Секция филология

Мажитаева Шара, Самат Аида

КарМУ, Караганды

 

САН ЕСІМДІ ОҚЫТУДЫҢ  ТИІМДІ  ӘДІСТЕРІ

 

Ғылым адам баласы ой-санасының, дүние танымымының өсуіне байланысты бірте-бірте дамып, қалыптасып отырады. Демек, ғылымның алуан түрлері бар. Яғни, соның бірі   қазақ тілін оқыту әдістемесі.

Қазақ тілінің әдістемесі ғылымның бір саласы ретінде педагогика ғылымының құрамына енеді. Әдістеменің зерттейтін объектісі, мақсаты, зерттеу әдістері қалыптасқан жүйесі бар. Бұл әдістеме, ең алдымен, оқушыға қандай тілдік категорияларды үйрету керек, қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйретуге болады деген мәселелерді қарастырады.

Сондай-ақ, қазақ тілін оқыту әдістемесі – қазақ әдеби тілінің маңызын, әдіс-тәсілдерін, амалдарын, оқушыға ана тілінен білім берудің, оны меңгертутің жолдарын үйрететін ғылым. Мұғалім қазақ тілінен теориялық білім беру арқылы оқушының өзін қоршаған ортаға көзқарасын білдіреді, Отанына шын берілген нағыз патриот, азамат етіп тәрбиелейді. Ондай дағды мен білім, тәрбие беру қазақ тілін дұрыс оқыту арқылы іске асады. Яғни, әдістеме мұғалімді педогогиканың қыр-сырымен жете таныстырып қана қоймай, қазақ тілін тиімді оқыта отырып, өзінің мамандығын құрметтеуге тәрбиелей отырып, мектеп тәжірибиесінен сыналған ең тиімді оқыту әдістері мен тәсілдерін қазақ тілін оқыту барысында пайдалануға мүмкіншілік жасайды. Демек, әдістеме мұғалімнің шығармашылық жұмыс істеуіне бағыт берумен бірге, сабақ берудің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеруге көмектеседі [1, 120].

Әдістеменің лингвистикаға байланыстылығы, біріншіден, ол оқылатын пәннен жеке-дара қаралмайды. Атап айтқанда, тіл білімі жөніндегі материалдың мазмұнына орай әдістәсілдерді таңдау, қолдану, олардың жолдарын көрсету, жаттығу мен дидактикалық материалды таңдап, іріктеуге тікелей байланыста. Мысалы, фонетиканы оқытуға байланысты түрлі фонетикалық, әріптерді талдау, дыбыстарды дұрыс айта білу, ал сөз таптарын оқыту барысында морфологиялық талдау түрлі салыстырулар, жалғау мен жұрнақтың ара жігін ажыраттыру сияқты әдіс-тәсілдер қолданылады [2, 4].

Сан есімді оқыта отырып, балалардың тілін дамытудың  маңызы зор. Мектеп бағдарламасында морфология материалдарын оқытудың өзіндік мақсаты бар. Морфологиялық заңдылықтарды оқыту дидактикалық принцип негізінде іске асырылады. Сөз таптарының ішіндегі мектеп қабырғасында балалар сан есіммен, оның  алты түрімен танысады. Жазба жұмыстарында  сан есімнің реттік түрін шатастыру кездеседі. Мұны, әрине, әр түрлі жаттығулар жүргізу арқылы жоюға болады.

Мектеп тәжірибесінде сан есімді окыту тұсында кейбір сан есімдердің этимологиясьін талдап, балаларды қызықтыру – ескерусіз  келе жатқан мәселе. Сондықтан балалардың іздеріне таныс кейбір сандарға түсінік беру қажет. Мұғалім сан есімді түсіндіріп болған соң, мынадай жұмысты балаларға ауызша орындатуға болады: тақтада мынадай цифрлар жазулы тұрады, олардың қандай тарихи оқиғаны білдіретінін айтқызу, әрі балалардың ауызекі сөйлеу тілін дамыту мақсат етіледі.

Сан есімнің негізгі жүйесін оқушыларға білгізу үшін, оның өзіне тән белгілерін дұрыс танытатындай және практикада қолдана білуге жол ашып, үйрететіндей әдіс-амалдарын қолданып отыру керек болады. талаптарға сай болу үшін, мұғалім қазақ тілін оқыту әдістемесін терең біле отырып, оларды бір түрлі әдіспен ғана түсіндірмей, әр түрлі әдістерді қолданып, сабақты жандандыра отырып, ол жөнінде оқушылардың өздерін іздендіріп отырады [3, 55].

Қазіргі кездегі мектептің маңызды міндеттерінін бірі – баланың қисынды (логикалық) ойлауы мен шығармашылық қабілетін дамытып, өз бетімен ізденушілігін қалыптастыру болып табылады. осы бағытта жұмыс істеу барысында, қазақ тілі сабақтарында математикалық ертегілерді қолданудың тиімді жақтары бар екендігіне көзіміз жетті.

Ертегі – баланың  тақырыпқа деген қызығушылығын арттырады, қиялын дамытып,  ертегіні қолдану оқушының оқу материалдарын терең түсінуін жеңілдетеді, зейінін тұрақтандырып, есте сақтау қабілетін дамытады.

Мысалы, 4-5 сыныптарда сабақты ертегі түрінде тусіндіру – материалды жақсы игеруге, тапсырманы өз бетімен түсіне отырып орындау мүмкіндігіне қол жеткізеді. ("Нүктелер достығы",  "Карындаштың бастан кешкендері").

6-7-сыныптарда "Ондықтар "тақырыбын өткенде "Цифрлар айтысы", "Цифрлар және сандар "ертегісін пайдалану –  оқушылардың дөңгелек ондықтардың таңбалануы, бірліктеріне қарай өзгеруі, оның жазылуы мен оқылуын меңгеруге, есте сақтауына көмектеседі.

Цифр мен сан ұғымының айырмашылығын түсінуде де бұл ертегілерді қолдану, оқушының өзіне айтқызу, оның өз бетімен ойлануына, ізденушілігіне жетелейді.

Тәрбиелік жағынан алсақ –  бұл ертегілер бірлік пен достыққа тәрбиелеп, мақтаншақтық сияқты жағымсыз қылықтан алыс жүруге бейімдейді. Яғни, бұл –  педагогиканы оқыта отырып тәрбиелеу, тәрбиелей отырып оқыту қағидасын жүзеге асырудың  ұтымды әдістерінің  бірі.

Ал, пәнаралык байланыс мәселесіне келсек, ертегілерді тыңдау, айту арқылы оқушының сөздік қоры молайып, тіл байлығы дамиды [4, 62].

Сан есімді оқытуда жаңа технологияларды тиімді пайдалануға болады.  Ол оқытудың жаңа технологиясы іс-әрекеттердің жоспарланған нәтижесіне жеткізудің  шартты тәсілі ретінде қарастырылатын жаңа әдістердің жиынтығынан тұрады. Оның бұрынғы белгілі дәстүрлі технологиядан айрықша ерекшелігі мынадай:  оқушының белсенділігінің болуы; мұғалім мен шәкірттің өзара қарым-қатынасындағы  жауапкершіліктің міндеттілігі.

Шығармашылық деңгейге жету жолдары оңай емес. Қазіргі технологияда «миға шабуыл», дебат, модель проект жасау, қорғату, оқу мен  жазу арқылы оқушылардың сыни көзқарасын қалыптастыру жиі пайдаланылып жүр. Соның ішінде, әсіресе, негізге Эльконин, Давыдовтардың ұсынып жүрген дамыта оқыту   концепциясын алуға болады [5, 43].

Қорыта айтқанда оқытудың түпкі мақсаты – алған білімді өмірде қолдана білу. Бұл мектеп қабырғасында сабақ үстінде қалыптасады. Осы мақсатта білім, білік, дағдыларды қалыптастыру кей сабақта қорытындылау, қайталау сабағында жүзеге асатыны белгілі. Ал сабақта сан есімнің қызметін жақсы білгізу оқушылардың ақыл-ойын дамытып, дұрыс сөйлей білуге және сауатты жазуға үйрену жағынан маңызы ерекше екендігін байқауға болады.

 

 

ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.      Әбілқаев А. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Санат, 1995.  

2.      Құлмағамбетова Б., Исанова А., Исинғарина М., Көккөзова М., Құрманғалиева Р., Айтжанова П. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Білім баспасы, 2000.

3.    Оралбаева Н., Әбдіғалиева Т., Шалабаев Б. Практикалық қазақ тілі.         Алматы, 1993.

4.      Мүшебаева Ә. Қазақ тілі мен әдебиеті. №3/2002. Сан есімді қорытындылау.

5.      Бұзаубақова Қ.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Тараз, 2003.