Педагогические науки /
2.Проблемы подготовки специалистов
П.ғ.к., аға оқытушы Атемкулова Н.О.
Абай атындағы
қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
профессоры
Қазақстан
Республикасы, Алматы қ.
СТУДЕНТТЕРДІҢ
АКАДЕМИЯЛЫҚ МОБИЛЬДІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ЖОҒАРЫ ОҚУ
ОРЫНДАРЫ ДАЙЫНДЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗЫ
Сапалы білім беру – қай
кезде болмасын қоғамның басты құндылықтарының
бірінен саналады. Кімді және қалай оқыту, қаншалықты
және неге үйрету тәрізді ерекше қоғамдық
маңызы бар мәселелерді Елбасы Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында нақтылап
береді. Сол бойынша бағыт-бағдар айқындалып отырады.
Жоғары
оқу орнының студенттері, зерттеушілері мен
қызметкерлерінің
мобильділігі білім беру бағдарламалары мен ғылыми
зерттеулердің сапасын арттыратыны сөзсіз. Ол еуропалық
жоғары білімнің академиялық және мәдени
интернационализациялануын жоғарылатады, халықаралық
ынтымақтастықты кеңейтіп, Болон үдерісі
шеңберінде жоғары оқу орындары арасындағы
бәсекелестікті арттырады.
Жоғарғы
оқу орындарында бүгінгі күні білім алып жатқан жастар
ол біздің еліміздің болашағы, сондықтан да білімді, жан-жақты тәрбиеленген
жас кадрларды даярлау, оларды оқытып қана қоймай сонымен қатар
қазіргі өмір талабына сай өз саласының маманы болып
шығуға жол сілтеу жоғарғы оқу орындарының
негізгі міндеттерінің бірі болуы шарт.
Осы мақсатқа жету
үшін не істеу керек? Кредиттік оқу жүйесін қолдануды
жетілдірудің қандай жолдары бар деген сұрақтар
жоғарғы оқу орындарындағы барлық мамандарды,
оқытушыларды толғандыратыны сөзсіз. Кредиттік технологиялық
оқу жүйесі бұрынғы оқытудан ерекше, жаңаша
оқыту тәсілі бар, жаңаша ұйымдастыруымен,
қойылатын талаптарымен де ерекшеленеді.
Студенттермен
тұрақты қарым-қатынас жасау тәжірибесі бізді мынадай
тұжырымға жетелейді: олардың көпшілігіне кредиттік
оқыту жүйесінде мұғалімдермен етене араласу, яғни
білімге талпыныс пен білім алу кезінде өзара сенім арқылы
жұмыс жасау екі жаққа да тиімді. Бұл үрдіс диалог формасындағы аудиториялық
сабақ, дөңгелек үстелдер, іскерлік ойындар,
семинарлар түрінде жүргізілсе тіпті
құба-құп. Студенттердің танымдық
белсенділігін арттыруда оқытушы жетекшілігімен өтетін өзіндік
жұмыстардың көрсетер көмегі шексіз.
Оқытудың жаңа технологиясы студенттерден тыңғылықты
жұмысты талап етеді. Қабылданатын жаңа ақпараттар
көлемінің өсуіне қарамастан, олар бұл
жүктемелерді қызығушылықпен орындайды.
Кредиттік жүйемен
жаңаша оқытудың соңғы жылдардағы тәжірибесі
бізді әлемдік білім беру кеңістігіне сындарлы қарап, отандық
білім беру жүйесінің көпжылдық тәжірибесін жоғалтпай,
оны дұрыс бағалауды да үйретті. Жүргізілген сараптама
осы жылдары университетіміздің профессор-оқытушылар
құрамы әлемдегі озық білім орындарының оң
тәжірибелерін ескере отырып, оқу жүйесіне академиялық
еркіндікті, оқытушылар мен студенттердің ұтқырлығын,
оқытуды дербестендіруді қолға алды. Мұның
мүлтіксіз жүзеге асуы көбінесе студенттерге байланысты
болатыны түсінікті.
Осыған орай,
технологияның негізгі элементтерін түсіндіру, пәндерді
таңдап алу мен білім беру ауқымын қалыптастыру бойынша
әрбір студентпен жеке жүргізілетін жұмыстарды
күшейтуге тура келеді. Білім берудің жаңаша бағдарламасына
сай оқып-үйренудің оңтайлы тізбектілігін таңдау
арқылы танымдық жүйеге өздігінен оқуды ендіреді.
Бұл студентті ізденуге, алға ұмтылуына жетелейді. Білім алу
бір аудиториялық сабақтан екіншісіне көшудің орнына,
сол орында келесісіне жалғасып отырады. Осы қадам талапкерлердің
таңдаған мамандыққа қатысты пәндерді
игерудің сапалық деңгейіне оң әсерін тигізеді.
Алдағы уақытта Білім
және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ЖОО студенттері мен педагог мамандардың
академиялық мобильділігін, біліктілігін арттыруға айрықша
көңіл бөлінетінін атап айтты. Соңғы 3-4 жылда
75 мың маман шетелге барып, өзге елдердің білім берудегі,
оқытудағы озық әдістерін меңгеріп қайтатынын
да назарға салған болатын. Мысалы, Болон процесінің
негізгі қағидаты бойынша студенттердің академиялық
мобильділігі Еуропа елдерінде былайша жүзеге асады. 1 млн. студент
«Эразмус» бағдарламасымен жыл сайын бір семестр немесе бір курс
мықты ғылыми мектептері бар, ізденіс зертханалары дамыған
басқа елдерде білім алуын жалғастырады.
Кредиттік оқыту
технологиясының ерекше артықшылығы – жоғары оқу
орындарына академиялық еркіндіктің берілуі дер едік.
Университеттегі оқу жүйесін ұйымдастырудың негізі –
оның ашықтығы мен ұтқырлығы. Бұл
қалай іске асады дегенге келсек, мамандық бойынша оқу жоспарын
жасау, әр факультетте таңдап алынатын пәндер
құрамын анықтау, оқытушының еркіндігі мен
пән мазмұнын қалыптастыра алу, сонымен бірге, студент
жекелеген пәндер мен білім алу кезінде мұғалімді таңдау
негізінде шешімін табады. Іс жүзінде оқытудың кредиттік технологиясының
қорытындысына бақылау жүргізгенде әрбір студенттің
нақты алған білімі, оның деңгейі мен дағдылары,
сондай-ақ оқу-әдістемелік және қажетті маманмен
қамтамасыз ету пәнінің дәрежесі анық
көрінді. Яғни, заманға қарай талпыну, оң
нәтиже бере бастады деген сөз.
Білім алудың кредиттік
технологиясы студентті білім беру жүйесінің белсенді
қатысушысы болуға баулиды. Олардың оқытушымен бірге
көптеген түйткіл мәселелерді шешу жолын іздеп, өздігінен
жұмыс жасауға ұмтылуы көңілге қуаныш
ұялатады. Жаңа жағдайда оқытушы сабақты өткізуге
бағдарламалық оқу материалын ғана емес,
өзінің өмірлік кәсіби тәжірибесін де пайдаланады.
Әлемдік практикада кредиттік оқыту технологиясы
оқытушылардың ұдайы қайта дайындықтан
өтуін, кәсіби өсуін міндеттейді.
Пәндердің
мазмұнын, сабақты жүргізу әдістемесін өздігінен
анықтау мүмкіндігі мен еркіндігі, академиялық рейтинг
аясында оның жұмысын жылдық бағалауды, оқытушыдан
ғылыми-зерттеу жұмысын жандандыру мен біліктілігін әрдайым
арттыруды талап етеді. Мамандарды дайындауда оқытудың кредиттік
жүйесіне көшу материалдық-техникалық базаны, соның
ішінде пәндердің ақпараттық қамтамасыз етілу
талаптарымен тығыз байланыста болады. Оқу-зертханалық,
ғылыми-зерттеу орталықтардың болуы, оқытушының
полиграфиялық және компьютерлік салаларды жетік білуі, оқу
жүйесін компьютерлендіру біліктілігінің жоғарылығы
үлкен міндеттердің орындалуына жол ашады.
Қазіргі
таңда оқу бағдарламасын әр елдердегі жалпы бір Болон
процесі негізіне жақындату жұріп жатыр. БП жүзеге асыру
үшін мемлекеттер арасындағы білім саласындағы
алшақтықтарды жою, қай елде білім алғанына
қарамай оның жалпы студенттің еңбек ету рыногында
бәсекелестікке түсе алатындай болуын қамтамасыз ету міндеті
қойылып отыр. Қазір біздің
еліміздің көптеген студенттері шетелдердегі
халықаралық конференцияларға, семинарларға қатысу
мүмкіндіктерін алып отыр, сонымен қатар оқытушылардың
да басқа елдерге білімін көтеру мәселелері де келешекте
шешімін таппақ. Осы басталған істі толығымен жүзігі
асыру үшін біз дамыған алдынғы қатарлы еуропалық
елдердегі білім беру жүйелеріне тоқтала отырып салыстырып көрсек.
Жаһандану мен
ғылыми-техникалық даму қарқыны әлемдік
жоғары білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер мен
жаңаша мүмкіндіктер ашып отыр.
Студентке
бағытталған білім және мобильділік білім алушыларға
қазіргі заманның еңбек нарығында аса қажетті
кәсіби құзіреттілік тетіктерін қалыптастыруға,
отанымыздың белсенді әрі жауапкершілігі мол азаматы болуына
септігін тигізеді.
Кредиттік оқыту
жүйесіне көшудегі негізгі мақсат – білім жүйесін
әлемдік білім кеңістігімен кіріктіру және өндіріс пен
нарықтық жағдайдың өзгеріп тұратын
заманында кәсіби мамандардың әлемдік сұранысқа,
бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік жасау болып табылады.
Осыған
орай, бізге әр түрлі шетелдер мен университеттерден жоғары
білікті мамандарды, профессорларды шақырып, тәжірибе алмасуға
қолайлы жұмыс жағдайын қалыптастыру қажет.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін
бірге қалаймыз» атты Халыққа Жолдауы. 2011 ж.
2. ECTS users guide. - Brussels, February 2005 // Internet: The Site of
the European University Association (EUA): http://europa.eu.intcomm /education/ programmes/socrates/ects/guide_en.pdf