Ж.Қ.Смағұлов, Б.Е.Сыздықова,
Қазақстан Республикасы, Қарағанды
қаласы,
Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды
мемлекеттік
университеті
А.БАЙТҰРСЫНОВ ҒЫЛЫМИ МЕКТЕПТІҢ
НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы ғылыми-зерттеу
мақалалардағы әдеби-теориялық ой-пікірдің
ізденістері мен іркілістерін саралағанда, бұл кезеңде
әдеби-теориялық білімдер жүйесінің жоғары
болғанын, күрделі теориялық мәселелерге қалам
тарта алғанын көре отырып, А.Байтұрсыновтың
«Әдебиет танытқыш» атты еңбегінің тақыр жерде
пайда болмағанын байқаймыз. Сыншылдық және әдеби
мұра туралы ғылыми-зерттеушілік сипаттағы мақалалар
жеке бір ақын-жазушыны, не болмаса белгілі бір көркем
шығарманы сөз ету барысында әдеби-теориялық ой-пікірді
жетілдіре түсті. Ұлттық әдебиет тарихын зерттеп
тануға деген әдеби-тарихи ой-пікірдің құлшынысы,
қалыптасу кезеңіне қадам басқан әдебиет сыны
күрес үстінде сапалық та, сандық та жағынан
көркейе бастаған қазақ әдебиетінің
теориялық мәселелерін ғылыми сөз етуді күн
тәртібіне шұғыл қойды.
Бұл салада, яғни жалпы өнер туралы,
әдебиеттің тарихы мен теориясы туралы ұлттық
әдебиеттану ғылымында ең алғаш жазылған
еңбек - А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы»
(1926) болды. Үлкен білімдарлықпен, ғылыми терең
дәлдікпен жазылған бұл еңбек екі-үш жылдан
соң авторы ұсталып кеткендіктен, көпшілік арасына
кеңінен тарап үлгермеді де, ұлттық
әдеби-теориялық ой-пікірдің өсу дәрежесін
көрсететін ғылыми мәні тәуелсіздікке дейін дұрыс
бағаланбай келді. Ғалым Р. Нұрғали:
«Қазақтың ұлттық әдебиеттануының
ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен
категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған»
десе, тілші-ғалым Р.Сыздықова: «Байтұрсыновтың «Әдебиет
танытқыш» атты көлемді еңбегі - әдебиеттану
ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арналған
тұңғыш зерттеу жұмысы ...Мұнда автор
көптеген жайттарды өзі шешіп, көптеген
ұғымдарға терминдік атаулар ұсынады ,- деп жазады (1). «Әдебиет
танытқыш» - жалпы көркем өнер, оның ішінде
әдебиеттің барлық болмысы мен бітімін, көркем
шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың
мағынасы мен мәнін анықтау жолында ұлттық
әдеби-теориялық ой-пікірді ғылыми бір жүйеге
түсірген және әдебиет теориясына ұлттық сипат
дарытуда терминдердің қазақша мағынасын тапқан
автордың жан-қиярлық еңбегінің жемісі.
Еңбектегі өнертану, әдебиеттану,
фольклортану салалары бойынша терминдер
жүйесінің жасалуынан Ахаңның кемеңгер
ғалымдығы танылады. Мұнда әдебиеттануға
қатысты 327 термин қолданылған болса, оның 60-ы
(18%) осы күнге дейін
пайдаланылып жүр. 267-сі (80%)
қазір қолданылмайды. Ғалымдар Ш. Жалмаханов пен
Ж.Смағұловтар: «терминдердің жасалу жолына
лингивистикалық тұрғыдан қарағанда, 67 термин
дара тұлғада, 223 термин күрделі тұлғалы (2
сөзден 7 сөзге дейін) болып келеді. Белгілі бір сөз өнер
құрылысына берілген атау, термин сол құбылыстың
адам, қоғам өмірінің рухани-әлеуметтік
табиғатынан туындап жатқандықтан да (атау, терминдердің
мағыналарына құбылысты телу емес)
ойға оралымды, көңілге қонымды болып шыққан»,-
деп көрсетеді (2). «А.Байтұрсыновтың «Әдебиет
танытқышы» - қазақ әдебиеттану ғылымының
үлкен көрсеткіші болумен қатар, теориялық
ой-жүйесіне мықтап түрен салған,
қазақтың парасатты толғамын, ойшылдығын
эстетикалық таным-білігінің
молдығын танытқан кезеңдік туынды» ,- деп ғалым
Т.Кәкішев өте дұрыс бағалайды (3).
«Әдебиет
танытқышты», жалпы А.Байтұрсыновтың
ғылыми мұрасын, оқып-үйрену, игеру
және пайдалану үшін, ең алдымен, бұл еңбектегі
әр атау, ұғым-түсінік, термин және
категориялық мән-мағынаны, мазмұнын
түбегейлі түсініп алу керек. Академик З.Қабдолов: «Ахаң қалыптастырған әдеби
теориялық терминдерге мұқият жауапкершілікпен
қараған жөн. Ахаң терминдерін
жапа-тармағай жіпке тізе бермей, таңдау керек, сөйтіп барып
талдау керек», -дей келіп, бүгінгі теориялық деңгейден
табыла қоймайтын кейбір атауларды оп-оңай формализмге,
абстракционизмге, болмаса канон жасап қисық қисынға,
қасаң қағидаға айналдырып алмау
керектігін атап көрсетеді. Алайда «Әдеттегі
дәстүр жалғастығының заңына орай үш
түрлі арнауды әрқайсысымыз өзімізше пайымдап,
қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып,
біз де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, мен де)
кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ, амал не, бұл
жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай,
Қажекеңе сілтеу жасауға мәжбүр болдық», - деп
З.Қабдолов айтқандай, кейінгі
жазылған еңбектерде қолданылған теориялық
терминдердің баламаларын былай қойғанның өзінде,
алдағы уақытта ғылыми айналымға енгізуге сұранып
тұрғандары да баршылық (4). Мысалы үшін,
көсемсөздің қазіргі ғылыми термин ретінде
қолданылып кеткеніндей, «нақыл сөз»,
«қанатты сөз»
деп жүрген афоризмді ділмар сөз, эссені - заман хат деп
А.Байтұрсынов берген атаулармен атасақ, ұтылмаймыз. Немесе «Шешен
сөз» дегендегі оның саясат шешен сөз, билік шешен
сөз, қошамет шешен сөз, білмір шешен сөз, уағыз
шешен сөз деген түрлерінің атауларын орнын дәл тауып
пайдалансақ, ұлттық таным-біліктен алыс жатқан
жоқ. Шешен сөз очерк жанрының баламасына жақын келсе,
ішкі түрлерге бөлуде де сәйкестік байқалады. Сонымен қатар Ахаң өз еңбегінде талданып
отырылған жанрлық түрге байланысты мысал келтіргенде,
«Ғұрып сөзінің нұсқаларын
нұсқалықтың 120, 126-нші номерлерінін қара»
немесе «Діндар дәуір әдебиет нұсқаларын
нұсқалықтың 131, 165-нші номерлерінен қара» деп кетіп
отырады. Яғни «Әдебиет танытқышқа» қосымша
хрестоматиялық мәндегі жинақты да бастырып шығару
ойында болған. Нұсқалықта алынған әдебиет
нұсқаларының еңбекте көрсетілген реттік саны
275-ке келіп тоқтағанына қарасақ, оның
көлемі де әжептәуір мол болғанын байқау
қиын емес. Бұл - ахметтанушы ғалымдар тарапынан
көңіл аударатын мәселе
Негізінен А.Байтұрсыновтың «Жазба әдебиеттің
өзі екіге бөлінеді: діндар дәуір, ділмәр дәуір. Діндар діншіл деген
мағынада, ділмар-тілшең деген мағынадағы сөздер.
Қазақ әдебиетінің діндар дәуірі де, ділмар
дәуірі де халық әдебиетін дамытып, күшейтуден
туған дәуірлер емес, басқа жұрттардың
әдебиетінің әсерінен туған дәуірлер. Діндар
дәуір әдебиетімізге араб, парсы, әдебиетінен үлгі алып,
соларды еліктегеннен пайда болған. Ділмар дәуір
орыс әдебиетінен үлгі алып, соларды еліктегеннен пайда болған», - деген
пікірі аса нақты емес (5).
Анықтап
қарасақ, А.Байтұрсынов ұлт
әдебиеті тарихын
дәуірге бөлу негізіне көркемдік әдісті алып отыр. Еңбекте әдеби
ағым мен көркемдік әдіс туралы нақты
әдеби-теориялық пайымдаулардың жоқтығы белгілі.
Ендеше бұл үш дәуірді көркемдік әдіске орай
талдап көрелік. Орыстың
атақты теорик әдебиетшісі Г.Н.Поспелов романтизмді әдеби
дамудың сатысы ретінде қарастыру барысында, әуелде ол
діни-моральдық (религиозно-моралистический) сипатта көрінгенін
айтады. «В результате социально-политической революции,
происшедшей во Франции... все передовые европейские литературы приняли в
основном романтический характер. Ранние английские романтики, поэты Бордсворт и
Колридж, выступившие еще в 1970-х годах и образовавшие «озерную
школу» искали свои идеалы в историческом прошлом. По
специальной проблематике они были продолжителями сентименталистов, а
романтический пафос вытекал из их реалигиозно-моралистических стремлений,
иногда доходящих до мистицизма и таящих в себе примирение с действительностью.
Это был религиозно-моралистический английский романтизм. А гражданский романтизм
Байрона и Шелли был самым прогрессивным течением в английской литературе начала
века», - деп жазады (6). Оны дәлелдеу
үшін әр елдің әдебиетіндегі діни-моральдық
және азаматтық романтизмнің пайда болуын атап-атап
көрсетеді. Мысалы, «В 1820-х годах Лимартин
своей лирикой создал религиозно-моралистическое течение французского
романтизма... Крупнейшим представителем гражданского романтизма в Франции был
Виктор Гюго», «В Германии сначала
возник религиозно-моралистический романтизм представленный творчеством Новалиса
и Гофмана. Гражданский романтизм в Германии не обладал ни отчетливостью
идеалов, ни сильными талантами», -
деп нақтыласа, орыс әдебиетіне келгенде «Сначала
в России развивался религиозно-моралистичесий романтизм, особенно ярко
представленный творчеством Жуковского», -
деп жазады. Бұларды М.Горький: «Керек десе француз
әдебиетінде лаулап өскен романтизмнің жалпы бағыты
бірдей емес, бір жағы мистикаға ұрынған нағыз
реакцияшыл болса, екінші жағы, өсіп әдебиет әлемінде
ірі өзгеріс жасаған романтизм», - деп
екіге жіктеп тастағаннан кейін, кеңестік
дәуірдегі әдебиеттану ғылымында «революцияшыл
романтизм», «реакцияшыл романтизм»
деген атаулар пайда болды (7). Бұл
тұрғыдан келгенде, «Әдебиет
танытқыштағы» діндар дәуір
деп отырғаны - діни-моральдық романтизм, маркстік-лениндік
әдіснама бойынша айтсақ, реакцияшыл кертартпа романтизм болып
шығады. Ал ділмар дәуір - азаматтық романтизм, яғни кеңес
дәуірінше атасақ, революцияшыл романтизм. Сындар
дәуір - сыншыл реализм атауының баламасы екені анық.
Бұдан шығатын қорытынды: А.Байтұрсынов әдебиет
тарихын тарихи кезеңдерге бөліп отырған жоқ,
әдеби дамудың заңдылығына орай көркемдік
әдіс тұрғысынан дәуірлеп отыр. Олай болса, Абайға
дейінгі ақын-жыраулар, әнші ақындар шығармашылығы
реализммен дамып келді де, сыншыл реализмге ауысты деген пікір туындайды. Абай қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін
қалады дегенде оның аспаннан түспегенін, әдеби
дамудың тарихи сабақтастығы бойынша қалыптасқанын
ғылыми негіздеу қажет-ақ. «...Осы сыншыл реализм туралы
сонау 1920 жылдары
А.Байтұрсыновтың «сындар дәуір» деп атағанын
ұмытпайық. Сындар дәуірге деген ойлардың бәрі де
профессионалдық әдебиеттің көркемдік әдісіне,
алған бағытына құйылатын таным-білік екені даусыз» , - деген
Т.Кәкішев пікірінде шындық
жатыр (3).
Сарабдал сыншы-әдебиетшілердің 1920-30-жылдардағы
әдебиет теориясы бағытындағы қажырлы
ізденістерінің жемісі ретінде танылып, ұлттық
әдебиеттану ғылымының туу кезеңінің
аяқталғанының куәсі ретінде
Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938),
Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940)
жарыққа шықты. Бұл жерде ұлттық
әдеби-теориялық ой-пікірдің шын мәнінде
ұшқырлық танытқанын, дәуір талабынан
табылуға ұмтылғанын атап айту керек. Шынын айтсақ, ол да болса Ахаңның
«Әдебиет танытқышының» арқасында. Кейбір деректерге
қарағанда, Қ.Жұмалиевтің оқулығы 1932
жылы жазылса да алты жыл бойы әр түрлі себептермен жарық
көрмеген. Орыс әдебиеттану ғылымында маркстік-лениндік
эстетикаға негізделген Л.Тимофеевтің «Теория литературы» (1934),
И.Виноградовтың «Әдебиет теориясы»
(1936), «Борьба за стиль» (1937), Г.Поспеловтің «Теория литературы»
(1940) аталатын еңбектері енді
ғана жарық көрген еді. Партия мен кеңестік идеология
ғылым, өнер, әдебиеттегі «буржуазиялық»,
«ұлтшылдық» көзқарастарға аяусыз күрес
жүргізе отырып, маркстік-лениндік әдіснаманы
қоғамдық ғылымдарға, оның ішінде
әдебиеттану ғылымына, оның сыншылдық,
әдеби-тарихи, әдеби-теориялық ой-пікіріне мықтап
орнықтырды. Орта және жоғарғы мектепті
маркстік-әдіснаманы басшылыққа ала отырып жазылған
оқулық, оқу құралдарымен қамтамасыз ету
міндеті туды. Міне,
сондықтан Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайыловтың
әдебиет теориясының күрделі мәселелеріне бара
алған еңбектерін сөз еткен уақытта, зерттеу нысанасына
алып отырған саланы жан-жақты қарастыруға
мүмкіндік бермеген уақыт пен заман талабын есте ұстау керек.
Қ.Жұмалиевтің
«Әдебиет теориясы»
мектепке арналған оқулық жасау мақсатында жазылып 1938, 1940, 1941, 1942
жылдары бірнеше рет басылып шықты. Негізінен орыс әдебиеттану
ғылымындағы теориялық еңбектерді, әсіресе
И.Виноградовтың «Әдебиет
теориясын» басшылыққа алғандықтан да
аудармалық сипаты басым болды. Автордың өзі «Кітаптың
кейбір бөлімдері, жеке әдебиет мәселелері Тимофеев,
Виноградов кітаптарынан, жаңа әдебиет энциклопедиясынан тура алынып
отырылды. 1937-38 оқу жылында жоғарғы дәрежелі
педагогикалық мектептерге арнап жасалған әдебиет
теориясының программасына сүйеніп жазылды»,-
деп атап жазғандай, орыс әдебиеттану ғылымындағы
зерттеулерді басшылыққа алды (8). Бұл
еңбектер жазылған кезде 30-жылдары жазылып пайдалануда болған
оқулық, оқу құралдарының барлығы «халық
жауларының» еңбектері ретінде
қолдануға тыйым салынған еді. Сондықтан
30-жылдардың соңы, 40-жылдардың басында жазылған оқулықтар мен
хрестоматиялардың мектептерді оқу құралдарымен
қамтамасыз ету қажеттігін атқарған тарихи мән-маңызы
да өте зор болды.
Қазақ
әдебиеттану ғылымының теориялық ой-пікірінің
өскелең ізденісін танытқан Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет
теориясы» (1938) Е.Ысмайылов жазған «Әдебиет
теориясының мәселелері» (1940)
А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында»
негізделген ұлттық әдеби-теориялық ой-пікір
арнасының тарихи және ғылыми заңды жалғасы болып
табылады. Авторлар тек орыстың теориялық еңбектерін
ғана пайдаланумен шектелген жоқ, ұлттық танымдағы
құнарлы ой-пікір сабақтастығын қиыннан
қиыстыра білді. Оны академик З.Қабдоловтың: «Ақаң
жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал
басы жоқ кеуде бола ма? Қайтейік, болды деп келдік. Мәселен, айшықтаудың
(фигураның) арнау деген түрі бар. Бүкіл дүниежүзілік
әдебиет теориясында арнау деген
бірақ түр: шауып шықса, бұған шешендік
сұрау қосылып қана ажарлануы мүмкін. Ал
қазақ поэзиясында Ақаң осының үстіне
үш түр (сұрай арнау, зарлай арнау, жырлай арнау) тауып
қосып, құлпыртып әкетеді. Бірақ амал не,
бұл жаңалықты тапқан Ақаң екенін кезінде
ашып айта алмай Қажекеңе
сілтеме жасауға мәжбүр болдық» , - деген
пікірі нақты дәлелдей түседі.
Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайылов «Әдебиет
танытқыштағы» ұлттық
әдеби-теориялық ой-пікірге сүйене отырып, онда
қарастырыла қоймаған теориялық
ұғым-түсініктерді қамтып, дамытып әкетті. Сол арқылы
қызыл империяның теориялық бағыттағы зерттеу
еңбектерді пайдалануға тыйым салуынан туған іркілістің
орнын толтырып, соны ізденістерге жол салды. Теориялық ой-пікірдің
белгілі бір дәрежеде жалпылық сипаты мен ортақтығын
есте ұстай отырып айтар болсақ, бұл еңбектер «Әдебиет
танытқыштағы» теориялық
мәндегі ұлттық ұғым-түсініктердің
желісін үзбей бізге жетуіне, ғылыми қолданыстан шығып
қалмауына, жаңа қадамдардың жалғаса беруіне алтын
көпір болды. Ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірде
әдеби ағым мен көркемдік әдіс, стиль, тақырып,
идея, әдебиеттің тегі мен түрі
ұғым-түсініктерді бүкіл әлемдік теориялық
ой-көзқараспен байланыстыра қарап, нақты мысалдармен
дәлелдейді.
Шынын айтар болсақ,
ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікір «Қазақ
әдебиеті тарихының» көптомдығы (1961-67)
шыққан кейін, дауы мен машақаты көп және
әдебиеттің таптығы, халықтығы, партиялығы
қағидаларына сай саясатқа апармай қоймайтын ұлт
әдебиеті тарихы мәселелерін зерттеуден гөрі әдебиет
теориясына қарай бой ұрғаны да жалған емес. «Сондықтан
А.Байтұрсынов еңбегінде негізі қаланған
қазақ өлеңінің құрылысы
Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов еңбектерінде ғылыми
жалғасын тауып тереңдете зерттелінді. Олар өлең
сөздің теориясына тән жаңа атаулар енгізді және
оны теориялық ой-пікірде орнықтырды. Ол
кейін бұлардың еңбектерінің кеңестік
дәуірдегі заңды жалғасы болып табылатын З.Қабдолов, М.Дүйсенов,
З.Ахметов, М.Базарбаев т.б. өлең сөздің ғылыми
теориясы саласындағы күрделі зерттеулеріне ұласты» (9).
Қорыта келгенде, А.Байтұрсыновтың «Әдебиет
танытқышынан» басталып, іргесі қаланған әдеби-теориялық
ой-пікір саяси-идеологиялық қыспаққа ұшырай
отырғанмен де өзіне сара жол тауып, әдебиет туралы
ұлттық ғылымда «Әдебиет теориясы» аталатын үлкен
саланы қалыптастырды. Сол арқылы осы ғылымның
қалыптасу кезеңіндегі соны ізденістеріне жол ашты,
әдеби-теориялық талдау жасаудағы білім негіздерін
кемелдендірді. Маркстік-лениндік әдіснаманы басшылыққа алу көп
жағдайда сезілсе де, әлі де болса бұрынғы
ұлттық сипаттағы үрдісінен де қол үзебеуге
ұмтылды. Оның басты себебі
А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышында»
қаланғандықтан десек, артық айтқандық емес.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. Нұрғали Р. Алып бәйтерек.
// Ақжол. Алматы, 1991.
2. Жалмаханов Ш, Смағұлов Ж.
А.Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеттану
терминдерінің негізін салушы.
Қарағанды, 1997.
3. Кәкішов
Т, Қазақ әдебиет сынының тарихы. Алматы, 1994.
4.
.Қабдолов З, Ахың һәм әдебиеттің
әліп-биі. // Қазақ әдебиеті
тарихының өзекті
мәселелері. Алматы, 1993.
5. Байтұрсынов
А. Ақжол . Алматы, 1991.
6..Поспелов Г.Н.
Закономерности исторического развития литературы.
\\
Введение в литературоведение. М., Вышая школа,1983, с.263.
7. Горький.М.
Романтизм және Жуковскийдің халықтығы туралы.
«Әдебиет сыны» журналы.№6,1937.
8. Жұмалиев
Қ. Әдебиет теориясы. Алматы,1938
9. Смағұлов
Ж. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Алматы,
1999.