Ж.Қ.Смағұлов,

Қазақстан Республикасы, Қарағанды қаласы,

Е.А.Бөкетов  атындағы Қарағанды  мемлекеттік 

университеті, ф.ғ. д., профессор

 

М.ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК ӘДЕБИ СЫН

 

Қазақтың ұлы жазушысы, ғалым және қоғам қайраткері, М.Әуезовтің есімі бүкіл әлемге әйгілі де ардақты. Жазушылық шеберліктің мұндай биігіне Әуезов толассыз іздену, көп еңбек ету арқылы және орыстың классик жазушыларының. сондай-ақ әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің реалистік дәстүрлерін шығармашылық тәжірибесін дамыта игеру, солардан үйрену арқылы көтеріле алды.

М.Әуезов 1950-ші жылдарда бір топ жазушылармен (Степин, Шипачев, Л.Леонов, О.Гончар) бірге Америкаға барғанда сол елдің  беделді білгірлері  бұларға сипаттама берген. Сонда «Шипачев – қарапайым іскер адам, Леонов –біраз ақ сүйектік бар, Гончар - әшейін спортшы, ал мынау М.Әуезов дегенініз … Сократ маңдайлы кемеңгер, философ, құдай өзіне түр мен тұлғаны да аямай берген, көзінде ақыл тұнып тұр»,- деген оймен тамсаныпты.

«Абай жолы» роман-эпопеясын Луи Арагон «ХХ ғасырдағы ең ұлы шығармалардың бірі» десе, В.С.Иванов: «Бұл аса зор мәдени құбылыс, мен оны ұлы туынды деуден тартынбаймын» деген болатын. «Абай жолы» роман-эпопеясында көтерілген мәселелердің маңыздылығы, онда бейнеленген адамдар мен олардың тағдырларының алуан түрлілігі, баяндалған өмір құбылыстарының, атап айтқанда, қоғамның әлеуметтік құрылымы, жыршы, әнші ақындардың шығармаларында халықтың арман-мүддесінің, азат идеялардың көрініс табуы -  осының бәрі келіп тұтас тарихи үдерісті айқын елестететіні көптеген шетел жазушылары мен әдебиетшілерін таң қалдырды.

М. Әуезов шығармашылығы туралы көптеген орыс ғалымдары өздерінің пікірлерін білдірген. Олар: Н.Тихонов, А.Фадеев, Н.Погодин, А.Корнейчук, М.Луконин, К.Зелинский, З.Кедрина, П.Лукниций, К.Алтайский. О.Гончар, Л.Соболев т.б. екені белгілі жайт. Н. Тихонов «Заманымыздың зор адамы» атты мақаласында: «М.Омарханұлының шығармашылық және өмір жолы байқап отырсақ, әлемге өзінің халқы туралы айту үшін туған. Ол жазушы болған кездің өзінде ол туған өлкесінің шегінен шығып кеткен дарынын бар күшімен ашып берген «Абай» атты роман-эпопеясын жасады. Эпопеяға ол он үш-төрт жылдан астам еңбек сіңірді және бұл еңбек оны бүкіл әлемге танытты. Абай туындыларын түгел білген Әуезов эпопеядағы өз кейіпкері үшін халық тағдыры арқылы көрсету жолын алды. Әуезовтің еңбегі - күрделі де қиын. Өмір шындығынан ауытқымай отырып, бүкіл қиялын бір идеяға жүйелеп бағындырды. Қазақ халқының барлық әдет-ғұрыптарын, наным-сенімдерін, аңыздарын, тұрмыс-тіршілігін терең білді. Абай – халық жаны мен халық даналығының жиынтық бейнесі, «Абай» сияқты шығармалар үлкен де ұзақ өмір сүрді. Мұхтар Әуезов – шалқар шабытты және зор бақытты жазушы. Ол Қазақстанда кең байтақ даладағы қарапайым ғана көшпенділерге ұқсамайтын жаңа қазақтардың еліндегі туған әдебиеттің көшбасшысы атағаны ие болды. Ол өзінің жанқиярлық әдеби еңбегімен ерлік жасады: қазақтың ұлы ағартушысы және ақыны Абайдың өмірі туралы эпопея жазды, патшалық қанаудың қара түнек қапас арман-мүдделері мен үміттері бейтаныс боп келген халықтың күркелеріне жетелеп енгізді, туған халқының бойындағы бар асылын өз бойына жинаған абзал Абайдың күресі мен өмірін жан-жақты көрсетті. Бұл эпопея бізге тұтас бір әлемді сыйға тартты, табиғаттың, тұрмыстың ғажап картиналармен суреттеді. Әуезов қаламымен тарих қайта тірілді, ауылдар өмірі, адамдар тағдыры бой көрсетті», - деп өз пікірін білдірді [1, 8].

К.Зелинский М.Әуезовты былай деп бағалаған: «М.Әуезов – біздің ұлы дәуіріміздің заманның аса үздік және принципиалды жетістіктерінің бір көрінісі. Көп қырлы азамат, ғұлама – жазушы туған халқының мәдениетін шырқау биігіне көтерілген елінің барша өзгерісінің куәгері болады. Әуезов өзінің әрбір қадамын әділ бағалап, жіті бағдарлап отыратын. Ол адал, әрі қажырлылықпен алға ұмтылды. Ол адамға ең қажетті өнерді меңгерді, үйрене білді. М.Әуезов – бүкілодақтық және әлемдік абыройға ие болған жазушы ғалым» [2, 33].

Михаил Луконин  «Өткенге көз тіккен сәуегей» мақаласында былай деп жазған: «М.Әуезов шығармашылығы тек қазақ әдебиетіне ғана емес, бүкіл совет әдебиетіне, әр жазушыға игі әсерін тигізді. Әуезовтің шығармашылық қызметі мен азаматтық алып тұлғасы қай жазушыға болмасын ұлағатты үлгі, өшпес өнеге. Ол жәй ғана талант иесі емес, оның жазушылық үлгісі әдебиетте өзін-күйкі тірліктен аулақ ұстай білгендігінде. Ол ең алдымен мақсаттар қойып, ауқымды дүниелер жазды. «Абай» эпопеясы шығармашылығының тылсым сырына, өмір мен өлеңнің өзара байланысына терең бойлаған» туынды, ақын мен поэзия жайлы әлем әдебиетіндегі ең шоқтығы биік үздік шығарма», - деп бағалаған, ал Павел Лукницкийдің пікірі бойынша «Мұхтар аттың сыны мен сырын, қазақтардың ат десе ішкен асын жерге қоятын ерекше ықыласын жақсы білетін. Ол өзінің болашақ әңгімелерінің кейбір элементтерін, «Абай жолы»эпопеясының кей көріністерін сол кезде топшылап, тұжырымдап отыратын….»

К.Алтайский   «Кемел ой, алып талант» мақаласында: «М.Әуезов жайлы жазу өте қиын. Кезінде замандастарына Л.Толстой, Рабиндрант Тагор, Анатоль Франс туралы жазу да оңайға түспеген. Мұхтар тек қазақ әдебиетінің ғана классигі емес, бар әлемнің оқырман қауымына белгілі жазушы. ХХ ғасыр әдебиетінің тарихы жазылған кезде М.Әуезов есімі Горький, Драйзер, Роллан, Шоу есімдері қатарынан орын алатын болды, Николай Погодин оны қазірдің өзіндеде «Шығыстың Шолоховы» деп атап жұр. М.Әуезов ақындар поэзиясын жете біліп, қатты бағалайды екен», - деп айтқан  [2, 52].

Жазушы мәдениетінің бір көрсеткіші – оның сөздік қорының молдығы. Ол қолданған сөздер қоры М.Әуезов шығармаларының өзі лексикалық байлығымен адамды қайран қалдырады. Шекспир, Гоголь, Тургенев шығармаларын қазақ тіліне асқан шеберлікпен аударуының ең басты себебі - М.Әуезовтің өз сөздік қорының бай екендігінде. «М.Әуезов сөздігі»  қазақ халқының XX ғасырдың екінші жартысындағы тіл байлығының айқын айғағы еді. Әуезов Леонид Соболевпен бірлесе отырып  «Абай»  трагедиясын жазды.  Қазақ және орыс жазушысынң тарихта тұнғыш рет бірлесіп еңбек еткені осы болатын. Зоя Кедринамен бірге  Әуезов І.Жансүгіровтің «Дала» дастанын орыс тіліне аударды. Олесь Гончар мынадай пікір білдірген: «Әуезов тек өзінің туған әдебиетінің ғана емес, бүкіл  көп ұлтты совет әдебиетінің өкілі екенін сезінген еді.  М. Әуезов – мейрбанды жан, ойшыл адам еді. Жазушы құбылыстардың құпия сырын, мән-мағынасын ашуға тырысып, бар мәселеге асықпай, тыңғылықты ой көзімен болжап қарады. Американ репортерлері М.Әуезовті бірден«философ, Шығыстың данышпан ойшылы» деп атады».

Әлем әдебиетінде де көптеген белгілі жазушылар М.Әуезовтің шығармашылығын жоғары бағалаған. Соның бірі француздың ұлы жазушысы Луи Арагон: «Мухтар Әуезов - өз заманының ең ұлы жазушыларының бірі» десе,тағы бір француз  жазышысы Реми Дор М.Әуезов шығармашылығы жайында былай деген: «Франция үшін Кретьен де Труа - атақты, көрнекті ұлы жазушы сияқты болса, мен ешқандай қобалжусыз Қазақстандағы М.Әуезовті ең биік шыңға көтеремін. Мен үшін Әуезов - бас әріпінен басталатын бірінші романнист. Әрине, оның алдында болған бірқатар романдардың авторлары болды, бірақ  сонда да бұлармен салыстыруға келмейді. 1909 жылы М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С.Көбеевтің 1913 жылы «Қалың мал», С.Мұқановтың «Ботагөз» романдары жарияланды. Бірақ бұл авторлар ең алдымен эссеистер немесе ақындар М.Әуезовтің 1928 жылы Ортаазиялық университетте оқып жүрген кезінде ол белгілі драматург болған. Оның «Бәйбіше-тоқал», «Еңлік-Кебек», пьесалары Қазақстанның театр сахналарында қойылған. Оның көптеген әңгімелері мен повестері газет-журналдарда жарияланған. Бірақ оның талпынған негізгі жазу мақсаты - роман. Кейіпкері-Абай. Бұл үлгілі персонаж, бұнда бүкіл қазақ халқының ар-намысы берілген  [3, 20-22].

Қырғыз жазушысы Ш. Айтматов М.Әуезовті былай бағаланған: «Сапарға шыққан кезде өзіммен бірге қастерлеп жүретін екі түрлі ұлиттық асылым бар: бірі - «Манас», бірі – М.Әуезов М.Әуезов  - «Манас» эпосының асқан білгірі және зертеушісі және қырғыз әдебиетшілердің досы. Қырғыз тілін жетік білген. М.Әуезов –атақты, әйгілі гуманист.  «Абай» эпопеясы бұл біздің көпшелі халқымыздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиясы. М.Әуезов өзінің шығармашылындағы яғни прозасында, драматургиясында сонымен қатар «Абай жолы» романында бізді яғни халықты әлемдік деңгейге көтерген. «М.Әуезов шығармашылығы арқылы басқа халықпен және олардың мәдениеттерімен қарым-қатынастамыз. М.Әуезов арқылы біз түркі халықтардың күшін, байлығын, салт-дәстүрін бүкіл әлемге таныттық. Сондықтан біз М.Әуезовті әрқашан құрметтеуіміз керек» - деген  [4, 15-16].

Өзбекстан жазушысы Насыр Фазылов: «Мұхтар аға шындығында да кемеңгер қоғам қызметкері, ғұлама жазушы. М.Әуезов өзбек жазушыларынын шығармаларын түп нұсқадан, аудармасыз, өзбек тілінде оқитын. Мұхтар аға өзінің шығармашылық жолын табиғи түрде шағын жанрлардан бастаған. Ол алғашында әдебиетке қойылған. Әсіресе, оның «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Бәйбіше мен тоқал», «Қаракөз», «Арпалыс», «Елең-алаң», «Абай» сынды драмалары әйгілі. Сонымен қатар Мұхтар аға прозалық шығармалар жазып, тәжірибе жинақтаумен болды. Осы тұрғыда оның 20-жылдарда жазылған «Бейшаралар», «Қыр хикаялары», «Оқымысты жігіт», «Үйлену», «Жетім», «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» және де 1928 жылы Ташкентте жазылған «Көкжал» әңгімелері, «Қараш-қараш оқиғасы» және 1927 жылы жазылған «Қилы заман» повестері қазіргі күнде де танымал. Мұхтар ағаны еске алғанда менің көз алдыма келетін және бір нәрсе оның әйгілі «Абай жолы» деп аталған тетралогиясы. Шығарманың бас кейіпкері Абай өз заманын жырлау арқылы бүтін қазақ халқымен әлемге танытқан болса, Мұхтар аға - өзбектерге ризашылықпен кеткен жазушылардың бірі. Оның  «Абай» және «Абай жолы» эпопеясы өз уақытында өзбек тіліне тәржімаланып, жарық көрді. Басқа әңгімелері мен повестері 1960 жылы «Қараш-қараш оқиғасы» деген атпен басып шығарылды. Мұнда ескеретінім «Қара-қараш оқиғасы» жинағында оның 1923 жылы Ташкент қаласында жазған «Кім кінәлі» әңгімесі кірмей қалды, осы әңгімені кейін тәржімелеп, «Жахон адабиаты» журналының екінші санында басып шығардық» [4, 107-109]. М.Әуезов алғашқы кезеңдегі шығармалары әдебиетімізде сыншыл реализм дәстүрлерін, ХХ ғасырдың бас кезіндегі прогресшіл идеяларды әрі қарай дамытып, оларды социалистік реализммен ұштастырады. М.Әуезов шығармашылығы әдебиетінің ең жарқын құбылыстарының бірі. Бірақ қазақтар үшін Әуезов тек жазушы ғана емес, сонымен қатар оның ұлтымыздың рухы қайта түлеуіне қосқан үлесі жалғыз әдеби шектелмейді. Орыс жазушысы Погодиннің сөзімен айтсақ, Әуезов қазақ халқын күллі әлемге танытып қойған жоқ, ең алдымен оны өзіне өзі танытты. Көптеген әңгімелері мен повестерінде, ондаған драмаларында ол қазақ қауымының шындығынан ешқандай қалтарыс қалдырмай, әртүрлі жарқын ұлттық характерлер жасап шықты. М.Әуезов өз халқының ғана емес, Шығыс халықтары мәдениеті тарихының талай жаңа беттерін жарыққа шығарды. Ол ұлы Абай шығармашылығын, қазақтың халық ауыз әдебиетін, жер бетіндегі үлкен дастандардың бірі – қырғыз эпосы «Манасты» шығыс халықтарының өзге де ақындарының көбінің шығармашылығын жан-жақты зерттеді. М.Әуезов сонымен қатар қазақ тілінің сұлулығы мен құдірет күшін бүкіл әлемге танытып берген. Ол өз  ана тілінің тек мазмұн байлығын ғана емес, үн байлығын, әуез байлығын да жайып салды. Әуезов- нағыз сөз сиқыршысы еді. М.Әуезов өз ұлтының рухани құдіретінің нұр-шұғыласын күллі әлемге түсірген.

Тәжік жазушысы Ф.Ниязи М.Әуезовтің шығармашылығы жайында былай деген: «М.Әуезов - бүкіл совет әдебиетіндегі атақты құбылыс. М.Әуезовтің 60 жылдығын тойлаған кезде бір тәжік жазушылармен Алматыға бардық. М.Әуезовтің үйіндегі кітапханадағы кітаптың байлығына таң қалдым. Кітапханасында ежелгі шығыс қолжазбалары, тәжік әдебиетінің класссиктері мен сол кездегі тәжік жазушылардың кітаптары толып тұрды. Мен бұл кітаптарды арасынан С.Айни, Д.Икрами, Р.Джамиля, С.Улугзаде, М.Турсынзаде, М. Миршакараның шығармаларын көрдім». М.Әуезов тәжік әдебиетінің шығармашылығын қадағалап отырды. Ол С.Айни жайлы үлкен құрметпен айтып отырды. Жазушы жылдар бойы театрдың әдебиет бөлімін басқарды, спектакльдерге рецензия жазды. Оның драматургия жанрында көптеген еңбектері бар. М.Әуезов класссикалық аудармалар жасады, аударма теориясына  байланысты ғылыми еңбектер жазды. Ол әдем әдебиетін терең білген ірі ғалым өзбек Ә.Науаи, үнді Тагор, қырғыз Ш.Айтматов, татар М.Жалел, орыс А.Фадеев туралы құнды пікірлер айтып, терең тұжырымдар жасады. Ш.Руставеллидің «Жолбарыс тонды жиһангер» поэмасын білгірлікпен талдады. Жас талаптары М.Әуезов бірінші болып көрсете білді. Қ.Шаңғытбаев, Қ.Мұхаметжанов, Ш.Айтматов туралы алғаш рет пікір айтты. М.Әуезов – қазақ әдебиетінің үлгілі белгісі, оның даму бағдарының нысанасы. Қазақ әдебиетінің ХIX  ғасырдағы  асқар белі – Абай, ХIX  ғасырдағы заңғар биігі – М.Әуезов. М.Әуезов қазақ әдебиетін көтерген биіктен әрі қарай өрлетіп, бүкіл дуниежүзілік классикалық күнес кеудесіне шырқап шығарды. Абай қазақтың өзіне дейінгі сөз өнерін су жаңа соны арнаға салып, өз кезіндегі өнер атаулының тың биігі сыншыл реализм шоқтығына өрлейтіп әкеткен болса, М.Әуезов жалпы шыншылдық пен шынайылық атаулының жуыр арада асу бермес асқар шыңы болып қалып отыр. Абай қазақ поэзиясының қадым заманнан бері қалыптасқан көне дәстүрін өзінің көл-көсір жаңалығын қосқан новатор-ақын, қазақ өлеңін тотының түніндей құлпырып мазмұн мен пішіннің бұрын-сонды ешкім көріп-білмеген көркем келбетіне  көшірген ұлы реформатор- аақын болса, М.Әуезов қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған жаңа жанрлар туғызып – дамытқан және сол жанрлардан сөз өнерінің бұрын-соңды болмаған ғаламат үлгілерін сомдап соққан саңлақ суреткер. Қазақ әдебиетінде М.Әуезовтей тілге бай зергер – жазушы бұрын–соңды болған жоқ. Абай өнеге алған өнер мектептерінің бірі – ұлы орыс әдебиеті десе, М.Әуезов сол әдебиетті түгел баурап, сол арқылы одан да әрі шырқап, бүкіл дүниежүзімен мәдениет пен білімге мейлінше мол сусындағаны белгілі. М.Әуезов өзіне дейінгі Абай дәстүрлеріне өлшеусіз өз жаңалығын қосып, тағы да айрықша өнер туыстығы мен тұтастығын танытты. Сондықтан да біз туған топырақты өнер- білім мен ақыл–ойдің өткен ғасырдағы шамшырағы Абай болса, осы ғасырдағы жарық жұлдызы М.Әуезов болып қалды.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.       Сахариев Б. Біздің Мұхтар. Алматы, Жазушы, 1976.

2.       М.Ауезов в воспоминаниях современников. Алматы, Жазушы, 1976.

3.       Қаратаев М. Қазақтыңтұңғышэпопеясы. Алматы, Жазушы, 1957.

4.       М.Әуезов және әлем әдебиеті. ІІ том. Алматы, Жазушы, 2001