Ф.Оңғарсынова шығармаларындағы жалғыздық мотиві

                                              «Тұран-Астана» университеті,  Астана қаласы 

                                                                     ф.ғ.к., доцент   Каримсакова Б. А. 

                                                                     магистр Ханжигитова Г.Н.

         Бүгінгі таңда қазақ поэзиясы биік жетістіктерге жетті. Қаншама сыр ақтарылар жыр тізбектері өмірге келді. Бірінен - бірі асып түсер асыл сөз маржандары, ойымызға ой салар, ақылымызға ақыл қосар,  қуанғанда шабыт берер, қынжылғанда жаныңа серік болар  поэзияның  құдіреті  қаншалықты  дерсіз. Бүгінде поэзияда қалам тербеп жүрген ақындарымыз да баршылық. Айтар болсақ жырын өзіне серік еткен, жаһұт сөздердің сырын аша білген, қазақ  поэзиясының маңғаз ақыны Ф. Оңғарсынова.

Қызуқанды, албырт та адуынды ақын көпшілікті елең етікізіп, кейбіреулерді  аса жоғары талантымен  қалың ойға қалдырып жүрген  жыр иесі сезімге бай, ойға дарқан. Ақынның сыршыл жүрек сырының тым тереңнен қайнап, буырқанып шыққан мөлдір көңіл-күйін өмірге, ортаға деген өзіндік терең позициясын түсінеміз. Фариза жырларында бәрі де бар: сүйгеніне ренжу, қайғы-мұңға бату, аласұрып мазасыздану, талпыну, іздеу, жалғыздық сияқты кез келген адам баласы басынан өткеретін сан алуан сезімдерді оқушы қауымның  өз басынан өткергеніндей етіп  әсерлі де шебер жеткізеді. Ақын өз өлеңдерінде жалғыздықты көп жырлайды. Жалғыздықтың да түр-түрі болады. Тыныштықты аңсаған жалғыздық, құлазыған жалғыздық, өмірдегі жалғыздық, өнердегі жалғыздық, рухани жалғыздық. Осы жалғыздықтың бәрін Ф.Оңғарсынова өз өлеңдерінде тілге тиек етеді. Дәл осындай  шығармалардың бірі - «Сырласу немесе ақын  әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы. Поэма сюжеті диалогқа құрылған және ақынның өз бейнесінде көрінеді. Лирикалық қаһарман поэманың басынан аяғына дейін қатысады. Ақынның сыр ашып отырған анасы дәл жанында емес, өте алыста, яғни ақын жалғыз. Осы жалғыздықты ақын ана рухымен сырласу, ана бейнесіне мұң шағу арқылы бөліседі. Ішкі жан-дүниесін, сырын, барын жырдан кейін анасына ақтарып салады.

         Ана,

         Жалғыз арқалап тағдыр жүгін

         Кең  әлемде өзіңсіз қалдым бүгін.

         Таң келеді бүгін де жаным анам

         Жалғыздықты жолдас қып тағы маған [2].

         Осылайша, лирикалық  кейіпкер – ішкі-жан сарайының құлпысын ашар жалғыздықтан жабырқағанда, ішкі әлем құшағында әрқашан жанынан табылған  ана бейнесімен сырласып кеткен.

         Поэмада жалғыздықтан жүдеп, күңіренген ақын жаны ғана емес, орта жастан жесірлік қамытын киген ананың да ауыр халі мен арқалаған жүгі сөз болады.

         Орағанда әкені  жер құндағы,

         Талықсыдың сонда да сүрінбеп ең.

         арасы еді отыз бен қырықтардың

         Бірақ та ана жалғыздыққа мойымай, ұрпақ қамы үшін сағы сынбай, қарсы тұра білген, яғни ана үшін жалғыздық проблемалық жағдай туындатпаған. Яғни бұл жерде өнер иесіне қарағанда қарапайым адамның жалғыздықты ұмытып, артындағы ұрпағы үшін өмір сүруі, күйбең тіршілікпен алдануы орын алады. Ал жаны да, жүрегі де нәзік ақын үшін жалғыздық кәдімгі қарапайым адам сияқты күйбең тіршілікпен, күнделікті жұмыспен алдана алмайтыны көрінеді.  

         Артықтау туған алаштан,

         Данышпан болсын бағы асқан

         Жалғыздық бірақ жарығым,

         Құдай мен күнге жарасқан

          Жұмыла кетсе жанарым

         Сөнгенде солып Ана – күн

         Қалады –ау жалғыз жерде деп

         Сені ойлап жүрмін қарағым [2],

деген ана сөздерінен құпиясы мол адам жанының ой-түсінігі, ұлттық танымы белгілі  болады. Әр адам жеке бір әлем, жеке бір тағдыр, солай десек те бәріне ортақ құндылықтар баршылық. Алла жер бетіндегі барлық тіршілікті, соның ішінде адам баласын да жұбымен жаратқан.  Жалғыздық құдайға ғана жарасады деген бабалардың ақиқат сөзіне бағынған кейуананың бар арманы баласының жер бетінде жалғыз жүрмесе екен деген тілек.  Жалғыздық қазақы ұғымға тән емес құбылыс екенін де айта кеткеніміз жөн болар.

         Поэманың бастапқы бөлімдерінде ақын тек өзінің ішкі мұңымен, ішкі сезімдерімен, жалғыздығымен бөліссе, артынан  достық, адалдық сияқты мәні терең мәселерге ауысады. Ақын шығармасын сөз еткенде, бұл поэмада мына мәселе сөз болған, тақырыбы мынау, идеясы анау деп кесіп-пішіп айта алмаймыз. «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» поэмасы үлкен философиялық мазмұнға ие, айтары мол көлемді поэма.

         Жалғыздықты өзіне берік етіп, қолына ту еткен дауылпаз ақынның жалғыздық шерін тарқатқан тағы бір шығармасы – «Тынбайды жүрек» өлеңі.

         Найзағай – ашу ноқталап,

         булығып жаттым мен бес күн.

         қажеті жоқтай енді ешкім

         жанары – тылсым – от қабақ

         жасынмен жалғыз белдестім [2].

Ақынның жалғыз серігі - тағы да жалғыздық. Ақын ешбір жанға жүрегі иімей, ашу-ыза кернеп, бүкіл әлемге реніш артқандай, осы найзағай ашумен күресетін  жанына демеу болатын жанның жоғынан   жасынға жалғыз өзі қарсы тұрып, күрескенін күңірене келтіреді. Менің ойымша осы бір қу бас жалғыздық сезімін ешкім де таңдап алмайды. Мейлі жаныңда топырлаған миллион адам жүрсін, мейлі достарыңның арасында жүр, жаныңды, жүрегіңді түсінетін серігің болмаса, сол бейшара жалғыздық ешқашан адам жүрегін  тастамайды. Қазіргі таңда қаншама әйелдер жалғыздық күйін кешуде. Оның себебі неде? Әрине жүрегінің егізін таппағанында. Қаншама адам сен де осы жабырқау  жалғыздықтан арыларсың деген өзін-өзі жұбату сөздерімен өмір кешуде. Осы бір өлеңді Ф. Оңғарсынова да жүрегін көз жасымен шайған жалғыздықты бастан кешіп жүрген бейбақтарға арнады. Аталған ақынның жанын түсінбеген, құлазудың жарында қалдырған сол бейбаққа деген реніші, ару өкпесі жүрегін булықтырып, тыныштығын қашырады. Адам сол күтуді бастан кешкенде ешкімді жанына жақындатпай, сарғайған бойы сарғайып, жылаған бойы жылап қамыққан күйі жалғыздық құшағына енеді.

           Жалғыздық мәселесін тереңдей зерттеген Г. Пірәлиева осы ұғымға былайша анықтама береді: «Жалғыздық – қашанда жеке адамның басындағы қайғы-қасіретке, ішкі ойға, емін - еркін егілуге де, ішкі құпия тіршілікке ерік беруге, өз сезімін қадағалауға да,  қадаламауға да құқы бар мезет. Жалғыздық адамға өз ойымен өзі болуға, еске салу, елестету, қайғыру, сүйсіну, белгілі бір шешім қабылдау т.б. толып жатқан философиялық, психологиялық категориялар мен процестерді емес алуан түрлі сезімдік  құбылыстарды бастан кешетін кезең ішкі монологтардың, ой қақтығыстарының жүзеге асатын кезі де осы сәт» [3].

         Айналып түссін аспаным – астына

         Көрмеймін енді деп сені

         Көзімді аштырмай кек селі

         Тулайды тәнде жас қаным

         Жалынды жалғыз кешкелі [2].

         «Айналып түссін аспаным» деп ақын тіптен өзі секілді жалғызсыраған мекенге, жалғызсыраған әлемге кетіп қалуды қалайды. Сан салалы  ойлар мен толғаныстар жетімсіреген жүректі ары-бері сүйрелейді. Солайша дел-сал болып жапанда жалғыз қалады. Осындай сәтте осы жалғыздықтан суырып алып шығаратын жандар, рух болмаса сол қараңғы қапаста қалып қалуы да мүмкін.

Ақын лирикалық қаһарманның басындағы жалғыздықтың сан алуан көрінісін түрлі сипатта бейнелейді. Әлем әдебиетіндегі экзистенциализм сарыны жалғыздық, сырт ортадан бөгделену ниетіне негізделеді. Адам баласы өзінің қысқа ғұмырында әр түрлі күнді бастан кешіреді. Жүрекке сыймай, толғандырған қуаныш болса, енді сол жүректі езіп, жабайы аңдай жұлмалап қанын сорғалатқан жалғыздық. Ақын жүрегі жалғыздығының тағы бір көрінісі «Мен бір қызық» өлеңінде айтылады.

Жылдан жылға сиреді достарым да

         Жаным жиі көмілер тоспа мұңға.

         Жалғыз едім, барамын жартыланып

         Бір өшеді бір жанып от жанымда [2].    

«Жалғыз едім, барамын жартыланып» деп Ф. Оңғарсынова тек өз басының күйзелісін емес, барша әйелдер күйзелісін суреттеуде сезімге бөленбей, қатқан ағаштай болып кету оңайдың оңайы екенін растайды. Оған осындай күйзелістер мен толғаныстар, жалғыздық пен шарасыздық өз септігін тигізбей қоймайды. Әйел затын осындай керемет жан, тән сұлулығына лайықты етіп көркем мінезді, сырлы жүректі етіп бекер жаратпаған ғой. Жер бетіндегі адамдар жалғыздықтан құтылу амалын жасаса,  кейде осы жалғыздықпен бірге болуды қалайды. Себебі адам жаны жалғыз кезде өмір туралы   толғанып, өткеніне көз жүгіртіп, саралайды, тың шешімдер қабылдауына жақсы әсер етеді, көп нәрсені ой елегінен өткізеді. Ақын да  жалғыздықтың  бір артықшылығын көре білді. Басқа уақытта толғатып, тумай қоятын  өлең деген құдірет жалғыздықтың ғана құшағында өмірге келіп, соның құндағында тербеледі. Сонымен жалғыздық деген адам көңілін құлазытып, жабырқатып коятын қасіретті  сезім  ғана емес, ақын шабытына зор қанат бітіретін бір ерекше құйынды күш. Ақын лирикалық кейіпкердің басындағы жалғыздықтың сан алуан көрінісін түрлі сипатта бейнелейді. Жалғыздық мотиві ақын поэзиясының сырына айналды. Сөз соңын ғалым Б. Майтановтың: «Әлем әдебиетіндегі экзистенциализм сарыны жалғыздық, сырт ортадан бөгделену ниетіне негізделеді. Қайғының досы – жалғыздық. Жалғыздық тамыры тереңде» [ 4],- деген сөзімен аяқтағымыз келіп тұр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Әдебиеттану терминдер сөздігі. А, «Ана тілі» , 1998

2.     Ф.Оңғарсынова. Он томдық шығармалар жинағы. 9-том. Астана, 2004

3.     Г.Пірәлиева. Ізденіс  өрнектері. А., М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, 2001

4.     Б.Майтанов. Монолог құрылымы. А., Алаш, 2006