Секция филология

Казанбаева А. З.,  к.ф.н., доцент

Капанова А. Е. магистрант

КарГУ им. Е.А.Букетова, Караганда, Казахстан

 

КӨРКЕМ  ШЫҒАРМАДАҒЫ  ЭТНОЛЕКСИКАНЫҢ ҚОЛДАНЫСЫ (М.ӘУЕЗОВ ШЫҒАРМАЛАРЫ НЕГІЗІНДЕ)

 

Мақалада қазақ тіліндегі этнолексиканың   қалыптасу, даму тарихы қарастырылып, ғалымдардың пікірлеріне шолу жасалады. Этносты, этнос болмысын оның тілі арқылы танып білудегі тілдің көрінісін нақты мысалдар негізінде айқындап беріледі. Этномәденилексика тілдің лексика-семантиикалық қорын байытатын тілімізде этнолингвистикалық арналардың негізі болып табылатындығы айтылады. М.Әуезов  шығармаларынан алынған этноатаулар ұлттық бояу   жасаудың құралы болатындығы нақты мысалдар арқылы көрсетіледі.  

Тіл мен рухани күштер бір-бірінен бөлек, бір-біріне жалғассыз дамымайды, олар бірлесіп зияткерлік қабілеттерінің біртұтас қызмет әрекетін тудырады.Этнос (ұлыс – халық – ұлт) тіліне байланысты лингвистикалық теорияның негізін салған ғалым (18 ғ. 2 жартысы мен 19 ғ. бірінші жартысында өмір сүрген) В.Гумбольдт. Ол әрбір жеке тіл – ұлттың тілдік санасында қалыптасқан нәтижесі, сол себепті тілдің қызметі қандай деген мәселеге, оның ішкі өмірінің қалай дамығанын, ұлттың рухани күшін, оның өзіндік ерекшелігін түсінбейінше жауап беру мүмкін емес дейді.

 «Этномәдениет» сөзінің этимологиясын екіге бөліп қарастырамыз. «Этнос» – тарихи қалыптасқан этникалық қауымдастық – тайпа, халық, ұлт. «Этно» күрделі сөздің бірінші бөлігінің мағынасы халыққа байланысты: этногеография, этнодемография, этномәдениет, этнолингвистика, этнопедагогика, этнотілдік, этноәлеуметтік, этномінез-құлық деп айқындалады. Этномәдениет – этнографияның құрамдас бөлігі болып табылады. Этнография – белгілі бір халықтың этногенезін, заттық, рухани мәдениетін, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып ерекшеліктерін зерттейтін ғылым. Академик Ә. Қайдаровтың: «Зерттеу мақсатына байланысты қазақты «этнос» деп қараудағы мақсат – оны төмендету емес, қайта оның басып өткен ұзақ та сатылы даму жолын (ретроспективті бағытта) саралай түсудің, тарихи этнотұлға ретінде танудың бірден-бір дұрыс жолы, кепілдігі» - деген сөзі зерттеудің бағыты дұрыс екендігін көрсетсе керек [1, 32].

Екінші компоненті «мәдениет» араб тіліндегі «мудун» сөзі біздің түсінігіміздегі «қала» мағынасын берсе, «медэни» - «қала тұрғыны» деген ұғымды меңзейді. Осыдан «мәдениет» деген сөз пайда болған.

Тақырыпқа аясында қазақ тіл білімінде этнолингвистика ғылымымен айналысқан ғалымдарға тоқталамыз. Алғаш қазақ тіл білімінде этнолингвистика ғылымының негізін салушылардың бірі  акад. Ә.Қайдар этносты, этнос болмысын тек оның тілі арқылы толық түсінуге болатынын, этнос өміріндегі «мол деректер мен мағлұматтарды тіл ғана бойына сыйғызып», ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетінін, тіл этностың өзін танып-білудің қайнар бұлағы екенін айтады. Сол себепті ғалым тіл феноменін «тіл әлемі» деп қолдануды ұсынады. Осыған орай Ә.Қайдар этнолингвистикаға мынадай анықтама берді: «Этнолингвистика этнос болмысын оның тілі арқылы танып білу мақсатынан туындаған лингвистиканың (тіл білімі) жаңа да дербес саласы». Ә.Қайдар этнос жайын тілдің лексика-семантикалық қорын байытатын, «небір құнды дерек-мағлұматтармен толықтырылып, мазмұн-тақырып ауқымын кеңейтіп, мән-мағынасын тереңдете түсетін тілдің көздері» ретінде алты этнолингвистикалық арнаны көрсетеді [1, 23]. Сонымен қатар ғалым Ж.А. Манкееваның пікірінше, «Қазіргі тіл білімінде ұлттың рухани - мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің ауқымы кеңейе түсуде. Оның себебі: әр тіл өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды құрылымына сәйкес ол жай таңбалық жүйе емес, ол- мәдениет айнасы. Олай болса, ондай жүйені зерттеуде дәстүрлі құрылымдық лингвистиканың мүмкіншілігі шектеулі екені байқалады. Себебі бұл арада тілдің қызметі тек коммуникативтік емес, ол (тіл) – этномәдени ақпаратты жинап, сақтаушы, жеткізуші, келесі ұрпаққа жалғастырушы, сайып келгенде ұлтты бір бүтін етіп тұтастырушы»,- деген пікірі тіл мен мәдениеттің сабақтастығын, тілдің бойындағы ұлттық сипатты айқындай түседі [2, 15 б.]. «Этнолингвистикалық зерттеу – тіл байлығының этнос болмысының мәдени, рухани дүниесін бейнелейтін мағлұматы бар сөздерін талдап зерделеп түсіндіру деген сөз, осы күні көпшілік түсіне бермейтін сөздердің арғы қабатында олардың пайда болуы, этнос тұрмыс-тіршілігіне қатысты ақпарат жатыр Этнос болмысы – оның ғасырлар бойы қалыптастырған материалдық және рухани мәдениеті арқылы танылады, оны жеткізуші тілдік деректер», - деп көрсетеді М.С.Атабаева [3, 23 б.].

Бұл бағытта  біраз мәселелер Р.Шойбеков, Ә.Ахметов, Ж.Манкеева, Р.Б.Иманалиевa, А.Ж.Мұқатаева, С.Сәтенова, А.Жылқыбаева, Қ.Аронов, Б.Уызбаева, Қ.Ғабитханұлы, М.Мұсабаева, М.Атабаевалардың еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. 

Этнолингвистиканы арнайы зерттеген ғалым М.М. Копыленко: «Этностың тұрмыс- тіршілігі, қазіргі болмысы мен тарихы, оның материалдық және рухани мәдениетінің тілдік көріністері айқындалады және жете зерттеледі», - деп анықтайды [4, 17 б.]. Академик Ә. Қайдар: «Ал этнос пен оның тілін этнолингвистика тұрғысынан қарастыру деген сөз оның сонау балаң кезінен есейгенге дейінгі барлық болмысы мен өмір-тіршілігін, дүниетанымы мен мәдени, рухани байлығын ана тілінде сақталған фактілермен деректер негізінде зерттеп білу және оларды бүгінгі таңның игілігіне асыру болып табылады» – деп ойын түйіндейді.

Этнолингвистер бұл салада көптеген бағалы материалдар жинады және проблеманың актуальдығын дәлелдеді. Этномәдени лексиканы зерттеу барысында көптеген тілдік ғылыми дереккөздер, дәйектемелер таразыдан өткізілді, кейбір дәйектемелер нақты еместігі байқалды.

М.Әуезов шығармаларында қолданылатын  этноатаулардың ұлттық бояу жасаудың бірден-бір құралы, негізі болатындығына көз жеткізу үшін алынған төмендегі үзінділерді мысалға келтіруге болады. Ойымыз дәлелді болу үшін «Барымта», «Көксерек», «Қараш-қараш оқиғасынан» алынған этнолексикалық қолданыстардың мән-мағынасын, этимологиясын анықтауға талпыныс жасадық.

Мысалы: «Түңліктері жабылған ақ  үйлер ай сәулесі түсіп маңқиып, қара үйлер тұнжырай қарауытып, түн тыныштығына бойсұнып қалғығандай [5,113]». Түңлік - түнде киіз үйдің шаңырағын жауып тұратын, жаңбыр өткізбейтін, күн түсірмейтін төрт бұрышты шағын киіз. «Осы сияқты халдер бірталай жылдан бері келе жатқандықтан бұлардың арасында ел ортасының жесір дауы, қоныс дауы, құн дауы сияқтылардай іргелі даулары да болатын [5,115]».

Жесір дауы - күйеуі өлген әйелдің қалың малы төленген қыздың бас бостандығына байланысты әмеңгерлік даушар. Құн дауы - өлтірілген адамның құнын талап еткен дау. «Биылғы жыл Досбол Қарағандыны жуасытамын деп бата қимыл қылып, сол елдің өзіндей басты аулы – Айдардан жақында отыз жылқы барымта алған [5,115]». Барымта сөзіне түсіндірме сөздікте былайша анықтама берілген: «Барымта – жауласқан екі рудың бірінің – бірі мал мүлкін іштен тартып алып, кек қайтаруы». Бұл түсіндірме толықтыруды қажет етеді. Біріншіден барымтаға кектеніп жауласқан сайын бара бермейді, екіншіден, барымта – рулар арасында ғана емес, жеке адамдар арасында да болатын акт. Барымта сөзінің мағынасын өткен ғасырдағы қазақша-орысша сөздіктер дәлірек көрсетеді. Мысалы, 1897 жылы Орынборда шыққан қазақша-орысша сөздікте: «барымта (баранта) – зорлап алынған не ұрланған малдың немесе басқа да бір көрсетілген жәбірдің есесін алу үшін жәбірленушінің қарсы жақтың малын өз ұйғарымымен айдап алып кетуі» деп беріледі. 

Ә. Нұрмағамбетовтың пікірінше, барымта сөзінің төркіні монғолдың барымт сөзіне апарады. Монғолша барымт 1) негіз, дәлел, аргумент, 2) факт, жағдай, 3) есеп деген мағыналарды білдіреді [6,15]. Қазақтағы барымта о баста құр тартып алу, талау емес, өзіне билікпен кесілген айып, құн сияқтылардың тиісті екендігін дәлелдеудің әрекеті. Сондықтан ертеректе тек мал-мүлік емес, адамдар да барымтаға ілігетін болған (мысалы, қанға қан, жанға жан сұрайтын сәттерде). Әрине, барымтаға алынған зат (көбінесе мал, оның ішінде жылқы) даулаушыға тиісті мөлшерден артық болып кетеді (немесе айыпты жаққа солай болып көрінеді), сондықтан барымтаға қарымта қайтарылуы мүмкін. Әр кезеңде барымта актісінің өзінің сипаты өзгеруіне байланысты, бұл сөздің беретін мағынасы да өзгеріп отырған. Соңғы кезеңдерде Л. Будаговтың айтуына қарағанда, барымта сөзі жай «тонау, талау» дегенді білдіруге көшкен тәрізді.

«Көксерек» әңгімесінен төмендегі мысалдарды келтіруімізге болады: «Өзіне жеке асқұйғыш – итаяқ әзір болды [5,166]». Итаяқ - итке тамақ құйып беретін ыдыс. «Көрнеу ши ішіне кіріп кетіп, керегеге асулы тұрған ет болса, жас тері болса, қазанда іркіт, қатық болса – барлығын да өзінің ыдысына құйып қойғандай көріп, иіскелеп жалап, жеп кетеді [5,167]». Ғалым Р. Сыздықова іркіт сөзіне былайша түсініктеме береді: Іркіт – құрт қайнату үшін жиналған айран. Бұл түбірі ірк – «артылу, көбею, жиналу» деген мағынаны білдіретін түркі сөзі. Іркіп қалу – артылдыру, көзіне жас ірку – жас жию, іркіп тігу – жиырып, артылдырып тігу. Аяғындағы –т  – етістіктен есім тудыратын жұрнақ. Іркілу сөзінің «жиналу, көбею» деген мағынасы Махмуд Қашғаридың  сөздігінен кездеседі. Irkmek сөзі түрік тілінде де «көбею, жиналу, жиналып тұрып қалу» деген мағыналарда қолданылады. Бұл сөздің «жиылу, көбеюмен» байланысты «көп жиылып шіріп, саси бастаған зат» деген де мағынасы бар. Бұдан бұл сөздің іріп-шіру, сүт іріді, іріген ауыздан, шіріген сөз шығады (мақал) деген мысалдарда кездесетін іру етістігімен де түбірлес екендігі байқалады деген пікірін білдіреді ғалым  Р. Сыздық. Ал түсіндірме сөздікте: Іркіт - жинаған сүтті пісіп, майын алғаннан кейінгі қалған ақ сүт. Қатық – құрт жасау үшін айранды сүзу арқылы алынған қоймалжың сүзбе деп берілген.

«Қараш-қараш оқиғасынан» алынған мысалдарға тоқталсақ, «Шошаң қағып, беталды тасырлағаныңа үрейім ұшпайды! – дей бергенде, Сәлмен оң  қолында бүктеп ұстап отырған сарала қамшымен Бақтығұлды бастан шапшаң тартып-тартып жіберіп, әкеден құлдилатып, шұбыртып боқтай жөнелді [5, 214]». Ә. Нұрмағамбетов қамшы сөзінің төркінін алыстан іздемей-ақ түркі тілдерінің өзінен табады. Чуваш тілінде  «хаамсар» тұлғалы сөз  «сілтеу, сермеу» мағыналарында қолданылады. «Сілтеу, сермеу» етістігінің алға қойған мақсаты бір нәрсені ұру, осу болмақ. Тува тілінде ұру, осу етістері «кымчылаар, шыкпыыртаар» тұлғалары арқылы түсіндіріледі (Рус.-тув.сл., 1980, 530, 564). Осы деректерге сүйене отырып, қамшы сөзінің түбірі «қам», осыған –шы жұрнағы қосыла келіп (қазақ тілінде) көлікті ұрып, соғып жүргізетін құрал атауы пайда болғаны байқалады.

«Жан дәрмен қолына ұстап отырған қайың көсеуді жұлып ала, Сәлменнің қамшысын сол қолымен жұлқа тартып, атып тұрып, көз жұмғандай шапшаңдықпен Сәлменді қақ бастан үш-төрт рет тарс-тарс періп-періп жіберді [5, 214]». Көсеу – отты көсейтін құрал. Көркем шығармадан алынған мысалдар негізінде ұлт тіліндегі этнолексиканың тілдегі көрінісін аша түстік. Этнолексикалық қолданыстардың этимологиясын талдап, олардың берілу жолдарын айқындадық.

Сонымен қай ұлттың да өзіндік этномәдениеті қашанда тілде таңбаланады.  Сондықтан да әрбір халықтың интеллектуальды ерекшелігін оның өз тілінен іздеу керек. Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы тілі арқылы барынша айқын танылады. Этностың бар байлығы тіл. Демек, этностың мәдени құндылықтарының аталымы, жылдар бойы қалыптасқан ұрпақтан ұрпаққа тек қана тілі арқылы таныла түседі.

Әдебиеттер:

1. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері / Ә. Қайдар. Алматы: Ана тілі, 1998.   

2. Манкеева Ж. М. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері.   Алматы, 2008.  356 б. 

3. Атабаева М.С: Қазақ тілі диалектілік лексикасының этнолингвистикалық негізі.   Алматы. 2006.   284 б.

4. Копыленко М. М. Основы этнолингвистики.   Алматы, 1995.   228 б.

5. Әуезов М. Қорғансыздың күні. Әңгімелер мен повестер. Алматы: Атамұра, 2002.  432 б.

6. Нұрмағамбетов Ә. Бес жүз бес сөз.   Алматы: Рауан, 1994.  304 б.

7. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді.   Алматы: Ғылым, 1980.