Х.ӘДІБАЕВТЫҢ «ОТЫРАР ОЙРАНЫ» РОМАНЫНДАҒЫ  РОМАНТИКАЛЫҚ САРЫН

 

Туребекова Б.Т.

 (Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.)

 

Әдебиет тарихына көз жіберсек, жаңа дәуірдің жаңа тақырып ала келетіні белгілі. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдар әдебиетінде жаңа бетбұрыс байқалды. Жаңа заман лебі дүниеге жаңаша көзқарасты қалыптастырды. Әдебиетке жаңа қаһармандар келді, өмірді бейнелеу кеңістігі кеңейді, философиялық сарын, драматизм күшейді. Әдебиет өмірді бұрынғыдай таптық аяда бейнелемей, әлеуметтік-шаруашылық мүддені емес, ұлттық мүддемізді жоқтаған күрескер кейіпкерлерді алға тартты. Уақыт талабына орай тереңге тамыр жайып, жаңа сапалық қасиеттермен толыса түскен әдебиетіміздің қуатты бір бұтағы прозада өзгеше бояу, соны нақыштар, рухани ізденістер бой көрсетті. Әлемнің шектеулілігі мен шексіздігі, ғарыш, өмір, кеңістік пен уақыт мәселелерінің драмалық кернеуі ұлғайып, ұлттық прозамыздың көркемдік тініне жымдаса өрілді.

Осы кезеңдегі повестер мен романдардағы сюжеттер «ашықтығымен, еркіндігімен және оқиға дамуының сан тарам желілерімен» [1,420] сипатталады. Осы қатардағы шығармалардың біріне Хасен Әдібаевтың «Отырар ойраны» романын атауға болады.

Жазушы Хасен Әдібаевтың «Отырар ойраны» (2001) романы тарихи тақырыпты қаузай отырып, адам психологиясындағы тереңіне бойлап, жан тұңғиығындағы сырды ақтаруға талпыныс жасайды. «Соңғы жылдардың әдеби процесі ізденуін, қармануын бір сәт тоқтатқан жоқ. Сондай ізденістердің бір парасы типтендіру принциптері жағынан тарихилық шеңберге сыймайтын, батыс және американ әдебиеттерінде белең алған экзистенциализм әсерлері байқалатын шығармаларды дүниеге әкеле бастады» [2,100] – дейді де, Ш.Елеукенов осындай шығармалар қатарына Х.Әдібаевтың «Отырар ойраны» романын да жатқызады. Зерттеуші Б.Жетпісбаева қазақ жазушыларының шығармалары «қудалауды, психозды жеңе білген көркемдік ойдың даңғыл жолға шығып, жаңа стильдік және дүниетанымдық сапаға ие болғанын» дәлелдейтінін және Х.Әбдібаевтың «Отырар ойраны» романын «социалистік реализмнің темір құрсауынан» шыға алған шығарма ретінде бағалайды [3, 29].

Роман көне қыпшақ даласындағы аты әлемге әйгілі Отырар қаласының трагедиясын ұлттық, жалпы адамзаттық ауқымда алып бейнелейді. Адамзат қанша жасап келсе, зұлымдық та сонша өмір сүріп келеді. Басқыншы сойқандықтың ойрандағаны бір ғана Отырар болмағандықтан, қазақ жазушысы қанқұйлы жорық жасаушылардың ортақ табиғатына, Ізгілік пен Зұлымдықтың мәңгі толастамаған айқасына назар тігеді.

Шығармадағы негізгі желі Шыңғысхан мен Кербұғы жыраудың төңірегінде өрбиді. Шығармадағы тартыс осы екеуінің рәміздік айқасына тіреледі. Кейіпкер ретінде шығарманың қайсыбір тұстарында Жаратқан Иенің өзі тіл қатып, оқиғаның даму барысын өзгертіп, басқа арнаға бұрып жібереді. Иса пайғамбар Алланың шапағатын бірге тілеседі. Мұндай ауқымды оқиғалар өзіне сай тілді, бейнелеу тәсілдерін талап етеді. Осы турасында зерттеуші: «Мұндай шығармада күнделікті қоңыр тілге орын қалмайды. Көтеріңкі романтикалық өр стиль, арлы-берліні түйіндейтін насихат, тағылым-толғаулар, лирикалық өлең жолдарындай тебіреністер қажет. Осы қажеттілікті ескерген автор романын философиялық-публицистикалық жанр стиліне бейімдеген. Стиль иесі - Кербұғы» [2,101] – дейді.

Роман Кербұғы жыраудың Отыраудың орнын жоқтаған азалы үнімен, гөй-гөйімен басталады. Орны тып-типыл болған қаланы жүрегімен шарқ ұра іздеп, көзінен жас парлайды, қайғы жұтады. Зарын салып, санасы сандырақтап, есі кетеді. Кербұғының Отырарды жоқтауы шығарманың ұзын арқан сюжеттік желісінде де жалғасып отырады.

Романда салмағы ауыр образдардың бірі – Кербұғы. Ол – масштабты образ, жырау – даналардың жинақталған бейнесі. Көзі соқыр, бірақ түйгені мен көргені көп даланың дана қарты, сәуегей, көріпкелі. Кербұғы шығармада үнемі көптің атынан сөйлейді. Реалистік бейнеден алшақ сомдалған. Жырау жалбарынып Жаратқан Иеден медет сұрайды. Өзі аспанда қалықтап, ғарышқа қол созады. Енді бірде құс жолына қарай самғап, Жұмақ пен Тозақтың арасында арлы – берлі толғанып, табалдырығын аттауға аз қалады. От-жалыны лапылдаған дарияның үстіндегі қыл көпірден өтеді. Жұмақтың қақпасын ашып, Тозаққа үңіледі. Кербұғы азапқа толы жан әлемінен Тозақ пен Жұмақ – екі дүние құпиясына үңілуге тырысып, ақиқат іздейді.

«Соқыр көздің үңірейген ұясын көк жүзіне қадап, жамыраған жұлдыздың құпия-жұмбағынан болашақты болжап, ақырғы сөзін айтып қалуға тырысады. Шексіз әлемнің толқынында қандастары мен өз тағдырының Шыңғысханның қалың қолымен алашапқанға түсері күні бұрын жазылып қойған бір зұлмат екенін сағымданған Мәңгі Көк аспанға әйгілепті... Ай – қиял, сағым – жұлдыз, бұлыңғыр дүние, өлі қала, өліктей тым-тырыс дала, әруақтай сүлделенген соқыр жырау, жырау соңынан ілбіген атқосшы...» [4, 13-14].

Осы үзіндідегі көтеріңкі романтикалық стиль, философиялық мәселелерді пайымдаған тағылымды толғау лирикалық өлең жолдарындай әсер етеді. Жалпы романның құрылымындағы көтеріңкі поэтикалық баяндаудан ғасырлар бойы жетекші орын алып келе жатқан көркем шығармашылықтағы поэзия талаптары мен прозаның қойындасуы сынды құбылыс айқын байқалады. Романда фольклор мұраларынан жүлде тартқан романтикалық сарын да бірден әлсірей қоймай, жазушыға шығарманың көркемдік тінінде соңына дейін көтеріңкі стильді ұстануға мәжбүрлеген. Бұл бір жағынан романда Кербұғыны барлығынан оқшау, ерекше көрсетуге тырысушылықтың себебімен де байланысты. Сонымен қатар автордың өзі жазғандай «қатыгез жауға қарсы тұрып, бетін қайтарған, қаһармандықтың өлмес рухын кейінгіге үлгі-аманат еткен отырарлықтардың» аңызға айналған ғажайып ерлігін суреттеу үшін көтеріңкі леп, роматикалық рух, асқақ тіл қажет болғаны анық.

Романдағы баяндау қалыпты, реалистік ыңғайдан гөрі метафораға бай, ассоциативті, экспрессивтік, эмоционалдық, романтикалық бояуға қанық: «Ақ қанатты періштелер аждаһамен арпалысып жатқан көк күмбезіне жас сәби тамсана қарады. Тым-тырыс ауыл түн шымылдығын бүркеніп, ай жүзі жайсаң даланы жұмбақ сырмен тербеткен-ді. Көз жетпес ғарыштың кеңдігінен басы айналды. Кербұғы қанатын жайып, қылаудай үлпілдеген жұлдыздың арасымен сол шексіз әлемге самғап кетті. Бақыттың көгілдір құсы аспандағы боз шағырмақ Құс-Жолының жасыл шалғайына қонақтап, мөлдіреген жұлдыз-шықтан тояттап, жібектей шалқыған жайсаң жағасынан күн нұрына шағылыса, Сырдарияның майдай толқынына бір сүңгіп, ер қыпшақтың иығына қонар еді» [4, 10-11].

Мұндағы романтикалық рең экспрессивті мәнге ие метафораларды қолдану арқылы: бақыттың көгілдір құсы, жұлдыз-шық, ай жүзі жайсаң дала, тіршіліктің суыртпақтай қан тамыры - қасиетті жер, қылаудай үлпілдеген жұлдыз және т.б.; семантикасы тұрғысынан асқақ мәнді, жоғарғы экспрессивтік, эмоционалдық бояуы мол лексикалық сөздер мен эпитеттерді іріктеп қолдану арқылы: ақ қанатты періште, көз жетпес ғарыш, көк аспан, және т.б., сонымен қатар айрықша, қалыптан тыс антонимиялық ұғымдарды қатар қолдану арқылы: ақ қанатты періште мен аждаһа, жасыл дала – тұл, гүлденген қала – күл, т.б., ерекше сөз тіркестері мен дыбыстық қайталаулар, жекеленген сөздерді бірнеше рет қайталау арқылы жүзеге асқан.

Романның орталық тұлғасы Кербұғы образы әр тарауда әр қырынан көрініп,табиғаты жан-жақты ашылып отырады. Кербұғы Қаланы жоқтап, Отырарға қарата тіл қатады: «Мәңгі – бақи бақытты қасиетті Күн – қала Отырарым! Мәңгі-бақи бақытты бол, Темірқазықтай туған ел бағыт түзеген, айбын менен атақ берген нұрлы шаһар, Күн – қала Отырарым! Сенің кіршіксіз аспаныңда желкенді қайықтай қалықтаған киелі күмбездерің мен жасыл бағың жанарымда жарқылдайды! Жетем-жетем саған, Күн-кентке қуат берген Дәрияның кәусары! Жібек жолын ширатып, өрнектеген қисапсыз керуен қасиетті Отырардың зәулім қорғанына тырнадай тізіліп кіріп жатқан, ізінен қалған сүрлеуінен арқалы ақындар мен зиялы тарихшылар келер ұрпақтың қиялына қырмызы қосып, таң қалдырар талай жыр-жалын жазар-ау!..» [4,21].

Мұнда жыраудың толғауының астарына автордың ойы астасып кеткен. Жазушы шығармасында асқақ рухты Отырардың, Күн-Қаланың бейнесін жарқырата көрсетуге, тұлғаландыра сомдауға күш салған. Берілген үзіндінің соңғы «талай жыр-жалын жазар-ау!» сөйлеміндегі келер шақ етістігінің – ар жұрнағын пайдалану арқылы кейіпкер санасы аясындағы қаланың ертеңіне үміт, оның уақыт межесін жарып өтер даңқына деген сенім бой көрсетеді. Отырар қаншама ғасырлар өтсе де, рухы асқақ, мысы басым, жұлдызы биік тұғырында көрінеді. Соның нәтижесінде Отырар романдағы орталық образдардың біріне айналады.

Шығарма жанрлық тұрғыдан белгілі бір шеңберден шығып, «еркін романның» жаңа түрін елестетеді. Ауқымы, кеңістігі кең шығарманың көркемдік тініне философиялық ойлар,  саяси-публицистикалық толғаныстар, лирикалық-поэтикалық шегіністер кірігіп, еніп кеткен.

«Кербұғы тағылым айтып, шешендік толғауларға беріледі. Дүниеде  не жаман, не жақсы, қоғамды қалай жақсартуға, жетілдіруге болады деген тақырыптар төңірегінде философиялық ойлар қозғайды:

Мекенін ғадалаттың білген болсам,

Жан қиып, жиһан кезіп барар едім.

Бірдей ғып адамзатты теңер едім,

Аллалап жан иесін адастырмай,

Тең бөліп ризығын берер едім.

  Теңдік мәселесін жекелей бөліп алып, арнайы толғауына қарай Ш.Елеукенов Кербұғыны «утопист, қияли жан» [2,105] деп тұжырымдайды.

Кербұғы кейіпкер ретінде маңызды рухани мезеттер шыңырауынан Жасаған иеге серпінді үн қатады да, оқиғаның даму барысын өзгертіп жібереді. Жырау Қараспанның шыңынан естілетін жігерлі дауысқа ауық-ауық құлақ түріп отырады. Ол есі кіресілі-шығасылы санасында әлем алыптарымен айтысады. Пайғамбарлар Кербұғымен Алланың шапағатын бірге тілеседі.

Романдағы романтикалық мотив Кербұғының халқы үшін бабаларды шаршатқан аңыз – Жерұйықты сарсыла іздеуімен тығыз байланысты. Әлем әдебиетінде романтикалық шығармаларда жер жаннатын, идеал әлемді, Эдем бағын, Жерұйықты іздеу мотиві молынан кездеседі. Құтты мекенді іздеген Асан қайғы сияқты Кербұғының да Жерұйықты іздеп шарламаған шаһары,   бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Қан сасыған жерден түңілген жырауды халқына «әбілет баспаған, әділет қашпаған» жерді табу арманы жетелейді. Жырау елін «ой басқа, ойынан сөзі басқа, сөзінен ісі басқа мынау арамдық пен азғын дүниесінен», «адамның қадір-қасиетін қорлайтын сұмдықтан», «тағылық қиянатынан», «әділетсіз дүниеден» ұрпағын аман сақтайтын Жерұйықта, бақыттың мекеніне бастамақшы. Бірақ таптым дегенде адамдар ол жерді де қасапханаға айналдырады, соғыс өртін қаулатады. Қаһарман санасындағы әлемнің утопиялық моделі қатал нақтылыққа қарсы қойылған.

Жерұйықтың жұмақтай сұлулығы мен оны бүлдіретін, қанға бояйтын адамдардың қаскөйлігі бір-біріне қарама-қарсы қойылған. Жерұйықты таптым-ау деп ұйқыға кеткен жырау шошып оянса, айналасы атыс-шабыс пен айғай-шуға, жөңкіген адамдар мен қырылған, қанға боялған аң мен құстарға толып кетеді. Кербұғы бұл жерді «Алланың ырыздыққа толы Эдем бағы» деп ойласса, қасапхана екен.

Кербұғының көзі жұмулы, қаншама азап, қаншама қасірет шегіп келіп Алланың рахымымен аяғы тиген Жерұйықты, басына қонған бақты жырға қосты. Күй шалқып, аспаннан шапағат жауды – ей, жырау, қапалығың, қасарысың осымен бітті. Жұлдыз жамырап, ай сәулесі әуез боп құйылды да өзен мен көлді, тау мен орманды тербетіп, қам көңілін жұбатып, жарық дүние де жайдары, табиғи таза қалпына түсті. Өзеннен салқын леп есті, қамыс сылдырап, қызыл талдың жапырағы тіл қатты. Ұйқылы қаздың қаңқылына суда секірген күміс қанат ақ балықтың шолпылы қосылды. Көгілдір қанат бақыт құсы нұрға малынған ғажайып өңірдің қоңыр желіне кеудесін тоса қалықтап, құбылта сайраған бұлбұл үнінен қалғып барып Кербұғы ұйқыға кетті.

Ана сүтіне тойған сәбидей таңдайын қағып, тамсанып жатып, қиялмен ұйықтап кеткен ұлы жырау көгілдір құстың қанатында көк жүзін шарлап жүр ...» [4,97].

Осы үзіндідегі субъективтілік, лирикалық бояу, баяндаушының оқиғаға қарым-қатынасы, Кербұғыға қаратпа сөзі (ей, жырау, қапалығың, қасарысың осымен бітті), табиғаттың антропоморфты қасиеті, яғни табиғат құбылыстарының, аспан денелерінің адамдарға тән мінез-құлыққа, санаға ие болуы, максимализм, көтеріңкі баяндау, контрастылық, т. б. романтизм белгілерінен.

 «Отырар ойраны»  негізгі оқиға қазығын Шыңғысхан мен Кербұғы айналасында өрбітеді. Романдағы екеуінің жекпе-жегі символдық, жинақтаушылық, қияли қасиетімен ерекшеленеді. Ол рухани айқас шын мәнінде болып жатқандай әсер еткенімен, виртуалдық, қиялдағы, санадағы сапасы молырақ. Соқыр жырау күлге айналған Отырарды жоқтап, жоқ шаһарды шарлап келеді, кешегі сәулетті мекенінің бұралаң соқпағымен сарылып келеді. «Аспанның ащы мұңын күңірентіп, жанып кеткен жұлдыздың арасында қызыл-жалқын Аңырақай алаулады – адамдар жынданып, ақыл-естен айрылған. Қыран бүркіт қып-қызыл күннің шар табағын жұмалап шашып жатыр» [4,15]. Сол сәтте ғайыптан пайда болған Шыңғысхан «Кербұғының көкірегіне ұя салады». Отырардың күлін көкке ұшырған қара дауыл жыраудың дірілдеген әлсіз қолынан домбырасын жұлқылады, қос ішектен көктің күмбірімен ұласқан қыпшақтың қаралы күйі– «Ақсақ құлан» құйылды – Ғарыштың азалы мұңы сыздаған жүректі қарыды.

Романда Кербұғы да, Шыңғысхан да – авторланған образдар. Зерттеуші Л.Сафронова: «Автор тұлғасы универсалданып, өзінің жеке дара авторлық мифін жасаған. Бір жағынан автордың автомифтенуі мен оның басты кейіпкерлерінің авторлануы жүзеге асады. Х. Әдібаевтың «Отырар ойраны» романындағы Шыңғысханды отандық сынының қайшылықты және қиын қабылдағаны сондықтан болар. Бұл образ – кейіпкер, ең алдымен, материалдық болмысты, нақтылықты бейнелеу талабынан тумаған, ол өнер реалдығында өмір сүруге құқы бар авторланған көркемдік образ. Ол тарихи және биографиялық нақты фактурасы бар прототиптің нағыз реалистік көшірмесі емес, модернизмге имманенттік тұрғыда тән романтикаланған образ» [5,39]. Қаламгер романда оқиғаның уақытын сығымдай отырып, ғасырлық оқиғаларды бір-екі ай көлемінде жинақтаған. Романның кейіпкері қатыгездігімен жарты әлемді қан қақсатқан Шыңғысхан фәниде де, о дүниеде де үстемдігінен айрылмайды. Оның басшылығымен әскері елді жаппай қырып-жояды.

Кербұғы іштей әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн сынды әлем алыптарымен сұхбат құрып, пікір таластырады. Ежелгі заманнан бері Кербұғы сияқты «көзі соқыр, көкірегі ояу, сәуегей дала Гомерлерінің биік бейнесі халқымыздың жүрегінде орныққан. Сондықтан сюжеттік қатынастардан көбіне сырт жүретін, негізінен роман тартысын саралаушы, оқиғалар куәсі рөлін атқаратын кейіпкер әлем жүгін арқалаған әулие есебінде оқырман кеудесінде берік ұялап қалады.  Және бір қызметі – автор көзқарасының жаршысы. Пратогонист – яки бас рөлдегі кейіпкер» [2,100]. Осы арқылы шығармадағы мәнді бір ерекшелікті – Кербұғы образына қатысты авторлық позицияның белсенділігін байқаймыз. Кербұғының қай толғаулары, қандай насихат сөздері, толғамды түйіндері болсын ар жағынан жазушының пікірлері мен көзқарастары айқын көрініп тұрады.

«Отырар ойраны» романында Кербұғы жыраудың іс-әрекеті тұтастай әлем жаратылысы ауқымында өтеді. Шығармада ауқымды философиялық құбылыстар символдар мен алып тұлғалардың метафоралық образдары (Әке-Құдай, Иса пайғамбар, Иуда Искариот, т.б.) арқылы бейнеленеді. Романда масштабты образдар бейнеленгендіктен әсірелеу молынан. Өмір құбылыстары ұлғайтылған көлемде алынып, романның адамгершілік, философиялық арқауын даралай түсуге қызмет етеді. Ұлғайтып көрсетудің, әсірелеудің шындық шекарасынан шығып кететін тұстары да ұшырайды.

Кербұғының әлем тарихындағы Иса сынды дәстүрлі символикалық тұлғамен сабақтастығы, жырау характеріндегі жалпыадамзаттық қасиеттер, әлеуметтік детерминация әлсіздігі Кербұғы бейнесін символдық мазмұнмен толтырады. Бірақ шығарма финалында Кербұғы өлімін оның мифологиялық «бабасы» Исаның өлімімен  контрастқа түсіруі ойландырады.

Романдағы баяндау үлгісі романтиктерге тән субъективтілігімен ерекшеленеді. Автордың көлеңкесі жырау толғаныстарының тасасынан анық көрініп тұрады. Ол шығармада суреттеліп жатқан оқиғаларға өзінің бағасын, қатынасын жасырмайды. Жыраудың ойларымен автордың тарих, қоғам, адам туралы пікірлері тұтасып, қойындасып кетеді.

Х.Әдібаев «Отырар ойранында» Шыңғыс әскерінің Отырар қаласын жаулап, жермен-жексен етуіне байланысты тарихи оқиғаны жаңаша баяндаған. Көп желілі роман күрделі философиялық сипатымен, экзистенциалдық дүниетаным мотивімен, мифопоэтикалық, парадигматикалық қабаттардың корреляциясымен, эмоционалды-экпрессивті бояудың қалыңдығымен ерекшеленеді. «Отырар ойраны» романы – өткен дәуірлерде әдебиетте үстемдік еткен қасаң қалыптан, жалаң схематизмнен шыға алған қазіргі қазақ әдебиетінде жазушылардың эстетикалық, рухани-философиялық ізденістері бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын экспериментальдық шығарма [6,322].

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1.     Қазақ әдебиетінің тарихы: 10 томдық. – 10т. Тәуелсіздік кезеңі (1991-2001) / М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. –  Алматы: Қазақпарат, 2006. – 10т. – 528 б.

2.     Елеукенов Ш. Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде (1991-2002 жж.).- Алматы:  Алатау,  2006. – 352 с. 

3.     Жетписбаева Б. Признание писателя и ученого // Книголюб. – 2004.- №6 (73). – С. 29.

4.     Әдібаев Х. Отырар ойраны. Тарихи роман. – Астана: Елорда, 2001.                     - 460 б.

5.     Сафронова Л.В. Постмодернисткая литература и современное          литературоведение Казахстана. Уч. пособие. – Алматы,2006. – 95с.

6.     Жақсылықов А.Ж. Образы, мотивы и идеи с религиозной           содержательностью в проиведениях Казахской литературы/             Типология, эстетика, генезис. / Д ис... док. фил. наук. –Алматы, 1999. – 348 с.