Право /1.История государства и права.
Оқытушы,
құқық магистрі Омар Б.М., Баетов Е.К., ЗҚТ-011
тобының студенті Айдарбеков А
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университеті. Қазақстан
Қазақстан
Республикасы сот жүйесінің даму кезеңдері және оны реформалаудың
құқықтық маңызы
Қазақстан Республикасы өзінің егемендігін
жариялаған күннен бастап жүзеге асырыла бастаған саяси,
әлеуметтік және құқықтық өзгерістер
ұлттық құқықтық жүйенің,
соның ішінде сот жүйесі мен сот ісін жүргізудің
қалыптасуына жол ашты. Сол уақыттан бастап сот саласында мемлекеттік биліктің өз алдына дербес бір тармағы ретінде – сот жүйесі қалыптасты.
Тәуелсіздік жылдарында сот жүйесінің
қалыптасуына жасалған талдау, оның қалыптасу серпіні
мемлекеттің құқықтық жүйесін дамытудың
негізгі бағыттарын айқындайтын бағдарламалық
құжаттардың қабылдануына байланысты болғанын
көрсетеді. Әдетте мұндай құжаттарға
мемлекеттік бағдарламалар, құқықтық саясат
тұжырымдамалары жатады.
Қазақстанның өзін
демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде
орнықтыруы, сот жүйесінің түбірімен
өзгеруінің негізгі алғышартының бірі болып табылды. Бұл
кезеңдегі сот жүйесін
реттейтін нормативтік-құқықтық актілер ретінде КСРО
Конституциясы, сот құрылымы, судьялардың мәртебесі
туралы заңдар танылды. Осы нормативтік-құқықтық
актілер бойынша сот төрелігін жалпы юрисдикция соттары мен төрелік
соттар атқарды.
Қоғам
бір орында тұрмайды, ол әрдайым өсіп, дамып отырады. Сол
қоғаммен бірге, қоғам ішіндегі органдар жүйесі де
заман талабына сай әркез өзгеріп, дамиды. Соған
байланысты,
Қазақстанның сот жүйесі өз
тәуелсіздігін алған жылдардан бері көптеген реформаларды
жүзеге асырды. Сол реформалар сот жүйесінде орын алған
қайшылықтарды жойып, одан әрі жетілдіруге бағытталды.
Ендеше, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған
жылдан бергі сот жүйесінің дамуын мынадай кезеңдерге
бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең: Қазақстан
Республикасының 1993 жылғы Конституциясының қабылдануы.
Ол сот билігінің
ұйымдастырылуы мен қызметінің негізгі қағидаларын
бекітіп берді. Осы Конституция бойынша Конституциялық сот,
Жоғарғы Сот, Жоғары төрелік сот пен төменгі
сатыдағы соттар сот төрелігі органдарына жатқызылды.
Қандай да болмасын өзге органның немесе лауазымды
тұлғаның сот билігі функцияларын өзіне алуға
құқылы еместігі, соттар мен судьялардың мәртебесі
конституциялық заңдармен белгіленетіндігі, нақтылы істер
бойынша сот төрелігін жүзеге асыру мәселелері жөнінде
судьялардың есеп бермейтіндігі, судьяларға ешкімнің
тиіспеуі және тағы басқа мәселелер атап
көрсетілді. Негізінен 1993 жылғы Конституция
құқықтық жүйенің қалыптасуына
және қоғамда демократиялық үрдістердің
дамуына маңызды ықпал етті. Конституцияның
қағидаларын іске асыру мақсатында 1994 жылғы 12
ақпанда Қазақстан Республикасындағы
құқықтық реформаның мемлекеттік
бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның басты
ұстанымы сот құрылысы мен сот ісін жүргізуді
қайта құруға, материалдық және іс
жүргізу заңнамасын жетілдіруге негізделді. Онда жас
мемлекеттің жаңа қоғамдық-саяси,
әлеуметтік-экономикалық және халықаралық
мәртебесіне анағұрлым толық сай келетін сот
жүйесін одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды.
Сот ісін жүргізудің шын мәнінде жарыспалылығын
орнықтыру, сотты дәлелдемелерді жинау міндетінен босату, сот
қызметінен айыптаушылық белгілерін алып тастау, соттарды бір
жүйеге біріктіре отырып, барынша мамандандыру көзделді. Халық заседательдері институтының
таратылатыны, судьяларды конкурспен іріктеуге жол берілетіндігі белгіленді.
Жоғарғы Сот бірыңғай сот жүйесіндегі жоғары
сот сатысы деп танылды.
Екінші кезең: 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық
референдумда қабылданған Қазақстан
Республикасының Конституциясы судьялардың тәуелсіздігін
қамтамасыз етудің қажетті кепілдіктерінің болуын
қарастырды. Төрелік соттар
жүйесі таратылып, олардың функциялары жалпы юрисдикция соттарына
берілді. Бұл
Конституцияның қабылдануы қоғамды әрі
қарай демократияландырудың шынайы қажеттілігі,
тәуелсіз Қазақстанның конституциялық дамуының
жаңа кезеңінің бастауы болды. Осы уақыт
аралығында Елбасының тікелей қолдауымен жүргізілген
сот реформасы жаңа кезеңдерді басынан өткерді. Конституциямыз
бойынша еліміз – президенттік басқару нысанындағы біртұтас
мемлекет болып жарияланды. Заң шығарушы, атқарушы және
сот билігі тармақтары өз құзыреттерін орындау кезінде тығыз
байланыста болады. Бірақ, бұл қарым-қатынас заң
негізінде жүзеге асады. Қазақстан Республикасы Конституцияның
76-бабында: «Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан
жүзеге асырылады және өзiне азаматтар мен
ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары
мен заңды мүдделерiн қорғауды, Республиканың
Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк
құқықтық актiлерiнiң,
халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етудi
мақсат етiп қояды. Сот билiгi Республика
Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк
құқықтық актiлерiнiң,
халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық
iстер мен дауларға қолданылады. Соттар
шешiмдерiнiң үкiмдерi мен өзге де қаулыларының
Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады» –
делінген [1, 1]
1995 жылы 25 желтоқсанда қабылданған Қазақстан
Республикасы Президентінің “Қазақстан
Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы” №2694
Конституциялық заң күші бар Жарлығы соттар
қызметінің негізгі қағидаларын, соның ішінде
судьялардың құқықтық және
әлеуметтік кепілдіктерін айқындап берді. Бұл Жарлық
еліміздегі сот жүйесін реформалау мәселесіндегі көп жылғы
пікірталастың қорытындысы іспеттес болды. Онда: судьяны
құрметтемегені үшін жауапкершілік енгізу, судьяларға ешкімнің
тиіспеуі, судьялардың өкілеттіктерін тоқтата
тұрудың және тоқтатудың негіздерін
орнықтыру, судьяның тәртіптік жауапкершілікке тартылу
жағдайларынан басқа кезде мәні бойынша қаралған
немесе өндірісінде тұрған істер бойынша қандай да бір
түсініктеме беруге міндетті еместігі, судьяға соттан тыс функциялар
мен міндеттерді жүктеуге тыйым салу қарастырылды. Судьялардың заң жүзінде осындай
мәртебеге ие болуы олардың тәуелсіздігін нығайтып,
беделін бекітті. Азаматтардың жергілікті мемлекеттік басқару
органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды
тұлғалардың заңға қайшы шешімдері мен
іс-әрекеттерін сотта даулауға бет бұруы – сотқа деген
сенімнің өсуін көрсетті. Жергілікті сот судьяларын ел
Президентінің тағайындауы, Жоғарғы Соттың
судьяларын Парламент Сенатының сайлауы енгізілді. Тарихта алғаш
рет судьялар тұрақты мерзімге тағайындалды, бұл
олардың тәуелсіздігінің кепілдігін анағұрлым
күшейтті. Сонымен қатар, әділетті де бұлжымас сот
шешімдерін шығаратын білікті, тәуелсіз судьялар корпусын
қалыптастыру тетігі жасалды.
Сот жүйесінің одан әрі дамуы 2000 жылғы
25 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының сот
жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы”
Конституциялық заңның қабылдануына орай жаңа
қарқын алды. Конституциялық
заң сот-құқықтық реформасының кезекті
кезеңіне жол ашты. Заңда республикадағы сот
құрылымының принципті жаңа нормалары, соттардың
қызметін ұйымдастыру тәртіптері белгіленді. Атап
айтқанда, Жоғарғы Соттың шаруашылық және
азаматтық істер жөніндегі алқалары біріктіріліп, әскери
алқасы таратылды, мұның өзі іс жүргізу
заңнамасында қарастырылғандай, сот ісін жүргізуді
белгілі бір ізге түсіруге мүмкіндік берді. Судьялардың тек сот
төрелігін жүзеге асыруын, сотқа тән емес
қызметтермен соттардың айналыспауын қамтамасыз ету
мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің
“Қазақстан Республикасы сот жүйесінің
тәуелсіздігін күшейту жөніндегі шаралар туралы” 2000
жылғы 12 қазандағы Жарлығымен Жоғарғы Сот
жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет (бұдан
әрі – Комитет) құрылып, соттардың қызметін
және атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету
функциялары Әділет миинстрлігінен алынып, осы Комитетке берілді. Комитет
пен облыстардағы соттар әкімшілері ұйымдық,
қаржылық және материалдық-техникалық функцияларды
орындай отырып, жергілікті соттардың жергілікті атқарушы билік
органдарынан тәуелсіздігін қамтамасыз етті.
Үшінші кезең: 2002 жылы сот
жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған мемлекеттік
Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылдануы
еді. Тұжырымдамада сот жүйесін жетілдірудің,
судьялардың тәуелсіздігін нығайтудың негізгі
критерийлері тағы да айқындалды. Сот жүйесін одан әрі
жетілдіру мақсатында экономикалық, әкімшілік, ювеналдық
(кәмелетке толмағандар ісі бойынша) және басқа да
арнаулы соттар институтын дамыту мәселесін қарастыру, сондай-ақ
азаматтық-құқықтық дауларды шешудің
балама әдістерін, мысалы, аралық соттардың қызметін
заңмен реттеу, оларды халықаралық стандарттарға жақындата
отырып, қарастыру көзделді. Аталған тұжырымдамаға
сәйкес, Президенттің Жарлықтарымен мамандандырылған
ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттар, Алматы
қаласында мамандандырылған қаржылық сот және
Астана және Алматы қалаларында кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық соттар құрылды. Жалпы алғанда, соттарды мамандандыру азаматтардың
құқықтарын қорғау шегін кеңейтуге
мүмкіндік берді.
Сот жүйесіндегі құрылымдық
өзгерістерге орай, сот ісін жүргізудің де заңнамалық
тұғыры жасалды. 2006 жылғы 16 қаңтарда
“Алқабилер туралы” және “Қазақстан
Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін
жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы” заңдар қабылданып, аса ауыр қылмыстар туралы
істер бойынша қылмыстық істерді қарауға алқабилердің
қатысуы қарастырылды. Сонымен қатар, азаматтық
құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды
шешудің баламалы әдістерін енгізу мақсатында 2004 жылғы
28 желтоқсанда “Аралық соттар туралы” және “Халықаралық
коммерциялық төрелік туралы” заңдар қабылданды. Бұл
заңдар дауларды соттан тыс шешу тәртібін қарастырады.
Төртінші
кезең: 2007 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасының
Конституциясына түзетулер енгізудің нәтижесінде Қазақстанның
сот жүйесі азаматтардың құқықтарын
қорғаудың қуатты тетігіне, соның ішінде
қамауға алуға соттың санкция беру құқығына
ие болды. Сот жүйесінің жұмысын және сот
төрелігін іске асыруды реттейтін жаңа заңдар топтамасы
қабылданды. “Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер
мен толықтырулар енгізу туралы” 2008 жылғы 5 шілдедегі
Қазақстан Республикасының Заңымен Қылмыстық
іс жүргізу кодексіне өзгерістер енгізіліп, қамауға
алуды санкциялауды соттың ерекше құзырына беру
қарастырылды. «Қазақстан Республикасының Қылмыстық
кодексіне және Қылмыстық іс жүргізу кодексіне
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2009 жылғы 10
шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына
сәйкес, өлім жазасын қолдану аясы қысқартылып,
ол тек адамдардың қаза болуына ұштасқан террорлық
қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған
аса ауыр қылмыстар үшін қолданылатын болып шектелді. Анықтау
мен алдын ала тергеудің сот пен прокуратурадан бөлінуін
қарастыратын конституциялық норманың алынып тасталуы тергеу
іс-әрекеттерін және азаматтардың конституциялық
құқықтары мен бостандықтарын шектейтін жедел — іздестіру
шараларын санкциялауды соттардың құзыретіне беру жолымен
қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатысында
сот бақылауының шегін кеңейтуге мүмкіндік берді [2, 1].
“Қазақстан Республикасының сот
жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы”
Конституциялық заңға 2008 жылғы 17 қарашада
өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі республиканың сот
жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Осы заң сот ісін жүргізудің үш
буынды жүйесінің негізін қалады. Сонымен қатар, 2009
жылғы 10 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының
Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және
Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру
мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу
туралы” Заң қабылданып, 2010 жылғы 1 қаңтардан
бастап сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесі іске
қосылды. Осы заңға сәйкес, аудандық сот – бірінші
сатыдағы сот, облыстық сот – апелляциялық және
кассациялық сатыдағы сот, Жоғарғы Сот – тек
қадағалау сатысының соты ретінде жұмыс істей бастады. Міне, осылайша,
жаңа тұрпатты сот жүйесін құру жөніндегі
міндет бүгінгі таңда өз шешімін тауып, сот органдары елімізде
заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытында ауқымды
жұмыстарды жүзеге асыруда.
Құқықтық саясат
тұжырымдамасының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналып
белгіленген қағидаттарын жүзеге асыру – елімізде сот
жүйесін одан әрі дамыту деңгейін жаңа сатыға
көтеруге және азаматтардың құқықтары
мен заңды мүдделерінің сенімді қорғалуына
кепілдік береді.
Ата
Заңымыздың негізінде «Қазақстан Республикасының
сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы», «Қазақстан
Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан
Республикасының Конституциялық заңдары және
«Алқабилер туралы», «Медиация туралы», тағы басқа да
заңдар қабылданды. Сондай-ақ, ағымдағы
жылдың 1 шілдесінде «Сот төрелігіне сенімділік деңгейіне
жоғарылату және қолжетімділікті қамтамасыз ету, істерді
апелляциялық, кассациялық және қадағалау
тәртібінде қарау мәселелерін жетілдіру бойынша
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық
актілеріне өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Толықтыруларға сәйкес жергілікті соттардың
рөлі едәуір күшейтілді. Іске қосылған
жаңашылдықтар аясында облыстық және оған
теңестірілген соттарда қылмыстық істер бойынша
апелляциялық сот алқалары, азаматтық және
әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқалары
құрылды. Апелляциялық сатыға қаралуға
түскен істер бірінші сатылы сотқа қайтарылмай, іс бойынша
түпкілікті шешім қабылданатын болды. Сот актілеріне шағым
беру тәртібі нақты реттеліп, сот актілерінің заңды
күшіне ену мерзімдері қысқартылды. Енгізілген
өзгертулерге сәйкес бұдан былай апелляциялық сот
сатысындағы сот актілері жарияланған сәттен бастап күшіне
енеді. Апелляциялық сатының қаулылары күшіне енгеннен
кейін алты ай ішінде кассациялық арыз немесе шағым беруге болады.
Жоғарғы Сотқа жүгінбес бұрын кассациялық
сатыға арыздану міндетті шарт болып табылады. Заңды күшіне
енген, бірақ кассациялық тәртіпте қаралмаған
жергілікті соттардың актілері, қадағалау тәртібімен
тексерілуге жатпайды. Бұның барлығы сот ісін
оңтайландыруға, сот төрелігіне қолжетімділікті
қамтамасыз етуге, адам және азаматтың
құқын, бостандығын және заңды
мүдделерін сотпен қорғаудың тиімділігін арттыруға
бағытталған [3, 1]
Тәуелсіз,
күшті және әділ сот билігі –
құқықтық мемлекеттің демократиялық
дамуы мен зиялылық дәрежесінің көрсеткіші болып
табылады. Сот әділдігін жүзеге асыру үшін біз әлі де
қыруар жұмыстар атқаруымыз керек және сол
еңбектің нәтижесінде, тұтастай алғанда, сот
жүйесінің беделін көтеруіміз қажет. Әрине, сот жүйесінің беделі,
ең әуелі, судьялардың әділ төрелігімен жасалуы
тиіс. Елбасымыздың өзі Ата Заңымыздың әлеуеті
әлі де болса толығымен жүзеге аспай келе жатқандығын
айтқан болатын.
Мемлекеттік
биліктің үш тармағының бірі – сот билігіне
қатысты болған өзгерістердің бірі, ол 2011 жылғы
5 тамызда заңды күшіне енген «Медиация туралы» Заңның
қабылдануы еді. Медиация тараптардың ерікті келісім бойынша
жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге
қол жеткізуі мақсатында медиаторлардың жәрдемдесуімен
тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Медиацияны, қарапайым тілмен айтқанда,
бітімгершілік деп түсінуге болады. Яғни, қандай да бір
мәселе бойынша тараптар арасында келіспеушілік туған жеке азаматтар
немесе заңды тұлғалар оны соттан тыс, өзара келісім
жағдайында шеше алады. Екі арадағы келісім медиаторлар арқылы
жүзеге асырылады. Аудан, қала, ауыл әкімдері республика аумағында
кәсіби емес негізде медиацияны жүзеге асыратын кәсіпқой
емес медиаторлардың тізілімін жүргізеді. Медиацияның
мақсаты: дауды бітімгершілікпен шешудің екі тарапты да қанағаттандыратын
нұсқасына қол жеткізу. Медиацияны жүргізу кезінде еріктілік,
құпиялық, медиатордың тәуелсіздігі мен
бейтараптығы және медиация тараптарының тең
құқылығы мен оның рәсіміне араласуға
жол бермеушілік қағидаттары сақталуы тиіс. Медиация тәсілі сот ісіндегі тазалықты,
әділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі тәсілдерінің
бірі. Біздің ата-бабаларымыз бұрын бұл тәсілді тиімді
қолданып, түрлі дауды билер соты арқылы бітімгершілікпен
шешіп келгендіктен, бұл Заң қазаққа жат емес.
Жеке және заңды тұлғалар қатысатын
азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де
құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу
кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы
басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін [3, 1]
Елбасының Қазақстан халқына
арналған 2012 жылдың 27 қаңтарындағы
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту –
Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында
судьялар корпусын құру тәртібін түбегейлі қайта
қарау тапсырмасы қойылған болатын. Осы жұмыстың
аясында Судьялардың Жоғарғы Кеңесі мен
Жоғарғы Соттың судьяларды іріктеу жүйесін жетілдіру,
олардың жауаптылығы мен біліктілігін арттыру бойынша енгізген
ұсыныстары Елбасы тарапынан қолдау тапты. Соның
арқасында бүгінгі күні сот саласында көптеген
оңды өзгерістерге қол жеткізілуде. Республиканың сот
жүйесі бүгінгі күні құқықтық
мемлекеттің стандартына сай келетін шынайы тәуелсіздігіне
қарай қарқынды қадам басуда. Сот жүйесінде
болған түбегейлі өзгерістер баршаның сотқа
қолы жетуін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген
тұлғалардың өз құқықтарын сот
арқылы жүзеге асыруына жол ашып, азаматтардың сот билігіне
сенімін күшейтуде.
Қазіргі жаһандану
кезеңінде Қазақстанның сот жүйесі
халықаралық құқықтық мемлекеттердің
стандартына сай даму үстінде. Сот саласындағы өзгерістер де
азаматтардың құқықтары мен
бостандықтарын қорғау, қоғамдағы
заңдылықтарды сақтау мақсатында жүргізіліп
жатқаны бәрімізге белгілі. Сонымен қорыта келе – еліміздегі
сот жүйесі дамып, келелі өзгерістермен толықтырылып, Ата
Заңымыздың аясында азаматтардың
құқықтары мен бостандықтарын қорғау
үшін мемлекетімізде барлық мүмкіндіктер жасалып
жатқанын толық сеніммен айтуға болады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Қазақстан Республикасының
30.08.1995 жылғы Конституциясы (Қазақстан Республикасы
Парламентінің 1996 ж., №4,217-құжат), Қазақстан
Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы Заңымен
енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан
Республикасы Парламентінің 1998 ж., №20,245-құжат), Қазақстан Республикасының
2007 жылғы 21 мамырдағы
Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары
(Қазақстан Республикасы Парламентінің 2007 ж., №10, 68-құжат). –Астана: «Елорда»
баспасы, 2009.
www.egemen.kz/2012/08/29/345271/
5. Сот жүйесін жетілдіру -
Жамбылский областной суд ... oblsot.zhambyl.kz/index.php?lan=kaz&page=3&news_id...