Магистрант Оспанова Г

 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университеті

 

Оңтүстік Қазақстандағы этноконфессиялық ерекшеліктер

 

 

Бүгінгі Қазақстан – экономикасы орнықты дамыған, саяси ахуалы тұрақтанған,  қоғамдық келісімі орныққан көп ұлтты және көп конфессиялы мемлекет. Бүгінгі күні дін рухани өмірдің негізі, қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Мемлекетті мекен ететін әрбір этникалық топтың материалдық-экономикалық қажеттіліктері мен діни-рухани құндылықтары тарихи-мәдени негізде қанағаттандырылмаса, сол мемлекетте этносаралық татулық пен өзара келісім болмайды. Қазақстан өзінің даму жолында теңдесі жоқ экономикалық принциптерді басшылыққа алып, халықтың әлеуметтік потенциалын арттыруда. Түрлі этнос өкілдерінің экономикалық қабілеттері заңмен кепілденіп, қорғалады. Кез келген қазақстандық бизнестің қай түрімен айналысамын десе, еңбек рыногының қай бұрышынан орын аламын десе, мемлекеттік қызметке тұрамын десе – ерікті. Ал, осындай заңмен белгіленген еріктер мен заңды мүдделерді азаматтық-құқықтық қоғамда өркениеттілік принципімен сақтап, әділ жолға салудың рухани-мәдени толықтырушы элементі ретінде дін және конфессияаралық қатынастар мәселесі тереңінен сипатталады.

Өздеріңізге белгілі, XX ғасырдың соңында кеңестерден кейінгі кеңістікте жаңа қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени ортаның қалыптасуы бұрынғы кеңестік республикаларда ұлттық сана-сезімнің өсуіне және рухани бағдарлардың өзгеруіне себепші болды. Мұны осы елдердегі халықтың діни құндылықтар мен дәстүрлерге жаппай бет бұруынан айқын аңғаруға болады. Бұл үдеріс Қазақстанға да тән болып табылады, ел халқының діни сана-сезімінің арта түсуі бүгінде біршама үйреншікті жағдайға айналды. Оның үстіне, қазақстандық қоғамның белгілі бір бөлігі үшін дін тек ұлттық бірегейліктің маңызды факторы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік мінез-құлықты реттейтін табиғи нормативтік-құндылықтық құраушысы ретінде қалыптасты.   Әлемдік діндер өзара ынтымақтастықта дамитыны белгілі. Зайырлы мемлекет ретінде қалыптасқанымен Қазақстан мұсылман өркениетінің ажырамас бөлігі болып табылады. Біздің тарихымыз қазақ халқының рухани мәдениетінің негізгі құрушысы саналатын ислам дінімен ғасырлар бойы тығыз байланысты болып келеді. Әлемдік діндер өзара ынтымақтастықта дамитыны белгілі. Зайырлы мемлекет ретінде қалыптасқанымен Қазақстан мұсылман өркениетінің ажырамас бөлігі болып табылады. Біздің тарихымыз қазақ халқының рухани мәдениетінің негізгі құрушысы саналатын ислам дінімен ғасырлар бойы тығыз байланысты болып келеді. Қазақстанның этноконфессиялық әртүрлігі – бұл үлкен байлық, қазақстандықтарға мәдени жетістіктерін басқа халықтармен бөлісуге қолайлы мүмкіндік туғызатын бүкіл қоғамымыздың ортақ мақтанышы екендігін біз жақсы түсінеміз.

Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Қазақстанда ұлтаралық және дінаралық қатынастардың азаматтық сананың, дәстүрлі қазақ менталитеті мен ұлттық өзіндік сана ерекшеліктерін үйлесімді түрде қамтыған тиімді әрі табиғи жүйесі қалыптасты. Бір-бірімен өзара байланыс нәтижесінде саяси демократия, құқықтық және әлеуметтік әділдік нормалары, шынайы діни құндылықтар, жоғары моральдық және адамгершілік идеалдар, ғылым жетістіктері тәрізді жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесін тереңірек тани түсуге болады. Мұндай өзара байланыс көбінесе Қазақстан халқының рухани және сана деңгейіндегі бірлігінің нәтижесі болып табылады. Еліміздегі әрбір этнос бір-бірі үшін адамгершілік үлгісі болып табылады – ешбірі өзін жоғары санамайды, ешбірі төмендетілмейді де. Қазақстан азаматтары ұлтының, діни сенімінің, саяси көзқарастарының әртүрлілігіне қарамастан, «руханилық, адамгершілік, мәдениет және заңдарға деген құрмет – қоғамды тазартатын және жаңғыртатын негіздер» деген ортақ көзқарасты ұстанады. Ал, толеранттылық пен рухани келісім – дүниетанымдық идеалдар мен Қазақстан қоғамының күнделікті өмір нормаларын бекіте түсетін негізгі идеялар болып табылады. Мемлекеттегі толеранттылық пен рухани келісім – тұтастық, тұрақтылық, әділеттілік қағидаларынан бөлінбейтін біртұтас ұғымдар. Толеранттылық пен рухани келісім – мемлекетте қақтығыстар мен қайшылықтардың орын алуына тосқауыл болатын негіздер. Осыған орай, конфессиялық кеңістіктегі рухани келісім мен толеранттылық қазақстандық қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды құраушылары болып табылады. Мұның барлығы Қазақстан халқының жоғары дамыған азаматтық санасының, ең алдымен, Елбасымыздың байсалды да парасатты саясатының нәтижесі екені баршамызға мәлім.

Қазақстандағы діндер тағдырының Кеңес өкіметі кезінде атеистік бағытта тұншықтырылып келгені барлығымызға белгілі. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай өзгеріп, халықтың дінге көзқарасы мен наным-сенімі бостандық жолымен және құқық кепілдерімен дами бастады. Қазақстан аумағында бір де бір дінге артықшылықтар беріліп, басшылық позициясы қолданылмады, ешқандай дін мемлекеттік статусын иеленбеді, теократиялық мемлекет басқару дәстүріне ешқашан жол берілмеді, либерализм мен діни өзара теңдік қағидасы сақталуда. Сондықтан да Қазақстанда тұрақты конфессияаралық татулық пен келісім қалыптасып, өз негізін қалады.

Дінаралық жанжалдардың болуына ықпал ететін ішкі және сыртқы факторлар: олар - діни мекемелердегі кадр мәселесі, өңірлік теңсіздік мәселесі, мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы қарама-қайшылық мәселесі, коммерциялық әрекеттер мәселесі, миссионерлік қызмет мәселесі. Аталмыш мәселелерді шешудің жолдары ұсынылады:

Біріншіден, белгілі-бір этникалық диаспораның тұтастай шоғырланған аймағында (Оңтүстік Қазақстан облысында - өзбектер, Алматы облысында – ұйғырлар және т.б.) діни бірлестіктердің жетекшілерін тағайындау механизмін қандай да бір этникалық, діни нанымдық немесе нәсілдік белгілерге байланысты жүргізбеу;

Екіншіден, ислам елдерінен теологиялық білім алып келген мамандардың Қазақстандық діни жүйеге ықпалдастығын қамтамасыз ету;

Үшіншіден, Қазақстанда өңірлік діни теңсіздіктің алдын алу мен діни диалектіні болдырмауды іске асыру;

Төртіншіден, «Свидетели Иеговы», «Совет Церкей Евангельских Христиан-Баптистов», «Адвентисты седьмого дня», «Белые братья», «Церковь саентологии», «Свет» және т.б. дәстүрлі емес діндердің миссионерлік қызметін реформалаудың мемлекеттік тетіктерін іске қосу.

Аталмыш мәселелерді халықаралық деңгейде шешу мен діни татулықты одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан 2003, 2006, 2009 жылдары әлем және дәстүрлі діндердің үш бірдей съезін өткізіп, әлем өркениеті мен діндерінің арасында өзара бейбітшілік диалогын қалыптастырды. Осындай әлемдік мәні бар іс-шаралар мен елдегі этносаралық және конфессияаралық келісімдер Қазақстанның этносаясатын бекемдеп, қуатты да тиімді қылмақ.