Право /1.История государства и права.

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М., ЗҚТ-011 тобының студенті Айдарбеков А

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Қазақстан    

Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуындағы сот жүйесін ұтымды реформалау-әділ сот төрелігінің нышаны

 

 

Қазақстан Республикасындағы үшінші билік - сот билігінің мемлекетіміздің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуы үшін маңызы өте зор. Тәуелсіз мемлекеттің тұтастығын қорғап, ішкі және сыртқы саясатының пәрменділігін арттыруда, оның мызғымас заңы және осы заңды қорғайтын әділ сотының болуы басты мәселе болып табылады. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң бұрынғы бабаларымыздан қалған билер институты жүйесіндегі озық дәстүрлерді қайта жаңғырту мәселелері көтерілгені бәрімізге белгілі.

1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы адам­ның құқық­тары мен бостан­дықтарының ба­сымдығын бе­кітіп берді, сонымен қатар, биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің бүкіл қызметі адамның құқықтары мен бос­­тан­дықтарын қорғауға бағыт­тал­ғанын нақтылы айқындап берді. Оған дәлел ретінде Конституцияның 75 және 77 баптарын айтуға болады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағында,  «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады», және 77-бабында «судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз, ол Конституция мен Заңға ғана ба­ғынады», - деп нақтыланған [1, 42].

Соттың міндеті азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандығын және заңды мүдделерін қорғау, заңдардың, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету және әділ шешім шығару болып табылады. Қазақстан Республикасындағы сот беделі асқақ, мерейі үстем мемлекеттік жоғары орган болуы заңдылық болып табылады.

            Сот беделі - сот шешімдердің әділдігіне, судьялардың біліктілігіне, судьяның ұстанған ұстанымы мен жеке басының қасиетіне байланысты. 1996 жылдың желтоқсанында өткен судьялардың I-съезінде Республика судьялар одағының іргетасы қаланған болатын. Содан бері тарих үшін сот жүйесінде сан бедерлі қатпарлармен, айшықты да айқын бағыттарын белгілеген ұлан-ғайыр өзгерістер өмірге келді. Бұл жылдар тынымсыз ізденістер, сот жүйесін реформалаудағы батыл бет-бұрыстар, жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру жылдары болды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы судьяларының IV съезінде сөйлеген сөзінде: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ деген қағида бар. Мұның мағынасы - билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болу керек екенін сіздер жақсы білесіздер. Бұл ұлттық сот жүйесін тек әділдікке негізделіп, заңға ғана бағынатын заман талаптарына сай қалыптастыруымыз қажет. Құқық жоқ жерде бостандық та жоқ, демократия да жоқ» - деген болатын [2,1].

            1998 жылы сот жүйесіне алқа билерді енгізуде Ұлыбритания, Канада, Испания мемлекеттеріндегі ағылшын-саксондық үлгіні енгізуді ұсынып, бұл жүйенің біздегі ғасырлар бойы өмір сүрген билер сотының құрылымына жақын келетінін алға тартса, келесі бір бөлігі қылмыстық істерді қарауда 1 судья мен 12 халық заседателі қатыстырылатын  ағылшын-саксондық жүйені тым қымбатқа түсетіндігін сынай отырып, істі судьяларға сеніп тапсыру қажеттілігін көрсетті. Міне, осындай талқылаулардан кейін, 2006 жылдың 16 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Алқа билер туралы» Заңын бекіткен болатын. Аталмыш Заң 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бізде алқабилердің континентальді үлгісі алынған. Тоғыз алқа би мен екі кәсіби судья аса ауыр қылмыстық істерді қарап үкім шығарады. Негізінен Алқа билер кәсіби маман емес, сондықтан да олардың қалыптасып және жоғары деңгейде жұмыс жасауы үшін құрамындағы қабылдау механизмін жетілдіру қажет.

2006 жылғы 13 қарашадан бастап Алматы қаласының қаржылық соты өз қызметін бастады. Алматы қаласының қаржылық сотын қалыптастыру мен құру тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, Орталық Азияда да ірі өңірлік қаржылық және іскерлік белсенділігінің орталығы ретінде қалыптастыру болып табылады. Еліміздің облыстық орталықтарында, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларында орналасқан мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар өздерінің тиімділігін көрсетті. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, оларды лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен қорғай отырып, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешетін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарды құру, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттардың, әкімшілік соттардың санын көбейту көзделіп отыр.

2005 жылы өткен Қазқстан Республикасы судьяларының IV-съезінде сот жүйесінің алдына алқабилер сотының қазақстандық үлгісін қалыптастыру, анықтау мен алдын - ала тергеу қызметінде сот бақылауын кеңейту, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды санкциялауды соттардың құзырына беру, сот жюриін құру., т.б мәселелері қойылған. 4 сьезден өткен уақыттан бері бірнеше заң қабылданды. Жекелеп айтар болсақ, Жоғарғы Сот Кеңесін соттардың Конституциялық құқықтарын дәйектеп, олардың тәуелсіздігі мен дербестігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет басшысының жанындағы мекеме ретінде мәртебесін белгілеп, жұмысын ұйымдастыруға бағытталған 2008 жылдың 8 қарашасында «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот кеңесі туралы» заңның жаңа редакциясы қабылданды. Сондай-ақ, «ҚР-ның сот жүйесі мен соттардың мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Бұл ретте екі құжаттың да конституцияға 2007 жылдың мамыр айында енгізілген өзгерістер сай келтірілгенін атап өту керек. Қазіргі таңда атқарушылық өндірісті әрі қарай жетілдіру және төртінші сьезде Президент қойған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған «Атқарушылық өндіріс және сот орындаушылары мәртебесі туралы» заң келісім шаралары сатысында тұр. Бұл құжат сондай-ақ, атқару өндірісіне жеке сот орындаушылары институтын құру арқылы түбегейлі түрде реформа жасауды көздейді [3, 1].

Сот жүйесін жетілдіру, азамат­тар­дың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау мәселелеріне қатысты да Ата Заңымызға 2007 жылы ма­ңызы ерекше өзгерістер енгізілді. Осы орайда, бұдан екі жыл бұрын Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақ­стан Республикасы судьяларының ІV съезінде сөйлеген сөзінде сот жүйесін одан әрі реформалаудың негізіне сот билігінің басты мақ­саты азаматтар мен ұйымдар­дың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, Конс­титуцияның, заңдардың, құқық­тық актілер мен халық­аралық шарт­тардың орындалуын қамта­ма­сыз ету болып табыла­тынын ерекше атап көрсеткен еді. Осы айтылған өзекті ойларға сай Конституцияға енгізілген өзге­рістердегі басымдықтардың бірі – сот жүйесін әлемдегі озық үл­гілерге лайықты жетілдіру. Заман талабына орай соттарды сапалы кадрлармен қамтамасыз етудің жауапкершілігі алдыңғы қатарға шықты [4, 1].

Конституциялық реформадағы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру, соған орай

сот жүйесін одан әрі дамыту бүгінгі күннің ең басты талабы болып табылады. Азаматтық қоғам құрып жатқан Қазақстанның сот жүйесіндегі өзекті мәселелерін шешу жолдары Қазақстан Республикасы Судьялар одағының V- съезінде талқыланды. Ендігі міндет-сот жүйесіндегі кемшіліктерді түзеп, судьялардың біліктілігін арттыруға бағытталуы тиіс. Алқалы жиынды ашқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы елімізде сот билігі үшін көп нәрсе жасалып жатқанын, алайда соған қарамастан, сот жүйесінде шешімін таппаған мәселе көп екенін қадап айтты. Біріншіден, судьялық корпуста өз ісіне атүсті қарайтын адамдардың жүруі болса, екінші мәселе - жекелеген судьялардың кәсіптік деңгейінің жеткіліксіздігі мен моральдық-этикалық бейнесінің қалыптасуында жатыр. Елбасы сонымен қатар, сот саласына кір келтіріп отырған тағы бірнеше мәселені атап өтті. Оның бірі қолданыстағы заңдардағы кемшіліктер мен олқылықтар болса, екіншісі сот өндірісі процесін жетілдірудің жеткіліксіздігі. Тағы бір мәселе ретінде Президент қабылдаған шешімдердің орындалу дәрежесі мен сапасына қатысты болды. «Сондай-ақ бүгінгі таңда сот шешімдерінің орындалу сапасы да көңіл көншітпейді. Сондықтан Сот әкімшілігі жөніндегі комитетті Жоғарғы Сот құзырынан шығарып, өзін жеке орган ретінде құру керек шығар», -деді елбасы. Осылай деген ол, Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке енші беріп, жеке шығару мәселесін қарауды ұсынды. Алқалы жиында Елбасы көтерген тағы бір мәселе – сот төрағаларын жиі ауыстырып отыру туралы, яғни ротация жайлы болды. «Сот төрағаларын жиі ауыстырып отыру тәртібін енгізу қажет. Олар бес жыл бойы бір жерде отырмауы керек. Сот төрағасын екі жылда бір рет ауыстыру қажет. Бұл судьялардың біліктілігін шыңдауға таптырмайтын тәсіл. Өйткені біздің мақсатымыз адал, әділетті, ұжданды, ең бастысы, арын ақшаға сатпайтын сот билігінің болуы», - дедіПрезидент. Президент жиында судьялыққызметке орналасу үшін үміткерлердің жас мөлшерінің шегін көтеру қажет деп санайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, мамандарға қатысты көп жұмыстар жүргізу керектігін айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысы судья қызметіне тағайындайтын үміткерді анықтауда құпия дауыс беру принципін енгізуді ұсынды. Президенттің пайымдауынша, судьялық қызметке үміткерлерді айқындауда құпия дауыс беруді енгізуге болады. «Судья бүтіндей бір халықтың ар-ожданы», - деді ол. Қазақстан Республикасы судьяларының V- съезінде көтерілген мәселелер мұнымен шектелмейді. Президент сондай-ақ, судьялардың санын арттыру және сот шешіміне сырттан ықпал ету мен рейдерлікті жою үшін заңнаманы жетілдіре түсу қажеттігін атады. Инновациялық технологияларды қолдану арқылы сот өндірісін жетілдіру қажеттілігі де назардан тыс қалмады [4, 1].

Қазіргі таңда судьялардың әлеуметтік құқықтық қорғалу жағдайлары жақсара түсуде. Биылғы алқалы жиынға республиканың барлық аймақтарынан 640 делегат қатысты. Шетелдерден шақырылған қонақтардың ішінде Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия, Франция елдерінің Жоғарғы сот төрағалары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ, Судьялардың халықаралық қауымдастығының президенті Хосе Мария Банто Компани бар. Қазақстан Республикасы судьяларының V-съезі өзіне дейінгі өткен съездердің заңды жалғасы десек болады. Өйткені, олардың қай-қайсысында да еліміздегі дербес сот жүйесінің одан әрі барынша дамып, алдағы уақытта оны реформалауда оң табыстарға қол жекізудің бірден-бір жолдары көрсетілетіні анық. Ендігі кезекте республикадағы сот құрылымының іс жүргізуін, оны оңтайландыру арқылы тиімділігін арттыру басты мәселеге айналды [5, 1].

 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты халыққа Жолдауында, - «Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес. Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет. Сот билігінің беделі орындалмаған сот шешімдерінен төмендейді. Осыған байланысты, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс», деген болатын [6, 1].

Сот органдарын реформалаудың бірі, жеке тұлғаның өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жиірек жүгінуіне  жағдай жасау болып табылады. Ол үшін, жеке тұлғаның сот органымен өзара тығыз байланысты төмендегіше үш элементті біріктіру қажет, - деп ойлаймын:

Біріншіден, заң негізінде құрылған және тәуелсіздік пен бейтараптылық критерийлеріне сәйкес келетін соттың болуы қажет;

 Екіншіден, даудың немесе айыптаудың барлық тұстары бойынша шешім қабылдау үшін соттың кең өкілеттілігі болуы керек;

Үшіншіден, жеке тұлғаның сотқа еркін қол жеткізу құқығы болуы қажет, деп ойлаймын.  

Қазіргі жаһандану кезеңінде Қазақстанның сот жүйесі халықаралық құқықтық мемлекеттердің стандартына сай даму үстінде. Сол себептен, осы уақытқа дейінгі қол жеткен нәтижелерге қарамастан, заңдарға енгізіліп жатқан жаңа өзгерістерге сәйкес сот жүйесін одан әрі қоғамның сұранысына сай реформалап отыру қажет, - деп ойлаймын.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Қазақстан Республикасының 30.08.1995 жылғы Конституциясы (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 ж., №4,217-құжат), Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1998 ж., №20,245-құжат),  Қазақстан Республикасының 2007  жылғы 21 мамырдағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 2007 ж., №10,  68-құжат). –Астана: «Елорда» баспасы, 2009.

2. 359 СОТ ЖҮЙЕСІН ҰТЫМДЫ РЕФОРМАЛАУ - ӘДІЛ СОТ ТӨРЕЛІГІНІҢ НЫШАНЫ...repository.enu.kz/xmlui/bitstream/handle/.../754/sot-juesin.pdf?...1

3. Ахметжан.Т «Сот беделі – мемлекет мәртебесі»//«Заң». -№176, 2 бет, 2009 ж.

4. ЖАҢАРҒАН АТА ЗАҢ  – ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ КЕМЕЛДЕНУДІҢ КЕПІЛІ... - “Егемен Қазақстан” Республикалық газеті. www.egemen.kz/indexold.php?act=readarticle&id=4517

5. Сот жүйесіндегі реформалар: алқа билер сотының қайта жаңғыруы... www.ibraikhan.com/wp-content/.../01/табигат-тынысы-3-бет2.pdf

6. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауы ...taran.kz › Жаңалықтар