзыреті» терминологиялық құрылымын білім  алушының білім мазмұнын сапалы меңгеруімен байланысты тұлғалық дамуының деңгейі ретінде анықтайды. Осыған ұқсас «білім берудің құзыреттілігі» студенттің күрделі қызмет түрлерін жүзеге асыра алу қабілеті ретінде қарастырылады.

Құзырет- білім беру жүйесіне әлеуметтік тапсырыс құрайтын жекелеген және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында сәтті қызметке қол жеткізу үшін ішкі және сыртқы ресурстарды тиімді топтастыруға дайындық. Құзырет – нақты өмірлік жағдайларда тиімді қызмет ету үшін адамның өз білімін, біліктілігін мен дағдыларын және сыртқы ресурстарды жұмылдыруға дайындығы, айқын емес жағдайларда әрекет етуге дайындығы.

Құзыреттілік- оқу және өмірлік жағдайларды шешуде білім алушылардың білімге, қабілетке, машықтар мен қызметтің әмбебап тәсілдерін меңгерумен бейнеленетін білім беру нәтижесі. Құзыреттілік – адамның тиісті құзыреттілікті иеленуі, қожа болуы, бұған біліктілік пен қызмет пәніне оның жеке қарым-қатынасы жатады.

Құзыреттіліктің маңызды ерекшеліктері бар: әрдайым пайдалануға дайын күйде «сақталатын» білім, біліктілік пен дағдылардан айырмашылығы, құзыреттілік оны іске асыру кезінде ғана, демек, жағдайға байланысты жауап беру кезінде ғана «жиналады».

Негізгі құзыреттіліктер тізімі әлеуметтік тәжірибе мен жеке басының тәжірибесін, сондай-ақ студенттердің өз бетінше білімін дамытуға қолданылатын негізгі қызмет түрлерін құрылымдық жағынан таныстыру негізінде анықталады. А. В. Хуторский   біліктіліктің 3 негізгі түрін енгізген: 1)негізгі құзыреттіліктер: құндылық – мәнді, жалпы мәдени, оқу-танымдық, ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік-еңбектік, жеке тұлға ретінде өзін-өзі  жетілдіру құзыреттілігі, 2) жалпы пәндік құзыреттілік, 3) пәндік құзыреттілік.

Құзыреттіліктің әрқайсысы білім, біліктілік пен дағды және құндылықтардың үлкен кешенінен тұрады. Оқытудың түрлі технологиялары, түрлері мен әдістері бойынша компьютерді  оқып-үйрену кезінде басты құзыреттілікті қалыптастырудың негізгі құралы болып табылады.

Педагог-практиктердің ойынша математиканың пәндік құзыреті ғылымдық білімдердің, қызмет тәсілдерінің, проблемалық жағдайларда тиімді шешімдер қабылдай білу формасындағы шығармашылық қызмет тәжірибесінің, қоғамға және адамға деген эмоционалдық-құндылық қатынас тәжірибесінің оңтайландырылған жүйесін көрсетуі тиіс.

Математиканы оқытудағы әдістемесі келесі құзыреттерді талап етеді:

- математикалық тіл, базалық математикалық тәсілдер мен алгоритмдер;

- математикалық сауаттылық, яғни математиканың әлемдік рөлін анықтай білу және түсіне білу қабілеті;

- математикалық білімдерді әртүрлі ақпараттық түпнұсқалардан ала білу тәсілдерін меңгеруге негізделген өз бетінше танымдық қызмет;

-ақпараттық және коммуникациялық технологияларды пайдалана білу.

Математикалық ұғымдар, сондай-ақ өмірлік негіздегі қолданбалы тапсырмалар құзыреттілік тапсырмалары болып табылады және  ойлампаз студентте «Мұны біз не үшін істеп отырмыз?» деген жауапсыз қалатын сұрақ туындамайды. Студенттердің құзыреттілігін қалыптастыру олардың белсенділігіне байланысты болады, яғни оқытушының «белсенділігі» студенттердің белсенділігіне ауысқан кезде ғана болады. Мысалы: Білім беру жүйесінде компьютерлік технологиялар студенттердің белсенділігін арттырады. Компьютерлік оқыту бағдарламаларының көптеген түрлерінің ішінен кеңінен тараған үшеуін бөліп алуға болады:

1.Оқу және өз бетінше оқу құралы ретінде қолданылатын және қолдануға дайын бағдарламалық өнімдер, мамандандырылған оқыту (дидактикалық) бағдарламалары.

2.Әртүрлі нақты пәндік мазмұнмен толықтыруға болатын және бағдарламалық қабық болып саналатын бағдарлама-құралдар.

3. Студенттер көмегімен белгілі бір оқу құбылысын , нақты бір процесті, ғылыми жағдайды оқып-үйренетін және компьютерлік модельдер болып табылатын бағдарлама-конструкторлар.

Осы уақытқа оқу бағдарламаларының едәуір қоры жасақталған. Бағдарлама- құралдар мен бағдарлама-конструкторлар оқу процесінде қолданылады. Бұл толық жалпыавторлық болып табылады, яғни әр оқытушы компьютерлік сабақ мазмұнын өзі құрастырады.

Математиканы оқытуда компьютерлік құралдарды қолдана отырып пәндік құзыреттілікті қалыптастырудағы жаңа тәсілдер компьютерлік технологияларды оқытуда қолданудың студенттердің оқу процесінің тиімділігіне бағытталған әсерлерінің мүмкіндіктерін қолданады. Яғни көрнекілік үшін компьютердің графикалық мүмкіндіктерін қолдану. Студенттер функциялардың графиктерін тұрғызуға мүмкіндік беретін компьютерлік бағларламалардың мүмкіндіктерін пайдалануға болады.

Соңғы кезде ғылыми және инженерлік есептеулер жүргізу үшін, электрондық кесте де, қалыптасқан программалау тілі де көп қолданылмай, керісінше арнайы математикалық пакет немесе МatLab, Maple, MathCAD, Mathematical тәрізді және тағы да басқа бағдарламалар пайдаланылып жүр. Математикалық бағдарлама, соның ішінде MathCAD-кең тараған бағдарлама. Мамандар үшін арнайы ғылыми техникалық есептеулерде, арнайы программалау тілін (FORTRAN, C++, Pascal, BASIC т.б.) жетік білмеген күнде де, математикалық моделдеп, компьютермен жұмысты өте тез жүргізуге болады. Math CAD  бағдарламасының мүмкіндіктері өте көп: матрицаны есептеуге, график тұрғызуға және оны түрлендіруге, графиктерді қиылыстыруға болады және т.б.

Яғни, компьютер көмегімен графикалық тұрғызулар ән сәтте орындалады. Компьютердің мұндай өнімділігі компьютерді қолданғанда сабақтың тиімділігін, студенттердің белсенділігін едәуір арттырады.

 Студенттердің құзыреттілігін қалыптастыруда: жобалар әдісі, жарыссөз әдісі, ойын технологиясы (рөлдік ойындар), кейс-стади, проблемалық  пікірталас, интерактивтік оқыту технологиясы (жұппен, шағын топтарда), сценарий-контекстік технология, модульдік оқыту  технологияларды белсенді пайдалану керек.

Жобалар әдісі, мысалы, ақпараттық, коммуникативтік, жеке тұлға ретінде өзін-өзі жетілдіру және т.б. сияқты құзыреттілікті қалыптастыруға қолданыла бастады.    I курста студенттер жеке шағын-жобаларды, кейіннен жұптық және топтық жобаларды дайындайды.

Оқу-танымдық құзыреттілікті қалыптастыру — бұл оқу іс-әрекеті мен өз қызметін талдау біліктілік дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Жүйелілік дағдылары, мысалы, сұлбалар, алгоритмдер құрастыру арқылы қалыптасады. Осы құзыреттілікті қалыптастыру үшін сабақтарда өзін-өзі бақылау және өзара бақылау белсенді түрде қолданылады.

Коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру ойын технологиялары, пікірталастар, кейс-стади технологиялары көмегімен сатылай жүргізіледі.   Негізгі біліктілікті қалыптастыруда оқу-әдістемелік кешендер мен оқу құралдары маңызды рөл атқарады. Сабақ өткізу кезінде оқытушылар электрондық оқулықтар мен оқу құралдарының бірнеше түрлерін, оқытудың көзбен шолып байқау құралдарын, мультимедиялық технологияларды пайдаланады. Нәтиженің өзгеруі: бітіруші тек «білімді» ғана емес, сондай-ақ «білікті» де болуы білім беруді жаңартудың барынша маңызды буыны болып табылады, сондықтан құзыреттілікті  қолдану қажеттігі еш күмән тудырмайды.

 

Әдебиеттер

 

1.     Хуторской А.В. Негізгі біліктілік жеке-бағдарлы компонент ретінде//Халықтық білім ,2003.

2.     Скоробогатова Г.Г. Консультации: Профессиональные качества учителя и профессиональные конкурсы педагогов//Педагогические технологии,2008, №1.с.92-101.

3.     Агапова Н.В. Перспективы развития новых технологий обучения.М.:ТК Велги, 2005.247с.

4.     Никифорова М.А. Преподавание  математики и новые информационные технологии//Математика в школе,2005,№6-7.