П.ғ.к., доцент Маженова Р.Б., оқытушы Ұ.М.Конхашова

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университет, Қарағанды қ.

Жоғары оқу орны оқытушысының кәсіби құзыреттілігін дамыту мәселелері

 

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Халыққа Жолдауында жоғарғы оқу орындарындағы білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстанның Болон процесіне қосылуы жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамының кәсіби құзіреттілігін дамыту мәселесінің өзектілігін айқындады. Өмір бойы үздіксіз білім алу Болондық келісімнің маңызды идеясы болып табылады.

Қазіргі таңдағы білімділік парадигмасының дағдарысының бірнеше себептері бар. Біріншіден, білім феноменінің қоғамдық тәжірибесімен қатынасының өзгеруі. Қазіргі кезде ақпаратты іздеу және табу кәсіби іс-әрекеттің басымды бағытына айналды. Екіншіден, болашақ маманға әртүрлі әлеуметтік, өндірістік, экологиялық және тағы басқа мәселелерді шешу үшін барлық тұлғалық потенциалын жұмылдыру іскерлігі, білімнің жалпы мәдени фундаменті қажет. Оқытудың білімділік парадигмасынан әрбір студентке бағытталған тұлғалық-бағдарлы парадигмаға көшуі қазіргі заман педагогынан жоғары кәсіби құзіреттілікті талап етеді.

Оқытушының кәсіби құзіреттілігін отандық және шетел ғалымдары педагогикалық қызметті мейлінше тиімді орындайтын қабілеттілігі мен дайындығын анықтайтын интегралды құбылыс ретінде сипаттайды.

Құзыреттілік ұғымы «білім», «білік» және «дағды» (ББД) сияқты ұғымдарды қамтиды. Бірақ бұл ББД-ның жаңаша  жай ғана жиынтығы емес. Құзыреттілік оқыту нәтижесін (білім және білік) ғана емес, сонымен бірге педагогтардың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі мен құндылық бағдарларының жүйесін де көрсетеді. Құзыреттілік – бұл алынған білімдер мен біліктерді тәжірибе жүзінде, күнделікті өмірде қандай да бір тәжірибелік  және теориялық мәселелерді шешуге  қолдана алу қабілеттілігі. Ол, ең әуелі жоғары оқу орнындағы оқыту үрдісінде қалыптасады. Сонымен, оқытудағы құзіреттілік тәсіл білім беру нәтижесі ретіндегі оқыту сапасын қамтамасыз етеді, ал ол өз кезегінде кешенді әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруды, оқыту сапасын бағалаудың біртұтас жүйесін құруды талап етеді [1]. Демек «құзырет» және «құзыреттілік» ұғымдарын жоғары оқу орнындағы педагогикалық тәжірибеге енгізу білім берудің мазмұны мен әдістерін өзгертуді, іс-әрекет түрлерін нақтылауды талап етеді.

«Құзырлылық», «құзыр» ұғымдарының қолданыстағы білім, білік, дағдыдан айырмасы төмендегідей ажыратылады:

А) білімнен айырмасы – қызмет жөніндегі ақпараттық сипатта емес, өнімді қызмет формасы түрінде байқалады.

Ә) дағдыдан айырмасы – оқыған материалды топтастыра, құбылыстарды, заңдылықтарды шығармашылықпен пайдалана отырып өзгерте алатын саналы қызмет.

Б) біліктіліктен айырмасы – дағдыға автоматты түрде жету немесе алмастыру емес, керісінше бірнеше пән дағдыларын кіріктіру, жалпы қызмет негіздерін сезіну.

Қазіргі кездегі жоғары оқу орны оқытушының мақсаты білім мазмұнын игеруге және оны өзінің жеке білімдік капиталына енгізуге арналған ақпараттық ортадағы берілген мүмкіндіктерді қолдану болып саналады.

Жоғары оқу орны оқытушысының бойында коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыруда ақпараттық-коммуникативтік технологияның рөлі ерекше. Бұл технологияны қолдану оқытушылардың кәсіби шеберлігі мен қабілеттіліктерін арттырады.

Ақпараттық құзыреттілік арқылы нақты объектілер  көмегімен қажетті ақпаратты іздеу, талдап таңдап (іріктеп) алу, ұйымдастыру, түрлендіру,сақтау және ақпаратты беру біліктері қалыптасады. Бұл құзыреттілік оқытушының білім аймақтарындағы, сонымен бірге қоршаған дүниедегі ақпараттармен жұмыс істей білу дағдыларын қамтамасыз етеді.

Коммуникативтік құзыреттілік –  қажетті  тілдерді, қоршаған адамдармен және оқиғалармен қарым-қатынаста болу тәсілдерін білуді, топпен жұмыс жасау дағдыларын, ұжымдағы әр түрлі әлеуметтік рөлдерді  меңгеруді қамтиды [2].

«Ұстаз қандай болса қоғамы сондай» деген бұлжымас заңдылық қай қоғамда да көкейкесті. Сондықтан да бүгінгі күннің өзекті мәселесі – жоғары оқу орны оқытушыларының құзіреттілігін үздіксіз дамыту. Қазіргі таңда оқытушы құзіреттілігін үздіксіз жетілдіруде мынандай міндеттер жүктеліп отыр:

1.     Мамандығы бойынша негізгі дайындығы болуы;

2.     Адамдардың адамға, қоғамға қатынасын реттейтін құқықтық және этикалық нормаларын білуі;

3.     Қазіргі білім беру технологиясын пайдалана отырып жаңа білім алуы және өз еңбегін ғылыми негізде ұйымдастыра білуі;

4.     Компьютерлік техниканы меңгеруі;

5.     Ғылыми іскерлік, қоғамдық, саяси, және тұрмыстық тілдер ауқымында мемлекеттік және шетел тілдерінде сөйлесе білуі.

зҚоғамның сұранысын қанағаттандыру оқытушыдан жоғары мәдени адами құндылықтар мен сенімдердің қалыптасқан жүйесін, кәсіби белсенділік пен өзін-өзі жүзеге асыруға деген ұмтылысты талап етеді. Осыған байланысты оқытушы тұлғасын үнемі шыңдап отыру қажет. Міне, жоғары оқу орны оқытушысының кәсіби құзіреттілігін арттыру жүйесінің негізгі міндеті осыдан туындайды: ол маманның кәсіби құзіреттілігін тұлғалық қасиеттерімен үйлесімді дамыту болып табылады. Еркін әрі белсенді ойлауға, оқу тәрбие үрдісін моделдеуге, жаңа идеяларды өзі туындатып, іске асыруға қабілетті оқытушының кәсіби құзіреттілігінің деңгейін көтеру мәселесі- қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға өзекті проблемалардың бірі болып табылады. Біріншіден, кәсіби құзіретті оқытушы оқу-тәрбие жұмысы барысында шығармашыл студентті қалыптастыруға жағымды ықпал ете алады, екіншіден, өзінің кәсібінде үздік нәтижелерге қол жеткізе алады, үшіншіден, өзінің кәсіби мүмкіндіктерін толығымен жүзеге асыра алады.

Кәсіби құзіреттілікті екі аспектіде қарастырады: кәсіптік дайындықты көтеруге арналған білімнің мақсаты; өзінің кәсіптік қызметін жүзеге асырушы оқытушының жай-күйін бейнелейтін аралық нәтиже. Педагогтың кәсіби құзіреттілігінің дамуын зерттеушілер маманның кәсіби қалыптасуының бастапқы кезеңінде бұл үрдіс салыстырмалы түрде дербес болатынын, біртіндеп, толыққанды біртұтас кәсіби мәнді сапаға айналатынын айтады. Құзіреттілік - әлеуеметтік мәселе, сондықтан тек кәсіби емес, педагогтің жеке қасиеттері де белгілі бір мәнге ие болады. Сондықтан жоғары оқу орнының оқытушысы кәсіптік тұрғыда өзін жетілдіруге мүмкіндік беретін құралдарды меңгеруі қажет. Әр күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай уақыт талабына сай ертеңгі болашақ жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу педагогтарға зор жауапкершілікті жүктейді. Ол оқытушыдан үздіксіз ізденуді, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді.  Бұл қоғам талабына сай туындайтын қажеттілік.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.                 Сластенин В.А. Профессионализм учителя как явление педагогической культуры // Педагогическое образование и наука. 2008. № 12.

2.                 Новикова Г.П. Формирование профессиональной компетентности педагога. М., 2010.