Ұялу эмоциясын білдіретін ым-ишараттар
М.П. Ешимов
(Казахский национальный университет им. аль-Фараби.
Казахстан)
Коммуникативтік
актінің бейвербалды семиотикалық коды табиғи тілмен тығыз
байланысты, сондықтан зерттеу мен анықтамалар жүргізбей,
интерактивті коммуникативтік қызметті модельдеу мүмкін емес.
Қарым-қатынаста
ақпарат әртүрлі дене мүшелері, паралингвистиканың
түрлі салалары қарастыратын – кинесикалық, такесикалық,
дене қалыбы, просодика т.б. арқылы беріледі. Ұялу эмоциясынан
хабар беретін бейвербалды амалдар көбінесе кинесикалық,
просодикалық амалдар арқылы беріледі. Көптеген тілші
ғалымдардың айтуынша, ақпарат алудың көбі
бейвербалды амалдар арқылы жүзеге асады екен. Осы арқылы біз
қарым-қатынасқа қатысушының не айтайын дегенін
ғана емес, сонымен бірге қандай күйде екенін, яғни
оның ұялғанын, ашулы, қуанышты екендігін де біле
аламыз. Адам баласы табиғи жолмен берілген мұндай табиғи
қасиеттерді жасыра алмайды. Қанша жасырмақ болғанымен
оның астарында табиғи қасиеті жатады. Мысалы, адам
өзінің қуанышын жасыруға тырысқанымен, оның
күлімдеп, от шашып тұрған көздерінен қуанышты
күйде тұрғанын айтпай-ақ аңғаруға
болады. Мақаламызға арқау етіп алып отырған ұялу
эмоциясын білдіретін бейвербалды амалдар да соның қатарында.
Қарым-қатынаста
көз қимылымен беріліп, адамның эмоциясын білдіретін
бейвербалды амалдардың көпшілігі табиғи жолмен берілетін
амалдар деп айтуға болады. Бұларды жасанды, яғни өмірге
келген соң үйреніп, бойға сіңіріп алатын
амалдарға жатқыза алмаймыз.
Күнделікті
қарым-қатынаста адамдар өздерінің қандай да бір
іс-әрекетіне қынжылып, ұялып жатса беті қызарады,
дауысы дірілдей шығады т.б. Ал көз қимылы арқылы адамның
ұялғандығын көзін
төмен түсіру қимылынан көре аламыз. Көзін төмен түсіру,
яғни жерге қарау кинемасы
басын төмен салбырату сынды
кинемамен қосарланып келетін күрделі амал. Мысалы, Көзін
төмен салу (ұялу). Хақназар
бетін Шағайдың серіктеріне қарай бұрды, кілең бас
кесер, ұят-ар дегенді білмейтін еңгезердей қарақшы нөкерлері
де қожаларының мына қылығына ұялғандай
төмен қарап қалыпты (І. Есенберлин, Көшпенділер).
Кірпігін төмен түсіру қимылы бір
қарағанда көзін
төмен салу қимылымен жасалу жағынан бірдей болып
көрінгенімен, олардың жасалуында айырмашылық бар. Көзін төмен салу
қиымылының жасалуында көзін төмен қарай
бағыттап, бас та салбыраған күйде болып,
қарым-қатынасқа түсушінің бет-әлпетін
толықтай көре алмайтындай дәрежеде болады. Ал кірпігін төмен түсіруде
кірпік көзді жартылай жауып тұрғандай қалыпта
көрінеді. Сонымен қатар, әңгімелесушінің
бет-әлпетін көре алатындай қалыпта болады. Мысалы, Сен өзіңе жаңа
көйлек сатып алғанбысың? Сәуле ұялған
сыңай танытып кірпігін төмен түсірді.
Барлық ұлттардың мәдениетінде күлу, жымию
адамдардың коммуникациясы мен әлеуметтік өмірін қолдау
және ұйымдастыруда бірінші орында тұр. Әрбір
достық кездесулер мен диалог алғашқы жымиыстан,
достықтан немесе қарапайым қарым-қатынастан бастау
алады. Мұндай қатынастар барысында адамның жауапкершілігі
артады.
Шынынмен де, жымиыспен бірге көптеген ымдардың орындалуы мен
қолданылуы мәдени түрде құрылған,
яғни мәдени шарттардың жетегінде болады. Расында да, күлкі, жымиыс дегеніміз бұл
– бақыттың, қуаныштың, ләззаттың,
алғыстың және де басқа жағымды сезімдердің
стереотипті, типтік көрінісі болғанымен, адамдар кез келген
жағдайда тебіреніс пен ішкі дүниенің бар болмысын
көрсететін сезім және жымиысты барлығы біркелкі сезінбейді.
Көп жағдайда мимикалық бейнелі сезім комбинациясын
құрайды, сондықтан да әртүрлі жымиысты адамдар
түрлі ымдық бірліктер түрінде қабылдайды, бұдан
көптеген өрістік және лабораториялық зерттеулер
жасалады.
Бір жағынан күлу
мағынасы негізгі көрсеткіштері жағынан едәуір
ерекшеленеді. Мысалы, Ч. Дарвиннің айтқанындай, қос
қатар тісін ақсита жымию адамның агрессивті қалпынан
хабардар етеді. Терең жымиыс соңы күлкіге тіреледі, ал
жымиюшының көзі күлкі үйірген адресат немесе обьектіге
қадалады. Ал ұялу кезіндегі жымию кәдімгі, қарапайым,
басқаша айтқанда, табиғи
жымиысқа жатады. Ұяла
жымию мен кәдімгідей жымию барысында
адамның тек қана жоғарғы тістері көрінеді. Алайда
ұяла жымиюдың жасалу жолы
жағынан қарапайым жымиыстан айырмашылығы
бар: қарапайым жымиысқа қарама-қарсы
ұяла жымию пайда болған
кезде жоғарғы тістер төменгі ерінмен байланысады, ал кейде
тіпті ерінді тістелейтін сәттер де кездеседі. Сонымен бірге ұяла
жымиюшы адам басын төмен салып, екінші адамның көзіне тіке
қарамайды. Мысалы, – Жігіт
болсаң, міне осындай бол! Қой да аман, қасқыр да
тоқ, қатын да бар.
– Ожар төмен қарап күлімсірегендей езу тартты (І. Есенберлин, Көшпенділер).
Ұялу эмоциясы
кинесикалық амалдармен қатар, просодикалық амалдар
арқылы да беріледі. Бұл дегеніміз –
қарым-қатынасқа түсушінің сөйлеудегі дауыс
ырғағы, екпіні. Сөйлеу
әрекеті барысында екпін (тон), ырғақ т.б. паратілдік амалдар
сөйлеуші мен тыңдаушының
көңіл-күйінің ерекшеліктерін сипаттаушы
амал-тәсілдер болып табылады. Эмоциялық жағдайлар
адамның дем алу, қан айналу органдарына, бет әлпеті мен
бүкіл дене қимылдарына, сөздің интонациясы мен
әуеніне, кідірісіне өзгерістер енгізеді.
Тілі күрмелу просодикалық амалы ұялу эмоциясына мысал
бола алады. Ұялу кезінде дауыс жай және
жұмсағырақ шығады. Аталған бейвербалды
амалдарға сипаттама бере келе, нақты мысалдар арқылы да дәлелдеп
өтелік. Мысалы, Мәрия кідіріп
тұра қалды.
–
Бірдеме айтайын дедің бе?
–
Айтайын деп едім.
–
Айта ғой. Раушан айта алмай күрмеліп, төмен қарады (Б. Майлин, Таңдамалы шығармалар).
Дауысы дірілдеу де ұялу, қысылып-қымтырылуды
білдіреді. Әлгінде
қойған сұрағыма ол қысыла жауап қайтарды.
Қысылғандығы сонша, тіпті дауысы дірілдеп шықты (І. Есенберлин,
Ғашықтар).
Адам – табиғаттың жаратқан күрделі де,
айрықша феномені. Жер бетіндегі қоғамдық
өмірдің негізгі тұлғасы бола тұра, адам өз
өмірінде небір ғаламат күйлерді басынан кешіріп,
өзінің табиғи қасиетіне орай жан-дүниесімен
тебірене сезіне алады. Адам басынан түрлі оқиғаларды
өткізеді: олар қуанады, сүйсінеді, күледі, шаттанады,
сонымен қатар ренжиді, ашуланады, ашынады, күйінеді,
қайғырады, әуестенеді, жиіркенеді немесе ұялады.
Адам баласы біреудің
істеген ісіне емес, өзінің жасаған қылығына
немесе басқа біреудің алдында өзін ыңғайсыз
сезіну сәтінде, сонымен қатар басқалар сол адам туралы
әңгіме етіп жатқан кезде ұялып басын сипай беретін
кездері де болады. Мысалы, Әскерде
кіші командир, үлкен командир болатынын оның білетін, білмейтіні
маған беймәлім. Алайда ол менің кіші командир болдым
дегенімді бойымның кішілігіне апарып салды. Әдейі сһйтті ме,
жоқ білмегендіктен солай ойлады ма, оны да аңғара алмадым.
Әйтеуір қыздар оның «көрініп тұр» дегеніне ду
күліп жіберді. Басымды
қайта-қайта сипалап өзім де күлем (Ә.
Нұршайықов, Махаббат қызық мол жылдар).
Ұялу эмоциясын
білдіретін ым-ишараттар теріс
қарау, бетін басу сынды бейвербалды амалдары арқылы да
беріледі. Аталған ым-ишараттар әйел адамдардың
қарым-қатынасында жиі қолданылатын амал және
соларға ғана тән құбылыс болып табылады. Себебі
ерлер ұялғанын бет басу,
теріс қарау сынды қимылдармен емес, басқаша, атап айтар
болсақ, басын сипау, дауысы
дірілдеу, тілі күрмелу, төмен қарау т.б. бейвербалды
амалдар арқылы білдіре алады.
Бет басу – ұятқа
батқан, ұялған адамның іс-әрекеті.
Ұялған адамдар екі қолымен бетін басып, жұртқа
қарай алмайды. Мысалы, Кәріс.
Мырза жігіт, сенің пәлең бар екен, сені сағынатын
болдым. (Ұялып бетін басып).
Ибайи, сізді дегенімді (І. Жансүгіров, 5-том). Ал мысал ретінде айтып
өткен ұяла теріс қарау
бейвербалды амалы қарым-қатынаста, көркем әдебиетте
мынадай түрде кездеседі: Нұрай.
Ішіңдегі баланы аман туып, бағып өсіресің! (Райхан
ұялып теріс қарайды). (І.
Жансүгіров, 5-том).
Желкесін қасу (қолымен) ұялу
– қысылып-қымтырылуды білдіретін бейвербалды амал. Аталмыш
қимыл – ер адамдардың қарым-қатынасында көп
кездесетін ым-ишарат. Ер адамдар қысылып, ұялғанда желкесін
қаси беретін әдеті бар.
Қоғамдық
көлікте, қоғамдық орындарда адамдар
қарама-қарсы немесе қасында отырған адам оның
аяқ киіміне қарағанда аяқ киімінің лас, таза емес
екендігінен ұялғанда аяғын
ақырын артқа қарай тартып, орындықтың не өзі отырған ағаштың,
яки орындық тәрізді заттың астына қарай
тығыңқырайтын жағдайлар да болады. Бұл
қимылды қарым-қатынаста әйелдер де ерлер де
қолданады. Ал аяқ киімі лас болмаса да, бейтаныс адамның
оның аяғына қадалып қарап отырған жағдайда
да жоғарыда саралап өткен қимылды жасайды. Адамның
тесіле қарағанынан қысылған кезде
ұялғанынан кірерге тесік таппай, шашын сипап не киімінің
түймесін айналдырып, не бір
затын шұқылап отырып алатын сәттер де болып жатады.
Ернін тістелеу – бұл да ұялуды білдіретін
кинесикалық амалдың бір түрі. Бұл ым-ишаратты
көбіне әйелдер қарым-қатынасында кездестіруге болады.
Әйелдер күнделікті тұрмыста ұятты сөз естігенде,
біреудің алдында өзін кінәлі сезініп ұялғанда
ернін тістелейді.
Қазақ
халқының ерте кезден қалыптасқан
әдет-ғұрыптары мен дағдыларында психологиялық
іс-әрекеттер көп кездеседі. Сезімді, көңіл-күйді,
іс-қимыл әрекетін көп сөзбен айтпай-ақ ыммен,
ишаратпен, еппен сездіретін және соларды дәл бейнелейтін ойлы
ұғымдар бар. Адамның анатомиялық атаулары (соматизмдер)
олардың қимыл-қозғалыстарымен де тікелей байланысты.
Солардың бірі – бет шымшу мен бет сызу бейвербалды амалдары.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бетін
басу, теріс қарау қимылдары сияқты бет шымшу мен бет сызу
амалдары да әйелдердің қарым-қатынасында кездесетін
ұлттық ым-ишара түрі.
Бетін шымшу – ұялу. Масқара,
ұят-ай!, бетім-ай! деген вербалды амалдардың ым түрінде
берілуі. Көптен не шықпайды,
өзара күбірлесіп, кейбіреулері бетін
шымшып, өзімен-өзі болып отырғандары да бар (Б. Майлин, Таңдамалы шығармалар).
Егер де біз жақын көретін адам мінегендей бір мін істесек,
біздің жанымызда ұялу сезімі болады. Жер жүзінде
ұялмайтын адам жоқ. Бірақ білімі, тәрбиесі, мінезіне
қарай әр адамның ұялуы әртүрлі болады.
Жұмсақ мінезді адам ұялшақ келеді. «Өлімнен
ұят күшті» деген қазақ халқының нақыл
сөзі де бар.
Бет сызу қимылы да – бет
шымшу қимылымен мағыналас бейвербалды амал. Екі амал да
қол және бет соматизмдерінің жанасуы арқылы жасалады.
Бірі бетті бас бармақ және сұқ саусақпен шымшу
арқылы, екіншісі сұқ
саусақты бетке апарып жоғарыдан төмен қарай сызу
арқылы жасалады. Мысалы, Мұндай
сорақылықты бірінші рет естіп тұрған Қазына
«ұят-ай!» дегендей сұқ саусағымен бетін сызды.
Көзін төмен
түсіру, басын сипау, бетін шымшу, теріс қарау т.б. ым-ишараттар кинесикалық,
такесикалық, ал дауысы дірілдеу,
тілі күрмелу, дауысы ақырын шығу т.б. просодикалық
амалдармен беріліп тұрған бейвербалды амалдар болса, беті қызару вегетативті (ішкі
ағзалардан бөлінеді) жолмен берілетін амал. Бұл да
ұялуды, қысылуды аңғартады. Тілімізде «бетінен оты шықты» деген
тұрақты тіркес осыған байланысты туындаған болса керек.
Мысалы, Беков қызарып кетті.
Бірақ ол біртүрлі қызық қызарды. Ең алдымен
сүттей ақ көйлегінің жағасынан көрініп
тұрған мойны
қызғылттана бастап, содан кейін құлағы, маңдайы, сосын барып екі беті қып-қызыл боп кетті
(І. Есенберлин, Көлеңкеңмен қорғай
жүр).
Адам қимылсыз, эмоциясыз сөйлей алмайды, яғни
қарым-қатынасқа түсе алмайды. Әйтеуір,
әңгімені қоштауда немесе таңғалу, қуану,
ұялу т.б. қатысты бір ым-ишараның түрін
қолданатындығы белгілі. Ым-ишарасыз сөздің мағынасы
мен мәні жоқ болып тұратындай көрінеді. Себебі
бейвербалды амалдар қарым-қатынастағы сөйленіске
қосымша мағына үстеп, айтар ойдың
маңыздылығы мен нақтылығын арттырып тұрады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Миккин Х. Невербальная коммуникация в диадах / По материалам
экспериментальных исследований за рубежом // Труды по психологии. – Тарту: Изд-во Тарт.
унив-та, 1974. – Вып. 335, №3. – С. 110-127.
2. Крейдлин Г.Е., Чувилина Е.А. «Улыбка как жест и как
слово (к проблеме внутриязыковой типологии невербальных актов)» // Вопросы
языкознания. – М., 2001. – №4. – С. 66-93.