Филол. ғыл. докт., профессор Ғ.Қ. Хасанов

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қазақстан

Қазақ тіліндегі латын графикасының тарихы

  Латын жазуы Кеңестер еліне енген түркі халықтарының бәріне дерлік 1928-1929 жылдары енгізілген болатын. Кеңестер Одағына енбеген Түркияда латын жазуы 1928 жылы араб жазуын алмастырған еді. Кеңес елі басшысы И.В. Сталин түрік ықпалынан Азербайжанды алыстатамыз деген желеумен 1939 жылы кириллицаны бұл елге енгізді. 1929 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан толық латын әліпбиіне көшкен болатын. Бұл елдердің барлығы да осы желеу арқылы 1939 жылы кириллицаға көшірілді. Латын әліпбиіне көшуді В.И. Ленин « Шығыстағы Ұлы революция» деп атаған еді. Міне, осыны болашақта «кеңес ұлты» деген ұлтты жасаймыз деген «аурумен» ауырған И.В. Сталин тоқтатты. Ол «Кеңес ұлты» кириллицаға негізделген жазумен жазу керек деген ұйғарымға келген себепті, ешқандай түркі тілінің өзіндік үндестік табиғатын ескермей, күштеп кириллицаға көшіртті. Осының негізінде Кеңестер Одағында бұрын араб жазуы не басқа жазуы, не болмаса мүлде жазуы жоқ 50-ден астам ұлт өз жазуына ие болды. Бұл оңай жүзеге асты деуге болады, себебі араб жазуын меңгерген адамдар қабаты аз болды, оның үстіне көптеген халықтар мүлдем сауатсыз болатын. Бұрын қазақта кириллица болмады деп те айту қиын себебі, Ы. Алтынсарин өзінің атақты «Қырғыз хрестоматиясында» кириллицаны қолданған болатын.

Ал тарихқа көз салсақ, латыннан бұрын қазақ тілінің таңбалық жүйесін жасауды шетелдік ғалымдар кириллицадан бастағаны белгілі.  «Қазақ жазуының теориялық негіздері» атты  2010 жылы жарық көрген зерттеуінде Қ. Күдеринова қазіргі кириллицаға негізделген әліпбидің жобалары 19-ғасырдың соңына қарай жасала бастағанын жазады. Ол былай деп жазады: «Орыс графикасына негізделген ең алғашқы қазақ әліпбиі жобасын Н.И. Ильминский жасады. Н.И. Ильминский әліпбиіндегі қазақ тілінің өзіне тән дыбыс дауыстылардың таңбалары мынадай болды: (үстіне ноқат салды – Ғ.Қ.Хасанов) а – (ә), о – (ө), у – (ү), і – (і), ы – (ы), н – (ң), к – (қ), г – (ғ). Сөйтіп, зерттеуші он шақты қосымша белгі алғанымен, орыс әліпбиіндегі е, в, и, ф, ц, х, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я таңбаларын (қазақ тілі дыбыстық құрамына тән емес дыбыс таңбаларын қолданбады» [1, 115 б.]. Бұл әліпби В.В. Григорьев тарапынан сыналғанымен қазақ тілі дыбыстарын алғашқы әріптерге түсіру әрекеті еді. Оның алдында неміс ғалымы Г.Ю. фон Клапрот латын әріптерін қолдану арқылы қазақ дыбыстарын таңбалаған болатын. Оның 1825 жылы Парижде жарық көрген еңбегі «Қырғыз (қазақ) тілі» деп аталған еді. Неміс ғалым В.В. Радлов та өз еңбектерінде қазақ сөздерін кириллицамен таңбалаған еді.

Бүгінде тіліміздің сөйлеу жүйесін бұзып отырған орыс қаріптерін Н.И. Ильминскийдің қолданбауы қазақ дыбыстарының орыс дыбыстарынан мүлде бөлек екенін аңғаруында жатса керек. Қ. Күдеринова ол туралы: «Оқымысты тарапынан осындай сынға ұшырағанмен Н.Ильминскийдің орыс графикасымен берген қазақ әліпбиінің қазақ тілі дыбыстар жүйесін белгілеуде артықшылығы бар», – деп жазады [1, 116 б.]. Бұндағы артықшылықты ол Н.И. Ильминскийдің е дыбысының жуан, жіңішке вариантарын таңбалаудан көреді. Сонымен бірге, біздіңше, тағы бір артықшылық артық орыс әріптерін қазақ әліпбиіне енгізбеуінде деп білеміз.

Ал елімізде 1927 жылы әуелі Ташкентте, сосын Қызылордада өткен конференцияларда араб графикасын жақтағандар: А. Байтұрсынов, І. Ахметов, Е. Омаров, Ә. Байтасов, ал Ә.Байділдаұлы, Т.Шонанұлы, Ә.Ермеков тағы басқа оқығандар латын әліпбиін қолдады.

Міне, осы айқастан соң туатын қорытынды алаш зияларының басты мақсаты орыс жазуына жоламау болатын.  Екі жақтың да ұстанған ұстанымдары қалай болса да кириллицаға көшпеу болатын. Екі әліпбиді ұстанған екі тараптың басты ұстанымы фонетикалық принципті орфографияға негіздеу болатын.

Мәселен, Ж. Аймауытов «Емлені өзгертуге жоба» деген мақаласында: «...Емлені өзгерту керек дегендегі көзде тұтатұн бас нысанам – сөзді грамматике заңына тірей бермей, қалай естілсе, солай жазу, емле ережелерін азайту, яғни жоғалту»,  – деп жазған болатын [2, 186 б.]. Ал А.Байтұрсынов та араб жазуына негізделген әліпбиді ұсынғанда фонетикалық ұстанымды мақұл көрді. Ол: «Хасыл кәләм ойым: сөз жазылу керек айтылатұғын түрінше, яғни сөз ішінде қай дыбыс естілсе, сол дыбыстың әрпін жазу, естілген дыбыстың әріпі жазылмай басқа әріп жазу керек болса, не үшін ол керекті ғылым наху не сарф жолыменен ыспат етілсін», – дейді [3, 382 б.]. Ол өзінің 24 әріптен тұратын әліпбиін осы ұстаным бойынша түзеген болатын. Латын әліпбиін қолдамаса да осы ұстанымды негіз етіп Х. Досмұхамедұлы латын әліпбиінің жобасын жасағаны белгілі. 1926 жылы Баку сиезінде көпшілік дауыспен (101 дауыс, арабқа 7 дауыс) латын әліпбиі қабылданғанымен қазақ тілін бұл әліпбиге көшіру оңай болмады. Бұндағы қайшылық фонетикалық немесе морфологиялық ұстанымның қайсысы қолайлы болады деген күрделі сұрақтан туды. Латын әліпбиі жобасын Н. Төреқұлов 28 әріп бойынша әзірледі. Н. Төреқұловтың және А. Байтұрсыновтың әліпби жобалары туралы өз сөзінде Н.Ф. Яковлев тоқталып өтті. Ол өзінің «Вопросы алфавита в связи с социальными и культурными условиями существования тюркских национальностей и проблема установления системы письма» баяндамасында былай дейді: «Это на алфавите казахском, на том самом, в отношении которого была впервые установлена система письма с помощью гармонии гласных тов. Байтурсуновым. Вот в казахском алфавите я позволю себе этот пример привести. В этом алфавите согласных 17, гласных 9. В алфавитах, введенных фактически, в частности, и в проекте т. Тюрякулова, 25 знаков [4]. Бұдан аңғарғанымыздай, Н.Ф. Яковлев қазақ тілінің үндестік заңдарына негізделген А. Байтұрсыновтың әліпбиін жоғары бағалайды. 1929 жылы Қызылордада Т. Шонанұлы, Е. Омаров, Қ. Кемеңгеров, Қ. Жұбанов, Е.Д. Поливанов т.б. қызу талқылаған конференцияда бұл әліпби жетілдірілді.

Мәселен, бұл әліпбиге 1933 жылы Қ. Жұбанов өзінің толықтыруларын енгізді, яғни f, h, x әріптерін енгізеді. Қ. Жұбанов ұу, үу, ый, ій қосар таңбаларының орнына бір таңба алуды, дәйекше қызметін пайлануды ұсынады [2, 138 б.].

1939 жылы С. Аманжолов пен І. Кеңесбаев жасаған кириллицада қазақ тілінің буын үндестігі, ерін үндестігі, дыбыс үндестігі заңдары толық есепке алынбады. Халықаралық термин сөздерді орыс тілінде қалай жазылса солай алынсын деген бұйрыққа қазақ тілі де бағындырылды. Мәселен, бұрын «сатсыйал» деп жазылып жүрген сөз енді «социал» деп жазылды. 1960-ші жылдарға дейін «қыйын, тыйын» деп жазылып келген сөздер, одан соң «қиын, тиын» деп жазыла бастады. Ең сорақысы, ешқашан да дауысты болмаған «и, у» дыбыстары «біресе дауысты, біресе дауыссыз» деген ереже шығарылды. Осының негізінде, бүгінде әріппен сөйлейтін ұрпақ қалыптаса бастады. Орфографиялық нормалар басты саналып, орфоэпиялық нормалар бұзыла бастады. Бұл тығырықтан шығудың бірден-бір жолы латынға көшу болып тұр. Латынға көшсек, қалай болады, ұтыламыз ба, әлде ұтамыз ба деген сұрау тіл мамандары түгіл басқа маман өкілдері тарапынан да сан алуан сұрақтар туғызатыны анық. Ол үшін латынға көшкен көрші елдердің тәжірибесін шолу жасалық.

Түркияның бастамасымен Анкарада өткен конференцияда тәуелсіздікке қол жеткізген түркі мемлекеттеріне латынға көшуге ұсыныс жасалып, тіпті, әліпби жобалары жасалды. Осы ықпалдан ба, жалпы, Орта Азия елдерінде латынға алдымен көшкен ел Түркіменстан болатын. Түркіменстан 1992 жылы латынға көшіп кетті. Алайда, асығыс көшкендіктен бе бұл ел латынға көшуді сол 1930-шы жылдардағы латын әліпбиін сол күйінде ала салуға негізделді деп жорамалдаймыз. Бұл елдің ақпараттың кеңістігінің жабықтығының салдарынан латынға көшудегі плюстер мен минустерді салмақтау мүмкін емес екенін айтқымыз келеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010.

2. Әбілқасымов Б., Мәжітаева Ш. ХХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі. – Астана: Елорда. – 2000.

3. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992.

4. Первый Всесоюзный тюркологический съезд. Стенографический отчет, 1926, стр. 216-227.