Магистр К.С. Алдашева

М. Өтемісов атындағы

Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қазақстан

Ас атаулары және олармен байланысты тіркестердің лингвоелтанымдық сөздікте берілу сипаты

Лингвоелтаным әлі де шешімін таппаған көптеген сұрақтарды қамтиды, бұл сұрақтар бүгінде өзекті болып отыр. Олардың күрделілігі мен көпаспектілігі толыққанды жауап алуға және бірізді көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан да болар аталған ғалымдардың пікірлерінен қарама-қайшылық көруге болады, айталық,           Е.М. Верещагин мен В.Г. Костомаров сөз семантикасындағы аялық білім түсініксіз семантикалық үлес түрінде болатынын дәлелдей отырып, осы пікірлеріне қарсы семантикалық үлестерге вербалдылық тән емес, олар сөзден тыс өмір сүреді және сөзбен сөйлеу актісінде ғана бірігеді [1] дегенді айтады. Олай болса, лексикалық ая сөздің сыртында болады, авторлар тек оның түсіндірмесін жеке бірлік ретінде түсіндіреді. Аялық білімді анықтаудың шеңбері туралы сұрақ әлі толық шешілмеді, бұлардың қатарында қарым-қатынас сәтіндегі коммуникатынтардың  барлық білімінің қалай көрінетіні туралы мәселе де бар.

Ғалымдар лингвоелтанымның жалпы теориялық және әдістемелік аспектісін өңдей келе, оқулық лексикографияның жаңа даму бағытын ашты. Сөздің лексикалық аясын семантизациялауды тақырыптық топтардың мүшесі ретінде қарастырған жөн, себебі осындай қадам сөздер бірыңғай жинақталып, бір-бірімен қарама-қарсылығында және тіркесімділігі арқылы есте сақталады.

Жоғарыда айтылған жайттар соңғы екі он жылдықта тілдің әлеуметтік шарттастығын зерттеу алға қадам басқандығының дәлелі. Бұрын ғалым-лингвистердің пікірлерінде тілдің әлеуметтік табиғаты декларативті сипатқа ие болса, қазір жүргізіліп жатқан зерттеулердің нақты бағыттары анықталды.

Демек, лингвоелтанымдық дәстүр тілді үйретудегі лингводидактикамен тікелей байланысты. Лингвоелтанымдық сөздік – лексикография мен лингводидактикаға тән ортақ мәселелерді шешеді. Қазір лингвоелтанымдық сөздік тілді үйретудегі тиімді құрал ретінде анықталып отыр.  

Лингвоелтанымдық сөздік үшін іріктелетін, ұлт өміріндегі маңызды орынға ие мәдени феномендердің бір тобы ас атауларымен байланысты. Ас – адам баласының қоректік заты, тағамы; ішіп-жеп, тамақ [2, 693 б.]. «Ас – адамның арқауы» санаған қазақ халқы «дәмдісін, сыбағасын» келген қонағына тарту еткен қонақжай ұлт. Қазақтың ұлттық тағамдарының бүгінгі ұрпаққа тек аты ғана емес, заты да жетіп отыр. Ұлттық санадағы мәдени феномен ретінде танылатын тағамдар әр халықтың тұрмыстық ерекшелігі мен тағам мәдениетін танытары анық. Әр ұлттың өз тағам түрлері, дайындау әдістеріндегі ерекшеліктер сияқты тұстары қазақтарға тән. Қазақтың ұлттық тағамдары туралы О. Жиреншин мен Ж. Мусин былай деп жазады: «Сонау ерте заманда қазақ халқы ас-тамақ дайындауда өзінің сыннан өткен «қарапайым технологиясына» сүйеніп, қымыз ашытқан, қазы, шұжық аударып, сүр ет дайындаған, айран ашытып, іркіт пісіп, құрт, ірімшік қайнатқан, сүзбе сүзіп, шұбат ашытқан, ал ұннан неше түрлі шелпек, бауырсақ пісірген, қаймақ қалқып, сары май алған. Қазақ халқыы өзінің ұлттық тағамдарын сақтау, дайындауда ешқандай жаңа техника, технология пайдаланбаған. Алайда халқымыздың қасиетті дәстүрлік-шеберлік технологиясы – тағамның дәм-татуын, қасиетін жоғалтпай, оларды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік берген [3, 3 б.]. 

Тамақ – ішіп-жем, тағам, дәм, ас [4, 674 б.]. Тамақ, азық-түлік атауларына байланысты берілген стимул сөз: қазы-қарта, бауырсақ. Тамақ, азық-түлік атауларына байланысты SPSS бағдарламасына енгізілген тілдік бірліктер мыналар: асық жілік, әсіп, балқаймақ, бал, бас, бауыр, бас-сирақ, бәліш, бешбармақ, ботқа, бөтеке, быламық, ет, жал-жая, жамбас, жауырын, жент, жеті нан, жілік, кәрі жілік, кеспе, конфет, күлше, кілегей, қаймақ, қамыр, қарын, қуырдақ, құйрық-бауыр, құлақ, құймақ, құрт, қытырлақ, май, майсөк, манты, нан, нан болса, ән болады, нан салма, науат, нарын, орама, өкпе, өкпе-бауыр, палау, сары май, сөк, сүзбе, сүр ет, сірне, таба нан, талқан, тандыр нан, тары, тоқаш, торта, тоқпан жілік, төс, тұз, тіл, уыз, чак-чак, шелпек, ши бауырсақ, шұжық, ірімшік, ішек, ішек-қарын.

Жиілік көрсеткіштердің нәтижесінде мына леммалар ең жоғарғы сандық көрсеткішпен лингвоелтанымдық электронды тезаурус үшін іріктелді: жал-жая – 344, бешбармақ – 265, ет – 238, қуырдақ – 237, нан – 215, шелпек – 155, ірімшік – 140, құрт – 134, палау – 124, кеспе – 120, сүзбе – 119, кілегей – 117, жілік – 117, жент – 116, кәрі жілік – 116, ішек-қарын – 113, май – 104, құйрық-бауыр – 104, бәліш – 104, тоқаш – 103, қамыр – 101, өкпе-бауыр – 101, талқан – 100.

Лингвоелтанымдық электронды тезаурус үшін таңдалған тамақ, азық-түлік атауларымен байланысты леммалардың ішінде бешбармақтың лингвоелтанымдық мазмұнын былайша сипаттауға болады:

ҚАЗАҚЫ ЕТ (ауыз. бешбармақ)қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішінде ерекше аталатын ас түрі. Бешбармақ асу тек қазақтардың тағам дәстүрінде ғана бар. «Ет – етке, сорпа – бетке» дейтін қазақ бешбармақтың етінің де, сорпасының да пайдалы қасиетін түсіне білген. Әдетте бұл ұлттық тағам сыйлы қонақтарға, соғым сойған уақыттарда, үлкен жиындарда дайындалады. Бешбармақ атауын Қазақстанның әртүрлі аймақтарында ет асу, ас, бешбармақ деп қолдану таралған. Ұлттық тағам ретінде бешбармақ былайша дайындалады: «Асуға дайындалған етті қазанға салып, ет батып тұратындай етіп су құяды. Бастың жағын тілімен бірге еттің үстіне салып асады. Егер сойылған малдың ішек-қарны, өкпе-бауыры қуырдаққа пайдаланылмаса, оларды да тазалап жуып, етпен бірге асады. Бауыр тез пісетін болғандықтан оны бір қайнағаннан кейін алып, жеуге болады. Ет бір қайнаған соң қанды көбігін қалқып алып тастап, қазанның қақпағын жабады да, отын басып, баяу қайнатады. Ет піскенше әр 20-25 минут сайын сорпасын сапырып отыру керек. Ет пісуге таяған кезде алдын-ала жұмыртқа қосып, тұзды суға қамыр илеп, оқтаумен дөңгелек жұқа етіп жазады. Ет піскен соң тегенеге түсіріп алады да, қайнап жатқан сорпаға төрт бұрыштап кесілген қамыр салынады. Піскен қамырды түсіріп алып, табаққа салады салады да, үстіне кәделі жіліктерін салып,дастарханға қояды» [3, 7 б.].

Сусын – шөлді қандыратын сұйық тағам [4, 345 б.]. Сусын атауларымен байланысты ұсынылған стимул сөз: қымыз. SPSS бағдарламасының базасына енгізілген барлық сусын атаулары мыналар:  айран,ашыған көже, ашыма, бидай көже, бие сүті, боза, дөнен қымыз, көже, қатық,  қымыран, малта, наурыз көже, сарысу, саумал, сорпа, су, сүт, тандем, шалап, шай, шұбат, іркіт.

Жиілік көрсеткіштердің нәтижесінде мына леммалар ең жоғарғы сандық көрсеткішпен лингвоелтанымдық электронды тезаурус үшін іріктелді: шұбат – 257, айран – 221, көже – 216, сүт – 208, наурыз көже – 202, шалап – 157, қымыран – 140.

Лингвоелтанымдық сөздік үшін таңдалған сусын атауларымен байланысты леммалардың ішінде шұбаттың лингвоелтанымдық мазмұнын былайша сипаттауға болады:

ШҰБАТ – қазақтардың тағам мәдениетінде ерекше орын алатын ұлттық сусын түрі. Көшпелі қазақ мәдениетінде түйе малының сүтінен дайындалатын шұбаттың қасиеті ерекше бағаланған. Шұбаттың емдік қасиеті қандай ауру түріне де шипа болған. Ол – адам ағзасы үшін өте пайдалы. Әдетте сүт тағамдары сусын ретінде пайдаланылса, шұбат ас орнына да қолданылған. Сондықтан да қазақтарда бір мезгіл астың орнын шұбат толтырған. Ақты төгуге тиым салған қазақ халқы сүттен жасалатын тағам ретінде шұбат ерекше қастерлейді. Қазақта жолдан келген сыйлы қонаққа шұбат беру дәстүрі сақталған [3].

SPSS бағдарламасының базасына енгізілген барлық тағам атауларымен байланысты тіркестер мыналар: айрандай ұю, ашыған айрандай бозару, бал татыған қымыз, ет етке, сорпа бетке, ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің, сүттей жарық, төсті күйеуге беру, іркіттей іріп, айрандай ашу, уыздай ұю, сүттен ақ, судан таза.

Жиілік көрсеткіштердің нәтижесінде мына леммалар ең жоғарғы сандық көрсеткішпен лингвоелтанымдық электронды тезаурус үшін іріктелді: қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің – 100.

Талдау нәтижесінде, тағам атауларына қатысты сауалнама бойынша жинақталған және SPSS бағдарламасының нәтижесінде сұрыпталған тілдік бірліктердің ішінде лингвоелтанымдық электронды тезаурус үшін мына леммалар іріктелді: жал-жая, бешбармақ, ет, қуырдақ, нан, шелпек, ірімшік, құрт, палау, кеспе, сүзбе, кілегей, жілік, жент, кәрі жілік, ішек-қарын, май, құйрық-бауыр, бәліш, тоқаш, қамыр, өкпе-бауыр, талқан, шұбат, айран, көже, сүт, наурыз көже, шалап, қымыран, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің.

Қорыта келгенде, ұлттың тілінде сақталған мәдени құндылықтарды ұлттық тілдік сана шеңберінде жинақтап, қорытудың нәтижесі лингвоелтанымдық сөздікте көрініс таба алатындығын толық сеніммен айта аламыз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.       Верещагин Е.М., Костомаров В.Г. Язык и культура: Лингвострановедение в преподавании русского языка как иностранного. 3-е изд., перераб. и доп. – М.: Рус. яз., 1983. – 269 с.

2.       Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. Т1., Алматы, 2011. – 495б.

3.       О. Жиреншин, Ж. Мусин. Қазақтың ұлттық тағамдары. Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1994. – 84 б.

4.       Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. Т13., Алматы, 2011. – 498б.