Секция  филология

Садуакасова А.Б.

Ғылыми жетекші: ф.ғ.д., проф. Мажитаева Ш.М.

 

ЖЫЛҚЫНЫҢ ТҮРІ МЕН ТҮСІНЕ  БАЙЛАНЫСТЫ КОЛДАНЫЛАТЫН   ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР

 

Қазақ халқының ұлттық болмысы мен танымын көрсететін қазақ тілінің сүбелі қабаттарының бірі – төрт түлікке байланысты, оның ішінде жылқы малына қатысты тұрақты тіркестер деуге болады. Жылқының жасына, жынысына, табиғи ерекшеліктеріне, түрлі қасиеттеріне, тұқымына, мінез-құлқына  байланысты тілімізде өте көп атаулар пайда болып, сөздік қорымыздан орын алады.

Қазақ халқының көшпелі тұрмыс-тіршілігінде төрт түлік малдың орны ерекше болғандықтан олардың түр-түсін де дәл анықтап, өзіне сәйкес ат қойып, оны қолдана білуге ерекше мән беріп келген. Сондықтан да болар халықтың дүниетанымынан, салт-санасы мен әдет-ғұрпынан, наным-сенімінен жылқы малының түр-түсіне байланысты тілдік бірліктер кезедеседі.  Белгілі этнолог Ж. Бабалықұлы жылқы түстерінің бір мыңға жақын болатынын анықтаған. «Қазақ халқы бүкіл өң-түсті қылаң, баран деп екі текті топқа жіктейді. Қылаң дегені – ақ, боз, ақ боз, шаңқан, шаңқан боз, тарлан, ақ тарлан, т. б. Түстер болса, баран дегені – қара, қоңыр, көк, жасыл, қызыл, күрең, жирен, торы, сұр, күлгін, құла, шабдар, сары, т.т. түстерді атаған. Халқымыздың баранға жіктеген өң-түстері табиғаттағы кемпірқосақ түсі негізінде аталған деуге болады», – деп жылқы малына тән түстерді атап көрсетеді [1]. 

Этнограф Х.Арғынбаев жылқының түсі дәстүрлі 4 топқа бөлінеді деп атап көрсетеді: 1) қылаң; 2) баран; 3) ала; 4) шұбар [2,29].  Қылаңға: ақбоз, боз, бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құлагер, қызыл, нарқызыл, т.б. түстерді жатқызсақ, баранға: торы, қара, қаракөк, қарасүр, қоңыр, жирен, күрең, т.б. түстерді жатқызамыз, ал , алаға: сарыала, сүрала, көкала, керала, қарала, қоңырала, күреңала, т.б.  түсті жылқылар жатады. Кейбір ғалымдар жылқының түсін: қылаң, баран, ала деп бөледі. Жылқының денесінде бозғылт түктер басым болса, оны қылаңға жатқызады, қошқылдау болып келсе баранға жатқызады, аралас түстер болса алаға жатқызады.

Ата-бабаларымыз малдағы ала түсті «сауысқан ала, ит ала» деп екі топқа жіктейді. Өзгермейтін, құбылмайтын, бір тал түк немесе қылын қисайтпайтын, табиғи түсін, үлгі, көлем қалпын бұзбайтын ала жылқыны – сауысқан ала деп атайды. Табиғи үлгі, пішін, қалып сақтамайтын, денеде белгілі бір тұрақты орны жоқ, бірде үлкен, бірде кіші, қыңыр-қисық, тұрақсыз өң-түсті атты ит ала деп атайды.

Тәжірибелі жылқышылар мен бапкерлер боз түстінің баран түстіге қарағанда әлсіз болатынын айтады. «Қаракөк не жүйрікті алам, не берікті алам» деген мәтелден берік аттардың қаракөк түстен шығатынын байқаймыз [3, 41]. Сонымен қатар, халқымыздың тілінде жылқы малының түр-түсіне байланысты алалы жылқы, ақтылы қой, ала тайдай бүлдіру, ала айғырдан ала аяқ тумаса да, ала тұяқ туады, бір биеден ала да туады, құла да туады, т.б. деген сияқты ФТ-терді кездестіруге болады.

Алалы жылқы, ақтылы қой мұндағы «алалы» сөзінің беретін мағынасы ақ немесе боз түсі көп жылқы малының түсіне байланысты айтылса, «ақтылы» сөзі қой малының ақ түсінің көбіне байланысты айтылады. Уай, тобықтының баласы, матай-тобықты болып тұрған күніңде

атыстың, шабыстың араздыққа сылтау таба алмай, түймедейді түйедей қылып бұл ісің алты алашқа әйгілі болған. Тобықты, шаялығыңды қылдың ба, білегі жуандығыңды қылдың ба? Алалы жылқы, ақтылы қойын жосылтып алдың [4, 24]. ала тайдай бүлдіру тіркесі жұртты дүрліктіріп, абыр-сабырға душар етті деген мағынада қолданылады.

Көркем әдебиетте жылқы малының түрі мен түсіне байланысты мынандай атаулар кездеседі: ал қара көк, сұр жорға, қара қасқа, сал торы, шұбар ала, алаяқ, ақ табан, теңбіл көк, ақ бөрте, тарлан боз, құла қасқа, көк қасқа, тұмар қасқа, боз қасқа, көкжал, ақбоз, тел күрең, сұр жекей  т.б. Мысалы, шығармада жылқының ақ бозын қолбасшылар, хандар мен әміршілер жорыққа мінген. Қазақ ұғымында ақ – ең қалаулы түс, қасиетті ұғым, жақсылықтың, пәктіктің, әділдіктің белгісі. Ертеде хан сайлауында болашақ ханды боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, хан сайлаған. Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты [5,181]. Қазақ  халқында көк  -қасиетті түс. Ертеде көк ала жылқыны да құрбандыққа шалатын болған. Құрбандық шалғанда жылқының ақ түсінен таңдалуы тегін емес. Шығармада тарлан ат та кездеседі: Кәрі тарланның кей қимылы жас тұлпарға бергісіз [5,156].

Қазақтың тарихында еліне қорған болған батырлардың сүйікті тұлпарлары эпос-жырларда тарихи кейіпкер ретінде көрінеді. Көшпенділік қоғамның негізгі қозғаушы күші жылқы болғандықтан, бұл заңды құбылыс саналады. Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарланы, Қамбардың Қарақасқасы, Арқалықтың Көкжалы, Телағыстың Телкүреңі, Шораның Таспакері мен Қатукері, т.б. иесі мен аты қатар аталып, халық санасына сіңгені сонша, бірін-бірінсіз елестету қиын.

ХІХ ғасырдың аяғында Торғай облысының мал дәрігерлері болып істеген М. Преображенский, А. Добросмыслов қазақтың жылқы түстеріне байланысты сөздердің көптігі сонша, орыс, еуропалық тілге аудару мүмкін еместігін айта келіп, арнайы зерттеу қажеттігін сөз еткен. Көптеген жылдар жылқы түстерін жинап, жүйелеген кезде ең көп кездесетін түс көк (ақ) - 49, құла - 35, торы - 28 болып шықты, аз кездесетіндері бөрте - 7, күрең - 9, шабдар - 10, бурыл - 16, мұндай түсті жылқылар аз кездеседі-деп, қорытынды жасауға болады.

Жылқы түстерінің шығу тегін, неліктен алуан түрлі болып бөлінетінін алғаш тексерген Ч. Дарвин. Ұлы ғалымның пайымдауынша үй жылқылары ілкіде бір-ақ түстен қара жолағы бар қызыл (көк – А.Т.) торы жылқылардан тараған. Бұл пікірдің дұрыстығын қазіргі күнге дейін жылқыларда жиі кездесетін құйрығынан бастап мойнына дейін бүкіл арқасында созылып жатқан қара жолақтар, аяғында кездесетін жолақтар, сирек болса да мойнында, басына таяу шығатын жолақтар –– атавизмнің жұрнақтары екенін дәлелдейді [6, 37].

Түстер мен реңдерді зерттеу – жылқы туралы мәселелердің ішіндегі ең қиыны, бірақ ең қызықтысы. Түстерге байланысты әдет-ғұрыптар мен салттар өте қызық, этникалық тарихпен астасып жатады. Кейбір жора-жосындар саф алтындай жарқырап ежелгі мәдениетіміздің сән-салтанатын айқындай береді. Жылқы түстерін зерттеу әлемдік мәселелердің бірі, жылқы туралы білімдер ХІХ ғасырдың аяғында шегіне жете дамыды дегеннің өзінде, түстер туралы азын-аулақ ақпарлар ғана кездеседі.

Қорыта айтқанда, біздің жинаған материалдарымыз қазақ тілінің сөздік қорындағы жылқы малына қатысты ФТ-тердің өзіндік орны мен үлес салмағы бар екендігін көрсетеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.     http:\\www.minber.kz. Бақытбек Бәмішұлы. “Жылқы және қазақ рухы”. 17 қаңтар, 2010.

2.     Байтелиева Ж.Д. Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты фразеологиялық тіркестердің этномәдени уәждемесі. Канд. дисс.автореф. Алматы, 2007.  26 б.

3.     Әуезов М. Қилы заман.  Алматы: Раритет, 2004.  264 б.

4.     Әуезов М. Еңілік- Кебек.   Алматы, 2004..

5.     Жылқы малына байланысты сөздер мен сөз тіркестерінің тақырыптық топтары. Тілтаным. 2002.  №4.  Б.108-115.

6.     Көшпенділердің салтаттылық-серілік дәуірі (б.з.д 2 мың жылдан б.з. ХІІ Қазақстанның ортағасырлық тарихы: нәтижелері мен болашақ зерттеу жолдары).   Алматы: Арыс, 2009.  Б. 98-108.